1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
17 қазан 2017
Толғанай Үмбетәлиева: БИЛІККЕ ТАЛАСТА БАРЛЫҚ ЭЛИТАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ МҮМКІНДІГІ ТЕҢ

«Қазақстан мен Қырғызстан арасында туған түсінбеушіліктің негізгі түп тамыры екі түрлі саяси мәдениетте жатыр», – дейді саясаттану ғылымының кандидаты, Орталықазиялық демократияны дамыту қорының президенті Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА. Қырғызстанның қазіргі президенті Атамбаев барлық ойынды ашық, жария түрде жүргізіп үйренген саясаткер болса, Қазақстан басшылығы әлі де кеңестік кезден қалған кулуарлы, жабық саясатты ұстанғанды құп көреді. Саясаттанушы Т.Үмбетәлиева екі түрлі саяси мәдениет арасындағы қайшылық қазіргі кикілжіңге әкеп соқтырды деп есептейді. Бұдан бөлек, саясаттанушымен арадағы әңгімеміз халықтың үкіметке деген сенімі, Қазақстандағы биліктің ықтимал ауысу жолдары, екінші президент болуға лайық үміткерлер төңірегінде өрбіді.

ЕКІ ТҮРЛІ САЯСИ МӘДЕНИЕТТЕН ТУҒАН АРАЗДЫҚ
– Соңғы уақытта көршілес әрі бауырлас екі ел – Қазақстан мен Қырғызстан арасында түсініспеушілік туындады. Президент Н.Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне үміткер Ө.Бабановпен кездесуінің арты қалайша екі ел басшылығы арасындағы тәжіке мен қарама-қайшылыққа ұласып кетті?
– Бұл кездесу Қырғызстанның қазіргі президентімен келісілмеген болуы мүмкін. Мұны ішкі іске араласу деп бағалауға болады. Қырғызстан оны солай деп қабылдады да. Алайда Атамбаевтың өзі де президенттікке үміткер болған тұста Путинмен кездескен, бірақ оны қазір өзі естен шығарып алған секілді. Алайда, менің ойымша, Қазақстан жағы мен үміткерлердің екіжақты кездесуге құқы бар, оған тыйым салынбаған, бұл шетелде де қалыптасқан үрдіс. Бірақ, екінші жағынан, Қырғызстандағы жағдай біздің басымыздан өтсе, яғни бізде де президенттікке балама үміткерлер пайда болып, Қырғызстан президенті олармен кездессе, Қазақстан да дәл Қырғызстан тәрізді әрекет етер еді.
Бәлкім, дәл Қырғызстан тәрізді қызу және эмоционалды түрде қимылдамаса да, бәрібір дипломатиялық жолмен кейісін білдірер еді. Оның үстіне Қазақстан мұндай мәселені ашық түрде емес, кулуарды түрде талқылап шешкенді құп көреді. Қалай болғанда да болар іс болды. Енді бұл тығырықтан шығудың жолын қарастыру керек. Сыртқы саясатта мұндай жағдайда қалай әрекет етуді көрсететін нақты принцип пен ереженің жоқтығы білінеді. Әсіресе Орталық Азияда билікке талас, бәсекелестік тәрізді тақырыптар өте нәзік болғандықтан, нақты саяси мәдениет пен ереженің жоқтығы осындай қызу дау-дамайларға жол ашады. Әсіресе өз елінің ішінде бүкіл серіктері және жақтастарымен араздасқан Қырғызстан президентінің ерекше мінез-құлқын есепке алсақ, оның Қазақстан тарапына білдірген ренішіне таңғалудың қажеті жоқ, тіпті оны алдын ала болжап білуге болар еді. Оның үстіне Қырғызстан президенті бұған дейін де Қазақстанға қарата атышулы мәлімдемелер жасаған. Сондықтан бұл жағдайда Қырғызстанды айыптамай, өз ұстанымымызды саралаған дұрыс. Менің пікірімше, бұл – осы мәселені Қырғыз басшылығымен алдын ала талқылап, келіспеген Қазақстан дипломатиялық қызметінің кемшілігі. Бұл жерде Қырғызстанның қазіргі президентінің мүддесі ескерілмеді. Қазақстан Атамбаевқа қызметінен кеткелі жатқан басшы ретінде қарайтын шығар. Дегенмен Қазақстан сыртқы істер министрлігі, осы кездесуді ұйымдастырғандар мейлінше мұқият болуы керек еді. Біз үнемі халықаралық аренада өзімізді бейбітсүйгіш, тату-тәтті көршілік қарым-қатынасты қолдаушы, өзге елдер мен шекараларға құрметпен қарайтын ел ретінде көрсетеміз. Алайда іс жүзінде мұны ұстанбаймыз. Шекара дегенде аумақтық шекара емес, белгілі бір шектен аспауы тиіс саяси шекті меңзеп тұрмын. Меніңше, қалыптасқан жағдай үшін жауапкершіліктің басым бөлігі Қазақстанның мойнында.
– Енді қазір осы шиеленісті реттеудің орнына Астана мен Бішкек салғыласуды жалғастыра түсті. Мәселен, қазақ-қырғыз шекарасында шырғалаң туып, Қазақстанға өту қиындаған еді. Қырғызстан премьер-министрі С.Ысқақов әлеуметтік желіде Сочиде өткен Еуразиялық экономикалық кеңесте Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен шекарадағы жағдайды талқылағанын, артынша Н.Назарбаевтың үкіметке бұл мәселені шешуді тапсырғанын жазғаны сол еді, қазақ үкіметі мұны жоққа шығарды. Бұл қалай болғаны?
– Меніңше, Қазақстан, бір жағынан, жағдайды реттеуге тырысып жатыр, бірақ, екінші жағынан, өзінің күшті екенін көрсеткісі келіп қателігін мойындағысы жоқ. Бұл жерде Қырғызстан премьер-министрі мен Қазақстан президенті жайлы сөз қозғалды. Бұл екеуі – екі түрлі деңгей, енді қазақ жағы Қырғызстан премьер-министрі бұл мәселені Қазақстан президентімен талқылап реттей алатынын мойындағысы келмейді. Яғни Атамбаев қана Қазақстан президентіне жолығып, бұл мәселені шешуі керек. Біздің үкіметтің меңзегені Сочиде келісім жайлы сөз қозғалған күннің өзінде, мұның ешқандай заңдық күші жоқ. Яғни премьер-министр мен президенттің арасындағы жай әңгіме ресми мәртебеге ие емес. Осыны білдіргісі келгенімен, мұны қайтадан жадағай, ебедейсіз етіп жеткізді. Басты мәселе мұндай кикілжіңдерді реттейтін Орталық Азиядағы саяси мәдениеттің жоқтығына келіп тіреледі. Бұл жерде Қырғызстан президентінің орнында Өзбекстан президенті болса, олай жасамас еді деп жазып, айтып жатқандар бар. Ол рас, өйткені ол кеңес мектебінен өткен, мұндай мәселелерді жарияға салмай, жабық түрде талқылап шешуге дағдыланған ескі буынның өкілі. Бірақ Атамбаев – мүлде басқа саясаткер, билікке оппозициядан келген өзге ойыншы, ол көпшіліктің алдында ашық ойын жүргізіп үйренген. Осы екі түрлі саяси мәдениет арасындағы қайшылық бұл.
– Ал әріптестеріңіздің арасында Атамбаев тарапынан Қазақстанға қарата айтылған мәлімдемелер президент Н.Назарбаевтан күш-қайрат кете бастағанын көрсетеді деп жорушылар бар. Бұған не дейсіз?
– Өз басым олай деп есептемеймін. Бірақ біздің үкімет мұны солай деп бағалайтын сияқты. Шешімді қимылдап, кесімді жауап бермесек, мұны өзгелер Қазақстанның әлсіздігі деп бағалайды деп есептейтін тәрізді. Алайда, меніңше, бұл – әлсіздік пен күштілік жөніндегі ескі түсініктер. Біздің аймақта күшті мемлекет – әскери күші бар, қысым көрсетіп, бақылауда ұстай алатын ел деген түсінік қалыптасқан. Десек те, бұл – 50-60 жылдардағы ұғымдар. Әскери, ақпараттық қысым, пропаганда – бұл қырғи-қабақ соғыс кезіндегі қолданылған саяси инструменттер. Қазір әлем өзгерді, сыртқы саясат мүлде өзге ұғымдармен өмір сүріп жатыр. Ал біз болсақ әлі 50-жылдардағы ұғымдарға сүйеніп отырмыз. Қазіргі әлемде күшті мемлекеттің сыртқы саясаты билікті бөлісуге келіп тіреледі. Еуропаның ең мықты мемлекеті бәрін мойнына артып алғысы жоқ, керісінше, бәрін бөліскісі келеді. Осы бір ішкі еркіндік күші билік пен өкілеттілікті бөлісіп, шиеленістерді күшпен емес, келіссөз арқылы шешуге жетелейді. Қазір радикалды түрде әрекет етіп жатқан Қазақстан өзінің әлсіздігін әйгіледі. Ал егер тату-тәтті көршілік қарым-қатынасқа салып, келіссөзге, дипломатияға барса, күшті, мықты екенін дәлелдер еді. Мемлекеттің күші бізге кімдердің наразылық танытуынан емес, біздің сол наразылыққа қандай түрде жауап беретінімізден көрінеді. Сол себепті мемлекет пен сыртқы істер министрлігі осы тектес мәлімдемелерге келіссөз, бейбіт әрі тату көршілік қарым-қатынас тұрғысынан жауап берсе, ұтар едік.
– Қазақстанның көпвекторлы саясаты неге Орталық Азия елдеріне қатысты жүрмейді?
– Еліміздің көпвекторлы саясаты алпауыт, мықты елдерге бағыттаған. Бірақ Орталық Азия мен өзімізден әлсіз деп есептейтін мемлекеттерге қатысты көпвекторлық жүрмейді. Оның үстіне біз тек ірі мемлекеттермен емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан тәрізді елдермен көршіміз, ең алдымен осы мемлекеттермен қарым-қатынас орнатуымыз керек. Өз басым бұған дейін де біз аймақтық державаға айналмай жатып, жеке-дара әлемдегі ірі державаға айнала алмаймыз дегенді айттым. Әуелі аймақтық көшбасшыға айналу керек әрі бұл ретте табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалар жөнінен көшбасшылықты емес, басқа бағыттағы көшбасшылықты меңзеп тұрмын.


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ХАЛЫҚТЫ ЖҰБАНДЫРДЫ

– Соңғы уақытта халықтың үкіметке сенімін көрсететін зерттеулер жүргізе алдыңыз ба?
– Ондай бағыттағы соңғы зерттеулер жоқ, дегенмен халық сенімі қатты төмендеді деп есептемеймін, қазір 60-70 пайыз шамасында болуы мүмкін. Үкіметке деген халық сенімі жер реформасына қарсы митингілер болған кезде төмендеген, бірақ жер комиссиясы бұл мәселені реттеп, жұрт мүддесін есепке алуы халықты сабасына түсірді. Одан бөлек, қоғамдық кеңестер құрылып, халық оған қатысып, өз үнін жеткізе бастады. Қазанның қақпағын ашып, буды шығарған тәрізді халық қоғам ісіне қатыса алатынына көзі жетіп жұбанды. Сондықтан үкіметке сенбеу көрсеткіші жоғары деп айта алмаймын.
– Сонда жанармай тапшылығы, жанармайдың қымбаттауы мен жалпы қымбатшылық үкіметке деген сенімге әсер етпей ме?
– Әсер етпейді. Халық үкіметке деген сенімді күнделікті тіршілігі арқылы өлшемейді. Мәселен, 2010 жылы зерттеу жүргізіп, «сіз үкіметке сенесіз бе?» деген сұрақты қойғанымда, халық «иә» деп жауап бергенімен, артынан «үкімет немен айналысып отыр?», «үкіметке не үшін сенесіз?» деп нақтылаушы сұрақтар қоя бастағанда, жұрт үкіметтің не бітіріп отырғанынан хабарсыз болып шықты. Халық үкіметке сенеді, бірақ не үшін екенін білмейді. Сондықтан, бәлкім, мұндай зерттеулердің әдістемесін қайта қарастырып, сенімге қатысты сұрақты қоймау керек шығар. Халықтың менталитетін, ерекшеліктерін ескере отырып, соған лайықтап сұрақ құрастырып, әлеуметтік зерттеулер әдістемесін қайта жасақтау керек.
– Сонда халық үкіметке сенім дегенде олардың жұмысының тиімділігін мүлде есепке алмай ма?
– Жоқ, себебі үкімет олар үшін тым алыс, алшақ, күнделікті өмірімен мүлде жанаспайтын түсінік секілді.
– Олай болса, осы тектес әлеуметтік зерттеулерге сенуге бола ма?
– Сенуге болмайды. Тіпті өзім зерттеу жүргізген кезде «президентке қаншалықты сенесіз?» деген сауалға сенбеймін. Бұл – таза формалды сұрақ. Мұнан гөрі «күнделікті өмірде қандай проблемалар алаңдатады?» деген сұрақты қойған орынды. Яғни билікке қатысты сұрақ қойғанда, халық еш уақытта өз ойындағысын ашып айтпайды. Жеке басындағы мәселелер, мәселен, дұрыс медициналық көмек ала алмау, білім алудың қолжетімсіздігі, жұмыссыздық тәрізді нәрселерді ашық жеткізсе де, өздерінен алыста және жоғарыда отырған билікке тек жағымды баға берумен шектеледі. Бұл мәліметтер қоғам мен билік қарым-қатынасы, жеке адам мен билік қарым-қатынасын саралауға мүмкіндік береді, бірақ халықтың билікті қолдайтынын я қолдамайтынын көрсетпейді. Яғни бұл екі сұрақтың арасында корреляция жоқ. Сол себепті зерттеу әдістемесін мұқият жасақтау керек.


САЯСИ РЕФОРМАНЫ АЛМАСТЫРА АЛМАЙТЫН РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

– Ал рухани жаңғыру бастамасын халық қалай қабылдады?
– Мұны халықтың қалай қабылдағаны белгісіз. Бірақ қазақ тілінің дамуы, қазақшылдыққа бет бұруы ұлттық-патриоттық тұрғыдан жылы қабылданды. Дегенмен өз басым бұған бейтарап баға беремін, тым жағымды баға беруден аулақпын. Рас, бұл керек бастама, алайда ол саяси реформаны алмастырмауы тиіс. Қазір мұны саяси реформа ретінде көрсетіп жүр. Алайда біз үшін басты кезектегі жаңғыру саяси болғаны жөн. Саяси жаңғырусыз мұның бәрі күні ертең-ақ ұмытылатын дүние болып қалмақ. Сондықтан мұны маңызды жоба ретінде қарастырғаныммен, ол басты орынға шықпауы тиіс. Мұны өз басым халықтың наразылық көңіл күйін басқа арнаға бұру деп қабылдаймын. Саяси реформаның үні өшті. Жер митингілерінің түпкі мақсаты да саяси жүйені реформалау еді. Наразылықтың өзі жүйені басқару мен шешім қабылдау процесінің жабықтығына қарсылық ретінде тұтанды. Нәтижесінде өкілеттілікті өтірік бөліп, көзбояушылық жасады. Бастапқыда президент президенттік-парламенттік басқару жүйесі болады деп мәлім етті, артынша тек президенттік басқару жүйесі болатын болды. Бәрі айналып келгенде тежеліп, үні өшті де, рухани жаңғыру алдыңғы орынға шығып кетті. Қазақ тілі мен қазақылықтың дамуын қажет етіп отырған халық осыған еріп кетті. Президенттің парламентпен билік өкілеттілігін бөлісуі, партиялық жүйені дамыту, басқа да саяси реформалар жайына қалды.
– Рухани жаңғыруды емес, саяси жаңғыруды іске асыруға не кедергі?
– Қорқыныш. Өйткені билік ауысатын кез жақындап келеді. Сол сәтте жағдай бақылаудан шығып кете ме, ахуалды дер кезінде реттей алмай қаламыз ба, балама үміткерлер пайда болып, билікке қол жеткізе ме деп қорқады. Яғни элита ғайыптан тайып сұр кардинал пайда бола ма деп сескенетіндіктен, өздері үйренген жүйені ұстап отыруға мүдделі.
Алайда билік транзиті төңірегінде қорқынышты ұялатып, қоюлатып отырған өзіміз. Шын мәнінде онда тұрған ештеңе жоқ. Бұрын қалай өмір сүрсек, билік ауысқаннан кейін де солай өмір сүре береміз. Сондықтан бұл тақырып төңірегіндегі дүрбелеңнің негізі жоқ. Екінші жағынан, ертең не болары белгісіз, одан да осы жүйені сақтап отырайық дегендей қорқынышты халыққа ұялату биліктің өзіне тиімді. Астанада жұмысшылар арасында шағын қақтығыс туындап еді, бүкіл қарулы күштерді жұмылдырды. Осыдан-ақ биліктің қорқынышы анық байқалды.
– Өйткені олар да халықтың шыдамының шегі бар екенін түсініп, ұғып отыр емес пе?
– Жер митингілері Қазақстан аумағы үлкен және халық тығыз қоныстанбағандықтан, төңкеріс мүмкін емес деген билік пікірінің жаңсақ екенін көрсетті. Жер реформасына қатысты наразылық үлкен аумақ кедергі еместігін, әр облыстағы халық бір мезетте бас көтеруі мүмкін екеніне биліктің көзін жеткізді. Мемлекет халық шыдамды, бас көтеруі мүмкін емес дегендей ескі көзқарастың енді келмеске кеткенін түсінді.

ЖАҢАШЫЛ, ЕСКІ ӘДІСТЕРДІ ҚҰП КӨРМЕЙТІН КҮШТЕР БИЛІКТІҢ ӨЗ ІШІНДЕ БАР

– Ақыры билік транзиті жөнінде сөз қозғадық екен, осы тақырыпты тағы да қаузай түссек. Есіңізде болса, осыдан екі жыл бұрынғы сұхбатымызда келесі президенттікке үміткер тұлғаларды жіліктеп, саралағанымыз бар еді. Қазір саяси жағдай біршама өзгеріп, кейбір саяси ойыншылар тасаға кетті. Дәл қазір Х сағаты бола қалса, билік қандай жолмен, қандай тетіктер арқылы ауысады?
– Өзбекстан, мысалы, биліктің ауысуы конституциялық емес жолмен іске асуы мүмкін екенін ашып берді. Қанша дегенмен бұл – Орталық Азия. Десек те, қалай болғанда да Қазақстан конституциялық механизмді ұстанатын тәрізді. Рас, бізде бір топ күшіне мінеді де, артынша тасаға кетеді. Бір топ келеді, бір топ кетеді. Бірақ әлгі кеткен топ біржолата жоғалмайды. Мүмкіндік туған кезде қайта атқа қонады. Сондықтан иерархия өзгергенімен, ол түбегейлі өзгерген жоқ. Барлық ойыншылардың мүмкіндіктері тең. Ауыз толтырып айтатын элитааралық қақтығыстарды да бақылап отырған жоқпыз, себебі топтар тасаға кетіп, ойынын қайта жаңадан бастайды. Бұл ол топ біржолата құрдымға кетті немесе оның орнын жаңа топ басты деген сөз емес. Десек те, бұл топтар іштей жаңарып, жастардың қосылып жатқаны рас. Шетелде оқып келген жастар бұрыннан келе жатқан ескі топтарға қосылды, жаңа топтар пайда болды деп есептемеймін. Былайша айтқанда, топтарға жаңа буын қосылып жатыр. Элиталық топтардың құрамы қатты өзгерді деуге келмейді. Олар сол бұрынғы отбасы, отбасына жақын топтар мен ескі гвардия. Ескі гвардия қазір жер мәселесін нарықтық жолмен реттеуді ұсынған жас гвардия тудырған проблеманы шешуге тырысып жатыр. Жас гвардия әлемде жер сатылады, жалға беріледі деген нарықтық идеяны іске асырмақ болды, бірақ Қазақстанның дәстүрлі қоғамы оны қабылдамады.
Қысқасы, барлық элита топтары қауқарлы, ойынға теңдей қатыса алады. Бұл ретте Аркадий Дубновтың элиталық топтар өкілеттілікті бөлісіп алады, бірі парламентке, бірі үкіметке, енді бірі президенттікке ие болады деген болжамымен келісемін. Бұл болжам президент өкілеттілікті бөліп беремін деген тұста жасалған болатын. Сол уақытта Дариға Назарбаева сенатты сақтап қалу үшін қатты күрескені есімде. Өйткені сенатты таратып жіберейік деген топтар болды. Сондықтан билік ауысуы кезінде топтар парламент, үкімет, президенттікті бөліп алады.
– Сонда келесі президент номиналды тұлға болмақ па?
– Номиналды болады деп ойламаймын. Бірақ мықтыға айналу үшін көп нәрсе жасауына тура келеді. Тарихта мықты басшыдан кейін әлсіз басшы келетінін әйгілеген мысалдар жетерлік. Күшті көшбасшы төңірегіндегі бүкіл күшті бәсекелестерді жояды. Сондықтан мықты басшы кеткен кезде оның орнын әлсіз басады дейді. Алайда Қазақстанда қазір әлсіз ойыншылар отыр деп айта алмаймын. Олар жас, мақсат қойғыш, бастамашыл, тіпті қоғамдық кеңес құрып, либерализация жүргізуге тырысуы ескі әдістермен жұмыс істеуді құп көрмейтін топтың шығып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ заңнамалық шектеулер мұнан артық әрекеттерге баруға жол бермейді, парламентке баруға мүмкіндік жоқ. Ұлттық патриоттарға «қоғамдық кеңеске ғана қатысуды қанағат тұтасыңдар ма, әлде ары қарайғы саяси реформаларға барасыңдар ма?» деп сұрақ қойғаным бар. Өйткені олар қоғамдық кеңесте біраз отырып қалды, көп нәрсеге қол жеткізгені рас. Бірақ ары қарай не болмақ? Олар осы форматта жұмыс істей бере ме, әлде көп нәрсені өзгерте алатын саяси күшке айнала ма? Мәселе сонда.
– Қазіргі ойыншылардың ішінен келесі президент болуға кімнің мүмкіндігі жоғары?
– Бұл – соңғы сәтте шешілетін нәрсе. Әзірге бәрінің мүмкіндігі тең. Жер митингілеріне дейін, бәлкім, Дариғаның басымдығы болған шығар. Алайда қазір ондай басымдығы жоқ, тек белгілі бір тетіктерді, мәртебесін сақтап қалды. Ескі гвардия да белгілі бір нәрсені бақылап отырғанымен, көшбасшы деуге келмейді. Сондықтан Х сағаты кезінде қандай келісімге келеді – бәрі соған байланысты.
– Халық кез келген үміткерді қабыл ала ма?
– Халық, ең бастысы, тұрақтылық сақталып, ешқандай қақтығыстар болмаса дейді. Билік үшін таластың арты соғысқа апарып соқпаса деп тілейді. Меніңше, халық кез келген қазақты қабыл алады. Жұрт үшін, бастысы, келесі президент өзге ұлт өкілі болмаса болды.

МІНСІЗ ПРЕЗИДЕНТ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

– Өзіңіз саясаттанушы немесе жай ғана қарапайым азамат ретінде келесі президент ретінде кімді көргіңіз келеді?
– Келесі президент демократиялық бағытты жақтаушы, демократ, либерал, социал-демократ – осы үш ұстанымның бірін қолдаушы болса деймін. Жаңа идеялар мен жаңа түсініктерге сүйенетін, саясаттың жаңа тетіктерін арқау ететін тұлға болса деп тілеймін. Яғни мемлекет бақылау мен репрессияға ойыспай, қорғау мен қамқорлық көрсетуге қарай бетін бұрса құба-құп. Көшбасшы мемлекеттің сыртқы имиджін қалыптастырудан гөрі ішкі ахуалға көбірек мән беріп, мемлекетті іштен дамытса деймін. Мемлекеттің дамуын сыртқы факторлар анықтамай, Қазақстан өз ұстанымын қалыптастыра алса ұтамыз. Қазір бізде бірде-бір салада өз ұстанымымыз жоқ, ахуалға, конъюнктураға қарай әрекет етіп отырмыз. Ал ішкі ұстанымымыз болса, сырты факторлар басқаша әсер етеді. Ондай жағдайда Қырғызстан үкіметімен туындаған мәселеге тап болмас едік. Өз принциптеріміз айқын болса, мұндай кикілжіңдер туындамайды. Сыртқы саясатта қазіргідей әртүрлі ойыншылардың мүддесіне қарай құбылып ойыспай, Қазақстанның өз мүддесіне қарай әрекет ететін президент келсе деген тілек бар. Сыртқы саясатта өз жобамыз жоқ, әртүрлі сыртқы ойыншылардың ығына қарай жығылып жатырмыз. Мәселен, ЕҚЫҰ-ға барғымыз келіп еді, Еуропаға жол жобасын жасадық. Кейін еуразиялық жобаға ойыстық, енді, міне, қытайлық жобаға келіп жеттік. Мұның бәрін сыртқы ойыншылар ұсынды. Өзіміздің сыртқы саясатта күн тәртібіне қойған нәрсеміз жоқ. Өзіміз күн тәртібіне Орталық Азияны қойғанымыз дұрыс. Сыртқы саясатты демократизациялау керек: бұл – ел жетекшілігі сыртқы саясаттағы шешімдер мен стратегияларды халықпен, азаматтық қоғаммен, саяси партиялармен талқылап, сол талқыға сүйеніп шешім қабылдайды деген сөз. Қазір шешімдер жабық, кулуарлы жағдайда қабылданып, артынша халыққа түсіндіріледі. Бірақ шын мәнінде бұл мүлде керісінше болуы тиіс. Жаңа президент Орталық Азияда тату-тәтті көршілік қарым-қатынасты жолға қойып, ашық, достық ахуалды қалыптастыратын тұлға болса деймін. Өз басым жасы қырық бестен асқан, қалыптасқан, бойында қазақылығы бар тұлғаны келесі президент ретінде елестетемін.
– Сіз бейнелеген образ мінсіз, оған лайық адам қазіргі билік ішінде бар ма деген ойға қалып отырмын...
– Меніңше, ондай адамдар бар, тек олар аса танымал емес. Мүмкін, жоғарыдағы барлық талапқа сәйкес келмейтін шығар, бірақ кей талаптардың үдесінен шыға алатындар бар. Мысалы, сыртқы істер министрі Орталық Азияға басымдық беретін саясаткер болса, парламентке либералды, социал-демократиялық партиялардың баруына мүмкіндік берсе... Яғни жоғарыдағы қасиеттердің барлығы бір адамнан табылуы шарт емес, оны бірнеше адамның бойынан табуға болады. Үкіметке социал-демократты отырғызып, сыртқы істер министрі немесе мемлекет хатшысы ретінде мықты тұлғаны тағайындап, либерал-демократиялық көзқарасы бар саясаткерді экономика министрі етсе жақсы команда шығар еді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Жанашыр | 17 қазан 2017 17:54
Саясаттанушы Толғанай ханымның саяси сараптамалық ой толғамдары өте түсінікті сәтті шыққан екен. Айдос мырза көңіліне алмасын, соңғы оқиғаларға қатысты пікірлері өте солқылдақ болды. Жалпы саяси сараптамалар халыққа жетіп жатса зиянынан пайдасы мол болар еді.
Д.Келдібекұлы. | 23 қазан 2017 20:35
ТОЛҒАНАЙ қарындас өте сəтті адастырылған саясатшысың .Икемге келіп тұрған бір- екі жері болмаса .жалпы теріс кеткенсің. Саған сенген басқаларда ауытқып кетеді Қарындас сауатсыз сайрауды қойсаңдаршы.
Маке | 1 қараша 2017 21:43
Сандалыпсыңдар,Атамбаев бізді сынағанымен қоймай латын алфавитине көшуімізді,АҚШ пен білесіп жаттығу өткізгендерді ЕЭО -ты ыдыратуыға әркекттеніп жатыр,Қырғыстан мен Ресейді ажыратқысы келіп отыр деп сандырақтауын қалай түсінуге болады?Сөзінің түп төркіні осының барлығына ел басқарып отырған Н.Назарбаев пен оның маңайындағылар кінәлі деп айтып отырған жоқ па? Елімізде болып жатқанды барлығымызда білеміз Атамбаевсызда.Умбеталиева олай болып жатқан жағдайды түрлендіріп айт па?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар