1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №6 (15672) 24 қаңтар, сейсенбі 2012
"Жас Алаштың" спорт беті.
24 қаңтар 2012
Спорт жаңалқытары

“АРЛАНДАР” АЛЫМДЫ ЕКЕН

Өткен жұма күнi “Астана арландары” Бангкок қаласында жергiлiктi “Bangkok Elephants” (Бангкок пiлдерi) клубымен кездесiп, кезектi ұпайды олжалады.
Бейбiт Есжанов баптайтын “арландар” тай елiнiң боксшыларын 3:2 есебiмен ұтып кеттi. Ендi кездесуге тоқталайық. Бұл сында алғаш болып рингке 54 келiдегiлер емес, 61 келiдегi боксшылар шықты. “Арландар” сапына биыл қосылған Әдiлет Егiзеков Вуттишай Масуктан ұтылып қалды. Рингке екiншi болып 85 келiде Данияр Үстембаев көтерiлген. Ол Кренкай Сукхумды сабап, таразы басын теңестiрдi. 91 келiден жоғары салмақта елiмiздiң намысын қорғаған Шуайб Болудинатс бұл жолы болдырмады. Ол Блайзе Мендаоны ұтып, таразы басын “арландарға” аудыр­ған. 51 келiде Рафикжон Султонов Дончай Тхайдан жеңiлiп, есеп 2:2 болған. Артынша Мирас Байырханов (73 келi) Ситичай Сунфауронды айқын басымдықпен ұтты.
Бұл кездесуге АИБА (халықаралық әуесқой бокс Ассоциациясы) жетекшiлерi арнайы шақырылып, құрметтi қонақ ретiнде тамашалады.
Ендi “арландар” 3 ақпанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Италияның “Милано Тундер” клубымен кездеседi.
 
ШИРАТЫП ЕДI, ШИРЕК ФИНАЛҒА ШЫҚТЫ
Санкт-Петерборда Достастық елдерi кубогiнiң ширек финалына шыққан елiмiздiң жастар құрамасы алғашқы сәтсiздiгiнен кейiн ойын жүйесiн түзедi. Слободан Крчмаревич баптайтын құрама бiрiншi кездесуiнде жарыс иесi ресейлiктерден 1:0 есебiмен ұтылып қалған болатын. Екiншi айналымда Түрiкменстан футболшыларын 3:1 есебiмен еңсердi. Бұл кездесуде Сергей Лисенков есеп ашқаннан кейiн Алексей Щеткин қос доп соғып, алға шыққан. Түрiкмендер ойын соңына дейiн жалғыз голмен ғана шектелдi.
Үшiншi айналымда Эстония футболшыларымен жолдары түйiскен қазақ елiнiң құрамасы оларды да 3:1 есебiмен ұтты. Ойынның 38-минутында Сергей Хижниченко есеп ашқан соң, оның командаластары арада көп өтпей тағы да екi гол тоғытып, эстондықтардың есiн шығарды. Ойынның түгесiлуiне 5 минут қалғанда қарсылас­тар гол соғып, доп айырмасын қысқартқан. Бiрақ бұдан арыға олардың әлi келмедi. Үш ойыннан 6 ұпай жинаған қазақ елiнiң футболшылары iрiктеу сынынан iркiлмей өтiп, ширек финалға жолдама алды.
 
ОНЖЫЛДЫҚТЫҢ ҮЗДIГI КIМ?
Бүкiләлемдiк бокс кеңесi (WBC) кәсiпқой бокстың соңғы онжылдықта бағындырған биiгi мен алған асуын, боксшылардың шама-шарқын пайымдай келе үздiк боксшыны анықтапты. Олар кәсiпқой бокстағы спортшылар арасынан үздiк деп тайландтық Понгсаклек Вонджонгкамды таныпты.
Вонджонгкам 2001 жылы WBC тұжырымы бойынша чем­пион­дық белбеудi иеленген болатын. Бүгiнге дейiн 50,8 келi салмақта тек бiр кездесуде ғана жеңiлiске ұшырап, чемпиондық атағынан қол үзiп, көп өтпей атағы үшiн қайта айқасып, қор­ғап қалыпты. Кәсiпқой рингтегi 88 кездесуiнiң 83-iнде (44 кездесудi айқын басымдықпен ұтқан) жеңiске жетсе, тек 3 кез­де­суiнде жеңiлiп, 2 жекпе-жегiн тең нәтижемен аяқтаған ол   соңғы айқасын өткен жылдың 23 желтоқсанында жапон Хирофуми Мукайға қарсы өткiзiп, тең нәтижемен аяқтаған болатын.
Бүкiләлемдiк бокс кеңесi өткен жылдың да қорытындысын жария еттi. Қоян жылының үздiк боксшысы болып украиналық Виталий Кличконың есiмi аталды. Американдық қос боксшы Виктор Ортис пен Андре Берто арасындағы жекпе-жек үздiк кездесу деп танылды. Ал ең әсерлi нокаут сыйлығын филиппиндiк Нонито Донэрдi сұлатқан мексикалық Фернандо Монтель иелендi.
 
ЖОЛДАМА ЖАЛҚЫ, ҚАРСЫЛАС ҚАРЫМДЫ
Ертең Жапонияның Чиба қаласында су добынан (ватерпол) Азия чемпионаты басталады. Осы сында елiмiздiң намысын қос құрама да қорғамақ. Олимпиада ойындарына қатысу үшiн Азия құрлығына жалғыз жолдама тиетiн сайыста әркiм-ақ топ жаруға күш салатыны анық. Қыздар арасында Азия чемпиондығын тек үш құрама ғана сарапқа салады. Елiмiздiң қыздар құрамасы алдымен Қытай қыздарымен күш сынасады. Артынша Жапония құрамасына қарсы ойнайды.
Ал ерлер құрамасы Жапония, Қытай, Кувейт құрамасын ұтса ғана Лондон Олимпиадасына жолдама алады. Жарыстың алғашқы күнi қазақ елiнiң спортшыларына қытайлық су добы шеберлерiне қарсы ойнайды. Келесi күнi Жапония және Кувейт құрамасымен су бетiнде айқасады.
 
КУКУШКИН ДЕ КЕТТI
Ұлу жылындағы үлкен дүбiр – Австралия ашық бiрiншiлiгiне қатысып жатқан қазақстандық теннисшiлердiң арасында жекелей сында жалғыз Михаил Кукушкин ғана қалған. “Үлкен дулыға” сериясының алғашқы үш кездесуiн жеңiспен аяқтаған ол төртiншi айналымда британдық Энди Марриге жол бердi. Алғашқы екi сетте 1:6 есебiмен ұтылған соң Кукушкин үшiншi сетте кордқа шығудан бас тартты. Михаил үшiншi айналымда әлемнiң 15-iншi ракеткасы саналатын француз Гаэль Монфистi 5 сетте 6:4, 7:5, 5:7, 1:6, 6:4 нәтижесiмен ұтқан едi.      
Әзiрге Австралия ашық бiрiншiлiгiнде елiмiздiң намысын жалғыз теннисшi Ярослава Шведова ғана қорғамақ.
Жұптасып сайысуда американдық Ваня Кингпен күш қосқан жерлесiмiз ширек финалға жолдама алды. Олар үшiншi айналымда хорват қызы Петро Матрич пен француз Кристина Младеновичтi үшi сетте 6:2, 2:6, 6:2 есебiмен жеңдi. Ендi чех қыздары Андреа Хлавакова мен Люси Храдеска қарсы шығады.
 
СЫНАҚТА СҮРIНБЕДI
Оқу-жаттығу жиынын Түркияның Анталья қаласында өткiзген елордалық “Астана” футбол клубы жолдастық кездесуде жеңiске жеттi. Молдованың “ЦСКА-Рапид” клубын 2:0 есебiмен еңсерген ойында Сергей Гридин мен Сергей Остапенко қанжығасын майлады. Гридинге тамаша пас шығар­ған Ұлан Қонысбаев пен Остапенконың аяғына доп салып берген Пиралы Әлиевтiң де сiңiрген еңбегi зор.
Оқу-жаттығу жиынының алғашқы маусымын аяқтаған астаналықтар аз күннен кейiн қайтадан Антальяға бет алады. Жаттығудың екiншi кезеңiн бастайтын Олег Протасов жiгiттерi биылғы ел бiрiншiлiгiнде жеңiске жету үшiн барын салуға бекiнiп отыр.
 
АЙЫП ТӨЛЕЙДI 
Канадалық “Виннипег” клубының шабуылшысы жерлесiмiз Николай Антропов айып төлейтiн болды. Канада ұлттық хоккей лигасы “Виннипег” пен “Баффало” арасындағы кездесуде Антроповтың ойын ережесiн өрескел бұзғаны үшiн осындай шешiм шығарыпты. Антропов осы кездесуде Ти Дже Бреннанды итерiп құлат­қан болатын. Сол қылығы үшiн қалтасынан 2,5 мың АҚШ долларын төлейтiн болды. Бұл ақша Бреннанның жарақаты жазылып, денсаулығы қалпына келуi үшiн жұмсалатын болды.
Антропов ойнайтын “Виннипег” биылғы маусымда 47 кездесуден 49 ұпай жинап, турнир кестесiнде 10-сатыда тұр.
Айқын басымдықпен ұтты
Құрлықтық хоккей лигасында елордалық “Барыс” Астанада Мәскеу облысының “Атлант” клубын ойсырата ұтты. Өткен жылдың қазан айында “Атлант” хоккейшiлерi “Барыс” ойыншыларын 2:0 есебiмен жеңген едi. Сол есенi Жайлауов бастаған жiгiттер еселеп қайтарды.
“Барыс” қорғаушысы Юнас Юнланд есеп ашқаннан кейiн “Барыстың” ойыны жүрдi. Екiншi кезеңде Талғат Жайлауов, Алексей Литвиненко, Эндрю Хартчинсон, Лукаш Кашпар, Брендон Боченски, Кевин Даллмэн де “Атлант” қақпасын дәл көздеп, 6 шайба енгiздi. “Атлант” ойыншылары тек жалғыз шайбамен шектелдi.
“Атлантты” 6:1 нәтижесiмен жеңген Шаянов шәкiрттерi бүгiн Омбыда жергiлiктi “Авангард” хоккейшiлерiмен айдынға шығады.
 
3 ЖҮЛДЕ ЖӘНЕ 23-ОРЫН
Австрияның Инсбурк қаласында аяқталған жасөспiрiмдердiң I қысқы Олимпиадасында елiмiздiң құрамасы 1 күмiс, 2 қола медаль еншiлеп, 23-сатыға тұрақтады.
6 шақырымға спринттiк сайыста биатлоншы Галина Вишневскаяның иеленген күмiс жүлдесi мен iз кесiп жарысу сынында (7,5 шақырым) еншiлеген қола жүлдесiне тағы бiр қоланы Андрей Малышев қосты. Ол шаңғымен 12 шақырымға классикалық әдiспен жарысуда сайысты үшiншi болып аяқтады. Алдына тек ресейлiк Александр Селянинов пен жапон спортшысы Кентаро Исикаваны жiберген Малышев тұңғыш рет өткен қысқы Олимпиада ойындарынан жүлдемен оралды.
2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойын­дарында елiмiздiң намысын Елена Хрусталева ғана ақтағаны есiмiзде. Биат­лоншы қыз Олимпиада ойындарынан күмiс жүлдемен оралып едi. Ал 2006 жылы Турин Олимпиадасына бiздiң елден аттанған спортшылар тек қатысып қана қайтқан болатын.
Австрияда өнер көрсеткен қазақ елiнiң жасөспiрiм спортшылары 2014 жылы Сочиде алауы тұтанатын қысқы Олимпиада дуында барын салатынына сенiм мол.   
Беттi дайындаған – Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар