1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (15818) 20 маусым, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
20 маусым 2013
Спорт ақпарат

ҚАЗАННАН ФУТБОЛШЫ АЛДЫ

Қазандық “Рубин” футбол клубының шабуылшысы Сергей Давыдов ендi “Ақтөбенiң” сапына қосылды.
Клубтың бас директоры Шә­рiп Бихамбетовтiң айтуынша, ресейлiк клуб басшылығымен келiссөз оңтайлы шешiлiп, футболшыны жалға алғаны үшiн қомақты қаражат төленiптi. Бас директор төленген ақшаның сомасын айтқан жоқ.
Әзiрге Давыдов – ел бiрiн­шiлiгiнде ойнап жүген футболшылардың iшiндегi ең қымбат футболшы. Немiстiң “Transfermarkt” сайты жақында футболшылардың бағасын жiпке тiзгендей жариялаған едi. Сол тiзiмде Сергейдiң трансферлiк құны 2 миллион 800 мың еуро деп көрсетiлген.
 
ШИ ШЫҚТЫ
Бразилияда конфедерация кубогы үшiн “кiшi әлем чемпионаты” саналатын тартыстың алғашқы айналымда Бразилия Жапония құрамасын 3:0 есебiмен, Италия Мексика ұлттық құрамасын 2:1 нәтижесiмен, дәл осындай есеппен Испания құрамасы Уругвай футболшыларын ұтты. Таити мен Нигерия ұлттық құрамасы арасындағы ойын 6:1 есебiмен нигериялықтардың пайдасына шешiлдi.
Финалдық ойынға дейiн он шақты күн бар. Бiрақ кубок үшiн тартыс бастал­ғалы Бразилия халқының ұйқысы бұзылды. Көшеге шыққан наразы топтың ұраны да өзгерек: “Бiзге аурухана, мектеп керек, әлем чемпионаты емес!”.
Полицияның арнайы жасағы күш қолданусыз таратуға барын салып-ақ жатыр. Алайда елдiң ең iрi Сан-Пауло, Рио-де-Жанейро, Бразилия, Форталеза, Сальвадор сынды қалаларында дүмпiген наразылық шарасы күш алып барады. Қатулы көпшiлiк келесi жылы әлем чемпионатының Бразилияда өтуiне қарсы. “Елдiң арасында қылмыс өршiп, халық кедейленiп бара жатқанда чемпионат ұйымдастыру қай сасқанымыз?” дегенге саяды олардың ойы.
 
АЛА САЛАДЫ
“Астана” баскетбол клубының ойыншысы америкалық Джерри Джонсон қазақтың санын көбейтпек. Әрине, ол ұлтын қазақ деп жаздырмайды, тек Қазақстан азаматтығын алады. Сөйтедi де, ұлттық құраманың мүшесi болып шыға келедi.
Тамызда баскетболдан Азия чемпионаты Филиппинде өтедi. Құрлық бәйгесiнде ұлттық құрама намысын Джонсон да қорғайды.
Қызық, атажұртына шекара асып келген қандастарымыздың қолына зарықтырып тиетiн азаматтық құрамаға мүше болғысы келген келiмсектердiң уысына тез-ақ түсе қояды. Джонсон “Астана” баскетбол клубында 2011 жылдан берi ойнап жүр.
Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Табақсай ауылында туған Әлжан Жармұхамедов 1972 жылы Мюнхенде өткен олимпиада ойындарында чемпион атанды. Қазiр Ресейде тұрады. Мәскеуде бiрнеше команданы баптады. Келесi жылы 70-ке толатын Әлжан ұлымен бiрге “Лаурус” атты клуб құрып, балалар мен жасөс­пiрiмдердi баскетболға баулып жүр.
Қартайғанда туған жерiне қайт­қысы келетiнiн, атамекенiне орал­ғысы келетiнiн айтып едi бiрде Жармұхамедов. Бiрақ бiзге қазiр Әлжаннан гөрi Джонсондардың сөзi өтiмдiрек болып тұр ғой.
 
ЖАСТАРЫ ДА ЖАРАП ТҰР
Израильдiң астанасы Иерусалимде футболдан 21 жасқа дейiнгi жастар арасындағы Еуропа чемпионаты аяқталды. Чемпионаттың финалдық сынында Испания құрамасы Италия жастарын 4:2 есебiмен ұтты.
Төрт жыл бұрын Данияда өткен Еуропа чемпионатының финалында Испания құрамасы Швейцария футболшыларын тi­зер­леткен болатын.
 
ӨРIС ЖАҢАЛАМАҚ
Бокстан екi дүркiн олимпиада чемпионы, екi мәрте әлем чемпионатының жеңiмпазы, Еуропа чемпионы Василий Ломаченко кәсiпқой боксты таңдады. Спортшының сайты оның АҚШ-қа жол жүрiп кеткенiн, онда промоутерлiк компаниялардың ұсыныс, талаптарымен танысатынын жазды. Әзiрге Ломаченконың қандай промоутерлiк компаниямен келiсiм­шарт жасасатыны белгiсiз. Талантты спортшыға әйгiлi америкалық промоутер Дон Кинг те қызығып жүр.
 
САЙЫСҚА ТҮСЕДI
Эстонияның Таллин қаласында футболдан 16 жасқа дейiнгi қыздар арасында халықаралық турнир басталды. 23 маусымда бiтетiн УЕФА турнирiне болгарлық маман Елисавета Тодорова баптайтын елiмiздiң құрамасы да қатысады.
Бүгiн жерлестерiмiз Эстония қыздар құрамасына қарсы ойнайды.
 
“ҚОРЫҚҚАНҒА ҚОС КӨРIНЕДI”
Хоккейден елiмiздiң ұлттық құрамасының ойыншысы Кевин Даллмэннiң әйелi Стейси Қазақстанға оққағарсыз келуге қорқатынын айтыпты. Былтыр Астанада күйеуiмен бiрге бiрнеше ай тiршiлiк еткен Стейси өзiнiң достары, таныс-бiлiс, туыс­тары үшiн жазған Қазақстан туралы суреттемесi үлкен дау тудырған болатын. 
Журналға берген сұхбатында Астана туралы жағымды пiкiр айтқан Стейсидiң арғы жағында үрейдiң бар екенi байқалып тұр. Бәлкiм, “асымызды iшiп, аяғымызды тепкенi” үшiн қорқақтайтын шығар.
 
АЛМАТЫЛЫҚ АРМЯН
Алматылық “Қайрат” футбол клубының қатары тағы бiр жаңа ойыншымен толықты. Армения ұлттық құрамасының ойыншысы Артур Едигарян “Қайратқа” келгенге дейiн украиналық “Говерла”, армениялық “Пюник”, “Бананц”, ирандық “ПАС” ресейлiк “Химки” клубтарында ойнаған.
Дайындаған Қуаныш БАЖАҚ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар