1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16041) 11 тамыз, сейсенбі 2015
11 тамыз 2015
Бала бастық бүлдiрiп жүрмесiн

Алматы қаласының бұрынғы әкiмi Ахметжан Есiмовтi кетедi екен деген сөздiң шыққанына аз болмаған-ды. Әйтсе де, Есiмов қызметiмен жексенбi күнi қоштасады, ал оның орнына Бауыржан Байбек келедi деп ешкiм күтпеген едi. Алматы қаласының жаңа әкiмiне қатысты пiкiрлер әлеуметтiк желiлерде қызу талқыланғаны сондай, тiптi кейбiреулер келешегiне қауiппен қарай да бастады. “Су үнемдеу, адам жанын емдеу” мәселелерiн қолға алса, күнiмiз не болмақ дегендер де табылуда. Ал бiзге пiкiр бiлдiрген азаматтар жаңа, әрi жас әкiмге қатысты ойларын төмендегiше түйiндедi.

Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, тәуелсiз журналист:
             Әрине, “жаңа ағылшын” А.Есiмов­тiң Алматыны басқарудан босағаны құптарлық жайт. Есiмов қана емес, ендi оның саудагер, қисық ойлайтын, қоғам белсендiлерiне қырғидай тиюден жалықпайтын   тұтас командасы да кетедi деп үмiттенемiн. Алматыдағы тәуелсiз басылымдар мен оппозиция өкiлдерiн қуғындау, қысымға алу әрекеттерi А.Есiмовпен бiрге кетедi деген ойдамын. Жалпы, Алматының бұрынғы әкiмi қай салада отырмасын, бiтiрген түгi жоқ. Бар тындырғаны өз күйеубаласының миллиардер болуы­на жағдай жасағаны шығар. Ал былайша ауыз толтырып айтарлық шаруаларды атқарды деп Есiмовке қатысты айта алмайсың. Жас маман Б.Байбекке оңай болмасы сөзсiз. Осыған дейiн мықтап қалыптасқан алматылық басқару жү­йесiндегi сорақылықтарды жоюға күшi жетер ме екен, белгiсiз. Қаланың экология, медицина, түрлi қызмет көрсету салалары мен экономикалық мәселелерiн шешуге күшi жетер ме екен? Бәрiнен бұрын Байбек Алматыда шоғырланған элитамен ортақ тiл табысып, қаланың сая­си-белсендi халқымен бiрлесе жұмыс iстей ала ма?
 
Мұхтар ТАЙЖАН, экономист:
             Б.Байбектiң Алматыға әкiм болуы – үлкен аванс дер едiм. Байбектiң үлкен ұжыммен, iрi кәсiпорын, өндiрiс ошақтарымен жұмыс жүргiзуге тәжiрибесi жете ме? Жаңа әкiм ең болмаса, осыған дейiн орны бар, тасы орнатылмаған Ашаршылық құрбандарына ескерткiш орнатып, Мирзоян атындағы көшенiң атауын өзгерт­се, соның өзi үлкен ерлiк дер едiм. Басқасын уақыттың еншiсiне қалдырайық.
 
Дос КӨШIМ, саясаттанушы:
             Жалпы, бiздегi кадрлық мәселенi президенттiң өзi шешедi ғой. Сондықтан өзi тағайындаған кадрлардың жақсы-жаман қызмет етуi президенттiң өзiне сөз болып тиедi. Әрине, күнi кеше идеология саласында жұмыс iстеп жүрген адамның әлеуметтiк-саяси басқару тетiгiн игерiп кетерiне кiм де болса күмәнмен қарайды. Мен де сондай күмәнмен қараушылардың бiрiмiн. Себебi Алматы секiлдi мегаполистi бас­қару, шаруасын дөңгелетiп әкету өте қиын. Менiңше, президенттiң Алматыға Б.Байбектi әкiм етудегi мақсаты қазiргi саяси жағдайдың қиындауымен байланысты сияқты. Жағдай қиындаған сайын халықтың арасынан қарсылықтар мен наразылықтар күшейе түседi. Б.Бай­бектi әкiм етуiне де осындай себептер болуы мүмкiн. Және саяси бағыттағы кез келген iс-әрекеттер тек қана Алматыдан шығары сөзсiз. Екiншi жағынан алып қарасақ, жастардың билiк басына келгенi дұрыс-ақ. Әрине, жаңа әкiм өзiнiң командасын жасақтайды. Командасы да жастардан жасақталса, бұл да бiр үмiттiң шоғын маздатады дер едiм. Кеңестiк заманның кадрлары былайша айтқанда, “асарын асап, жасарын жасап” тастады ғой. Сондықтан жастардың билiкке келуiнен үмiт күтемiз, әрине. Қайткен күнде де бәрiн уақыт көрсетедi.
 
Сергей ДУВАНОВ, журналист:
             Менi көпшiлiктiң әкiм ауысса бiр жаңалық, жақсылық болар деген үмiт­тенуi таңғалдырады. Айналайындар-ау, мұншалықты ақкөңiл болудың қажетi бар ма?! Бiздегi жүйенiң әкiмшiлiк тұрғыда мықтап бекiгенi сондай, саяси тұрғыдан да әлдеқашан қатып-семген белгiлi бiл ұстанымға ғана негiзделген ғой. Сондықтан да Алматыға Б.Байбектiң әкiм болып келуiнен әлдебiр елең етерлiк өзгерiс бола қоймайды. Әкiм саясаткер емес, сондықтан да оған авторитаризмге сәйкеспейтiн бөтен әрекет етуiне жол да берiлмейдi. Егер артық қадам жасай қойса, тырп еткiзбей тастайды. Бiздегi әкiмдердiң құзыретiне өзi басқарған қаланы жаңалау, стратегиялық жоспар түзу, өзiнiң әлеуметтiк саясатын жүргiзу сынды пәрмендер кiрмеген. Әкiмдерiмiз қоқыс шығарту, тұрғын үйлердi жылу мен сумен қамтамасыз ету сияқты шаруашылық жұмыстар атқарудан әрiге аса алмайды. Әрине, кейбiр әкiмдер әлеуметтiк мәселелерге бел шеше кiрiсетiн жағдайлар сирек те болса кездеседi. Өкiнiшке қарай, қалай болғанда да бәрiбiр басты проблемалар сол баяғы шешiлмеген түйiн күйiнде қала бередi. Жолдардағы бiтпейтiн кептелiстер, тұрғындардың денсаулығына үлкен қауiп төндiрген экологиялық мәселе, жергiлiктi билiк тармақтарындағы сыбайлас-жемқорлық, полицейлердiң арсыздығы, қылмыстың өршуi тәрiздi проблемалар бiр әкiмнен келесiсiне “мұрагерлiкке” берiлiп отыратыны жаттанды жайтқа айналған. Соған қарамастан, президент тағайындайтын жаңа басшыны сөз етiп, талқыға салу әдетiмiз қалар емес. Ойланып қараңызшы, Алматының жаңа әкiмi сөз етуге тұрарлық па?
 
Ғалым АГЕЛЕУОВ, қоғам белсендiсi:
             Бауыржан Байбекке, ең алдымен, басқа-басқа, қаланың тазалығы мәселе­сiн қолға алғаны дұрыс болар едi. Қоқысқа толған Алматыны тазалауға шамасы жеткен әкiмнiң басқа да шаруаларды игеруге мүмкiндiгi болар деп сенемiн. Бiздiң елде өз басшысын халықтың таңдауына мүмкiндiк берiлмейдi ғой. Әйтпесе миллиондаған халқы бар Алматыға басшы тағайындамас бұрын алдыңғы әкiм не бiтiрдi деген сұраққа нақты жа­уаптар алынар едi. Өкiнiшке қарай, жұртпен санаспай жасалған бұл таға­йындаудың ақыры жақсылыққа апарар деп күткеннен басқа жол да жоқ. Десек те, Б.Байбек шетел көрген адам ғой. Өзi куә болған шетелдердегi мәдениеттiң бiр пұшпағын өз елiнде iске асырса, қанеки?! Сонда да, шенеунiктерi тек тағайындалатын елде әлдебiр басшының халық үшiн белсене қызмет iстерiне сенiмнен гөрi күмән басым...
 
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, мәдениеттанушы:
             Егер ел басқарып отырған президент көреген, мамандардың адами қасиеттерiн, соның iшiнде қазаққа жаны ашитын, ұлтқа қызмет ететiн адамдарды жазбай танитын болса, халықпен санасып басшыны тағайындамас па едi? Бая­ғыда ата-бабаларымыз болыс, билердi, ауыл басшыларын тағайындағанда сол жердiң халқының психологиясын бiлетiн, сол топырақтан шыққан адамды, сол жердiң тыныс-тiршiлiгiн жетiк бiлетiн кiсiнi таңдайтын. Ал президент осындай қағидаға сүйенiп отыр ма? Басшысы жаңартылған жергiлiктi халықпен есеп­тесудiң орнына, өзiнiң бiлгенiн, ойына келгенiн iстеп отыр. Өзi қалаған адамды Алматыға басшы етiп отырғызды. Алматы – Қазақстанның ең үлкен қаласы, тiптi Орта Азия елдерiндегi iрi қалалардың бiрi. Осындай ауқымды қалаға кешегi музыкант баланы басшы етiп тағайында­уында президенттiң қандай көрегендiгi жатқанын бiле алмадым. Б.Байбектiң суды үнемдеу туралы айтқаны жұрттың әлi жадында. Естерiңiзде болса, Бауыржан суды үнемдеу сияқты басқа да кiсiнiң күлкiсiн келтiретiн дүниелердi айтуда алдына жан салмағандардың бiрi едi. Алматыға басшы болып келетiнiн естiп, ендi бiрiмiз жуынған суға бәрiмiз шомылып масқара болмаймыз ба деп қауiптенiп отырған жайымыз бар. Қалай дегенде де, бiр мемлекеттiң алып шаһарына бұрын шаруашылық басқармаған, тәжiрибесiз адамды “сыныптасымның баласы едi” деп отырғыза салу қисынға келе ме? Түптеп келгенде, президенттiң көңiлiн тапсаң, әкiм де боласың деген пiкiр қалыптастырады бұл жайт.
 
Айбар НҰРҚАСЫМҰЛЫ, Алматы қаласының тұрғыны:
             Менiң түсiнбейтiнiм, неге осы бiздегi кадрлық ауыс-түйiс сенбi, жексенбi күндерi болады? Әлде билiк­тегiлердi “тынбай жұмыс iстеп жүрген” етiп көрсету үшiн қажет пе екен? Сенбi күнi Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi А.Мырзахметовтi “шығарып салғанымыз” сол едi, жексенбi күнi Бауыржан Байбек қаламызды басқарады деген ақпар тарады. А.Есiмовтiң кететiнi жөнiнде осыған дейiн де көп айтылып жүрген. Яғни Есiмовтiң кететiнiне жұрт нық сенiмдi едi. Алайда оның орнына Байбек келедi деп ешкiм ойламағаны анық. Алматы сияқты алып қалаға басқару саласында тәжiри­бесi мол адам келетiн шығар деп күткен едiк. Өкiнiшке қарай, саяси әлемде өзiн мықты жағынан бiрде-бiр рет көрсетпеген, керiсiнше үнемi көпшiлiктiң күлкiсiне қалып жүретiн Бауыржан Байбек қаламызға әкiм болып тағайындалды. Бiр қызығы, жаңа қызметке отырғызбас бұрын президент сол адамға тапсырма берiп, жауапкершiлiк жүктейтiн. Байқасаңыздар, бұл жолы Н.Назарбаев Байбекке пәлендей жауапкершiлiк артпады. Тiптi Алматының алдағы уақытта көркеюi, экономикалық жағдайы мен халқының әлеуметтiк проблемасын шешу сияқты мәселелер сөз де болмады. Соған қарағанда, Б.Байбектi әкiм ету әлдебiр саяси ойын үшiн қажет болған сияқты. Мүмкiн, бiрер әкiмқараны осылайша сапырылыстырып, ауыстыра отырып, әзiрге орынбасарлық қызмет атқарған Нұрәлi Әлиевке жол ашып бермек пе екен? Әлде Б.Байбектi осылайша өсiрiп, келешек тақ мұрагерлiгiне дайындамақ па? Әйтеуiр бiр шикiлiктiң бары анық. Себебi миллиондаған тұрғыны бар қаланы бас­қаруды балаға тапсыру ақылға сыймайтын дүние екенiн бесiктегi бала да сезедi. Ал ендi Б.Байбек ата сақалы аузына түскен, жасы алпысты алқымдаған А.Есiмов атқара алмаған шаруаларды игере ала ма? Күмәндi. Сондай-ақ, Алматы оппозициялық көзқарастағы азаматтардың шоғырланған ортасы. Саяси партияға жетекшiлiк еткен Байбек демократиялық ұстанымдар негiзiнде жұмыс iстеп, халықтың көзқарасымен санаса ма, жоқ керiсiнше әрекеттерге бара ма? Мiне, мәселе осында. Өйткенi президенттiң сөзiне қарағанда, Б.Байбек сайлауда ерен еңбек еткенге ұқсайды. Соған қарағанда, жаңа әкiмiмiз қаланың қордаланған проблемасын шешуден гөрi, билiктiң саясатына қарсы адамдармен күресу үшiн тағайындалғандай көрiнедi.
 
С.Мәди.
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар