1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ, тарихшы-ғалым: ӘЛЕУМЕТТІК ЖІКТЕЛУ ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ БОЛҒАН...

– Кеңес заманында білім алып, тарихшы ретінде кеңес заманында қалыптастыңыз. Ол кездегі жүйе де, саясат та басқа еді. Жалпы, тарих ғылымының маңызын, қазақ тарихындағы шын мәнісіндегі жағдайды сіз сол кезде түсіне алдыңыз ба?
– Әрине. Әркімнің өзінің ішкі түйсігі, бейімі болады ғой. Қатар оқыған әріптестерімнің біразы көне дәуірдің, біразы орта ғасырлардың тарихын жақсы көретін. Мен XX ғасыр, оның ішінде ашаршылық пен соғыс тақырыбына ден қойдым. «32-ші жыл» деген сөзді әке-шешелерімізден бала кезімізден естіп өстік. Мен өзім Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып-өстім. Біздің Орталық Қазақстанда ашаршылықтан бір адам қалмай, қырылып қалған ауылдар болған. Қарағанды 1931 жылы ғана «қала» мәртебесін алған, 13 мың халқы болған. Ал екі жылдан кейін тұрғындар саны 147 мыңға дейін өскен. Өйткені жұмыс күшін Ресейден, Украинадан, Донбасстан жер аударылған кулактар ретінде алып келген. Ал жан-жағындағы аштан қырылып жатқан ауылдардан барған адамдарды ішінара ғана қабылдап, көпшілігін қалаға жолатпаған. Осындай әңгімелерді біз бала кезімізден естіп өстік. Кейіннен университетте оқып жүргенде осындай жағдайларды айтып, «Неге бұл айтылмайды, жазылмайды?» деп ұстаздарымыздан сұрайтынбыз. Олар: «Балалар, сақ болыңдар. Бұл – жабық тақырып», –дейтін. Бірақ мен Қазақстанда Кеңес өкіметі қалай орнады, қандай саяси ағымдар болды деген мәселелерді қаузап, осы 1917-1927 жылдар аралығы бойынша диплом қорғадым. 1968 жылы Тарих және этнология институты жұмысқа қабылдап, Ұлы Отан соғысы тарихы бөліміне жіберді.
Ақай Нүсіпбеков деген академик директорымыз болды. Ол Панфилов дивизиясында соғысқан өте қажырлы, қайратты адам еді. Талай жағдайды көзіміз көрді. Сонау 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихы: ежелгі заманнан бүгінге дейін» деген кітапта Кенесары көтерілісі туралы жазған Ермахан Бекмаханов ол кезде жас ғалым болатын. Мысалы, сол кісіні айыптады. «Кенесары Қасымұлы өзінің жеке монархиялық билігін орнату үшін көтеріліске шықты. Ал сіз оны «қазақтың ұлт-азаттық көтерілісі» деп жазғансыз» деген сияқты айыптаудың соңы үлкен айқайға ұласып, 50-ші жылдары Е.Бекмаханов 25 жылға сотталды. Оның алдында осы институтта істеген Бекежан Сүлейменов деген ағамыз болған. Ол кісі де сол ұлттық тарихты, XVII-XVIII ғасырлардағы оқиғаларды жазғаны үшін айыпталып, Е.Бекмахановтан жарты жыл бұрын 25 жылға сотталған. Бірақ 25 жыл бойы отырған жоқ, Сталин қайтыс болғаннан кейін істері қайта қаралып, босап шықты. Дегенмен сондай трагедиялық жағдайларды бастан өткерді. Сондай қиын кезеңдер өтті. Өзімнің ұстазым, осы институтқа жұмысқа келуіме бірден-бір себепкер болған Г.Ф.Докштейн: «Бірінің үстінен бірі арыз жазады, директорлар ауысады, күнде айтыс-тартыс. Бүгін қасыңда жүрген адамды ертеңіне «жау» деп айтады. Сондай адам сенгісіз нәрселерді көрдік», – деп отыратын.
Е.Бекмаханов ісіне байланысты қызметінен алынып, екі жыл басқа жұмыста болған Қаныш Сәтпаев 1954 жылы қайтадан Ғылым академиясының президенті болып келгеннен кейін кадр мәселесін жолға қойып, Ақай Нүсіпбековті Тарих және этнология институтының директоры етіп қойды. Содан бастап 27 жыл бойы директор болған А.Нүсіпбеков өзінің орынбасары етіп Ф.Г.Докштейнді отырғызды. «Алтын адамды» тапқан Кемал Ақышев, академик Кеңес Нұрпейісов, күні кеше өмірден өткен профессор Мәлік-Айдар Асылбеков, антрополог О.Смағұлов сияқты басқа да жазуға, зерттеуге қабілеті бар адамдардың барлығын жанына жинап, тәрбиелеп, институтты көтерген – Ақай Нүсіпбеков. Ол кісі арасында 1967 жылдан бастап, 1976 жылға дейін тоғыз жыл бойы осы Ғылым академиясы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласының вице-президенті болды. Бұл саланы басқару дегеніңіз, маңызы жөнінен, ол кезде Орталық комитеттің идеологиялық хатшысы болумен пара-пар болатын. Міне, сондай кісілердің қол астында жұмыс істедік.

– Тарих ғылымы қай кезде де саясаттан тыс болған жоқ деп жатады. Оның сол кездегі көрінісі қандай еді?
– Тарих, археология, философия, жалпы, бүкіл идеологияға Қазақстан орталық партия комитетінен, Мәскеуден, әсіресе Алматы облыстық, қалалық партия ұйымдарынан қатаң бақылау жасалатын. Сондағы айтатыны: «Тарих және этнология институтының барлық ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарының 70 пайызы кеңестік кезеңді зерттеуге арналсын» болатын. Яғни 1917 жылға дейінгі тарих, ежелгі, орта ғасырлар тарихы, этнография, археология – бәрі қалған 30 пайызға кіруі керек. Сөйтіп, ғалымдардың барлығын кеңестік кезеңді дәріптеуге күштеп бейімдеп отырды.

– Негізі, зұлматтың көкесі сол кеңестік дәуірден басталған жоқ па?.. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс... Бірақ ол шындықтың барлығы жабулы күйінде қалды...
– Әрине. Жағдай тек 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ғана өзгере бастады. Ол да оңайлықпен келген жоқ. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін «Правда» газетінің 1-бетіне біздің институтты жамандаған мақала шықты. Оны жазған – Жұмабек Жандосов деген ақсақал, философия ғылымының докторы. Осы институтта қазақ этнографиясының білгір маманы Марат Сәбитұлы Мұқанов жұмыс істеген. Сол кісі 1968 жылы орыс тілінде «Орта жүз қазақтарының рулық құрамы және орналасуы» деген монография шығарған. Сол кезде үстінен арыз түскен. «Тарих институтында қазақтың рулық тарихын зерттеп жатыр, бұл идеологияға сәйкес келмейді» деген. Марат Сәбитұлы осы тақырыпта одан кейін де бірнеше еңбек жазған. «Правда» газетінде шыққан мақалада «Тарих институтында нәсілдік зерттеу жүріп жатыр. Антрополог Оразақ Смағұлов қазақтардың бас сүйегін зерттейді. Марат Мұқанов тек қазақтардың рулық тарихын жазады екен» деп айыптаған. Мұның бәрі институтқа оңай соққы болып тиген жоқ. Мекеменің сол кездегі басшысы, марқұм Рамазан Сүлейменов, сол ауыртпалықтың бәрін көтеріп, институтты аман-есен алып шықты.

– Дегенмен осындай жағдайлардың өзі қазақ тарихындағы ақтаңдақтардың шыға бастауына себепкер болған сияқты...
– Кеңестер Одағы деген алып империяның іргесі шайқалатын күн туа бастағанын біз сол 80-ші жылдардың соңында сезе бастадық. Сол кезде тарихшылар, гуманитарлар көтеріліп, қазақ тарихының ұмыт қалған ақтаңдақ беттерін айтуға, жазуға кірісті. Ол кезде институтқа академик Манаш Қозыбаев директор болып келген. Өте іскер, жаңашыл адам еді. Мен 14 жыл сол кісінің ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып істедім. Сонда 1988 жылы қараша айында М.Қозыбаев бүкілодақтық ғылыми конференция өткізді. «Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы ұжымдастыру тарихы мен тағылымы» деген тақырыпта. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Мәскеу, Новосибирск сияқты ұжымдастыруға қатысқан елдердің бәрінен ғалымдар шақырылды. Ең бірінші мәселе ретінде Қазақстандағы 30-шы жылдардағы ашаршылық трагедиясын сөз еттік. Міне, бәрі содан басталды. Сол кезде ақтаңдақ ретінде тек ашаршылық емес, бүкіл қазақ тарихындағы, өткен ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстарындағы бұрын айтылмаған, жазылмаған мәселелер көтерілді. Абылай ханның, Кенесарының тарихтағы орны туралы жаңа көзқарастар айтылды.

– 1932 жылғы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы жаппай саяси репрессия себептерін анықтау жөніндегі комиссия құрылғаны да сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында емес пе еді?
– Ол комиссия М.Қозыбаев Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған кезде, сол кісінің тікелей мұрындық болуымен құрылды. Сөйтіп, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Талас Омарбеков және мен – төртеуіміз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрын құпия болып келген құжаттарын қарауға рұқсат алдық. Сол кезде Кеңес Нұрпейісов ағамыз Алашорда туралы ең алғаш кітап жазып шығарды. Мен, негізінен, Қазақстанда болған көтерілістерді зерттедім. Ашаршылық халықты жай өле салуға емес, үлкен қарсылыққа алып келді. Бүкіл Қазақстан бойынша ауыл халқы сол кезде азамат соғысы жағдайында болған. Ірілі-ұсақты қақтығыстар туындаған. Мен содан архивте алты жарым ай отырдым. Басқа халықтарға да түсінікті болсын деп зерттеулерімді әдейі орысша жаздым. Сосын шешен, ингуш, күрд, татар, қарашай, балқар өкілдері Қазақстанға қашан келді, қай ұлттан қанша мың адам бізге жер аударылды, соны 90-шы жылдары ең алғаш жариялаған мен болатынмын. Өйткені мұрағаттан солардың да кездескен дерегін түртіп алып қойған едім.

– Ал ашаршылыққа байланысты туындаған қозғалыстардың қандай да бір маңызы, әсері болды ма?
– Әрине. Қазақстандағы ең бірінші көтеріліс 1929 жылы Торғайда Батпаққара деген жерде болған. Елдің күзде жинаған егіндерін, малын та үкімет тартып алған. Сол зорлыққа шыдамай, халық көтерілген. Аудандық партия, атқару комитеттерін басып алып, орнына «Халық кеңесін» сайлаған. Бірақ жан-жақтан жиналып келген әскер қантөгіспен басқан. Созақта, Ырғызда, Шұбартау мен Шыңғыстау, Абыралы округтерінде де солай болған. Халықта дәрмен жоқ. Содан көбі босып кеткен.
Менің ҰҚК мұрағатынан тапқаным – Қазақстанда 2 млн 200 мың адам аштан өлген. Соның 1 млн 750 мыңы – қазақ. Және сол ақпарларда «Бұл цифрлар толық емес. Себебі 1929-1932 жылдар аралығында Қазақстанда жаппай көтеріліс болған. Сол кездегі құжаттар жойылып кеткен» деп ескерткен.
Соңғы 6-7 жыл бойы мен Мәскеуге мұрағатқа барып, соғысқа, соғыс тұтқындарына және сонымен қатар ашаршылыққа байланысты мәліметтерді іздестіріп жүрмін. Алдыңғы жылы барғанда көргенім, Мәскеуде Орталық атқару комитетінің «Көшпелі және жартылай көшпелі халықтарды отырықшылыққа көшіру» деген бөлімі болыпты. Мұндағысы сол – қазақ, қырғыз, қалмақ, якут, тува, бурят, сосын солтүстіктің бұғы өсіретін тайпалары. Сондағы берілген салыстырмалы таблицаға қарап отырып таңғалғаным – қазақтан басқа ешбір елде бірде-бір адам аштан өлмеген, қазақ қана солай қырылған. Айталық, ресми дерек бойынша, 1929 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда 47 млн 500 мың мал болыпты. Бірде Әлкей Марғұлан ақсақалдан «Бізде сол кезде осыншама мал болыпты, ендеше, қазақ қалай аштан қырылып қалды?» – деп сұрағанымда, ол кісі: «47 жарым млн-ға тағы 15 млн-ды қос. Өйткені қазақтың анау Ырғыз, Арал, Қарсақбай жағында санаққа ілінбеген немесе салықтан жасырылған мал қаншама!» – деген болатын. Міне, соған қарамастан, 1934 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда небәрі 4-ақ млн мал қалыпты.
Қазақстан астық егетін республика емес, негізінен, мал шаруашылығымен айналысты. Соған қарамастан, 1929 жылдан бастап, 1930, 31, 32, 33 жылдары Қазақстанды жыл сайын 42 млн пұттан бастап, 52 млн пұтқа дейін астық тапсыруға мәжбүр еткен. Сөйтіп, жұрттың жинаған астығын түгін қалдырмай сыпырып алып кетіп отырған. Көктемде себетін тұқым ғана әкеліп таратқан, онда да қадағалаумен. Осыдан кейін халық босқын болмағанда қайтеді?! Адам етін жегендер көп болған. Соның суретін қырғыз архивінен тауып әкеліп жариялаған мен болатынмын.
1937 жылы Мәскеуде халық санағы болған. Қазақтың саны аз болып кеткендіктен және ол сол кездегі идеологияға сай келмейтіндіктен, ол санақтың күшін жойып, 1939 жылы қайта санақ жүргізген. Ал 1937 жылғы санақ нәтижелері ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келген, бірақ қазір ашық. Біздің көптеген әуесқой тарихшылар көбінесе 1926, 1937, 1939 жылғы санақтың айырмашылығын алады да, «бәленбай адам қырылған, тарихшылар дұрыс зерттемейді» деп бізді кінәлайды. Шындығында, олай емес, әрине.
Украинада да аштық болған, 3 млн адам өлген. Бірақ халқының саны 50 млн-ға жуық. Ал бізде, қазақта, сол кезде 5,5 млн адам болған. Соның 2 млн 200 мыңы қырылған. Қазақтар босқыншылыққа ұшырап, бүкіл Сібірге, Қиыр Шығысқа дейін барған, сталиндік бесжылдықтар кезіндегі құрылыстарға жалданып жұмыс істеген. Біздің институтта Халел Арғынбаев деген атақты профессор, этнограф ағамыз жұмыс істеген. Сол кісі естеліктерінде жазады, «мен 10 жастамын» дейді. Сол кезде туыстары Баянауыл жақтан ауылдағы 20 шақты кісімен бірге жаяу-жалпы Керекуге, одан әрі пойызбен Томскіге барады. Одан Хабаровскіге, әрі қарай Владивостокқа, сосын Камчаткаға кетеді. «Содан 4-5 жыл Камчаткада, балық совхозында тұрдық. Кейіннен елдегі жағдай тұрақтанған соң, 1937 жылы қайтып оралдық» дейді.

– Қазақстан мен Украинада ғана қатты ашаршылық болды. Басқа республикалар ондай зұлматқа ұшыраған жоқ дейміз. Бірақ соңғы жылдары Ресей ғалымдары «бізде де солай болды» деп жүр емес пе?
– Өйткені қайсыбір жылы Украина «Ресей бізге ашаршылықтан қырылған халқымыз үшін құн төлеуге тиіс» деген мәселе көтерді. Соған байланысты Ресей ғалымдары «Ашаршылық тек Қазақстан мен Украинада ғана емес, біздің өзімізде, Еділ бойында, Сібірде де болды» деген әңгіме шығарды. Сол сияқты Қырғызстандағы Батырбаева деген ғалым «Қырғызстанның оңтүстік жағында да ашаршылық болған» деп мақала жазды. Мен 1991 жылы Қырғызстанның құпия архивіне рұқсат алып, бір ай қарадым. Сонда көрдім, Қырғызстанда ашаршылық болған жоқ. Ресейде де солай. Бірақ орыс ғалымдары мұны саясатқа айналдырып, бұрмалағысы келеді.
Рас, азық-түлік тапшылығы сол кезде бүкіл Кеңестер Одағында болған. Бірақ жаңағы екі мемлекеттен басқа еш жерде ешкім аштан өлмеген. Бәрінде азық-түлік карточкамен беріліп тұрған.
Ал босқын қазақтар жер-жерде аштан өліп жатқан. Мысалы, Новосібір өлкесінің 1-хатшысы Р.Эйхе Сталиннің атына: «Мына Қазақ Республикасының басшылығы не қарап отыр? Халқын неге қаңғытып жіберген? Сібір өлкесінің бүкіл қалалары мен стансаларында қазақтар аштан өліп жатыр, босқын болып жүр», – деп хат жазған. Челябинск өлкесінің хатшысы да сондай хат жолдаған.
1932 жылы мамырда Қазақстан үкіметінің басшысы Ораз Исаев та Сталиннің атына «Қазақстанда осындай қиын жағдай туып тұр. Тіпті адам етін жеген жағдайлар да кездеседі. Түбінде Қазақстанда 1-басшыны ауыстыру керек шығар» деген мағынада, бірақ сыпайылап, құпия түрде хат жіберген. Кейіннен осы мәселе бойынша Қазақстанға арнайы тексеру келген және сол комиссия қорытындысы бойынша 1932 жылы қыркүйекте Қазақстанға көмек көрсету туралы қаулы қабылданған. Бірақ ол жерде халықтың қырылып жатқаны емес, мал басының кеміп кеткені айтылады. Дегенмен ешқандай көмек көрсетілмейді. Тек 1933 жылы наурыздан бастап қана көмек беріле бастайды, халық әбден қырылып бітуге айналғанда... Голощекинді орнынан босату туралы ешқандай қаулы да, қарар да жоқ, тек «Голощекиннің қызметін ауыстыруға келісесіз бе?» деген сұрақ түрінде ғана Орталық комитет мүшелерінен жауап алған. Сөйтіп, Мирзоян келген. Ал Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде босып жүрген қазақтарды қайтару туралы нұсқау берілген. Олар қазақтарды жұмыстан шығарып жібереді, қайтар жолына қаражат бермейді. Сөйтіп, қазақ байғұс вокзалдарда, жер-жерде тағы қырылады. Ал көшпелі қазақтарды отырықшылыққа көшіру комитетінің бар айналысқаны – босқын болып кеткендерді қайтадан әкеліп орналастыру ғана болған.

– Сонда әуел баста қанша қарсылық көрсеткеніне қарамастан, халықта еш қайран болмағаны ғой...
– Иә, енді дәрмен жоқ қой. Отырықшыландыруда жергілікті халықтың ерекшелігі мүлде ескерілмеген. Негізі, әуел баста, сонау 1929 жылы, «Ұжымдастыру науқанын қай елде қалай жүргіземіз?» деген кесте болыпты. Сонда Қазақстан 4-ші зонаға қойылыпты. Яғни Қазақстанның табиғи-географиялық жағдайы, коммуникация, жол жүйесі байланысы т.б. жайттар ескеріліп, «ұжымдастыру ең соңынан жүргізілсін» деген. Алайда кейіннен Ресейдің өзге облыстарымен қатар жүргізіліп кеткен және «тап күресі негізінде, кедей шаруаларға сүйене отырып...»

– Жергілікті басшылық тарапынан ешқандай қарсылық та, қарекет те болған жоқ дейсіз ғой...
– Иә. Қарсылық болмаған. КСРО-ның сауда және жабдықтау министрі Микоян Қазақстанға таусылмас мал көзі ретінде қараған. Сол 1930 жылы осында келіп, «Қазақстан 1930 жылы өкіметке тапсыратын ет жоспарының 70 пайызын алдағы үш айда орындасын, ет бүлінбейтін суық кезде» депті. Содан сыпырып алу басталған, әр мал басына төленетін азын-аулақ ақша да төленбеген. 1931 жылы тағы сөйткен.

– Ал ұлт қайраткерлері, Алашорда көсемдері сол кезде қайда болды?
– Олардың біразы түрмеде отырды, біразы қудалауда жүрді. Жалпы, тек бізде ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағы аймағында ұжымдастыру басталардың алдында әр өлкедегі бұрынғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқандарды алдын ала оқшаулау, тұтқындау, соттау процесі жүрді. Бізде Алашорда қайраткерлері 1928 жылы желтоқсанда ұстала бастады. Украинада 1917-1918 жылдары өзінің ұлттық мемлекетін жариялаған Рада мүшелері, Қырым мен Қазан татарларының, түрікмендердің қайраткерлері шетінен оқшауланған.
Мұның бәрі – ішкі фактор. Өйткені сол кездегі индустрияландыру процесіне қаражат жетпеген. Шетелмен сауда жасап, олардан қажетті құрал-жабдықтар, станоктар алайын десе, 1929-1931 жылдар арасында шетелдің өзі экономикалық күйзелісте болды. Ал бірақ 1917 жылы бұрынғы Ресей империясының орнына келген жаңа мемлекеттің өзіндік ерекшелігі болды. Себебі оның саяси жүйесі басқа. Яғни жекеменшікке емес, мемлекеттік меншікке негізделді. Сондықтан Ресейде болған әлеуметтік революция үлгісі басқа елдерге де таралмауы үшін батыс державалары Ресейді үнемі экономикалық қоршауда ұстады. Мысалы, АҚШ Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін, тек 1933 жылы 30 қарашада ғана орнатты. Яғни 16 жыл бойы АҚШ КСРО-ға экономикалық соғыс жариялады. Оны батыс елдері, Франция, Ұлыбритания, Италия, Югославия, тіпті Болгарияға дейін қолдады. Кеңес Одағынан ағаш, металл, алтын т.б. алуға тыйым салған. Тек бидай, астық қана сатып алынсын деген. Ал Қазақстанда немесе Украинада халық аштан қырылып жатыр ма, жоқ па, онымен санаспаған. Бұл – сыртқы фактор. Яғни «қанішер» деп жүрген Сталин мен Голощекин ішкі фактор болса, АҚШ сияқты ұлы державалар – сыртқы фактор. Егер солар КСРО-ға саяси блокада жасап, осындай шараларға баруға итермелемесе, қазақ та мұншама шығынға ұшырамас па еді, кім білсін?! Солай деп айтамыз, жазамыз, бірақ шетелдік әріптестеріміз де мұны мойындағысы келмейді.

– Күні кеше ғана Қазан төңкерісіне 100 жыл толды. Соған орай, әлеуметтік желіде «Егер сол төңкеріс болмағанда қазақтың жағдайы қалай болар еді?» деген мәселе қозғалды. Сіз бұған не жауап айтар едіңіз?
– Ашаршылық та, жаппай саяси қуғын-сүргін де болмас еді, әрине. Бірақ Қазақстан жеке, оқшау отырған ел емес, ол кезде де, қазір де. Қазақ хандығы тарих сахнасынан кетті. Қазақ халқы мемлекеттігін жоюға, Ресейдің құрамына кіруге мәжбүр болды. Сырым, Кенесары, Исатай-Махамбет, Жанқожа Нұрмұхамедов көтерілістерінің бәрі сәтсіз аяқталды. Себебі тек білектің күшіне, найзаның ұшына сүйенді. Ал XX ғасырдың басындағы күрес мүлде басқаша сипатта жүрді.
XIX ғасырдың соңына, XX ғасырдың басына қарай қазақтың өзінің ішінен шыққан, Ресейдің таңдаулы жоғары оқу орындарын бітірген ұлттық интеллигенция өкілдері пайда болды. Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Тұнғашин сияқты қайраткерлер пікірталастыру деңгейіне жетті, өркениетті күрес әдістерін дүниеге әкелді. Қазақтың мұңын айту үшін парламент мінбесін пайдаланды, саяси партия құруға ұмтылды, «Қазақ», «Айқап», «Дала уәлаяты» сияқты газет-журналдар ашты. Соның барлығы XX ғасырдың басында қазақ қоғамы саяси күреске басқаша жағдайда келгенін көрсетеді. Сондықтан 1917 жылғы революция болған кезде Алаш қозғалысының пайда болуы, Алашорда автономиясының жариялануы, барлығы – заңды күрес нәтижесі. Рас, ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргін тұрғысынан алғанда Қазан төңкерісінен қазақтың ұтылысы көп. Дегенмен ұтқан тұсымыз да бар. Мысалы, жойылып кеткен Қазақ хандығынан кейін, Кеңес өкіметі 1920 жылы Қазақ совет автономиялық республикасын құрып берді. Соған дейін қазақ жері Ресейдің үш генерал-губернаторлығына быт-шыт болып бөлініп кеткен. 1936 жылы Қазақ автономиясы одақтас республикаға айналды. Өзінің әкімшілік, этникалық территориясы белгіленді. Ал 1991 жылы сол шекарамен Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Егер сол кеңес мемлекеті құрып берген автономиялық, одан кейінгі одақтық республика болмаса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның шекарасын айқындауымыз қиын болатын еді.

– Ал қазіргі уақытта тарих ғылымы үшін не маңызды? Қандай тақырыптар өзекті?
– Өзім айналысып жүрген мәселелер төңірегінде айтар болсам, мысалы, Алашорда қайраткерлерінің есімі ақталды, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов т.б. ғылыми-әдеби мұралары жарыққа шықты. Барлығын жаппай мақтай бастадық. Есесіне кезінде Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан адамдарды таптауға көштік. Белгілі азаматтарымыздың бірі: «Егер Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуді» шығарып, Алашорда қайраткерлерін тізіп бермегенде олар атылмас еді», – деп жазды. Мен Сәкен Сейфуллиннің тергеу хаттамаларын түгел қараған адаммын. Солардың бірде-бірінен мен Сәкеннің біреудің атын атап, түсін түстеп, ұстап бергенін кездестірген емеспін. Тек кітабының басында: «Мен мұны біреуді мұқату үшін емес, алмағайып кезде кімнің кім болғанын, оқиғаның қалай өрбігенін көрсету үшін ғана жазып отырмын», – дейді. Бар «кінәсі» – сол. Тіпті бір жазушымыз кезінде: «Сәкенді ату аз, сүйегін итке тастау керек еді», – деп жазды. Біз қазір сол эмоциялық кезеңнің бәрінен өттік. Енді пендешіліктен жоғары тұрып, екі жағын да жамандамай, екі жағын да халыққа түсіндіру керек. Өйткені Алашорда да, Кеңес өкіметін орнатуға қатысқандар да – халықтың мүддесін ойлаған адамдар. Екеуі де біздің ұлттық тарихымыздың құрамдас екі бөлігі. Ал солардың жолдары неге екіге бөлінді, соны түсіндіруге тырысу керек.

– Ортақ мүддені көздей тұра, ұлт қайраткерлерінің жолы неге екіге бөлінді, неге келісімге келе алмады дегенде, өзіңіз не айтар едіңіз?
– 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін патша тақтан кетті. Ресей аумағындағы отар болған ұлттардың барлығы қуанды, өзінің алдағы жолын ойластыра бастады. Бізде де ешқандай бөлініс жоқ. Оқыған азаматтарының барлығы бір ғана Қазақ комитетінде болды. Бөліну 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен жалпықазақ съезінен кейін басталды. Сол съезге делегат болып Торғай өңірінен барғандар кезінде патшаның жазалаушы отрядтарын ертіп жүріп, ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан ауылдарды көрсетіп, қырғызғандар болды. Соны көрген Сәкен Сейфуллин: «Халыққа кеше тізесін батырған Нұрмағамбеттер барған съездің біз үшін құны көк тиын. Онда біз қарапайым халықты қолдаймыз деп жүрген большевиктер жағына шығатын шығармыз», – деп жазды. Бұл – сол кездегі қазақ қоғамының картинасы. Яғни әлеуметтік жіктелу, бай, болыс кедей, жалшы деген қай кезде де болған.

– Сонда қай-қайсысы да таптық, рулық бөліністен биік тұра алмағаны, ұлттық мүдде тұрғысынан ойламағаны ма?
– Алашорда жалпы қазақ идеясын жариялады, мемлекеттігін қалпына келтіруді көздеді деп айтамыз. Онысы дұрыс. Бірақ осындай жекелеген жағдайлар кері әсер етті. Алаш партиясы жарияланды, съезін өткізді, бірақ қалыптасып үлгерген жоқ. Артынша 1918 жылы қаңтарда «Үш жүз» деген партия дүниеге келді. Мысалы, оны құрған Көлбай Төгісов – драматург, публицист, баспагер. Ол да Ташкентте «Алаш» деген газет шығарған. Өзінің бағдарламасында ол: «Күні кеше қазақты басқарған төре, сұлтандар өздерін «Алашорда» деп жариялап, қайтадан қазақтың мойнына мінгісі келеді», – дейді, яғни мәселеге таптық тұрғыдан келеді. «Үш жүзге» мүше болғандар қаланың кедей жатақтары, ауыл мұғалімдері болған. Ал Әлихан Бөкейханов: «Большевиктерді қорғағандарды, Көлбайларды көрген жерлеріңде атып тастаңдар», – деді Міржақып Дулатов оны «Қазақ» газетінде насихаттап жазды. Кейін солар Көлбай Төгісовті, шынында да, Колчакқа ұстап берді. Әділбай Майкөтов деген фельдшерді де алашордашылар өлтірткен. Сондай-сондай жағдайлар болған. Бірақ біз қазір эмоциядан жоғары тұрып, қай-қайсысының да қателігін ашып көрсетіп, ортақ тарихқа біріктіруіміз керек.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті