1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (15818) 20 маусым, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
20 маусым 2013
Қанат Ислам, боксшы: Мендегi кемшiлiк – асығу

Қанат Ислам кәсiпқой боксқа ауысып, әуесқойлар арасында жүрiп бөктере алмаған жетiстiктi кәсiпқой бокстан өңгермек. Миллиардтаған Қытай мемлекетiнiң туы астында бiрнеше жыл бәйгеге түскен саңлақ 2008 жылы Бейжiң олимпиадасында қола жүлде олжалаған соң, елге оралған. Бiрақ өзiмiзге келгенде тарыла қалатын азаматтық мәселесi қолбайлау болып, 2011 жылы Баку қаласында өткен әлем чемпионаты мен былтыр Лондонда болған Олимпиада ойындарына Қанат Қазақ елiнiң атынан қатысу құқығынан айырылды. Әуесқойлар арасында сая таппайтынын бiлген бокс­шы ақыры кәсiпқой боксқа ауысып кеттi. Нәтижесi де жаман емес. Жақында елге келген Қанатпен сұхбаттасып, болашақтағы жоспар-жобасын бiлдiк.

– Бұл жолы АҚШ-қа екiншi қайыра бардың. Былтыр “кә­сiпқой боксқа келгенде анадан жаңа туғандай күй кешiп, боксты кеше бастаған бала секiлдi қобалждым” деген едiң. Екiншi рет көзiң де үйренiп, көңiлiң де орныққан шығар?
– Ақпан айының соңында АҚШ-қа аттанып, керi қайтқанға дейiнгi аралықта бес кездесу өткiздiм де, бәрiнде жеңiске жет­тiм. Алғашқыдай емес, төсе­лiп қалдым. Тұрмыс-тiршiлiгiне де қалыптастым.
– Кәсiпқой боксқа келгелi оннан аса жекпе-жек өткiздiң. Бәрiн де уақытынан бұрын тоқтатып келiп едiң. Бұл жолы эквадорлық боксшымен 9 рау­нд бойы айқасқан екенсiң. “Ұзаққа шапқан” ауыр соқпады ма?
– Расында да, өзiмнiң 12 раунд­тық жекпе-жектерге қаншалықты шыдас беретiнiмдi тексерiп көрдiм. Бiрақ ауыр болды. Өйт­кенi бiздiң жекпе-жегiмiз Эквадорда өттi. Негiзi кездесу бұл спортшымен емес, колумбиялық боксшымен өрбуi тиiс едi. Мен соған қарсы әзiрлiк жүргiзiп барған едiм, бiр апта уақыт қалғанда қарсыласымның өзгергенiн айтты. Сонша жерден келгеннен кейiн, қаншама дайындық желге ұшпасын деп қатыспаққа бел шешiп, эквадорлық боксшымен жекпе-жекке шықтым. Жарысқа дайындалып барып, сайысқа түспеу жүйкеге орасан салмақ түсiредi, ал егер қарсыласыңды өткел үстiнде айырбастап, өзге­сiн шығарса, одан да қиын. Колумбиялықтың бойы ұзын болды да, мен соған сай дайындықты пысықтағам. Ал маған бейтаныс эквадорлық боксшы тым тапал. Осы жағы да ауыр соқты. Бұрын әр жекпе-жектi мерзiмiнен бұрын аяқтап қойып, алаңсыз демалып жүрген мен осы жолы да солай болар деп топшылаған едiм. Ке­рiсiнше, тапал қарсыласым менi бiраз састырды. Эквадор тауда орналасқан мемлекет болғандықтан тез шалдығып қалдым. Тiптi үшiншi, төртiншi раундта шаршап, ентiгiп кеттiм. Алғашқы айналымда сiлейте екi рет соғып жiберiп едiм, қарсыласым қорғана қашып, менi титықтатты. 7-раунд­тан кейiн ғана екiншi тынысым ашылғандай болып, 8-раундта нокдаунға түсiрдiм. 9-раундта төрешi жекпе-жектi тоқтатып, жеңiстi маған бердi.  
– Бiрнеше раунд жұдырықтасып, “қолтығыңды сө­гiп­сiң”, кем тұсыңды байқадың ба?
– Әрине, бапкерлерiм де менiң тым асығыс қадам жасайтынымды айтып жүр. Кейде өзiм де бiр соққымен “жер жастан­дыр­ғым” кеп сабырсызданып кете­мiн. Әрбiр жекпе-жекке шығарда адам өзiн тек 1-раундқа ғана емес, 12-раундқа дейiн шыдаймын деп әзiрленiп келуi қажет екен. 
– Нельсон Лопестiң про­моутерлiк компаниясында жүрсiң. Өзге елдерден ұсыныс жасағандар болмады ма?
– АҚШ-тың өзге компаниялары уәденi үйiп-төгiп өздерiне тартты. Қытайдан да шақыртулар жiберiптi. Бәрiн екшеп қарап, бiз алға қойған мақсатқа жетпейiн­ше, мұндай мәселенi ысырып қоюды шештiк. Өйткенi мен осы компаниямен келiсiм жасағанда әлем чемпионы атануды көздедiм.
– Кәсiпқой бокстың әр тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа қашан таласуға мүмкiндiк туады?
– Ақпан айында елден кеткен соң, бiрден өзiмнiң салмағымда әлемдiк рейтингте 12-орындағы боксшыға ұсыныс жiбердiм. Бiрақ ол бас тартып қабылдамады. Егер мен соны жеңiп, 12-сатыға шықсам, чемпиондық белбеуге таласуға мүмкiндiк туады. Бiз бұл жоспарды күзде жүзеге асырсақ, онда маған чемпиондық атақ үшiн жекпе-жек өткiзуге жол ашық. 
– Отбасыңды алып кетпек екенсiң.
– Иә, өйткенi бiр бүйрегiң жанұяңды ойлап, тартады да тұрады екен. Көңiл алаң болса, iсiң де өне бермейдi ғой. Сол себептi ораза айы өткен соң, отбасымды өзiммен бiрге АҚШ-қа алып барамын.
 
Сұқбаттасқан Қ.КӨШЕК.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар