1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
15 тамыз 2017
«Джуан колбасаны джонып джеп джатырсыңдар ма?»

Қалтай Мұхамеджанов ағамыз жұмысқа келгенде:
– Қалай, джігіттер, джағдайларың джақсы ма? – дейтін сол кезде «ж»-ға «д»-ны қосып айтатындарды кекетіп.
Бір күні «Араның» жауапты хатшысы, марқұм Сайлаубек Жұмабековтің бөлмесінде жұмыстың соңында кішігірім «жетім қыздың» тойын жасап жатқанбыз.
– Есікті жаптыңыз ба? – деген сұрағыма «қорықпа, қатырдым» дегендей Сәкең екі көзін бірдей жұмып, басын шұлғып, бас бармағын қайқайта шошайтты.
Апыл-ғұпыл боп жатқанымызда кенет есік сарт етіп ашылды да, ар жағынан Қал-ағаң көрінді. Не істерімізді білмей қатты сасқалақтадық. Ауыздағыны жұта алмай, қақалып-шашалып тұрған пұшайман түрімізді көріп, Қал-ағаң сыр алдырмай әдеттегідей қалжыңға басты.
– Қалай, джігіттер, джуан колбасаны джонып джеп джатырсыңдар ма? – деді түк болмағандай газет-дастарханымыздағы шала туралған, шынында, жуандау шұжыққа көзін тоқтатып. Сол кезде «ж»-ның алдына «д»-ны қосып айтатын шала қазақтарды кекетіп.
– Келіңіз, Қал-аға, келіңіз, дәм алыңыз, – деп, барымызды ұсына беріппіз бәріміз ыңғайсыздықты жуып-шаюдың ретін таппай.
– Жарайды, ала беріңдер. Әй, Толымбек, бері келіп кетші, – деді де, мені соңына ілестірді.
Дәлізге шыққан соң маған:
– Біз сендердей кезімізде бұл бәлеге нан турап жеген адамбыз. Оған ештеңе айта алмаймын. Ең болмаса есіктеріңді бекітіп алсаңдар қайтеді... Айналаның барлығы адам аңдыған анталаған арыз ғой, абай болсаңдаршы, – деп лифтіге қарай беттеді.
Шын мәнінде қатты ұялып қалдық.


«Ара» жабылғаны – қазақ күлкісінің қара жамылғаны»
Газет-журналдар жаппай жабылып жатқан кез. Қағаз жоқ, қаржы жоқ. «Араға» да тықыр таянды. «Әне жабылады, міне жабылады» деген қауесетпен оянып, қайғымен ұйықтаймыз. Бас редакторымыз – Қалтай Мұхамеджанов. Бір жағынан, ол кісінің бедел-абыройын ойлаймыз да, «Араны» жаптырмайтын шығар деген үмітке жүгінеміз.
Бір күні Қал-ағаң осы мәселеге байланысты «не бүк қылам, не шік қылам» деп артынып-тартынып, орталық комитетке кетті. Тақымды қысып редакцияда біз қалдық. Келді түс қайта. Менің кабинетім 12-қабатта лифтінің тура қарама-қарсысында болатын. Есік ылғи ашық. Кімнің келіп, кімнің кетіп жатқаны көрініп тұрады.
Қал-ағаң келді. Жүзінде жеңістің белгісі бар. Көзінде қуақы күлкі ойнайды. Сөзінде де жеңімпаздықтың желі еседі. Шұбап кабинетіне кірдік.
«Ара» жабылмайтын бопты. Сонда Қал-ағаң не айтқан дейсіз ғой.
– Қағаз жоқ дейсіңдер, бізге жай сары қағаз де жетеді. Анау дүкендердегі май орайтын, ет орайтын сары қағаздар да жарайды бізге. Сонымен-ақ журналды шығара береміз. Бізге сол қағаздарды беріңіздер, бәрібір оны орайтын ет те, май да жоқ қой. Ал «Ара» жабылғаны қазақ күлкісінің қара жамылғаны емес пе? – депті.
Осылай бір ауыз сөзбен «Араны» аман алып қалған еді.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Аманат. | 17 қазан 2017 17:19
Ара қайда сол Жабылмаған?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті