1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №6 (15776) 24 қаңтар, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
24 қаңтар 2013
Өзбек футболын көргенде өзегiң өртенедi

Өзбекстан футбол федерациясының президентi Мираброр Усманов “Спорт” арнасына өз елiнiң футболы турасында сұхбат бердi. Былтырғы жылды қорытындылаған федерация басшысы бiрнеше жетiстiгiне тоқталып, жақсылықтарын тiзiп шықты. Усмановтың мақтанатындайы бар, өзбек футболы былтыр “Fair Play” (әдiл ойыны үшiн) сыйлығын екi мәрте иелендi. Алдымен Азия футбол конфедерациясы (АФК) Өзбекстан құрамасын осы сыйлыққа лайық деп тапты. Артынша ФИФА-ның да таңдауы осы елдiң құрамасына түстi.

Өзбек футболының келешегi кемел, тәуелсiз ел тарихында тұңғыш рет Өзбекстанның 16 жасқа дейiнгi футболшыларынан жасақталған жас­өспiрiмдер құрамасы Азия чемпионатында жеңiске жеттi. 19 жасқа дейiнгi жастар құрамасы Азия құрлығындағы iрiктеу турында жоғары нәтиже көрсетiп, биыл Түркияда өтетiн әлем бiрiншiлiгiне қатысуға мүкiндiк алды. Өзбекстанның ұлттық құрамасының да келесi жылы Бразилияда болатын әлем чемпионатына қатысуға мүмкiндiгi мол. Олар ендi iрiктеу турындағы қалған ойындарында ұпайдан айырылып қалмаса, дүниежүзi төрт жыл зарыға күтетiн әлем чемпионатына тарихта тұңғыш рет ту көтерiп кiредi.
Көршiлес екi елдiң спортында оның iшiнде футболында айырмашылық орасан. Сол айырмашылыққа тоқталып өтелiк. Алдымен ұлттық құрама деген атауына сайма-сай Өзбекстан футболшылары жөнiнде.
 
ҚЫРЫҚ ҚҰРАУ ҚҰРАМА
Өзбекстанның ұлттық құрамасындағы қазiргi футболшылардың ғұмырбаянын сүзiп шықсаң, өзбек ұлты мен Өзбекстанда туғандардан жасақталғанын бағамдап, қызығасың.
Мәселен, ұлттық құрамадағы қақпашылар – Мурод Зухуровтың ұлты – өзбек, Игнатий Несетов Ташкентте туған, Темiр Жораевтың да кiндiк қаны Шахирсабзда тамған.
Қорғаныстағы   футболшы­лардың да көбiнiң ұлты өзбек һәм бәрi дерлiк Өзбекстан топырағында өмiрге келген. Анзур Исмайлов, Шавқат Мулладжанов, Қамолиддин Тажиев, Излом Тухтоходжаев, Акмал Шорахмедов туған елiнiң туын желбiретiп жүр. Үргенiште өмiрге келген Максуд Кә­рiмов те ұлттық құраманың мүшесi. 
Жартылай қорғаушылар жызақтық Жасур Хасанов, ташкенттiк Азиз Хайдаров, Санжар Тұрсынов, шыршықтық (құрама капитаны) Сервер Джепаров, ферғаналық Тимур Кападзе,  Ташкентте туған Алибобо Рахматул­лаев, самарқандық Эркин Бойдуллаев та өзбек футболының өрлеуiне тың серпiн берiп келедi. 
 Шабуыл шебiнде Ұлықбек Бақаев 2001 жылдан берi ұлттық құраманың бетке ұстарына айналған. Бұхарада өмiрге келген Бақаев бiзге де жақсы таныс. Бұл футболшы елiмiздiң iшкi бiрiншiлiгiнде доп тептi. Қостанайлық “Тобылдың”, талдықорғандық “Жетiсу­дың” жейдесiн киген шаб­уылшы 2012 жылдан берi керекулiк “Ертiстiң” сапында жүр. Ташкентте туған татар Марат Бикмаев та 2004 жылдан берi ұлттық құраманың белдi шабуылшысының бiрi. Бекабад қаласында өмiрге келген Камолиддин Мурзоев, Қашқар облысының орталығы Шырақшы қаласында туған Кенжа Тұраевты да бас бапкер құраманың сапына қосқан. 
Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасы ұлттық мүддеден бұрын қу құлқынның қамын күйттеген келiм­сектерден емес, сайдың тасындай сұрыпталған, өзiм дегенге өзегiн жұлып берер өзбек пен өзбек жерiнде туғандардан жасақталғаны қызықтырады. Олар ресми жарыстар мен жолдастық кездесулерде ұлты өзбек футболшыларын негiзгi құ­ра­мға көптеп қосады. 
Қазақ елiнiң құрамасындағы ахуал қандай? Елiмiз УЕФА қатарына қосылған 2002 жылдан берi не үй­рендiк? Не түйдiк? Iлгерi бас­тық па? 10 жыл iшiнде талайдың талауына түскен сүт тiсi азуға айнала қоймаған, қауырсын қанат жас мемле­кеттiң ұлттық құрамасында кiмдер доп теппедi? Құрамада қазақтан гөрi өзге ұлт өкiлдерi басым болды. Әлi күнге сол үрдiс жалғасып келедi. Қазақстанда туса, сөз басқа. Сырттан келiп, сапқа қосылып жүргендер тым құрыса елдiгiмiздiң нышаны Әнұран шырқалғанда осы мемлекеттiң азаматы екенiн түйсiне алмайтыны, түйсiнгiсi келмейтiнi өзегiңдi өртейдi. Егер де келiмсек футболшылар Қазақ елiнiң азаматтығына адалдық танытып, ел футболының ұн­жырғасын бiраз биiкке кө­терсе, мадақ айтар едiк. Қайсы келiмсек футболшы алдаспандай жарқырай ал­ды? Тiл ұшына ешкiмнiң есiмi iлiнбейдi. Бұдан кейiн қалай ұлттық құрама деймiз өзiмiздi алдаусыратып?
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы тiзiмiндегi 28 футболшының оннан астамы ғана қазақ. Жасырып қайтемiз, ойын барысында алаңға негiзгi құрамда 4-5 қазақ футболшысы ғана шығады.
Ұлттық деген атау қоса ерiп жүретiн құрамадағы ойын­шылардың өмiрбаянына қарасаң, шынында да қырық құраудан құралған ұжым екенiне көзiң жетедi. Андрей Сидельников, Михаил Рожков – Мәскеуде, Антон Цирин – Өзбекстанда, Қазбек Гетериев – Балқарда, Анатолий Богданов – Ленинградта, Виктор Дмитриенко – Ресейдiң Краснодар аймағында, Марат Хайруллин – Қазанда, Валерий Коробкин – Волгоградта өмiр­ге келген. Мiне, бiздiң ұлт­тық құрамның мүшелерi.
 
КIМНIҢ ӘЛЕУЕТI ЗОР?
2014 жылы Бразилияда өтетiн әлем чемпионатының iрiктеу турын өзбектер ойдағыдай өткiзiп келедi. Ал­да әлi маңызды үш кездесу тұр. Биылғы жылдың 26 нау­рызында Өзбекстан құ­рамасы өз алаңында Ливан футболшыларын қабылдайды, 11 маусымда Оңтүс­тiк Ко­­реяға барады. Iрiктеу раундының соңғы ойынын 18 маусымда өткiзiп, Ташкентте Катар құрамасына қарсы шығады.
Мирджалол Қасымов бап­­тайтын ұлттық құраманың әлем чемпионатының финалдық ойындарына қа­тысу­ға мүмкiндiгi зор. Өз тобында 5 ойын өткiзiп,            2 ойын­да жеңiске жетсе,    2 мәр­те тең нәтижеге қанағат бiлдiрiп, 1 ойында жеңi­лiске ұшырады. Нәтижесiн­де 8 ұпай жинап, көш басына шығып алды. Оңтүстiк Ко­рея құрамасы мен Катар және Иран футболшыларының еншiсiнде 7 ұпайдан бар. Турнир кестесiнiң соңында 4 ұпаймен Ливан құрамасы тұр.
Өзбектер осы қарқынын үдете түссе, өз тобынан қара үзiп, болмаса екiншi орынмен әлем чемпионатының финалдық ойынына қатысуға мүмкiндiгi мол.
Ал елiмiздiң футболшылары әлем бiрiншiлiгiне iрiктеу турын “С” тобында өткiзiп, Германия, Швеция, Ирландия, Австрия, Фарер құрамасымен бәсекеге тү­сiп келедi. Әзiрге Ирландия футболшыларынан 1:2, Швеция құрамасынан 2:0 есе­бiмен ұтылдық. Өз алаңымызда Австрия құрамасымен тең түсiп, сырттағы ойын­да 4:0 есебiмен есе жi­бердiк. Нәтижесiнде 1 ұпаймен “С” тобында Фарер құ­ра­масынан бiр саты биiк тұрмыз.
Ендi наурыз айында не­мiс­термен екi мәрте кездесу бар. 22 наурызда Астанада Германия құрамасын қабылдасақ, 26 наурызда Алман жерiнде азулы құрама футболшыларымызды сынаққа алмақ. 6 қыркүйекте елiмiзге Фарер футболшылары, 10 қыркүйекте Швеция құрамасы келедi. Мирослав Беранектiң шәкiрттерi 11 қазан күнi Фарер елiне барса, 15 қазанда Ирландия ұлттық құрамасына қарсы ойнайды.
ФИФА-ның биылғы жыл­ғы қаңтар айындағы рей­тингiнде Өзбекстан ұлттық құрамасы 206 мемлекеттiң iшiнде 555 ұпаймен 56-сатыда тұрса, Қазақ елiнiң футболшылары 200 ұпаймен 142-сатыда. Екi ел де ФИФА-ның мүшелiгiне 1994 жылы қатар өткен. Қазақ футболының қазiргi қадiрi осындай күйде.
 
Ж.БАҒАШАР,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар