1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №73 (16051) 15 қыркүйек, сейсенбі 2015
15 қыркүйек 2015
Қыздың президенттiктен бар ма дәмесi?

Өткен жұмада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аяқ астынан ауыс-түйiс жасап, үлкен қызын вице-премьер қызметiне тағайындауы саяси ортада әжiк-күжiк әңгiме тудырды. Мұның қатардағы тағайындау емес, билiк транзитiне дайындықтың басы екенiн тiсқаққан сарапшының бәрi түсiндi. Осы арқылы Н.Назарбаев өз қызына билiктiң ауысу процесiнде үлкен рөл жүктегенiн айқындап бердi. Бұл тағайындаудың астарында тағы не жатыр? Н.Назарбаевтың бұл қадамын мұрагердi белгiлеу деп бағалауға бола ма? Д.Назарбаева Қазақстанның екiншi президентi болуы мүмкiн бе? Бiз осы сұрақтарды сарапшыларға қойып көрген едiк.

Досым СӘТБАЕВ, саясаттанушы, Тәуекелдердi бағалау тобының жетекшiсi:
ПРЕЗИДЕНТ МҰРАГЕРIН БIРЖОЛАТА БЕЛГIЛЕГЕН ЖОҚ
             Досым, президент Д.Назарбаеваны вице-премьерлiкке нелiктен дәл қазiр қойды? Мұның астарында не жатыр деп ойлайсыз?
             Әдетте президенттiң ауыс-түйiс жасауы белгiлi бiр қисынға сай келе бер­мейдi. Әсiресе, соңғы жыл iшiнде жасаған кадрлық ауыс-түйiстен осыны анық аңғаруға болады. Мәселен, Б.Байбектiң Алматы қаласы әкiмi болып тағайындалуы немесе А.Есiмовтiң ЭКСПО басшылығына кетуi – осының айқын мысалы. Менiңше, президент көп ретте элитаның өзi күтпеген кадрлық шешiм­дер қабылдайды. Бiрақ Дариға Назарбаеваға келсек, бұл таңғаларлық тағайындау емес сияқты. Ол саяси қызметке бұрыннан кiрiсiп жүр. Кезiнде “Асар” партиясын құрды, партия басшысы болды, осылайша тұңғыш рет жария саясатта өзiн-өзi танытты. Кейiнiрек оның бұл ұмтылысын басып тастады, партиясы жойылды. Соған қарамастан, саяси белсен­дiлiгiн “Нұр Отан” партиясында жүргiзудi жалғастырды. Мәжiлiстiң төменгi палатасында өз позициясын кү­шейттi әрi заң шығару iсiнде бiраз тәжiрибе жинады, iште жүрiп лоббилiк құ­рылым­дарымен танысты. Мәжiлiс вице-спикерi болғандықтан, үкiметпен жұмыс iстедi. Осының өзi мемлекет басшысы оның саяси мансабын өсiредi дегендi бiлдiрдi. Үкiмет же­текшiсiнiң орынбасары болу ол үшiн қызметтiң айтарлықтай жоғарылауы. Өйткенi президент отбасының мүше­сi тұңғыш рет үкiметтегi жоғарғы қызметке қол жеткiздi. Бұл – саяси қызметтiң басқа саласы. Өйткенi парламент­тегi жұмысқа қарағанда, бұл қызметтiң жауапкершiлiгi үлкен. Әсiресе, қазiргi кезде Қазақстанның iшкi экономикалық ахуалы нашарлағанын ескерсек, үкiметке артылатын салмақ ауыр болмақ, сәйкесiнше билiктiң үкiмет­тен сұрауы мен талабы да үлкен болатыны түсiнiктi.
Дариғаға дейiн вице-премьерлiк – тұрақсыз лауазым болатын. Әйтеуiр, қит етсе, премьер-министрдiң орынбасарларынан көретiн, жауапкершiлiктi соларға артатын, қызметтен жиi босататын. Бiрақ Д.Назарбаеваның келуiмен ахуал өзгере­тiн тәрiздi. Тiптi басқа вице-премьерлерден мәртебесi мен ықпалы жағынан айқын басымдыққа ие, қажет де­сеңiз, премьер-министрмен теңесе алатын орынбасар пайда болды. Д.Назарбаева мен К.Мәсiмовтiң үкiметтегi қарым-қатынасы қандай болады, сол жағы қызық.
Д.Назарбаева үшiн бұл өзiн басқа салада сынап көрудiң мүмкiндiгi. Төменгi палатаның әлеуметтiк-мәдени даму ко­ми­тетiнiң төрағасы болып тұрғанда ол әлеуметтiк дамуға жауапты болды. Президенттiң үкiмет алдына қойған басты мiндетi – әлеуметтiк тұрақтылықты сақтау. Екiншi мiндет – ел экономикасының өсiмiн қамтамасыз ету. Менiңше, алғашқы мiндетке ендi Д.Назарбаева жауап бередi. Қазақстан билiгi екiншi Жаңаөзеннен қорқады. Былтырғы жылдан берi iрi компанияларды жұмыс күшiн сақтау, тұрақты жалақыны сақтау жөнiндегi меморандумға қол қойдыруға мәжбүрледi. Сондықтан билiк қазiр де бизнес-қауымдастықты бақылауға алып, жаппай жұмыс­тан шығару, т.б. келеңсiздiк­терге жол бермеуге күшiн салады. Сондықтан Д.Назарбаеваның үкiметте өзiн жақсы топ-менеджер етiп көрсету мүмкiндiгi бар. Алайда сонымен қатар ол бiр жағынан ұрымтал, осал қызметте. Өйткенi үкiмет пен әкiм­дер Қазақстанда ең көп сыналады. Яғни үкiметке кiнә артылса, оған да кiнә қойылады.
Президент қызын осы қызметке қою арқылы қоғам сынының тезiне салып берiп отыр. Әлсiз, ағыспен жүретiн, үкiметке кiнә артып, тыныш қана жұмыс iстейтiн парламентте отыру бiр бөлек те, үкiметте жұмыс iстеу мүлде бөлек. Ендi Дариғадан нақ­ты iс күтiп отыр деген сөз. Вице-премьерлiк әдемi сөйлеудi аздық етедi, бұл нақты iстi қажет ететiн қызмет. Ал Дариға Назарбаеваға оны iстеу қиынға соғады. Президенттiң қызы болсын-болмасын, ол жалғыз өзi үкiметте ештеңе жақсарта алмайды. Себебi үкiмет – бюрократиялық аппараттың бiр бөлiгi ғана. Кәсiби, жемқорлықтан ада, экономикалық бағдарламаларды тиiмдi түрде iске асыратын бюрократиялық аппаратты жасақтау екi мәрте премьер-министр болған К.Мәсiмовтiң де қолынан келмедi. Д.Назарбаеваның ке­луi­мен үкiметте өзгерiс болады деп күту қиын. Ал өзгерiс болмады екен, олай болса экономикадағы құлдырау үшiн бүкiл үкiмет жауапты саналмақ.
             Осы тағайындаудан кейiн бiзде билiктiң мұрагерлiкпен ауысуының нобайы белгiлендi деуге бола ма?
             Бұл туралы соңғы бес жыл айтып та, жазып та жүрмiн. Әрiптес сарапшылар кезектен тыс парламент сайлауы, әкiм­дер­дiң ауысуы тәрiздi ұсақ-түйек саяси оқиғаларды талдап жүргенде, үнемi ең алдымен билiктiң ауысуына қатысатын тұлғалардың тағайындауларына, қызметтiк өрлеуiне назар аудару керектiгiн айтатынмын. Бұл тұлғалар – президент отбасының мүшелерi мен ескi гвардияның өкiлдерi. Күштiк құрылымдағы ауыс-түйiстер, Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент сенатының төрағалығына қайтып оралуы, кәсiпкерлердiң ұлттық палатасы арқылы Қазақстанның бүкiл бизнесiн бақылауға алған Тимур Құлыбаев, Д.Назарбаеваның сая­сатқа қайтып оралуын кадрлық тест-драйв деп атаймын. Бұл олар үшiн қызметтiк өрлеуге жол ашады. Қазiр президенттiң белгiлi бiр фигураларды шахмат тақтасына салып көрiп, күш­тердiң арасалмағы қалай өз­геретiнiн байқап көру әрекетiн байқап отырмыз. Өз басым мұны билiк транзитiне дайындықтың бiр бөлiгi деп есептеймiн. Бұл тренд соңғы бiрнеше жыл бойы байқалуда. Әрi мұны белгiлi бiр тұлғалардың мансабының кө­терiлуiнен ғана емес, Қазақстан экономикасы мен саясатының белгiлi бiр сегменттерiн қадағалауы тиiс “қорған”, “қолшатыр” құрылымдар құрылғанынан-ақ байқадым. Президент белгiлi бiр салалардың үстiнен қарайтын құрылымдар құрды. Айталық, Т.Құлыбаев iрi, орта және шағын кәсiпке жауапты, ұлттық компаниялардың үстiнен “Самұрық-Қазына” қоры қарайды, бiрыңғай ұлттық зейнетақы қоры бүкiл зейнетақы салымдарына жауапты, бiрнеше партияны қосып алған “Нұр Отан” партиясы партия­лық алаңда үлкен басымдыққа ие, Азаматтық альянс үкiметтiк емес ұйымдардың үшiншi секторын қоластына кiргiздi, Қазақстанның кәсiподақтарын бiрiк­тiру әрекетi жүрдi. Яғни билiк ақпараттық, әкiмшiлiк, бизнес, күштiк ресурстарды қадағалаушы құрылымдарға жұмылдырып жатыр. Демек, бұл билiк тран­зитiне дайындық, ал Д.Назарбаеваның тағайындалуы – кө­рiнiстiң бiр бөлшегi ғана.
             Президент вице-премьерлiкке қою арқылы қызына мұрагер ретiнде таңдауы түстi деуге бола ма?
             Менiңше, бұл жерде президент қызына мұрагер ретiнде таңдауы түстi деуге болмайды. Қазiр президент үшiн бастысы, билiк транзитi кезiнде тұрақтылықтың кепiлi бола алатын жақын адамдардан тұратын топ құру. Бұл адамдар тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын орынтақтарда жүруi тиiс. Сондықтан президент мұрагердi бiржолата айқындады деуге болмайды. Бiз кеңестiк кезеңдегiдей саяси бюроға бiрiгетiн президент отбасы мен айналасының топ құруын бақылаудамыз. Президент билiктен кеткеннен кейiн елдiң iшкi саясатын белгiлейтiн топ бұл. Мұрагер осы топтың iшiнен шығуы мүмкiн. Десек те президент те, сенат спикерi де Қазақстанда президенттiк-парламенттiк республика құрылатынын мәлiмдеген. Бұл iске асқан жағдайда, екiншi пре­зиденттiң өкiлеттiлiгi премьер-министрдiң өкiлеттiлiгiнен де кем болмақ.
 
 
 
Айдос САРЫМ, саясаттанушы: ҚЫЗЫНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ӨТЕП ЖАТҚАНДАЙ
             Президент өз қызы Д.Назарбаеваны нелiктен вице-премьерлiкке апарып қойды және мұның салдары қандай болмақ?
             Бұл таға­йындау бiздiң билiк әлем тарихы түгiл, өзiмiздiң соңғы 20-25 жыл iшiн­дегi тарихтан ешқандай сабақ алмағанын, еш қорытынды жасамағанын көрсетiп тұр. Себебi елде бiр адамға табыну, бiр адамға бағыну жүйесi қалыптасқан. Бүкiл сая­си жүйе, бүкiл партиялар, бүкiл шенеунiктер бiр ғана адамды мойындайтын жүйе. Ал бiздiң тарихымызда, әсiресе, 1990 жылдардың аяғын алатын болсақ, дәл осы Дариғаның саясатқа араласуы 2001 жылы Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысының дүниеге келуiне ықпал еттi. Сол кездегi саяси элитаның қақ жарылып, қазiргi президентпен ашықтан-ашық шайқасуға дейiн алып келдi. Ол саяси дағдарыстың қалай аяқтал­ғанын жақсы бiлемiз. 2003-04-жылы “Асар” партиясын құрып Дариға саясатқа араласқан кезде, бүгiнгi билеушi “Нұр Отан” пар­тиясы сайлауда жеңiлiп қала жаздады. “Асардың” өзi дауыс ала алған жоқ, есесiне, “Нұр Отан” партиясының дауыстары екiге, үшке бөлiнiп кеттi. Себебi бiздiң саяси жүйе, бiздiң ше­неунiктер Дариғаның саясатқа араласуын бiр “сигнал” деп ұқ­ты. Бәлкiм, мұрагер осы болатын шығар, осыны мойындайық дегендей элитаның бiраз бөлiгi ашықтан-ашық жұмыс iстей бас­тады. Бұл тағы да бiр элитаның iшiндегi дағдарыс пен бөлiнiске алып келдi. Элита тағы қақ жарылды. Есесiне, бұл талай үлкен қуғындауға, “Асардың” жабылуы­на, тiптi саяси үлкен қылмысқа, саяси террорға дейiн апарды. Алтынбек Сәрсенбайұлының қаза болуы да осыған тiкелей қатысты, соның салдары.
Сондықтан Дариғаның үшiншi мәрте саясатқа араласуы, соның iшiнде үлкен мемлекеттiк қызметке араласуы президент Назарбаевтың беделiн жоғарылатпайды. Керiсiнше, осыған дейiн тiрнектеп жинаған беделiн шелектеп шашуға алып келедi. Өйткенi бүгiнгi күнi журналистер, жай қарапайым адамдар неше түрлi ойға кеттi. “Мұрагер осы болатын шығар, ендi осыған орнын тастайын деп жатыр-ау, Өзбекстандағы Ислам Кәрiмов қызына қалдырам деген екен, бұл да сөйтетiн шығар” деген сияқты әртүрлi қаңқу әңгiменiң санын көбейттi. Яғни бүгiнгi мемлекеттiк аппарат, мемле­кеттiк бизнес және саяси элита өзiнiң жұмысында осы факторларды ескере бастайды. Бұлай болатын болса, Назарбаевтан гөрi қызымен жұмыс iстеген дұрыс шығар, осыған қарай жылыстай берейiк деген сыңайлы әңгiмелер мемлекеттiк жұмыс қарқынын, беделiн түсiре бастайды. Өйткенi қазiрдiң өзiнде бүгiнгi саяси жүйе бiр адамға бағынған жүйе болғандықтан, екi адамға бағына алмайды. Яғни екеуiнiң бiреуiн артық санауды, екiншiсiн алып тастауды қажет етедi. Бұл ендi президентке қатысты дүние.
Қызын осы қызметке тағайындау барысында президент халықтың алдына шығып, ешқандай сөз айтпады. “Мына қызым керемет менеджер, керемет насихатшы, халықпен жұмыс iстей алады” дегендей бiр артықшылығын айтып, көрсете алмады. Мысалы, Д.Назарбаеваның Б.Сапарбаевтан, басқалардан қандай артықшылығы бар? Елде дағдарыс жүруде, экономиканың жағдайы да мәз емес. Және алдағы 3-4 жылда жақсара қоймайтыны анық. Осындай кезде үкiмет бiр жұдырық болып жұмыс iстеуi қажет. Ал мұндай жағдайда қандай мақсат болады? Менiң жеке пiкiрiм, бұл жерде президент қызының алдындағы жеке өз борышын өтеп жатқан сияқты. Рахат Әлиевпен ажырасуы, бұрынғы күйеуiнiң соты, тағы басқа жағдайлар болды, ол үндемей отырды, саясатқа араласқан жоқ т.б. Осы жерде бе­рiлген бiр уәде де болуы мүмкiн. Бұл iспен сол жағын орындады. Бұл – бiр.
Екiншiден, Дариғаның үкiмет­ке баруы бүгiнгi күнi тым күшейiп кеткен Кәрiм Мәсiмов үкiметiнiң қарқынын басу. Ендi үкiмет жан-жағына жалтақтап жұмыс iс­тейтiн болады. К.Мәсiмов Дариғамен ашықтан-ашық соғысқа бара алмайды. Бәрiбiр қыздың аты қыз, оның сөзi әлдеқайда өтiмдi. Екi күннiң бiрiнде премьер-министрдi жамандаса, “мiнеки, сiздiң саясатыңызға қарсы жұмыс iстеп жатыр екен, үкiметтегiлер жұмыс iстей алмайды, өзi iшiнде жүрмiн, қағаз жаза алатын адам жоқ екен” деп айта берсе, Кәрiм Мәсiмовтiң беделi түспесе, артпайтыны анық. Бұл яғни үкiмет аппаратының iшiнде, министрлер арасында, мемлекеттiк орган, әкiм­дердiң арасында белгiлi бiр қайшылық туғызады. Содан үкiметке барған әкiм ең алдымен кiмге кiруi керек? Алдымен Дариғаға барып, сосын Кәрiмге кiре ме, әлде керiсiнше бола ма деген сияқты сан алуан “сигнал” ала бастайды. Бастары қата бас­тайды. Шынын айту керек, қарапайым күнделiктi жұмыс iстеген кезде осындай майда-шүйде интригалар бүкiл мемлекеттiк аппараттың күшiн, энергиясын жойып жiберуi мүмкiн. Жұмыс жайына қалады. Әрине, Назарбаев жұрттың алдына шығып “Кәрiмдi әлсiрету үшiн жасап отырмын” деп айта алмайды. Сондықтан бүгiнгi күнi айқын нәрсе – бейресми, яғни айқын емес мақсаттарға, ойларға жүктелiп отырғаны көрiндi.
– Осы тағайындау арқылы Н.Назарбаев мұрагерiн белгiлеп отырған жоқ па?
             Н.Назарбаевтың дәл бүгiнгi денсаулығы, адами денсаулығы сiз бен бiзден аса жаман емес шығар. Яғни “әлi бiраз отырамын, елдегi бүкiл жағдайды көрiп, бiлiп отырмын, менен артық бұл елдiң жағдайын ешкiм бiле алмайды, ешқашан менiң деңгейiмде саясаткер бола алмайды” деген ойда жүрген адам бүгiнгi саяси жүйенi бiр күн емес, жиырма жылдың iшiнде, яғни бұл билiктi құрған кезде ол басқа бiреуге оңай бере салам деп құрған жоқ. Сондықтан дәл қазiр мұрагер туралы айтылуы менiңше, артық әңгiме. Әрi Назарбаев өз билiгiн өз туысына беруге де әлi дайын емес. Бiрақ елдегi жағдай ушығатын болса, денсаулық сыр бере бастайтын болса, өзi таңдайтын мүмкiн­дiктер бар шығар. Қалай дегенде де, демократиясыз жолмен, екi-үш бөлменiң iшiнде сыбыр-сыбырмен, қыбыр-жыбырмен шешiлген билiктiң әрине, елдiң арасында беделi бола қоймайды. Соңғы 1-2 жылдың iшiнде президент өз билiгiн, өзiнiң осыған дейiнгi тiрнектеп жиған беделiн өзi жоя бастады. Өт­кендегi “фуагра” туралы әңгiме­лерiмен, халықтың жағдайын түсiнбеумен, халықпен санаспауымен, қазақтың қытығына тиетiн сөздер айтуымен-ақ өз қадiрiн өзi кетiрiп алды. Дәл осындай қарқын жалғаса берсе, бәлкiм, 2-3 жылдан кейiн мұрагер тағайындауға да мүмкiндiгi қалмауы мүмкiн. Себебi мұрагерлiк үшiн сөзсiз бедел керек. Мейлi, ана кiсiнiң тәрбиесiнен өткен, қаны бiр деген сыңайдағы сөздер айтылуы үшiн де белгiлi бiр дәрежеде бедел керек. Ал бұл бе­делдi басқа емес, оппозиция емес, билiктiң, шенеунiктердiң өзi, Назарбаевтың өзi, айналасындағылар мен олардың балалары быт-шытын шығарды. Сондықтан алдағы 1-2 жылда мұра­герлiк туралы сөз шыға қоймаса керек. Бiрақ “Құдайды күлдiргiң келсе, өзiңнiң жоспарларыңмен бөлiс” дейдi ғой, сол айтқандай, кiм бiледi, қалай құбыларын.
Билiктегi отбасы мүшелерi­нiң мүмкiндiктерi артуда дегенге келсек, мұндағы басты мәселе – дәл қазiр экономикалық   дағдарыс кезi, әлеуметтiк және саяси популизммен айналысу жөнсiз, мүмкiндiктер тарылып барады. Алдағы уақытта билiк пен халықтың сөйлесуiнiң екi жолы ғана қалайын деп тұр. Бұрынғыдай жалақыны, зейнетақыны өсiрiп дейтiн жағдай болмағанда, билiк халықпен екi жағдайда ғана сөйлесе алады. Мынаны былай iстеп жатырмыз, мынаны былай шешудемiз деген сияқты есеп беретiн келiсiм жолы, яғни күнделiктi теледидарға шығып алып сайрайтын адам керек. Ал мұндай қызметтi Дариғаның атқара алатынына өз басым сен­беймiн. Мүгедек балаларды “урод” деген адам басқа жұртты не демейдi. Билiктiң талғамы қалмағанда, онда Қазақстанға, Қазақстанның болашағы үшiн қауiптi жол, яғни күшпен “сөйлесу” жолы. Бұл жағдайдың жанында Жаңаөзен жай ғана, кiшкентай ғана оқиға болып қалуы мүмкiн. Қалай дегенде де халықпен сөйлесудiң бiр ғана жолы бар. Ол – келiсiм жолы. Мұнан басқа балама жол жоқ.
 

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар