1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (15790) 14 наурыз, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
14 наурыз 2013
Африкаға қағылған қазық

Қазақ күресiнен Африка құрлығындағы елдер арасында чемпионат өттi. Бiр аптаға созылған шараны дүнежүзiлiк қазақ күресi федерациясы ұйымдастырды. Елiмiзден барған бапкерлер, төрешiлер Оңтүстiк Африканың Кейптаун қаласында апталап жатып, ұлттық күресiмiздi осынау құрлықтың ондаған мемлекетiнде тарауына толайым үлес қосып қайтты. “Ары қарай сабақты ине сәтiмен болып”, қолға алған шаруа дөңгелеп кетсе, келбетiн күн қақтаған қаратабан балалар да қазақ күресiн меңгерiп, топқа түсiп, бәйге алуға жарап қалады.

Африка топырағындағы дүбiрдiң қалай өткенiн дүниежүзiлiк қазақ күресi федерациясының президентi Серiк Төкеевтен сұрап бiлдiк.
– Африкаға барып, қонақ болып келдiңiздер. Мейман есе­бiнде бару өз алдына, қазақ күресiнен алты мем­лекеттiң балуандары арасында чемпионат ұйымдастыру оңай шаруа емес, естiп бiз де қуандық.
– Көптен берi көздеп, өткiзудi межелеп жүр едiк, бәрi де бiз ойлағандай ың-дыңсыз жүзеге асты. Африканың 6 мемлекетiнен 30-ға жуық балуан қатысып, 4 салмақта белдестi, жеңiмпаз атанған балуан мен жүлдеге iлiнген спортшыларға қазақ күресiнiң күртешесiне қоса заттай және қаржылай сыйақы үлестiрдiк.
– Бұрын-соңды бұл құрлықта қазақ күресiнен жарыс өтпегенi анық. Желмен жарыс­қан желаяғы көп елге күрестiң “дәнiн” себуге мамандар жi­берiл­дi ме? Әлде африкалықтар бiзге келiп тәлiм алды ма?
– Бiз ертерек барып, жайғас­қан соң, алдымен семинар өткiздiк. Қазақ күресiне баулуға екi мем­лекеттiк жаттықтырушы, төрешiлер ертiп бардық та, олар екi күн семинар, екi күн күрестiң әдiс-тәсiл­дерiн, қалай төрелiк ету керек екенiн үйреттi. Чемпионатқа африкалық төрешiлер өздерi қазылық жасап, барлық шаруаны тындырды. Бiз сырттай бақылап, көрермен ретiнде қатысып келдiк.
Бұған дейiн елiмiзде өткен әлем чемпионаты мен әлем кубогы сынды бәсi жоғары жарыстарға осы құрлықтың бiр-екi елiне шақырту жiберiп, байланыс жасағанбыз. Қазақ күресiнен хабардар болғанының пайдасы тиiп, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
– Чемпионатқа он елден құрама команда келiптi, бiрақ күреске алты елдiң ғана балуандары шығыпты.
– Иә, Оңтүстiк Африка, Зимбабве, Ботсвана, Свазиленд, Габон, Нигерия елiнен келген балуандар күрестi, ал Малави, Конго, Бенин, Кениядан келген спортшылар мен бапкерлер жарысқа бақылаушы есебiнде қатысып, бiраз мағұлматтар алды.
Өздерi тө­ре­лiк еткендерi қызық болды, қазақ күре­сiн­дегi “жамбас”, “жартылай жеңiс”, “таза же­ңiс”, “бүк” деп айтуды тез­-­ақ меңгерiп алды.
– Африка құрлығында ұлттық күрес қауымдастығының пре­зи­дентi сайланыпты, демек, қазақ кү­ре­сiнен осы құр­лықтағы бiр­неше елде федерация ашуға мүмкiндiк туады ғой.
– Қазақ кү­ре­сiнен Африка чемпионаты аяқ­талған соң, FILA (күрес түрлерiнiң халықаралық федерациясы) өкiл­дерiнiң қатысуымен жиналыс болып, Африка құрлығында ұлттық күрес қауымдастығының президентi сайланды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Хоссейн Наркер таға­йындалды. Бiздiң көңiлiмiз өсiп қайтқаны – чемпионатқа қатысқан он шақты елде қазақ күресiнен федерация ашылатын болды. Өздерi солай деп айтып қуантып отыр.  
– “Қазақ күресiн қайтсек олимпиадалық ойындар санатына қоса аламыз” деп жүрген жанның бiрiсiз. Айтуға бәрi оңай, ал iске келгенде, артылар жүктiң салмағы зiл батпан екенiн көрiп жүрсiз. Олимпиада ойындарына қосу үшiн әлi де талай еңбектену қажет екенi тағы да аян. 
– Олимпиадалық спорт түрiне қосылу үшiн халықаралық олимпиа­далық комитеттiң хартиясында жазылған ережеге сәйкес,   кемiнде 4 құрлыққа тұтас тарап, 64-тен аса елде сол спорт кеңiнен насихатталуы қажет. Әзiрге бiз қазақ күресiн Азия мен Еуропаның 30-дан аса елiне үйреттiк, федерация аштық. Латын Америкасының елдерiнде де федерация ашылып, қазақ күресi дамыса деп күш салып жатырмыз. Бүгiнге дейiн бұл құрлықтан тек Бразилияда ғана қазақ күресiнен федерация құрылып, жұмысы жанданып келедi. Алдағы уақытта Америка құрлығының чемпионатын өткiзiп, оннан аса мемлекетiнде федерация ашуды көздеп отырмыз.
– Қазақ күресiнен жуық арада қандай салмақты жарыс өтедi?
– Алматы қаласында жасөс­пiрiмдер арасында Еуразия чемпио­наты ұйымдастырылса, Кореяда жабық кешенде өтетiн Азия ойындарының санатына қазақ күресi де ендi. Кадеттер мен жастар арасындағы әлем чемпионаты Германияда болады. Алдымызда тұрған жауапты сын – келесi жылы өтетiн жазғы Азия ойындары. Осы сайысқа қазақ күресiн енгiзсек, толайым табыс болатын едi. Соған қол жеткiзу үшiн еңбектенiп жүрмiз.
– Германияда өтетiн әлем чемпионатына қанша елден балуан қатысуы мүмкiн?
– 30-ға жуық елден келсе деген үмiт бар. Бәрi қаржыға байланысты, өйткенi әлем чемпионатына келетiн спортшылардың тамағын, жолақысын, бәрiн бiз төлеймiз. Қаражаттан қолымыз қысқа болып жүр, әйтпесе қазақ күресiнен Азия, әлем бiрiншi­лiктерiне қатысуға ықыласы түсiп тұрған елдер көп.
– Сонда қазақ күресiн дамытуға мемлекеттiң қазынасынан, түрлi компаниялардың қорынан ақша бөлiнбей ме?
– Тек елiмiзде өркендету мақсатында ғана мемлекет қазынасынан қаржы қарастырылған. Қазақстан чемпионаты секiлдi жарыстар мемлекеттiң қаржысына ұйымдастырылса, Азия бiрiншiлiгiн, әлем чемпионатын өзге елде өткiзуге кететiн барлық шығынды бiз өзiмiз өтеймiз. Сондықтан қазақ күресiнiң келешекте әлемге таралуына үлес қосып, ұлттық компаниялар да демеу болып, қаржылай қолдаса, жақсы болатын едi.
 
Қазақ күресiнен Африка чемпионатының жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi
60 келi
1 орын – Стефан Филлипс (Оңтүстiк Африка Республикасы) 
2 орын – Таванда Манганганга (Зимбабве) 
3 орын – Вилбур Влул (Оңтүстiк Африка Республикасы)
3 орын – Майкл Пелономи (Ботсвана)
 
70 келi
1 орын – Мусса Анафи (Зимбабве)
2 орын – Абдул Гакем Хаузер (Оңтүстiк Африка Республикасы)
3 орын – Дольфвандер Весшуйзер (Оңтүстiк Африка Республикасы)
3 орын – Сипхо Малаза (Свазиленд)
 
90 келi
1 орын – Эдсон Пиндза (Габон)
2 орын – Джордж Атоеби (Нигерия)
3 орын – Абубакр Петерсен (Оңтүстiк Африка Республикасы)
3 орын – Варрен Коопман (Оңтүстiк Африка Республикасы)
 
90 келiден жоғары
1 орын – Дин Пиетерсен (Оңтүстiк Африка Республикасы)
2 орын – Виктор Гвебу (Свазиленд)
3 орын – Самуэль Амиго Рамаеба (Ботсвана)
3 орын – Кобе Тернта (Оңтүстiк Африка Республикасы)
 
Қуаныш БАЖАҚ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар