1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (15723) 19 шілде, бейсенбі 2012
"Жас Алаштың" спорт беті.
19 шілде 2012
Спорт жаңалықтары

ӘЙГЕРIМНIҢ ТҰҢҒЫШ ОЛИМПИАДАСЫ

Лондон олимпиадасында синхронды суға жүзуден Әйгерiм Жексембинова Анна Кулькинамен жұптасып, елiмiздiң намысын қорғайды. 18-дегi Әйгерiмнiң бұл тұңғыш олимпиадасы. Олар төрт жылда айналып соғатын спорт додасының жолдамасын биылғы жылдың сәуiр айында өткен бiлiктiлiк турнирiнде иеленген болатын. Синхронды жүзудiң техникалық және ерiктi әдiсi бо­йынша өткен сайыста 14-орынға тұрақтап, Лондон олимпиадасында әлемнiң үздiк 24 жүзушi жұбымен жарысуға мүмкiндiк туды.
Бала күнiнен Олимпиада ойындарына қатысып, чемпион атануды арман еткен Әйгерiм 2006 жылы Катардың Доха қаласында өткен Азия ойындарында 4-орын алды, 2010 жылы Гуанжоуда өткен Азия ойын­дарында қола жүлдеге қол жеткiздi. Былтыр Шанхайда ұйымдастырылған әлем чемпионатында 10-сатыға орнықты.
Әйгерiм мен Анна жұбына артылар сенiм мен үмiттiң салмағы зiлбатпан.
Сиднейде Галина Каримова мен Галина Шатная жұбы синхронды жүзуден сынға түсiп, 22-сатыға тұрақтады. 2004 жылы Афины олимпиадасын Әлия Кәрiмова мен Арна Тоқтаған 18-орынмен аяқтады. Бейжiңде Айнұр Керей Арна Тоқтағанмен тiзе қосып, 20-сатыны мiсе тұтты. 
 
ЛОНДОНҒА ҚАНША АТТАС БАРАДЫ?
Лондон олимпиадасына қатысушы спортшыларымыздың арасында қандай есiм көп екенiн санамалап шықтық.
Тау тұлғалы Нұрмахан Тiнәлиев ту ұстап, бастап баратын Қазақ елi құрамасының iшiнде Ольга есiмдi арулар көп. Лондонда Ольга Довгун (винтовка), Ольга Рыпакова (үш аттап секiру), Ольга Блудова (100 метрге жүгiру) сынға түседi.
ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында елiмiздiң намысын ерлi-зайыпты спортшылар да қорғайды. Үш аттап секiруден Евгений Эктов ерлермен, әйелi Ирина Эктова қыздар арасында сайысқа шығады.
Онсайыстан Афины олимпиадасының қола жүлдегерi Дмитрий Карповпен бiрге жары Ирина Карпова да Лондонда жетiсайыстан жарыс жолына шығады.
 
ЖАС ТА, ЖАСАМЫС ТА БАР
Жазғы олимпиада ойындарына қатысушы қазақ спортшыларының iшiнде жасы егдесi – Ольга Довгун. 1 қыркүйекте 42-ге толатын мергеннiң бұл – төртiншi олимпиадасы. Довгун 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы олимпиадада қысқа калибрлi тапаншамен 50 метр қашықтықтан көздеп атуда 7-сатыға, пневматикалық тапаншамен 10 метр қашықтықтан көздеуде 12-23-орынды мiсе тұт­ты. 2004 жылы Гре­кия астанасында өт­кен додада тапаншамен 50 метр қа­шық­тықтан атудың үш жаттығуы қорытындысында 4-сатыға орнықты. Ал төрт жыл бұрын Бейжiңде Ольга 6-орынға тұрақтады.
Құраманың ең жас атлетi – Мөлдiр Әзiм­бай. 17-ден асқан Мөлдiр спорттық гимнастикадан сайысқа түседi.
 
ТӘУЕЛСIЗДIКТIҢ ҚҰРДАСТАРЫ
Жазғы олимпиадаға тәуелсiздiкпен түйдей құрдас жетi бiрдей қазақ спортшысы барады. Спорттық жүрiстен 20 шақырым жолда жарысқа түсетiн егiздер Айман мен Шолпан Қожахметова, боксшы Данияр Елеусiнов, таеквондошы Феруза Ергешова, дзюдошы Ислам Бозбаев, жеңiл атлет Ольга Блудова, сырықпен секiрушi Никита Филиппов – 1991 жылы өмiр есiгiн ашқан.
Қытайдан қоныс аударып, қазақ азаматтығын алғанына көп болмаған ауыр атлет Фархад Харки де – Тәуелсiздiкпен түйдей құрдас.
 
БЕКЗАТТЫҢ БИIГIН БАҒЫНДЫРА АЛСАҚ
Сиднейде Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпио­ны атанды. Алғашқы айналымда румын боксшысы Бобирнат Овиду-Тибериудi 14:5 есебiмен, екiншi айналымда оңтүстiкафрикалық Джеффри Матебуланы 16:5, ширек сында түрiк Рамазан Палианидi 12:11 нәтижесiмен еңсердi. Мароккалық Тахар Тамсаманидi жартылай финалдық сында 22:10 нәтижесiмен тұқыртты. Олимпиада чемпионы атағы үшiн жекпе-жекте америкалық Рикардо Хуарестi 22:14 есебiмен тiзерлеттi.
Бекзат Сиднейде алтын медаль олжалағанда жиыр­мадан 5 ай, 27 күн асқан болатын. Ал Лондон олимпиадасына қатысушы Мырзағали Айтжанов баптайтын бокстан ұлттық құрамадағы 9 боксшының жасы 21-ден асқан.
 
ЖАПОНДЫ ЖЕҢСЕК...
Украиналық бапкер Александр Гутор баптайтын елi­мiздiң волейболдан қыздар ұлттық құрамасы Вьетнамда басталған халықаралық сайыста екiншi кезде­суiн жеңiс­пен аяқтады деп хабарлайды елiмiздiң волейбол федерациясы.
“Вьетнам теледидарының кубогы” деп аталатын халықаралық сынның екiншi турында Сана Жарылғасова бастаған қыздар Солтүстiк Кореяның қыздар құрамасын төрт сетте 3:1 есебiмен жеңдi. 
Бүгiн ұлттық құрама Жапония волейболшыларының қарымын байқап көредi. Турнирдi жеңгенге кубокпен қоса 8 мың АҚШ доллары көлемiнде сыйақы берiледi.
А.Гутор құраманың екiншi оқу-жаттығу жиынын осы Вьетнамда өткiзiп, құрамаға мына спортшыларды шақыр­ған болатын: Сана Жарылғасова, Ирина Лукомская, Татьяна Афанасьева, Елена Гордеева, Людмила Исаева (“Алматы” волейбол клубы), Ольга Наседкина, Коринна Ишимцева, Людмила Анар­баева,   Марина Стороженко, Ирина Шенбергер (“Же­тi­су”), Ольга Карпова, Юля Куцко (“Астана”), Инна Матвеева (“Ертiс-Қазхром”), Алена Омельченко (Канада).
 
КЕНШIЛЕР СҮРIНДI
Футболдан былтырғы ел чемпионы қарағандылық “Шахтер” УЕФА Чемпиондар лигасының iрiктеуiне екiншi кезеңнен қосылып, жеңiлiске ұшырады. Чехияның “Слован” клубымен сырт алаңда кездесiп, 0:1 есебiмен жол бердi. Кеншiлердi тiзерлетуге сеп болған жалғыз голды 23-минутта Гадашчок соқты. Қарымта ойын 24 шiлде күнi Қарағанды қаласында өтедi.
Дайындаған – Қуаныш БАЖАҚ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар