1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 65 (15731) 21 тамыз, сейсенбі 2012
"Жас Алаштың" спорт беті.
21 тамыз 2012
АТАҚТЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫНЫҢ АҚЫРЫ

Билл Шенкли – футбол командасын жаттықтырушы ретiнде өзiндiк қолтаңбасын қалдырған тұлға. Оның аты жалпақ жұртқа ағылшын футбол клубы “Ливер­пульдiң” жаттықтырушысы ретiнде жақсы танымал. Ол екiншi дивизиондағы ойыншыларды аса шебер футболшы етiп, одан Англияның ең мықты командасын жасақтады. “Ливерпульдi” әлемге танытқан да, үлкен жетiстiктерге жетуiне ықпал еткен де – осы Билл Шенкли болатын.

Билл Шотландияның Гленбак ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында туған Биллдiң балалық шағы қиыншылықта өттi. Өзiнен үлкен бес ағасы жастайынан футболмен әуестенiп, доп тебуден қолдары босамайтын. Алайда ағаларының футболдан тапқан пайдасы мардымсыз болды. Тоғыз баланың ортасында өскен Биллдiң басты арманы футбол саласында өзiнiң ерекше қолтаңбасын қалдыру едi. Осы мақсатының жолында ерiнбей еңбектенген ол Шотландияның құрама командасындағы мықты ойыншылардың бiрiне айналды. Өкiнiшке қарай, бес матч қана ойнап үлгерген Биллдiң футболшы болсам деген арманы орындалмады. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталып кеттi.

1949 жылы Билл Шенкли “Карлейл Юнайтед” клубына жаттықтырушы болып қабылданады. Ә дегеннен-ақ ол өзiнiң көптеген мүмкiндiктерi мен қабiлеттерi барын дәлелдейдi. Өзге жаттықтырушылардан Биллдiң ерекше қасиетi – спортшылардың психологиясына жете мән беруiнде едi. Басқа жаттықтырушылар футбол басталар алдында ұзақ-сонар баян­дама оқып, ойыншыларды алаңға шығуға дайындап жатқанда, бұл дауыс ұлғайтқышпен жанкүйерлердiң көңiлiн көтерiп, футболшыларға қолдау көрсетуiн сұрап сәлем жолдайтын.

Екi жылдан кейiн Билл күтпеген жерден “Уоркингтон Таун” клубына жаттықтырушы болып барады. Бұл команда құрып кетудiң аз-ақ алдында тұрған едi. Үшiншi дивизион­ға түскен осы футбол командасын жаттықтыру барысында оның тәжiрибесi шыңдалып, бiлiктiлiгi арта түседi.

1959 жылдың желтоқсанында «Ливер­пульдiң» президентi Том Уильямс жаттықтырушы Билл Шенклидi өзiне жұмысқа шақырады. Көрсеткiш дәрежесi әбден төмендеген бұл команданың ең ақыры жаттығу базасы да, футболшыларының материалдық жағдайы да мәз емес едi. Сол шақтарда Шенклимен бiрге Джо Фэган, Рубен Беннетт және Боб Пейсли сияқты майталмандар бiрлесе жұмыс iстедi.

Футболшыларға мейлiнше жағдай жасауға күш салған Билл олардың тiптi ойын алаңдарына дейiн үлкен мән беретiн. Ерен еңбегiнiң арқасында 1961-62 жылғы маусымда «Ливерпульдi» Еуропа бiрiншi­лiгiнде жеңiске жеткiздi. Осыдан кейiн футбол клубының атақ-даңқы аспандап, еурокубокқа жол ашылды. Жартылай финалға дейiн көтерiлген “Ливерпуль” сол жолы миландық “Интерден” жеңiледi. 1965 жылы «Ливерпуль» тарихта алғаш рет Англия кубогын жеңiп алды. Әйткенмен, осы жеңiске малданды ма, белгiсiз, Билл және оның командасы тым босаңсып кетедi. Сол себептi, жоқ әлде басқа да себебi бар ма, “Ливерпуль” 1960 жылдың соңында ешқандай мықты нәтиже көрсете қоймайды. 1970 жылы “Уотофорд” командасынан ойсырай жеңiлгенде барып, Билл өзiнiң мүлт кеткенiн мойындайды. Осылайша “Ливерпульдiң” құрамы жаңарып, қатары Рей Клеменс, Ларри Ллойд, Джон Тошак, Стив Хайвей және Брайан Холл тәрiздi ойыншылармен толығады. 1973-74 жылдар Шенкли үшiн жемiстi ғана емес, жетiстiкке толы жылдар болды. “Ньюкасл­мен” алаңға шыққан “Ливерпуль” қарсыласын 3:0 есебiмен жеңiп, атағы асқақтады. Көп ұзамай, Билл Шенкли жаттықтырушы болудан өз еркiмен бас тартады. Қалған өмiрiн отбасымен бiрге өткiзген оның “Футбол – не өмiрдi, не өлiмдi таңдатқызатын дүние емес, бұл – олардан да жоғары тұратын маңызды нәрсе” деген сөздерi ағылшын футболының тарихында алтын әрiппен жазылып, кейiнгiлерге өсиет болып қалды.

 

Самал МӘДИ.

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар