1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №46 (15816) 13 маусым, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
13 маусым 2013
Спорт ақпарат

ЖАСТАР ЖЕРГЕ ҚАРАТПАДЫ

Футболдан елiмiздiң 21 жасқа дейiнгi жастар құрамасы 2015 жылы   Чехияда өтетiн Еуропа чемпионатының iрiктеу ойынын бастады. Сергей Воровский баптайтын жiгiттер сырт алаңда Беларусь жастарын 1:0 есебiмен тiзер­леттi. Бiздiң құрамаға же­ңiс әкелген жалқы голды екiншi таймда команда капитаны Бауыржан Исламхан соқты. Алаң иелерi дүркiн-дүркiн шабуылдағанымен, ештеңе өндiре ал­ған жоқ.
Воровскийдiң қуанатындайы бар, елiмiздiң жас­тар құрамасы соңғы рет 2009 жылы Алматы қаласында Болгария жастарын ұтқан. Содан берi төрт жыл сырғып өттi, жеңiс лебiн сезiне алмай келдiк.
Жыл соңына дейiн жастарымыз iрiктеу аясында әлi 5 ойын өткiзедi. Ендi 13 тамызда елiмiзге Армения жастары келсе, 5 қыр­күйек­те бiздiң құрама Францияға, 10 қыркүйекте Исландияға барады. 10 қазанда өз алаңымызда Беларусь жастарына қарсы ойнаса, 14 қазан күнi Армения стадионында жергiлiктi құрамамен тартысқа тү­седi.
Бауыржан қазiр ре­сейлiк “Кубань” клубының қосалқы құрамында жүр. Рас, Ресей чемпионатының деңгейiн елiмiздiң премьер-лигасымен салыстыруға мүлдем келмейдi. “Өз қазанымызда қайнай бергенше, бәсекелестiк жоғары ортаның талқысында “әбден иленiп” иi қанатын болды” деп қуанып едiк, “Тараз” клубының жас қы­ранына ресейлiктер бұйымтай айта келгенде. Бiрақ ақпан айында көршi елге кеткен Бауыржанды краснодарлық клубтың бап­керлерi әлi күнге “бөте­нсiп” жүргендей көрiнедi.   Ба­уыржан “Кубанның” негiзгi құрамында алаңға шықса, ойынға араласып, шыңдалса қуанар едiк. Әзiрге арқандаулы арғымақтай краснодарлық клубтың жас­тар командасы сапында ғана бiрнеше ойынға қа­тыс­ты.
Айдын ЖҰМАҒҰЛОВ.
 
САП ТЫЙМАҚ
Норвегиялық биатлоншы, әлемдегi атақты спортшылардың бiрi Уле Эйнар Бьорндален келесi жылы өтетiн Сочи олимпиа­дасынан кейiн спортпен қош айтыспақ. Норвегия­лықтар Эйнарға разы шығар, ол қысқы олимпиада ойындарында 6 рет алтын медаль, әлем чемпионаттарында 19 мәрте алтын жүлде, әлем кубогында 6 рет чемпион атанды. Келер жылы қырыққа толатын спортшы сайыстан-сайысқа дейiнгi аралықта өзiнiң жаттығуда “өртенiп” кететiн айтады. “Мен спортты жеңiспен бастадым, ендi жеңiспен аяқтағым келедi. Өзгелер ойлайтын шығар, мен әлi күнге рақаттанып демалмаппын. Жарыстан жарысты ойлап әбден қалжырадым”, – дейдi   әйгiлi шаңғышы. Ертеректе Бьорндаленнiң 2016 жылы Осло қаласында өтетiн биатлоннан әлем чемпионатына қатысуы мүмкiн екенi айтылған. Атақтан да, спорттан да қажыған атлет үш жылдан кейiн өтетiн   әлем чемпионатынан дәметпейтiн де секiлдi.
 
МАНСАПТАН БАС ТАРТТЫ
Зинедин Зидан спорттық директор деген мансаптан бас тартты. Даңқты футболшыға мадридтiк клуб басшылығы осы қызметтi ұсынғанда кабинетте қамалып, жамбасын креслоға мүжiткiсi келмейтiн Зидан бiрден бас тартқан. Бұған дейiн де осы қызметтi арқалаған Зидан “Реалдың” жасөспiрiмдер командасында бапкерлiк жұмысты қоса атқарып келген болатын.
 
СЕНIМ АҚТАЛСА ИГI
20-26 маусым күндерi ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтедi. Астана қаласында болатын құрлық бiрiншiлiгiне елiмiздiң ұлттық құрамасы қатысады. Бас бапкер Алексей Ни Лондон олимпиадасында айды аспанға шығарып, тау көтерген толағайларды бұл жолғы сайысқа қоспайды. Есесiне, жастарға сенiм артып, кейiнгi буынның бұғанасы қаншалықты қатқанын байқамақ.
Ұлттық құраманың негiзгi атлеттерi әлем чемпионаты мен универсиадаға әзiрленiп жатқандықтан, Ни Астанадағы жаттығу жиынына өзге   атлеттердi шақырыпты. Лондон олимпиадасына қатысқандардан тек Александр Зайчиков (94 келi), Кирилл Павлов (77 келi) және Анна Нұрмұхамбетова (75 келi) ғана Азия бiрiншiлiгiнде сынға түседi.
 
ҚЫЗЫҒАСЫҢ
Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы, бүгiнде ресейлiк “Анжи” клубында ойнайтын Әдiл Ахмедов ендi Англия премьер-лигасында ойнауы әбден мүмкiн. Орыстың “Известия” газетiнiң жазуынша, Ахмедовтi сатып алу үшiн лондондық “Арсенал” клубының басшылары 6 миллион еуро төлемек екен.
“Анжимен” арадағы келiсiмшарт уақыты 2015 жылы бiтетiн футболшыны клуб сататын болса, тек Әдiл ғана емес, күллi өзбек футболы үшiн зор жетiстiк болары сөзсiз. Ахмедов махачкалалық клубтан да көп нәрсе үйренгенiн, әлi де үйренетiнiн айтыпты, бiрақ Англия чемпионатының дүбiрi мүлде бөлек қой.
 
УАҒДАЛАСТЫ
Түрiктiң “Ризеспор” клубында ойнаған Самат Смақов пен қақпашы Давид Лория алматылық “Қайрат” клубының басшылығымен келiсiм­шарт жасасты. Жазғы трансферлiк маусымда алматылық клуб осылайша үш футболшымен бiрнеше жылдық келiсiмге қол қойды. Ендi үш жарым жыл бойы Жамбыл Көкеев, қақпашы Давид Лория, 2015 жылдың соңына дейiн Самат Смақов “Қайраттың” намысын қорғайды.
Спорттық өлшемге салғанда жасамыс тарта бастаған (Самат 34 жас­та) Смақов 2004-06 жылдары “Қайраттың” сапында 91 ойынға қатысып, 15 гол соққан. Тiптi 2004 жылы ел чемпионы да атанған-ды. 
 
ТАҒЫ ТОНАУ
Кәсiпқой бокстың WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған америкалық боксшы Джеймс Пейдж тағы да тұтқындалуы мүмкiн. АҚШ-тың құқық қорғау органы оған “сегiз бiрдей банктi тонады” деген айып тағып отыр.
Пейдж банк тонау қылмысы бо­йынша бұған дейiн де түрмеге түсiп, 10 жыл жазасын өтеген болатын. Түрмеден шыққан соң, былтыр қараша айында спортқа қайта оралғанын мәлiмдеп, әзiрбайжандық Рахман Юсубовқа қарсы жекпе-жекке шыққан. 41 жастағы боксшыны қарсыласы екiншi раундта-ақ нокаутқа түсiрген едi.
 
АҚШ-ТА ДА АБЫРОЙЛЫ
АҚШ-тың спорттық арналарының iшiнде “НВО” телеарнасының шоқтығы биiк. Беделдi арна жуырда жерлесiмiз, кәсiпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкиннiң өмiрi жайлы деректi фильм түсiрдi.
Уақыт көлемi жағынан шағын болғанымен, фильм­ге Головкиннiң жекпе-жекке дайындығы, өзiнiң сұхбаты һәм промоутерiнiң жылы лебiзi енiптi.
Геннадий келесi жекпе-жегiн 29 маусымда британдық Мэттью Маклинге қарсы өткiзедi.
Беттi дайындаған Қуаныш БАЖАҚ
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар