1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (15730) 16 тамыз, бейсенбі 2012
"Жас Алаштың" спорт беті.
16 тамыз 2012
Ақжүрек ТАҢАТАРОВ, Лондон олимпиадасының қола жүлдегерi: Кумарды тұқырту қиын болды

Лондон олимпиадасында кү­рес түрлерiнен (грек-рим, еркiн, әйелдер күресi) 18 салмақ дәрежесi бойынша тiгiлген 72 медаль үшiн балуандар белдестi. Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы 4 алтын, 2 күмiс, 5 қола медальмен көш басына шықты. Екiншi орында – Жапония бал­уандары, олар 4 алтын, 2 қола медаль иелендi. Үздiк үштiктi 3 алтын, 1 күмiс, 2 қола медаль олжалаған Иран балуандары түйiн­дедi. Үш қола медальға қол жеткiзген Қазақ елiнiң балуандары 28 елдiң iшiнде 19-сатыға орнықты.

Сейсенбiнiң таң алакеуiмiнде Алматы әуежайында Лондон олимпиадасынан оралған елi­мiздiң еркiн күрестен ұлттық құрама мүшелерiн жанкүйерлер қошеметпен қарсы алды. Әсiресе, үш олимпиада ойындарында қазақтың балуандары жалына қолын тигiзе алмай келген медальдi иеленген Ақжүрек Таңатаровқа алабөтен көңiлi мен ықыласын көрсеткен көпшiлiк балуандар мен бапкерлердiң құшағын гүлге толтырды.
Әдеттегiдей журналистерге арнап баспасөз конференциясын өткiзген Таңатаров қола жүл­денiң қандай қиындықпен кел­генiн ақтарыла әңгiмелеп бердi.
– Ақжүрек, жеңiсiң құтты болсын! Сенiң кеудеңдегi қола медаль қазақ елi үшiн алтыннан кем емес. 16 жылдан берi уысымыздан сусып кетiп жүрген жүлденi халқыңа тарту еттiң. Арқаңнан аманат пен ауыр жүктiң түскенiн бiлемiз. Тiлекшi жұртыңа ХХХ жазғы олимпиада ойындарының қалай өткенiн айтып берсең.
– Әрбiр спортшының алдындағы ең үлкен мақсат-мұраты Олимпиада ойындарында топ жарып, жүлде алу. Еркiн күрес үйiрмесiне жазылған күннен бастап, алдыңғы буын ағалардың жетiстiгiне масаттанып, бiз де солардың биiгiн бағындырсақ деп армандадық. Бейжiңге жолымыз түспедi, арманым Лондон кiлемiнде орындалды. Көңiл-күйiм жақсы, ақ жол тiлеп аттандырған елiме құралақан кел­мегенiме тәубе деймiн.
– Жартылай финалдағы бәсекенi көрiп, өкiнiш өзегiмiздi өртедi. Сенiң қимыл-қозғалысың мен күш-қайратыңа қарап, финалға еркiн шығатыныңа сенiмдi болдық. Бiрақ үндiстандық балуан көзiңдi шұқыды, құлағыңды тiстедi, ақыры финалға өтiп кеттi.
– Менiң де көкейiмде бұл кездесу ұзақ уақыт ұмытылмайтыны сөзсiз. Финалда белдесе­тiнiме сенiмдi болғам. Алайда кiлемдегi төрешi Сушил Кумардың оспадар қылығын көрме­генсiп, жығып бердi.
– Дегенмен де, үшiншi айналымда 3:0 ұпай айырмасымен ұтып жаттың да, кезеңнiң аяқталуына небәрi 50 секунд қалғанда күшiң сарқылды ма, босаңсып сала бердiң. Ал қарсыласың мұныңды ұтымды пайдалана бiлдi.
– Иә, финалға шыққанда бәрi басқаша болар ма едi. Қазақ елiнiң қоржынына сегiзiншi алтынды салғанда ғой. Кумарды Астанада өткен лицензиялық турнирде айқын басымдықпен ұтқанмын. Бiр жарыста жықсаң, ол сенiң қарсыласыңнан үнемi үстем екенiңдi бiлдiрмейдi. Олимпиада ойындары – турнир бiткеннiң төресi. Оған әркiм де үлкен дайындық пен тәжiрибеден өтiп келедi. Кумардың әлеуетi зор болды бұл жолы. Тактикалық тұрғыдан қателестiм де, жеңiстi ұстатып жiбердiм. Егер мен уақыт өткiзiп, қарсыласымның әдiс жасауына мүмкiндiк бермей қойғанда финалға шығып кетер едiм. Олимпиада ойындарындағы ең қиын белдесуiм осы үндiстандыққа қарсы өттi.
– Лондондағы қарсыластарыңмен бұған дейiн белдескен шығарсың?
– Түрiк Рамазан Шахинмен бұдан бұрын да күрескем. Сол кезде жiберген есе мен кеткен кемшiлiктi бапкерлерiмнiң бiлiгi­нiң арқасында түзеп, есемдi қайтардым. 
– Күреске қалай келдiң? Интернетте балаларының есiмiн “Ақжүрек” атағысы келетiндердiң саны күрт артыпты. Есiмiңдi кiм қойды?
 – Әкемнiң қалауымен, еркiн күреске жазылдым. Елiшiлiк жарыста, турнирлерде бiрден жолым бола қойған жоқ. Алтай Танабаев көп балуанның iшiнен танып, ұлттық құрама сапына шақырды. Кемшiлiктерiмдi түзедi, шыңдады, қайрады.
Есiмiмдi де әкем қойған.
 
Алтай Танабаев, еркiн күрестен ұлттық құраманың бас бапкерi:
АҚЖҮРЕК ӘЛЕМ, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНДАРЫМЕН БЕЛДЕСТI
– Жетi балуан да жаман күрескен жоқ. Қолдан не келедi, шама-шарқы қаншалықты екенiн Олимпиада кiлемiнде көрсеттi. 55 келi салмақта Дәулет Ниязбеков пен 120 келiдегi Дәулет Шабанбай қола жүлде үшiн белдесуде медальдан айырылып қалды.
Ақжүрек қола медальға тартыста түрiк балуанымен күрестi. Сол түрiк – төрт жыл бұрын Бейжiң олимпиадасында алтын медаль иеленген, әлем чемпио­ны. Үндiстандық балуан да – әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегерi. Сондықтан Лондонға осал, боркемiк балуан бармайтыны белгiлi. Жiгiттердiң кейбiрi тактикалық тұрғыдан жиi қателестi. 
 
Руслан Өмiрәлиев, ұлттық құраманың аға бапкерi:
КЕМ-КЕТIКТI БҮТIНДЕЙМIЗ
– Өздерiңiзге белгiлi, 1996 жылы Мәулен Мамыров қола медаль алды, 2000 жылы Сиднейде отандасымыз Ислам Байрамуков күмiс медальмен оралды. Мойындауымыз керек, Бейжiң олимпиадасының күмiс медалiн олжалаған Таймураз Тигиев – Осетияда күрестi үйренген, осетин күрес мектебiнiң түлегi. 120 келiде қола медальға қол жеткiзген Марид Муталимов Дағыстанның еркiн күрес мектебiнде тәлiм алған. Ал Ақжүрек Таңатаров – қазақ күресiнiң ұстаханасынан шыққан балуанымыз. Барлық бапкерлердiң еңбегiнiң өтеуi осы жалқы медаль.
55 келiде белдескен Дәулет Ниязбеков пен 60 келiдегi Дәурен Жұмағазиев былтыр әлем чемпионатынан қола медальмен оралған. Халық екеуiнен де жүлде күттi, үмiт артты. Балуандардың бәрi аянып қалған жоқ. Ендi бiз кiмнiң қандай кемшiлiгi бар, осал тұсы қайсы, сол олқылықты бүтiндеуге күш саламыз.
Жетi балуанның бiреуi қола медаль алса, екеуi 5-орынға тұрақтады, бұған да шүкiрлiк етемiз.
 
Жаңаберген ҚАРМАНДАЕВ, ҚР күрес федерациясының бас хатшысы:
ТӨРЕШI МЕН БАПКЕРЛЕР КӨРМЕЙ ҚАЛДЫ
Жартылай финалда Кумар Ақжүректiң құлағын қыршып алғанын бiз де көрдiк. Бiрақ кiлемнiң шетiнде отырған бас бапкер Алтай Танабаев пен аға бапкер Руслан Өмiрәлиев үндiстандықтың күрес ережесiне кереғар әрекетiн байқай алмаған. Кiлем үстiндегi қазы да бiлмегенсiп, белде­судi тоқтатпады. Егер бiздiң бапкерлер тiстеген шақта кiлемге төрт­бұрыш­ты челенждi тастаса, күрес тоқтап, төрешiлер экраннан қайталап байқайтын едi. Бiздiң күрес федерациясының басшылығы халықаралық күрес қауымдастығына (ФИЛА) шағымхат түсiрдiк. Қауымдастықтың прези­дентi Рафаэль Мартинетти күрес ережесiнiң жарғысына сәйкес бапкер ортаға дер шағында төртбұрышты лақтырмағандықтан, қайта қаралмайтынын айтты.
 
ЕРКIН КҮРЕСТЕН ЛОНДОНДА ӨТКЕН ХХХ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРI
 
55 келi.
1. Жамал Отарсұлтанов (Ресей),
2. Владимир Хинчегашвили (Грузия),
3. Ян Ген Иль (Солтүстiк Корея), Синьити Юмото (Жапония).
 
60 келi.
1. Тоғрул Аскеров (Әзiрбайжан),
2. Бесик Кудухов (Ресей),
3. Коулмен Скотт (АҚШ), Йогешвар Датт (Үндiстан).
 
66 келi.
1. Тацухиро Енэмицу (Жапония),
2. Сушил Құмар (Үндiстан),
3. Ақжүрек Таңатаров
(Қазақстан),
Ливан Лопес (Куба).
 
74 келi.
1. Джордан Барроуз (АҚШ),
2. Саид гударзи (Иран),
3. Денис Царгуш (Ресей), Сослан Тигиев (Өзбекстан).
 
84 келi.
1. Шариф Шарифов (Әзiрбайжан),
2. Хайме Эспиналь
(Пуэрто-Рико),
3. Дато Марсагишвили (Грузия),
Эхсан Лашгари (Иран).
 
96 келi.
1. Джейк Варнер (АҚШ),
2. Валерий Андрейцев
 (Украина),
3. Хетаг Гозюмов (Әзiрбайжан),
Георгий Гогшелидзе (Грузия).
 
120 келi.
1. Артур Таймазов
(Өзбекстан),
2. Давид Модзманашвили (Грузия),
3. Комейл Гасеми (Иран), Билял Махов (Ресей).
Дайындаған – Қуаныш БАЖАҚ.
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар