1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (15787) 5 наурыз, сейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
5 наурыз 2013
Жемқорлық жойылмай, күрес көгермейдi

Ертеректе насихаттық жұмысы сөнуге айналып, жұрт есiнен шыға бастаған қазақ күресiнiң бойына қайта қан жүгiргенде бәрiмiз де қуандық. Жапондар дзюдосын қалай әлемге әйгiлi еткенi баршаға аян. Күрескенде киетiн спорттық киiм мен күрес кiлемiн арқалап жүрiп әр елге таратып, тiптi су тегiн берiп дамытып алды. Нәтижесiнде әлемде дзюдо күрес түрiнiң iшiнде нөмiрi бiрiншi спорт дәрежесiне кө­терiлдi. Кәрiстер таэквондосының беделiн қалай өсiрдi? Олар да аянбай еңбектендi, табандарын тас тiлсе де, ел-елге төл спортын дәрiптеп, үгiт жүргiздi. Бұл күнде кәрiстердiң ұлттық спорты да олимпиадалық спорт түрiнiң санатында. Орыстар самбосын сондай шырқау биiкке көтермекке талпынып жатыр.

Әрқашанда жазылған алақаннан гөрi жұмылған жұдырық жұмыр әрi шымыр келедi. Күресiмiздi дамыту үшiн осы ұстанымды темiр­қазық етуiмiз керек. Қазақ күресiнен жастар арасында тұңғыш рет әлем, Азия чемпионаты Иранда өттi. Ресейдiң Қазан қаласында болатын бүкiләлемдiк универсиадаға қазақ күресi де қосылды. Мақтануға болады, дәл осылай қарқынды жұмыс атқарсақ, қазақ күресiнiң насихаты артады. Алдымен Азия ойындарының қатарына қоссақ, одан кейiн олимпиадалық спорт түрiне енгiзу аса қиын бола қоймайды.
Әр елдiң төл спорты өз қазанында бұрқ-сарқ қайнауы керек. Мәселен, Жапонияда дзюдодан ел бiрiншiлiгi – аса жоғары бағаланатын жарыстардың бiрегейi, Корея­да таэквондодан ел чемпионатының да бәсi сондай. Ендеше, бiзде де қазақ күресiнен түрлi турнир мен жүлде тiгiлген жарыс әдiл, дау-шарсыз ұйымдастырлуы тиiс. Өкiнiшке қарай, елiмiзде бәрi сөзбен суреттегенде тастай да, iс жүзiнде былыққа белшесiнен батқан ғой. Жемқорлық, ашкөздiк қазақ күресiнiң де тамырына уын сеуiп үлгердi. Бiр ғана мысал, ауданаралық, облыстық, республикалық жарыстарда (әсiресе, мектеп оқушылары арасында) таразыға ақша төлеу дәстүрге айнал­ған. Кiлемге шығар алдында балуанның салмағын өлшегенi үшiн жарысты ұйымдастырушылар ақша алады. Қала бердi қатысудың өзiне ақша талап етедi. Ата-анасы айлығынан жырымдап, “жарыста тамақ алып iш” деп берген азғантай ақшасы бар баланың қалтасына қол салған жемқорлардан не қайыр күтуге болады? Шал­ғайдан жеткенше жолына төлеп шығындалып келген спортшыларға жегiштердiң айтатын уәжi мынаған саяды: “Жарысқа қатысу үшiн берiлген ақша қазақ күресiнiң дамуына жұмсалады”. Ал таразыға тартуға төлейтiн “салықтың” себебiн ешкiм дөп басып айтпайды. Жемқорлық деген жегi құрттың кесiрiнен қаншама талант­ты жеткiншек таразыға төлейтiн, жарысқа қатысу үшiн беретiн “жарнасының” жоқтығынан меселi қайтып жатыр. Мұндай сорақылық баланың жүрегiн тiлiп түседi, жабырқаған жанарынан үзiлген жасты сүртетiн бапкердiң де көңiлiне қаяу салады. Жарысқа жүрердiң алдында сапта тұрған балуандар­ға: “Кiмнiң қаржысы бар сол қатысады” деп айту бапкер үшiн өте қиын. Қарсыласын тулақша лақтыратын жүректi де бiлектi балалардың жiгерi осындай тосқауылдан жасып жатыр. Шынтауайтына келгенде, қазақ күресiнен әр жарысты өткiзудiң ережесiнде “таразыға тарту үшiн ақша төленедi” деп жазылмаған.
Тағы бiр сақаймайтын кесел – бұратартушылық та тым өршiп барады. Жарыс қай облыста өтсе, мiндеттi түрде сол облыстың балуандары бас бәйгенi иемдену керек деген қасаң қағида бекiтедi де, жеңiп тұрған баланы әлсiзге жығып бередi. 
Ұлттық ойындарымыздың бiрi, төл спортымыз қазақ күресiн дамытамыз деп ат үстiнде жүрген ағаларымыз осындай жеуге әуес жемқорлардың жолын жауып тастап отырса, төл күресiмiз биiкке көтерiлетiн едi. 
 
Е.ЫСҚАҚОВ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар