Бiр топ студент Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовке ашық хат жолдады. 1 наурыздан бастап қалада студенттер мен оқушылардың, зейнеткерлердiң қоғамдық көлiктегi жеңiлдiгi алып тасталынды. Қала әкiмшiлiгi тарапынан “жеңiлдiктiң орнына жол жүру билетi сатылады” деген уәде берiлдi. Алайда бағасы 2250 теңге тұратын жол жүру билетiн студенттер сатып ала алмады. Бiрiнiң қалтасы көтермедi, екiншiсiне “дайындап үлгермедiк” деген сылтаулар айтылды. Не керек, олар қоғамдық көлiкте бұрынғыдай 25 теңге емес, 50 теңге төлеуге мәжбүр болды. “Жеңiлдiктi қайтарып, жол жүру ақысын 25 теңгеге түсiру қажет, “жолақысы 50 теңгеден 70 теңгеге көтерiледi” деген гу-гу әңгiме шықты, бұған қарсымыз” дейдi олар. Егер бұл талап орындалмаса, қаладағы барлық студенттердi қоғамдық көлiктерге бойкот жариялауға шақырды.