7 желтоқсан 2010
Облыс әкiмi Рим папасының қолын сүймек
Қарағанды облысының әкiмi Серiк Ахметов бiраздан берi жарты әлемге жар салып, қаланың көрнектi жерiнен әулие Дева Мария Фатимскаяға арнап католиктер шiркеуiн соғып жатқан. Сол шiркеудiң құрылысы аяқталуға жақын. Ендi оның ашылуына Рим папасы Бенедикт XVI-ны ресми түрде шақырып, қолын сүюдi құлшына күтiп отыр. Ресми шақыруды саммитке келген Ватикан кардиналы һәм мемлекет хатшысы Тарчизио Бертонеге ұстатып жiберiптi.
«Әулие Дева Мария Фатимскаяға арнап салып жатқан шiркеудi келесi жылы бiтiремiз. Жақында ғана сол керемет шiркеуге барып, Австрияда жасалған органын көрiп қайттым. Осы кездесудi пайдалана отырып, Рим папасы Бенедикт XVI-ны шiркеудiң ашылуына шақырамын», — дедi облыс әкiмi Серiк Ахметов жүзi бал-бұл жанып.
Байқасаңыз, өзге дiн өкiлдерiнiң «үйi» Қазақстан қалаларының ең көрнектi жерiне салынған. Көпшiлiгi мешiттерден биiк әрi салтанатты. Билiктегiлердiң сөзiне сенсек, мұнымыз — «дiндер достығы». Бiздiңше, мұны «достық» емес, «көнбiстiк» деп атаған жөн шығар.