1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (15734) 30 тамыз, бейсенбі 2012
"Жас Алаштың" спорт беті.
30 тамыз 2012
Винокуров: Ендi олимпиада чемпиондарын дайындағым келедi

Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Азаттыққа сұхбат бердi. Чемпион АҚШ антидопинг агенттiгiнiң велошабандоз Армстронгтың “Тур де Франстағы” жетi жеңiсiн жойғанына қатысты пiкiрiн де бiлдiрдi.

“Ендi Қазақстанда велоспортты дамыту үшiн жұмыс iстеймiн. Жас, талантты спортшылар бар. Осыдан екi жыл бұрын “Астана-2” командасын құрған едiк. Оның құрамында Арман Камышев, Алексей Луценко, Мақсат Аязбаев, Нұрболат Құлымбетов, Руслан Тiлеубаев сияқты азаматтар бар. Олардан көп үмiт күтемiн. Менiң iзiмдi басып, алдағы жарыстарда жүлде алуға күштерi жетедi” деп бастады әңгiмесiн олимпиада чемпионы.
– Биылғы маусымды қорытындыласақ...
– Мамырда Максим Иглинский “Льеж-Бастон-Льеж” веложарысында жеңiске жеттi. Түркия турында жас велошабандоз Александр Дьяченко жалпы есепте 2-орын алды. “Астана” командалық сында топ жарды. Жалпы, жыл басында олимпиадаға төрт жолдама алсақ деп ойлағанбыз. Бiрақ мақсат орындалмады. Дегенмен оған өкiн­беймiз. Бастысы – олимпиада алтыны Қазақстанға бұйырды. Ендi қыркүйектiң 19-ы мен 25-i аралығында Голландияда әлем чемпионаты өтедi. Сол жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысады. Асан Базаев пен Максим Иглинский бұл бiрiншiлiкке қатысатындардың қатарында бар. Жақсы нәтиже күтемiз.
– Сiз спорттық карьераңызда бiрқатар жеңiс­ке жеттiңiз және бiраз қиындықты да көрдiңiз. Спорттағы жолыңызды еске түсiрсеңiз...
– Былтыр “Тур де Франс” көпкүндiгiнде қатты жығылып, жарақат алдым. Балдақпен жүрiп, бiрнеше операцияны басымнан өткердiм. Тiптi менi қатардан сызып тастағандар да көп болды. Бiрақ өзiме сенiп, олимпиада жүлдесiн ұттым. Лондон олимпиадасы менiң есiмде мәңгi қалады. 200-ден астам шабандоз 200 шақырымдық жарыста жүлде үшiн таластық. Жарысты жарты мил­лион адам тамашалады. Ағылшындар “Тур де Франста” жеңiске жеткен Брэдли Уиггинс пен сол жарыста екiншi орын алған Кристофер Фроомды алтын медаль алады деп ойлады. Маған Лондон жарысында командаласым Асан Базаев үлкен көмек көрсеттi. Бұл жеңiс екеу­мiз­ге ортақ. 2007 жылы допинг дауына iлiктiм. Соның кесiрiнен Пекиндегi олимпиадаға қатыса алмай қалдым. Допинг шектеуi бiттi. Екi жыл жарыстарға қатыспасам да, жаттығудан  жалықпадым. Көп мамандар мен қарсыластарым “Винокуров психологиялық тұрғыдан қажыды, ендi  велоспортқа  оралмайды” деп болжады. Бiрақ мiне сол қиындықтың барлығы артта қалды.  Кейде жан досым Андрей Киви­левтiң қазасын ойласам, көзiме жас толады (Қазақстандық шабандоз Кивилев 2003 жылы “Париж-Ницца” жарысы кезiнде құлап, қайтыс болған едi – ред.). Кей кезде жанкүйерлердiң үмi­тiн ақтай алмаған кездерiм де болды. 2004 жылы Афина олимпиадасында менен жұрт жүлде күттi. Бiрақ үздiк ондыққа да ене алмай қалдым. Азия ойындарының алтыны да бұйырмады. Дегенмен барлық сәт­сiздiктерiмдi Лондонның алтыны ұмыттырды.
– Қазақстандық жоба – “Астана” командасында қазақстандық шабандоздардың санын кө­бей­ту ойда бар ма?
– “Астана” –  әлемдiк жоба. Және бұл команданы шетелдiк шабандоздарсыз елестету мүмкiн емес. Алдағы уақытта қазақстандық және шетелдiк спортшылардың санын тең ұстаймыз. Негiзi, Қазақстан велоспортшыларын ендi Рио де Жанейродағы олимпиадаға дайындаймыз. Олимпиада ойындарынан жүлде алуды дәстүрге айналдырсақ деймiз.
– “Астана” командасы биылғы әлемдiк “Джи­­ро де Италия”, “Тур де Франс” көпкүндiк­терiнде жақсы нәтиже көрсете алған жоқ. Келер жылы осы олқылықтың орнын толтыра аламыз ба?
– Оныңыз рас. Алайда былтырғы жылмен салыстырғанда команданың нәтижесi жақсарып қалды. Биыл бұл iрi жарыстарда команда мүшелерi жүлделi орынға iлiге алмаса да, алға қойған мақсаттардың бiразын орындады. Мәселен, “Астана” мүшелерi “Джиро де Италияда” екi кезеңде жеңiске жетсе, “Тур де Франста” команда көшбасшысы Янец Брайкович алғашқы ондыққа ендi. Жаңа маусымда командаға әлемдегi мықты спортшылар келедi. Қазiр италиялық Винченцо Нибали (2010 жыл­ғы “Вуэльта” көпкүндi­гiнiң жеңiмпазы) командамен келiсiмшарт жасасты.
– Олимпиада ойындарынан кейiн чемпиондарға деген  халықтың құрметi ерекше. Сiзге жа­қында Солтүстiк Қа­зақстан облысының әкiмдiгi полиция подпол­ковнигi шенiн бердi. Және Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия университетiне магистратураға түстiңiз...
– Иә, халықтың құрме­тiне рақмет. Ендi бапкерлiк­пен айналысамын. Спортшы ретiнде олимпиада алтынын алдым. Алдағы уақытта бапкер ретiнде олимпиадада жеңiске жетсем дей­мiн.
– АҚШ антидопинг агенттiгi белгiлi велошабандоз Лэнс Армстронгтың “Тур де Франстағы” жетi бiрдей жеңiсiн жойды. Армстронгты “допинг қолданып, өзге спортшылардың да рұқ­сат етiлмеген дәрiнi қолдануына себеп болған” деп айыптап отыр. Сiздiң бұл жағдайға қатысты пiкiрiңiз қандай?
– Бұл – велоспортқа өте үлкен соққы. Және “Тур де Франстың” имиджiне де керi әсерiн тигiзетiн жағдай. Әрине, өкiнiштi... Велоспорт допингтiң кесiрiнен үлкен зардап шегуде. Армстронгтың жетi жыл төккен терi далаға кеттi. Оның қазiргi жағдайын жақсы түсiнем. Бiрақ ол бәрiбiр әлем жанкүйерлерiнiң алдында батыр болып қалмақ.
– 2005 жылы “Тур де Франс” көпкүндiгiнде Армстронг бiрiншi, Сiз үшiншi орын алдыңыз. Ендi Армстронгтың барлық жеңiстерi жойылса, Сiз үшiншi орыннан екiншi орынға көтерiлесiз...
– Үшiншi орыннан екiн­шi орынға көтерiлу мен үшiн маңызды емес... Винокуров “Тур де Франс” жарысының үшiншi орын иегерi болып қала бередi.
Сұхбат соңында олимпиада чемпионы 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап “Астана” командасындағы жаңа қызметiне кiрi­се­тiнiн мәлiмдедi. Бiрақ Винокуровтың бұл командадағы ресми қызметi әзiрге белгiсiз. Ақпараттар бойынша, ол “Астана” командасының бас менеджерi болуы мүмкiн деген болжам бар.
 
Қадiрлi оқырман, мақалаларға қатысты пiкiрiңiздi azattyq.org сайтының форумына жазып қалдыруыңызға болады.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар