26 қараша 2009
Қымбат көлiктердi тартып алумен айналысатын қылмыстық топ қолға түспей жүр
Соңғы 10 күннiң iшiнде Алматыда шетелдiк қымбат маркалы үш бiрдей көлiктi әлдебiреулер тартып алған. Қалада осындай қылмыспен айналысатын арнайы қылмыстық топ әрекет етедi. Бұл туралы Алматы қаласы iшкi iстер басқармасының өкiлi хабарлады.
Үш адамнан құралған қылмыстық топтың алғашқы құрбаны 13 қараша күнi Абай мен Саин көшесiнiң қиылысында Mercedes Benz G55 автокөлiгiнен айрылған. Тура бес сағаттан соң әлгi топ Мерседестiң қожайынын қорқытып, оның досын кездесуге шақыртады. Lexus LX 570 қызметтiк көлiгiмен досының шақыртуына жеткен азамат та қымбат джипiнен әп-сәтте айрылып қалады. Қылмыстық топтың әрекетi мұнымен де тоқтамай, 23 қараша күнi олар тағы да бiр қымбат автокөлiктi тартып алған. Құқық қорғау қызметкерлерi қылмыстық топты әлi тұтқындай алмай отыр. Бұл iспен айналысатын арнайы топ та құрылыпты.
Қымбат автокөлiк жүргiзушiлерiнiң ұйқысын қашырған қылмыстық топтың қашан тұтқындалары белгiсiз. Оған дейiн жүргiзушiлердiң абай әрi сақ жүргенi абзал.