1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №53 (16031) 7 шілде, сейсенбі 2015
7 шілде 2015
Сайлауда берiлген дауыс – ұлт болып қалыптасқанды бiлдiрмейдi

Деректi фильмде президент: “Саясаттанушылар түсiнген шығар, мен өзiм алғаш рет бiзде ұлттың қалыптасқанын сездiм. Қандай дiнге, этносқа жататынына қарамастан халық бiр адамға дауыс бердi. Бәрi тең болды. Бiз осы саясатты жалғастыруға тиiспiз. Осының бәрi, қазақ та, украин, орыс та түсiнуi шарт: бiз осындай бiрлiктiң арқасында ғана бiртектi ұлт бола аламыз. Қазақша айтқанда, бiз ұлт бола бастағанымызды осы сайлауда көрсеттiк. Осы бағытта алға жылжысақ, бұл – керемет мәселе”, – дегендi айтты. Қазақстан ұлттық мемлекет болып қалыптасты ма, әлде басқалай ма? Осы сұраққа саясаттанушы Расул Жұмалы мен саясаткер Дос Көшiмнiң берген жауаптары мынадай: 

Сiз не дейсiз?
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
             Қай ұлтқа қатысты сөз болып отырғанын елбасының өзi нақты айтпады. Тыңдап отырып, мен де толыққанды түсiнбедiм. Себебi, халықаралық тәжiрибеге үңiлсек, басқа мемлекеттердегi жағдайға қарасақ Қазақстаннан ұлттық құрылымы әлдеқайда берiк екенiне көз жеткiзесiз. Мәселен, ұлттық құрылымы мықтап бекiген елдердiң сайлауында жеңiске жеткен билiк өкiлi орташа есеппен 50-55 пайыздық дауысқа ие болып жатады. Әрi кетсе, онда да өте сирек кездеседi, 60 пайыздық меженi еңсеретiн­дерi де болады. Бiрақ осы көрсеткiштен аспайды. Десек те, осындай мемлекеттердi ұлттық құрылымы берiк қалыптасқан деп айтуға әбден болады. Халықтың өзi тұрып жатқан елде ұйысуы мен сайлаулардағы 50-60 па­йыз дауысқа ие болу – ұлттың мемлекеттiк деңгейде қалыптасқанын бiлдiрмейдi. Көптеген мемлекеттерде, әсiресе демократиялық құндылықтары қалыптасып үлгермеген авторитарлы елдерде референдум немесе сайлау­лардағы дауыс беру пайызының жоғары болуы сол да­уыс бергендердiң ұйымшылдығын, бiртұтастығын және сол дауыс берген мәселесiне қатысты аса берiлгендiгiн бiлдiрмейдi. 
Көпшiлiк жағдайда басқаша болып шығады. Осыған қатысты нақ­ты бiр мысалға назар салыңызшы, 1991 жылы Кеңес одағының түгелдей аумағында референдум өт­кiзiлгенi есте. Осы референдумда кеңес азаматтарының 95 пайызы Кеңес одағының сақталуын қолдап шықты. Одақтың ыдырамауын, тұтас сақталуын жақтаған осы 95 пайыздық үлестегi азаматтар арада жарты жыл өткенде ыдыраған Кеңес одағына наразылық бiлдiрiп, бiрде-бiрi көшеге шықпады. Ешбiрi неге одақты ыдыраттыңдар деп келiс­пеушiлiк танытпады. Яғни, шын мәнiндегi дауыс беру мен нақты формалды дауыс берудiң арасында осындай алшақтық болып тұрады. Сондықтан менiңше, сайлауда 93-97 пайыз азаматтың қолдап дауыс беруi сол елдiң ұлт болып қалыптасқанын көрсетпейдi.
             Ал Қазақстанның қазiргi жағдайына қарап, мемлекеттiк деңгейде ұлт болып қалыптастық деуге негiз бар ма?
             Менiңше, жоқ. Ұлттық мемлекет болу үшiн халықтың бiр сайлауда бiр адамға жұмыла дауыс беруi жеткiлiксiз. Ұлт ретiнде қалыптасу – сайлаулардың алғышарты, сипаты болып табылмайды. Азаматтардың өзi тұрып жатқан мемлекет­тiң ең негiзгi құндылықтарын сезiнуi және соған борышты, жа­уапты болуы ұлттық мемлекеттiң iргетасын қалыптастырады. Өзi өмiр сүрiп отырған мемлекеттiң тарихын, Конституциясын, мәдениетi мен тiлiн мойындап, өз тағдыры мен болашағын осы елмен байланыстыру ұлттық мемлекеттiң белгiсi болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанның мақтанарлықтай жағдайлары көп емес. Мысалы, мемлекеттiк тiлдi бiлмей­тiндер саны 70-80 пайыз. Жастарымыздың 30 пайыздан астамы Қазақстаннан гөрi шетелге кетудi дұрыс көредi. Бұл дегенiңiз, жастардың үштен бiрi Қазақстандағы өз болашағына сенiм артпайды. Сонымен қатар жыл сайын елiмiзден сыртқа кетiп жатқан адам саны қаншама. Және олар тек Ресей ғана емес, Еуропаға кетуде. Тiптi елiмiздiң ертеңiнен түңiлген кейбiреулер соғысты аймақтарға да кетiп жатыр. Мiне, iшкi жағдайымыз осындай күйде болса, бiзде толыққанды ұлт қалыптасты, ұлттық мүдделер салтанат құруда деп өз басым өкiнiшке қарай, санамаймын.
 
Дос КӨШIМ, саясаткер:
             Ұлт дегеннiң екi мағынасы бар. Бiрi этникалық ұлт ретiнде, екiншiсi мемлекеттiк деңгейдегi ұлт болып қалыптасу. Этникалық ұлт ретiнде қалыптасу шарттарының бәрiнен бiздер өттiк. Ал ұлттық мемлекет қалыптасу үшiн Франция, Германия сияқты елдердегiдей бiз әлi бiрыңғай тұтаса қоймадық. Бiз мемлекеттiк деңгейдегi ұлт болып қалыптаспадық. Егер ұлттық мемлекет нақты қалыптасқан болса, елiмiздегi барлық ұлт өкiлдерi өзiн қазақпын деп,осы мемлекеттiң бүкiл құндылықтарын мойындап, өзiнiң отанын Қазақстан деп санар едi. Ал өкiнiшке қарай, бiздегi жағдай мүлде басқаша.
«Президенттiң сөзiнiң пәтуасы бар ма?»
 “Хабар” арнасындағы “Назарбаевпен ең бастылар жайлы…” атты деректi сұхбатында президент жемқорлықпен күрестiң қатаң түрде жүретiнiн айта келiп: “ Бiз “Жемқорлық туралы” заң қабылдағанда мен халыққа жолдауымда: “Жемқорлықпен күресу туралы заң қабылдадық. Мен өзiмнiң туыстарым, балаларым, достарыма жемқорлыққа қатысты аяушылықтың болмайтынын, осы мәселеге байланысты ешкiмге ешкiм “крыша” болмайды” , – деп теледидар арқылы айттым” дедi. Осы сұхбат кезiнде президент жемқорлықпен байланысы барлардың ешбiрi жазасыз қалмайтынын да қадап айтты. Қазақстандағы жем­қорлықпен күрес науқанының бастал­ғанына қанша жыл өтсе де, керiсiнше, жыл сайын пара берiп, пара алатындар саны көбеюде. Осыған қатысты саясаткер Жасарал Қуанышәлин былай дейдi:
             Жемқорлықтың iргетасын қалыптастырған, соған жол ашып берген кiм? Жеке билiк орнатып, қоғамда қазiргiдей саяси жүйенi орнатқан президенттiң өзiнен ең алдымен “жемқорлықты, халықты тонауды өзiң қашан қоясың?” деп сұрау керек. Осы тұрғыдан алғанда, Н.Назарбаевтың басқаларға жемқорлық туралы әңгiме айтуға қақысы бар ма? Өкiнiшке қарай, Қазақстанда президентке қарсы заң жоқ. Сондықтан да осындай келеңсiз сұрақтарды болдырмас үшiн алдын ала “Бiрiншi президент туралы” заң шығартты емес пе?! Түптеп келгенде, жемқорлықтың кең етек жаюына кiм ықпал еттi? Естерiңiзде болса, президенттiң өзi бiр кездерi шенеунiктердiң кез келгенiн қолынан сүйреп сотқа апара алатынын айтқан. Осы сөз­дерiнiң өзi-ақ оның айналасындағы адамдардың қылмыскер екенiн көрсетпей ме? Осыдан кейiн Н.Назар­баевтың жемқорлық туралы сөз еткенiн қалай түсiнбек керек? Президенттiң сөзiнiң пәтуасы бар ма?
 
Әмiржан ҚОСАНОВ, саясаткер: ӘҢГIМЕ ӘЛИЕВПЕН БIТПЕЙДI 
             Елбасының Әлиевтен де басқа отбасы мүшелерi бар емес пе? Рахат Әлиевтiң тағдырына, оның сотталуына қатысты сөзiнде елбасы (ерiктi ме, ерiксiз бе, оны өзi бiледi) сот секiлдi дербес әрi тәуелсiз болып, басқа билiк тармақтарына (керек десеңiз, президенттiң өзiне де) бағынбауы тиiс билiктiң мықты бiр тармағына өзiнiң тiкелей ықпал ете алатынын мойындады. Егер де ол: “Мен президент болсам да, сот секiлдi менен бөлек тұрған билiк институтына пәрмен бере алмаймын, күйеубаламның тағдыры менсiз шешiлдi” дегенде, гәп басқа болар едi. Бiрақ шынын айту керек, оның ондай сөзiне қазiргi Казақстанда ешкiм де сенбес едi ғой?! Өйткенi бiздiң соттың шынайы тұрпаты баршаға белгiлi. Оның бiр себебi президенттiң өкiлеттiгiнде жатыр, яғни Қазақстанда барлық судья (аудандық деңгейден бастап, Жоғарғы сотқа дейiн) тiкелей президент жарлығымен тағайындалады! Өзiне осындай майлы жiлiк қызмет берiп отырған адамды ол судьялар қалайша тыңдамайды?! Тыңдамай көрсiншi! Президенттiң мұндай мойындау сөзi Қазақстанда өткен осы тектес басқа да соттардың қалайша өткенi және қандай үкiм шығарылғаны туралы үлкен әрi оның өзiне жайсыздау әңгiмеге жетелейдi. Мұны өз алдына бөлек тақырып деп ойлаймын. Мен билiктiң саяси қарсыластары, билiк басында болған шенеунiктер мен белгiлi бизнесмендердiң үстiнен жүргiзiлген соттар туралы айтып отырмын. Қаншама тағдыр тәлкекке түстi десеңiзшi! Сұхбат барысында президент осы күндерi тергеу жұмыстары жүрiп жатқан алдағы соттар жайында да айтып қалды. Аты аталған жоғары шендi шенеунiктер “кiнәлi” деген сипатта пiкiр бiлдiрдi. Олай айтпауы керек едi. “Мен араласа алмаймын, бәрiн сот шешедi” дегенде, таяуда өткiзiлетiн сол соттардағы судьялар өздерiн басқаша сезiнер едi ғой. Ал ендi олар президенттiң оларды айыпты деп тапқан сөзiн қалайша жоққа шығарады?! Басты түйiн мынада: бiзде сот жүйесiне терең реформа қажет. Онсыз қоғамда ешбiр өзгерiс бола алмайды. Сөз соңында қосарым мынау: жемқорлықпен күрес туралы әңгiмеге өз отбасын қосқан президент бар әңгiменi сол Әлиевпен тәмамдағысы келетiн сыңай танытты. Қазақстан экономикасы мен бизнесiне, мемлекеттiк қызметi мен саясатына араласып жүрген отбасының үлкен күйеубаладан да басқа мүшелерi бар емес пе?! Өкiнiшке қарай, олар туралы елбасы ешнәрсе айтпады...
 
Мұхтар ТАЙЖАН, қоғамдық белсендi: IРI БИЗНЕС МЕМЛЕКЕТ ЕРЕЖЕСIМЕН ОЙНАУҒА МӘЖБҮР
             Бiзде қалыптасқан жүйе мынандай: шағын немесе орта бизнес болса, мемлекетсiз жұмыс iстей аласың. Ал iрi бизнес мемлекетсiз өмiр сүре алмайды. Өйткенi iрi бизнес болуы үшiн үлкен “шатыр” керек. Бұл – бiр. Екiншiден, тәуелсiз банктер бiзде қалған жоқ. Тәуелсiз қаражат та азайды. Өйткенi мемлекеттiк тендерлер мен тапсырыстар үкiметтiң қолында. Халық қалтасындағы ақша аз, жеке сұраныс тапшы. Сұраныс тек мемлекет тарапынан. Сондықтан құрдымға кетпес үшiн мемлекетпен тiл табысып, жұмыс iстеуiң қажет. Мемлекеттiк бағдарламалар, тендер алу үшiн келiсiмшартқа баруың керек немесе мықты көкең болуы тиiс. Осылайша бiзде тәуелсiз бизнеске орын қалмады. Амалсыздан мемлекет ережесiмен ойнауға мәжбүр. Iрi кәсiпкерлер шенеунiктермен не олигархтармен байланысты болғандықтан, шын мәнiндегi тәуелсiз кәсiпкерлер жоқтың қасы.
 
Сергей ДУВАНОВ, публицист: НАҒЫЗ ДАУЫЛ ТҰРҒАН КЕЗДЕ ЖАНЫМЫЗДА НАЗАРБАЕВ БОЛМАЙДЫ
             Фильмнен белгiлi болғаны, Н.Назарбаев бұған дейiн президенттiк билiктiң бiр бөлiгiн үкiмет пен парламентке беремiн деген уәдесiн таяу уақытта орындамайтын сияқты. Бұл күрделi iс, Қазақстандағы орта кластың болуын талап етедi делiндi. Ал дағдарысқа байланысты бұл орта кластың өсiмi баяулағандықтан, билiктi бөлiп беру кейiнге қалды-мыс.
Президенттiң осы негiзгi тезисi үкiмет пен парламент, сондай-ақ жоғарыдан жасалатын демократияны аңсайтындар саяси реформа жөнiндегi қиялдан арылсын дегендi бiлдiредi. Президент бiзде Украина, Грузия мен Молдовадағыдай оқиғалар қайталанбас үшiн билiк оның қолында қала бередi дегендi аңғартты. Президенттiң айтқанын қысқаша түйсек, “Толық билiк менiң қолымда болды, қазiр де солай, осылай бола бередi де. Майданды болдырмаудың жалғыз жолы осы”.
Бұл бiр жағынан шындық. Бiр адамның билiкке монополиясы мен онымен ұштасқан мызғымас берiктiлiк, халықты иландыру үшiн жасалған үгiт-насихат жұмыстары, мемлекеттiлiктiң демократиялық негiзiн жою расында да бар дүние.
Әлеуметтiк-саяси жағынан Қазақстан Брежнев дәуiрiндегi КСРО-ға ұқсас: елдiң жоқ жетiстiктерi жөнiн­дегi бiтпейтiн мақтау, Бiрiншiнiң жеке басына табыну, сайлаудың орнына дауыс беру, тәуелсiз БАҚ орнына билiкке тәуелдi газет және телеарналар, саяси оппозицияның орнына iс-әрекетi шектеулi екенiн бiлетiн адамдар, азаматтық қоғамның орнына “Хабардың” не айтқанына имандай сенетiн халық, қысқасы, осындай демократия­лық ойындар. Бiр қарағанда, бұл сырт көзге тұрақтылық пен бақуатты өмiрдiң апофеозы болып көрiнуi мүмкiн. Бiрақ шын мәнiнде, Ақорданың он жыл бойы жүргiзiп жатқан бұл қатаң консервативтi саясатының нәтижесi. Бұл – саяси алаңды оппозиция мен саяси қарсыластардан тазарту, азаматтық қоғамды үкiметтiк емес ұйымдарға мемлекеттiк тапсырыс беру арқылы өзгерту, азаматтардың саяси құқықтары мен еркiндiгiн шектейтiн заңдардың қабылдануына бағыттал­ған саясат. Яғни бұл iшi бұрқ-сарқ қайнап, қызуы көтерiлiп жатқан қазанның қақпағын жабу, бұранданы бұрай түсу нәтижесi.
Бұл тұрғыдан алғанда, Назарбаевтың жеке тұлғасы маған өзiнiң саяси беделiнiң арқасында қазандықтағы артық буын алып түсетiн клапан тәрiздi. Оған көп нәрсе кешiрiледi, бiрақ оған кешiрiлген дүние оның орнын басатын адамға кешiрiлмейдi. Ал бұл уақыт барған сайын жақындап, өзiмен бiрге бiрқатар тәуекелдер алып келедi.
Осы жағынан алғанда, Қазақстандағы қазiргi тұрақтылық дауыл алдындағы мүлгiген тыныштықты елестетедi. Бұл расында да солай. Грузия мен Украинадағы бүкiл мәселе бiзде де бар. Бiздегi жемқорлық Украина немесе Грузиядағы жемқорлықтан еш кем түспейдi. Грузия оны жеңсе, Украина онымен шынымен күрес жүргiзiп жатыр. Ал бiз болсақ, тек сұқ саусағымызды нұқып қойып отырмыз.
Грузия мен Украина әдiлеттi сайлау мәселесiн шештi, ал бiзде оған ешкiм кiрiскен де жоқ. Бұл өз кезегiнде әлеуметтiк шиеленiспен қатар жүрмек. Бұл ретте көрерiмiз әлi алда.
Украина сот, прокуратура реформасы, шенеунiктердiң әрекетсiздiгi, еркiн ақпарат құралдары мәселесiн қолға алды. Күрес ауыр жүрiп жатыр, көп қарсылық пен кедергi келтiруге тап болса да, әйтеуiр қолдан келгенiн жасауда. Ал бiз тiптi әрекеттенбедiк. Демек, бәрi алда.
Әлеуметтiк-саяси саланың кез келгенiн алып қарасақ та солай. Олар өзгертiп, реформалап, қайта жасап жатса, бiз ас үй мен шылым тартатын бөлмелерде ашынамыз, бiрақ өзiмiз қаламайтын нәрсенi өзгерту үшiн түк бiтiрмеймiз. Ал бұл ертеңгi күнi бiз мұнымен бәрiбiр бетпе-бет келемiз деген сөз. Бүгiн Назарбаев Украина мен Грузияны нұсқап қорқытатын нәрсеге бәрiбiр тап болып, соны бастан өткеруге тура келедi. Бiрақ бұл уақытта жанымызда Назарбаев болмайды.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар