1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18-19 (15684-85) 6 наурыз, сейсенбі 2012
"Жас Алаштың" спорт беті.
6 наурыз 2012
Алда – азия чемпионаты

Қыздар боксы да Олимпиадалық ойындар санатына қосылғалы осынау спорт түрiне нәзiкжандылардың қызығушылығы артып келедi. Тек бiздiң елiмiзде ғана емес, әлемнiң әр түк­пi­рiнде қыздар боксының тамыры бiлеу-бiлеу болып тереңге бойлап барады. 1904 жылы АҚШ-та өткен Олимпиада ойын­дарына қыздар боксы да қосылғанымен, көпшiлiк арасына сiңiстi бола қоймағандықтан көрер­мен­дi қызықтыра алмады. Сондықтан Олимпиада ойындары санатынан сызылып қалды. Арада 108 жыл өткенде қайта жанданып отыр.

Қазақ қыздары да бокс көшiнiң бел отасында келедi. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн 2010 жылы Астанада өткен Азия чемпионатындағы нәтижеге тағы бiр көз салып көрелiк. 11 салмақ дәрежесi бойынша өткен Азия чемпионатында бiздiң боксшы қыздар 4 алтын, 1 күмiс, 3 қола медаль олжалады. 15 елдiң боксшылары қатысқан құрлық бiрiншiлiгiнде қазақ қыздары Азия мықтыларының аптығын басқан болатын.
2005 жылдан берi Халықаралық олимпиадалық комитетке ұсынылып, үнемi елеусiз қалатын қыздар боксы ақыры Олимпиадалық ойындар санатына қосылды. Ендi Лондон Олимпиа­дасында 51, 60, 75 келi салмақ дәрежесiнде боксшы қыздар да медальға қол жеткiзудi мұрат етедi. Бұл сыннан қазақ елiнiң боксшы қыздары да үмiттi.
Елiмiздiң бокстан қыздары құрамасы Лондон Олимпидасаның жолдамасы сарапқа салынатын әлем чемпионатына дайындықты Алматының iргесiндегi Бәйтерек ауылында пысықтап жатыр. Әзiрге мамыр айында Қытайда болатын әлем чемпионатына кiмдердiң қатысатыны белгiсiз. Қытайға бармас бұрын бұрымдылар наурыз айының бел ортасында Моңғолияға аттанып, Азия чемпионатына қатысады. Қос бiрдей бәсекеде биiктен көрiну үшiн жаныға жаттығу жасап жатқан боксшыларды төл мерекелерiмен құттықтай барып, тiлдесiп қайттық.
 
Назым Қызайбай, әлем чемпионатының қола жүлдегерi:
БОКСТЫ ҚОЙСАМ, БАПКЕР БОЛАМ
– Қыздардың бiр-бiрiн төпелеп ұруы сырт көзге оғаш көрiнедi. Сенiң боксшы болам деген арманыңа отбасыңдағылар қарсы болмады ма?
– Жоқ, өйткенi өзiм қалап, таңдауыммен бокс үйрiмесiне жазылдым. Бокстың қыр-сырын меңгерiп, түбегейлi шұғылданудың арқасында сырт елдерде өткен са­йыстарға   қатыстым. Егер мен спортшы емес, басқа мамандық иесi болсам, мұндай табысқа қол жеткiзе алуым екiталай едi. Алдымдағы ағам, әпкем, сiңiлiм мен iнiмнiң ешқайсы спортқа мен секiлдi жақын емес. Сiңiлiм ғана таэквондо үйiрмесiне қатысып жүр. Өзiм қалап бар­ған соң, ата-анам жолымды бөгеген жоқ.
Боксқа қызығуыма Алматы облысы, Iле ауданы, Жетiген ауылындағы мектептiң бокс үйiрмесi себеп болды. Алғашында менiң салмағымда қыздар болмады да, ер балалармен бiрге жаттығу жасайтынмын. Үш айдан кейiн Алматыдағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың сынағынан сүрiнбей өтiп, оқуға   қабылдандым. Содан кейiн бокспен түбегейлi айналыса бастадым.
– Ұлттық құрамаға қай жылы қабылдандың?
– Жұмабек Өмiрзақовтың өнегелi тәрбиесi мен бiлiктiлiгiнiң арқасында 2009 жылы Қазақстан чемпионы атандым. 44 келi салмақта топ жарған соң, ұлттық құрама бапкерлерi ересектер бәсiнде сынап көрдi. Жасым кiшi, салмағым толмаса да 48 келiде қарсыластарымды ұтып, 2010 жылы құрама сапына қосылдым.
– Жастар арасында өткен әлем чемпио­натында қола жүлдегер атандың. Сол сынның жартылай финалында төрешiлер тарапынан саған көпе-көрнеу қиянат жасалды. Өзiң қалай пайымдайсың?
– Әлем чемпионатына аттанарда сырқаттанып, ашыла алмадым. Iрiктеу кезеңiндегi үш кездесуiмдi бiр деммен өткiзiп, жартылай финалда үндi қызына төрешiлер ұпайды көсiп әпердi. Бес ұпай айырмашылығымен ұтылып қалдым. Менiң есебiм бойынша соншалық таяқ жегем жоқ. Оның сiлтеген қолы қорғанысымнан қайтса да, ұпай берiп отырды.
Спортта әдiлетсiздiк өте жиi болады. Күн мен түн секiлдi жеңiс пен жеңiлiс алма-кезек ауысып келедi. Жеңгенде қалай қуансаң, жеңiлiстiң салмағын солай арқалай бiлуiң керек. Төрт раунд бойы қарсыластым, әлiмнiң жеткенiнше жұдырықтастым. Сонда да жеңiс қарсыласыма бұйырды. Әлем чемпионатына қатысқанда салмағым 46 келiге әзер толатын. Спортшылар үшiн екi келi салмақтың айырмашылығы орасан. Соның да әсерi болды.
– Боксшылардың басты қаруы – жой­қын соққысы. Өзiңнiң соққыңның қуаты қаншалық екенiн өлшеп көрдiң бе?
– Дәл қазiр қандай екенiн бiлмедiм. Екi жыл бұрын өлшегенiмде 140 келi болған. Ал құрамаға қабылданған жылы 100 келiден асатын.
– Бокспен түбегейлi айналысқаныңа үш жылдан асыпты. Өткiзген жекпе-жектен соң өзiнен есеп алып, қателiктi түзеу үшiн кейбiр спортшылар әр жекпе-жегiн жазып қояды, өткiзген кездесулерiн тiзiп жүредi.
– 16 жасымда боксқа келiп, 40-қа жуық жекпе-жекке шығып, 7 кездесуде жеңiлдiм.
– Қыздың жанын қыз жақсы түсiнедi. Қазiр қыздар құрамасының бапкерлерiнiң арасында бiрде-бiр әйел бапкер жоқ. Өзiң боксты доғарған соң бапкер болмақ ойың бар ма?
– Елiмiзде қыздар боксы 2007 жылдан өрбидi. Алты жылдың iшiнде әйел затынан бапкердiң көптеп шығуы мүмкiн емес. Менiң бiлуiмше, елмiзде әйел затынан Ақ­төбе облысында жалғыз бапкер бар. Өзiм 23 жасқа дейiн рингке шықпақпын, содан кейiн бапкерлiк салаға бет бұруды межелеп жүрмiн.
– Қарсыласың қыз бала болғанымен де ауыр соққы тиедi, мұрын сынып, көз көгерiп, қабақ жарылады. Түрлi жарақат аласың. Сондайда ата-анаң қарсы болмай ма?
– Әкем кейде: “Қызым-ау, басыңа ауыр соққы тие-тие ертең есте сақтау қабiлетiң тежеледi ғой”, – деп ескерткенiмен, спортқа деген құштарлығымды тежей алмай бағытымды бұрмай келемiн. Ал анам алғашында қарсы болды. Бiрақ елдiң сенiмiн ақтап, қазақтың намысы үшiн сынға түсетiнiмдi сезiнген соң, жеңiлген сәтте ақылын айтып, қателiгiмдi түзеуге септiгiн тигiзедi.
– Атырауда өткен биылғы ел чемпионатының ширек финалында сүрiндiң. Қазақс­тан чемпионатын үш мәрте ұтқан Назымның жеңiл салмақта бәсекелестерi көп әрi қуатты секiлдi.
– Әрине, қыздар боксы Олимпиадалық ойындар қатарына қосылғалы боксқа бейiм қыздардың қатары молайып келедi. Атырауда өткен чемпионаттың ширек финалында қостанайлық Алина Тұрлыбаевға жол бердiм, жүлдеден қағылдым. Финалда Тұрлыбаева астаналық Дина Елубаевадан өте алмады. 48 келi салмақта басты бәсекелестерiм – осы екi замандасым.
 
ЭНДИДЕ ЕСЕМ КЕТТI
Жайна Шекербекова, Азия чемпионы:
– 4 жылдың iшiнде екi мәрте ел чемпионатында топ жарсам, бiр рет күмiс жүлдегер атандым. 2010 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында ел сенiмiн ақтап, жеңiмпаз атандым. Бiрақ спортқа қазығымды байлаған екем, әлем, Олимпиада чемпио­ны болуға барымды саламын.
Менде әзiрге бiр ғана мақсат бар – Лондон Олимпиадасында медальға қол жеткiзу. Әрине әлемнiң әр түкпiрiнде қыздар боксы қарқынды дамып келедi. Әуесқой боксы аса дами қоймаған Филиппин елiнiң боксшысы Энди Албания бiр емес, екi мәрте жолымды бөгедi. Рас, 2010 жылы Гуанжоуда өткен Азия ойындарында Албания адуынды болды. Өйткенi бiз бокстың не екенiн ендi-ендi бiлiп, бастықтырып жүргенде олардың әлеуетi артып кеткен едi. Энди – әлем чемпионатында, Азия ойындарында жеңiске жеткен өте тәжiрибелi боксшы. Сондықтан үстем түстi. Ендi жолымыз түйiссе, Жайнаның жұдырығын көрсетер едiм.
 
ЕРIК-ЖIГЕРIМЕ СЕНЕМIН
Дариға Шәкiмова, Азия чемпионы:
– Моңғолияда өтетiн Азия чемпионатына дайындығым жаман емес. Мен үшiн құрлық бәсекесiнен де мамыр айында Қытайда өтетiн Әлем чемпионаты маңызды болып тұр. Атырау­да өткен ел чемпионатында қарсыластарымды сабап, өзiм­нiң әлеуетiмдi сынап көрдiм. Финалда А.Бақытжанқызын айқын басымдықпен ұтып, кездесу мерзiмiнен бұрын аяқталды.
Олимпиада ойындарына үш салмақ дәрежесi ғана қосылғандықтан әр ел 11 салмақтағы мықты боксшыларын осы үш салмаққа бейiмдейдi. Демек, менiң салмағымда да бәсеке­лестерiм көбейерi сөзсiз. Мысалы 81 келiдегi боксшы тегеурiндi болса, салмақ тастап, 75 келiге ауысады, 69 келiдегi боксшы күштi ме, 75 келiде жұдырықтасады. Әзiрге жолымды Әлем чемпионы болған – канадалық, Еуропа чемпионы – голландиялық, Азия чемпионы – қытайлық боксшылар бөгеуi мүмкiн. Спортта атақ, даңқ жеңiске жеткiзбейдi, тек ерiк-жiгерiң мен дайындығың екi жақтап алып шығады. Сондықтан Лондон Олимпиадасында қазақ қызы да чемпион боларына сенемiн.
 
ЕЛ НАМЫСЫН ҚЫЗДАР ҚОРҒАЙДЫ
Вадим Присяжнюк, бокстан қыздар құрамасының бас бапкерi:
– Бiз Лондон Олимпидасының кем дегенде 1 жолдамасынан үмiттiмiз. Әзiрге қыздар Азия чемпионатына әзiрленуде. Әлем чемпионатына баратын құрам анықталған жоқ. Тек Моңғолияға аттанатындар ғана анық. Құрлық бiрiншiлiгiнен келген соң құрамадағы боксшыларды тағы бiр електен өткiзiп, сынақтан сүрiнбегендерiн Әлем чемпионатына қатыстырамыз. 
Азия чемпионатында ел намысын 48 келiде – Дина Елубаева, 51 келiде – Жайна Шекербекова, 54-те – Гүлжан Хәкiмова, 57 келiде – Оксана Королева, 60 келiде – Гүлжан Үбниязова, 64-те – Феруза Шәрiпова, 69 келiде – Мөлдiр Базарбаева, 75 келiде – Дариға Шәкiмова, 81 келiде – Марина Вольнова, 91 келiден жоғары салмақта Ләзат Күнгенбаева қорғайды.
Қуаныш Нұрданбекұлы   
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар