1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №10 (15780) 7 ақпан, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
7 ақпан 2013
“Мен Рахат Әлиев емеспiн ғой...”

АЛТЕКЕҢНIҢ АЙТҚАНДАРЫ

Алтынбек Сәрсенбайұлы футболды жақсы көретiн. Және өзi тәуiр ойнайтын. Алтыкен ағамен бiрге доп тебу бақыты бiзге де бұйырды. 2005 жылдан бастап қастандық жасалғанға дейiн мүмкiндiгiнше әр сейсенбi мен бейсен­бiде Алматыдағы оқушылар сарайының спорт залында “Жас Алаштың” командасымен бiрге борша-боршасы шыға терлеп, футбол ойнап жүретiн. “Көзiл­дiрiк тағып жүрiп те осылай жақсы ойнауға болады екен-ау, ә!” десетiнбiз сонда Ағаның әбжiл қимылына қарап.
2006 жылы Ғалымжан Жақиянов түрмеден босап, Алматыға келдi. Содан бiрер күн бұрын Алтекең: “Жiгiттер, Ғалымжан Алматыға келе жатыр. Қиындыққа мойымаған қайсар азамат қой. Ғалекеңнiң түрмеден босап шығу құрметiне демократиялық күштердiң командасы мен “Жас Алаштың” командасы ара­сында футболдан турнир өткiзейiк”, – дедi. Қуанып қалдық. Мұндай мүмкiндiк туа бермейдi.
“Алтынбек Сәрсенбайұлының қалай ойнайтынын көрiп жүрмiз. Ораз Жандосовтың ойынын да бiлемiз. Өзi қолапайсыздау көрiнгенмен, соққысы жойқын. Қақпаның торын тесiп жiберердей тебедi допты. Болат Әбiлев – болса да ойыншы. Ұстатпайды лыпылдап. До­саев­қа гол соққаны да есте. Ғалымжан Жақиянов қалай ойнайды екен, ә? Егер Ғалекең де Алтекең мен Бөкең сияқты ойнаса, онда бiздi шайнамай жұтатын шығар” деп жiгiттер өзара талқыға салып жiбердiк.  
Күн жексенбi едi. Ғалымжан Жақиянов мiн­ген пойыз екiншi Алматы темiржол вокзалына келiп тоқтаған кезде қарақұрым жұртпен бiрге улап-шулап жүрiп бiз де күтiп алдық. Аяғын жерге ти­гiзбей көтерiп әкетiп, қошеметтеп жатыр Ға­лекеңдi. Сейсенбiде асы­ғып-аптығып оқушылар сарайына жеттiк. Демократиялық күштердiң командасы жаттығуға кi­рiсiп те кетiптi. Алтекең сұқ саусағымен көзiл­дiрiгiн көтерiп қойып, әдеттегiсiнше қалжыңға сүйей қағыта қарсы алды: “Қалай жiгiттер, Демократиялық күштер­дiң командасын көрiп, жүректерiң шайлығып қалған жоқ па?”.
Дейтiндейi бар екен, Ғалекеңмен бiрге “камикадзе” Төлен Тоқтасынов та келiптi. Алтекеңнiң сөзiн құлағы шалып қалды бiлем, қоладан құйғандай төртбақ денелi Төкең бөренедей балтырларының бұлшық етiн бұлт-бұлт ойнатып, допты жарып жiберердей құшырлана тебедi. Апыр-жапыр амандасып болған соң “ұрыста тұрыс жоқ” деп ойынға кiрiсiп кеттiк.
Бөкең – шабуылшы. Алтекең мен Ғалекең – жартылай қорғаушы. Орекең мен Төкең – қорғаныста. Қақпада – Бауыр­жан Байбосын. Ал доп өткiзiп көр!
Әне-мiне дегенше, ылдым-жылдым Болат Әбiлев бiр гол соғып тас­тады. Иiрiп те, шиiрiп те тебетiн Алтекең көп ұзамай екiншi голды тоғытты. Иiнiмiз түсiп кеттi. Командамыздың капитаны Жүкеңнiң (Жүсiпбек Қорғасбек) ебiл-дебiлi шығып жүр. Қауқар көрсете алмай жүрген бiзге ашулы. Жүкеңнiң сөзi қамшы болып, бiрiншi таймның соңына дейiн есептi те­ңестiрдiк, әйтеуiр. “Екiн­шi таймда шаршап қалады, “шалдар” ғой” деп бiз де естiрте қа­ғытып қоямыз үзiлiске кетiп бара жатып.
Онымыз бекер бопты, Алтекеңнiң командасы екiншi таймды сергек бас­тады. Ораз Жандосов пен Төлен Тоқтасыновтан өту мүмкiн емес тiптi. Жарға соғылған толқын секiлдi керi қайта бердiк. Ғалымжан Жақияновтың iшi пысып-ақ қалған екен, қорғаныста да, шабуылда да жүр шапқылап. Оңтайлы сәтте аяғына доп тиген Алтекең бiздiң қорғанысты бұзып-жарып өттi де, дәл қақпаның алдына келгенде Ғалекеңе лып еткiзiп пас бере қойды. Қақпашымыз Алтекең өзi тебедi деп қалса керек, бiр жағына жантая құлады. Ғалекең қақпаның ашық қалған бұрышына допты шiрене тептi. Гол!
Ойын бiтуге санаулы минуттар қалды. Жүкең “гол соқ!” деп аптығымызды қуырып барады. Сәт сайын өзi де кеуделеп қақпаның алдына барып қалады. Ойынның соңы тақағанда амалдап жүрiп есептi теңестiрдiк те, тайлы-тұяғымызбен қорғанысқа жатып алдық. Осылайша Демократиялық күштер мен “Жас Алаш” тең түстi. Ойыннан кейiн бiр командадай болып суретке түстiк (жоғарыдағы сурет).
Тағы бiрде Алтекең бiздiң қақпаға голды бiрiнен соң бiрiн соғып, мысымызды басып тастады. Бiр сәтте бiздiң жiгiттердiң бiрi Алтекең­дi тобықтан қағып жi­берiп, құлатып түсiрдi. Ұстатпайтын ойыншыларды тоқтатудың рұқсат етiлмейтiн тәсiлi ғой. Қайсыбiр ойыншылар секiлдi дөңгелеп жатып алмай, Алтекең орнынан тез тұрды да, жерге түсiп қалған көзiлдiрiгiн қайта кидi. Сiлейiп тұрып қалсақ керек, бiзге қарады да: “Жiгiттер, не тұрыс, ойнамаймыз ба?” – дедi. “Бiр жерiңiздi ауыртып алған жоқсыз ба, Аға? Кешiрiңiз...” деп бiз бәйек болдық. “Ештеңе етпейдi. Ойын барысында ондай-ондай болып тұрады. Рахат Әлиев емеспiн ғой...”, – деп жымиды да, аяғын ауырсынып тұрғанына қарамай допты қақпақылдатып жүгiрiп кеттi.
Ойыннан кейiн жуынып-шайынып алып, Ал­текеңнiң саяси анекдоттарын тыңдау үшiн әдет­тегiдей иiрiлiп есiктiң алдында күтiп тұрамыз. Ол кiсiнiң анекдоттары адам өлтiретiн. Бүгiнгi әңгiме­нiң анекдотқа бергiсiз болатынын iшiмiз сезiп тұр.
Алтекең анекдотпен тұздықтап, елдегi саяси жағдайды сөз қылды. Әңгiме арасында: “Аға, бағана неге “Рахат Әлиев емеспiн ғой” дедiңiз?” – деп сұрадық. Сонда Алтынбек Сәрсенбайұлы: “Астанада жүргенде парламенттiң, үкiметтiң командасымен футбол ойнайтынбыз. Рахат Әлиев те өз командасын алып келетiн. Командасы ұтылып қалса немесе ойын барысында бiреу оны шалып құлатса, пас бермей қойса, ойыннан кейiн Рахат Әлиев әлгi “кiнәлiнi” тапаншамен қуалайды екен. “Рахат Әлиев емеспiн ғой” деген себебiм сол, жiгiттер”, – деп күлдi. Ал бiздiң шек-сiлемiз қатты...
Мiне, осылайша мем­лекетшiл тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлының азаматтығына, қарапайымдылығына, тапқырлығына кезектi рет тәнтi болған едiк.
 
Ерiк РАХЫМ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар