1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (16045) 25 тамыз, сейсенбі 2015
25 тамыз 2015
Саят Нәдiрбаев: Қаржы полициясы менi Ермегияевқа қарсы түсiнiктеме беруге мәжбүрледi

“ЕХРО-2017” Ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтiң жүргiзушiсi болған Саят Нәдiрбаевтың бас прокурор Асхат Дауылбаевтың атына жазған арызы қолымызда тұр.

С.Нәдiрбаевтың туыстары өткен аптада “31-арна” арқылы бастарына түскен қиын жағдайды қоғамға жеткiзген. Олардың айтуынша, Қаржы полициясы олардың отбасына қысым жасап, С.Нәдiрбаевты қорқытып-үркiтiп әлдебiр құжатқа қол қойғызып алған. Қазiр оның қайда екенi белгi­сiз. Өмiрiне қауiп төнгендiк­тен, ол бой тасалауға мәжбүр болған.
Бас прокурор А.Дауылбаевтың атына жазған арызында С.Нәдiрбаев былай дейдi: “Сiздiң атыңызға арыз жазуға мәжбүр болып отырмын. Өйт­кенi қадағалауыңыздағы ор­гандарда бассыздық өршiп тұр. Заңсыз қамайды, физикалық, психологиялық тұрғыда қысым жасайды. Осындай жол­мен өздерiне қажеттi түсiнiктеме алады.
Менiң аты-жөнiм – Саят Тiлеубайұлы Нәдiрбаев. 1975 жылы туғанмын. 1999 жылдан берi А.А.Нәдiрбаевамен заңды некеде тұрамын. Кәмелеттiк жасқа толмаған үш балам бар.
Күнi кешеге дейiн “Астана-ЭКСПО – 2017” Ұлттық компаниясының төрағасы Т.А.Ерме­гияевтiң жүргiзушiсi болып жұмыс iстедiм.
2015 жылы тамыздың 4-i күнi отбасыммен бiрге БАӘ-ден (Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi) демалыстан келген бетте әуежайда менi сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң қызметкерлерi ұстады да, Астанаға алып кеттi. Астанадағы әлдебiр пәтерде бес тәулiк бойы күштеп ұстады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң қыз­меткерлерi маған физикалық және психологиялық тұрғыда қысым жасады. Балаларымның суретiн көрсетiп, қорқытып-үркiттi. Бес тәулiк бойы менi күзеткендер дүркiн-дүркiн ауысып тұрды, көз iлуге әдейi мүмкiндiк бермедi. Менi мазаққа айналдырып, ар-ожданымды таптады. Бес тәулiк бойғы қорқытып-үркiту, қорлау­дан соң олар ұсынған әлдебiр құжатқа қол қоюға мәжбүр болдым. Менiң орнымда отбасы, бала-шағасы бар басқа бiреу болса, дәл осылай iстер едi. Отбасының, бала-шағасының амандығы үшiн.
Оларға менiң Т.Ермегияев­қа жала жапқаным, тергеу органдарының таққан кiнәсiн бекiтiп беруiм қажет болды. Шындықты сүйетiн адам ретiнде бұл iс-әрекетiме ұяламын. Өйткенi Т.Ермегияев – қандай жетiстiкке де өз еңбегiмен жеткен, мемлекет үшiн көп қызмет еткен, әлi де қызмет етуге дайын шыншыл адам. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi қызметкерлерiнiң тырнағынан құтылу үшiн ғана берген жалған түсiнiктемемнен толықтай бас тартамын. Агенттiктiң жұмыс iстеу тәсiлiн Гестапоның және НКВД-ның жұмыс iстеу тәсiлiне теңес­тiруге әбден болады.
Өздерiне қажеттi түсiнiк­темеге қол жеткiзген соң олар менi Алматыдағы үйiме әкелдi. Отбасымның, бала-шағамның амандығына көз жеткiзген соң заңсыздықтың тағы да қайталануынан қорқып, агенттiк қызметкерлерiнiң уысынан сытылып кетуiме тура келдi.
Құрметтi бас прокурор! Бiз қандай мемлекетте өмiр сүрiп жатырмыз? Бiздiң құқығымызды қорғап, бостандығымызға кепiл болудың орнына мемле­кеттiк орган қызметкерлерi адамды қорлауға көштi. Бассыздықты қашанғы жалғастыра бермек?
Заңдылықты қадағалаушы бiрден-бiр органның басшысы ретiнде Сiзден Қазақстан Республикасының қарапайым азаматтарының құқығын қорғауға және әдiлдiктiң үстемдiк құруы­на атсалысады деп үмiтте­немiн.
Бұл мәлiмдемемдi Сiзге және бұқаралық ақпарат құралдарына жолдаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi қызметкерлерiнiң заңсыз iс-әрекетiн өз елiмiз және халықаралық қауымдастық бiлсiн деген ниетпен. Саят Нәдiрбаев, 21.08.2015”.
Дәл қазiр Саят Нәдiрбаев­тың қайда қашып жүргенi маңызды емес, маңыздысы – арызында айтқан сұмдық деректер. Егер оның жазғаны рас болса, бұл – Қайрат Қожамжаров басқаратын агенттiктiң ғана емес, тұтастай мемлекет­тiң беделiне нұқсан келтiретiн жайт.
Ең қорқыныштысы – қаржы полициясының жұмыс iстеу тәсiлi шынымен де НКВД-ға ұқсап бара жатқандай. Әйтпесе, Серiк Ахметовтiң қылмыстық iсiне қатысты түсiнiктеме берген куәгерлердiң өз сөзiнен бас тартуын немен түсiндiруге болады?
Талғат Ермегияевтiң қылмыстық iсiнен де шикiлiк сезiле бастады. Және де “бас жарып, көз шығарса да” осы iстi жететiн жерiне жеткiзуге мүдделiлер бар сияқты көрiне­дi.
Айыптау органы кiнәлiнi тапты – айып тақты, ендi оны қалай дәлелдейдi? “4,2 миллиард теңгенi иемденiп кеттi” дегендi қалайда дәлелдемекке қаржы полицейлерi барын салып-ақ жатыр. С.Нәдiрбаев – көп мысалдың бiрi ғана. 
Бас прокурор Асхат Дауылбаев С.Нәдiрбаевты жәбiрле­ну­шi ретiнде қорғауға алып, арызында айтылған деректердi дереу тексеруге және тиiстi жауабын қоғам алдында беруге мiндеттi. Бұл мемлекеттiң абыройы үшiн қажет.
Ерiк РАХЫМ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар