1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №101 (15663) 21 желтоқсан, сәрсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
21 желтоқсан 2011
Спорт ақпарат

ҮШ ОЙЫННАН БIР ҰПАЙ

Венгрияның Дьендьеш қаласында футзалдан өтiп жатқан әлем чемпионатының iрiктеу кезеңiнде елiмiздiң ұлттық құрамасы үш кездесу өткiзiп, екеуiнде жеңiлiп, соңғысында тең ойынға қанағат бiлдiрдi.
Әлем чемпионатының iрiктеу кезеңiндегi алғашқы ойында бiздiң футболшылар венгр құрамасына қарсы ойнап, 1:5 есебiмен ойсырай ұтылған болатын. Екiншi турда ресейлiктерге 4:0 нәтижесiмен жол бердi. Соңғы ойында Латвия ойыншыларымен тең тарқасты.
Бұл ойында алғаш болып есептi Сень ашқан едi. 23-минутта Таку таразы басын теңестiрiп кеттi. 35-минутта Довгань екiншi голды енгiзiп, латыштар алға шыққан. 37-минутта Сень тағы да көзге түсiп, әрiптестерiн кезектi жеңiлiстен алып қалды.
Елiмiздiң футзал ойыншылары әлем чемпионатының iрiктеу кезеңiндегi үш ойыннан 1 ұпай еншiлеп қайтты.
 
СМАҚОВ МЕКТЕБI СЕМЕЙДЕ
Семей қаласында Самат Смақов атындағы футбол мектебi ашылды. Семей мемлекеттiк педагогикалық институты баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, футбол мектебiне талапкерлер 10 жастан қабылданады. Әзiрдiң өзiнде доп тебуге құмар балалардың саны арта түскен.  
Самат атындағы мектептiң салтанатты ашылуына ел футболының ардагерлерi Сергей Волгин, Вахид Масудов, Фанас Салимовтар қатысып, оқушыларға ақ жол тiледi. Семей қаласының әкiмi Айбек Кәрiмов оқушылар жаяу жүрмесiн деп “Газель” көлiгiн сыйға тартты.
Футбол мектебiнiң оқушыларына доп тебудiң қыр-сырын Педагогикалық институттың оқытушылары мен Саматтың өзi үйретедi.
 
“БАРСЕЛОНАНЫҢ” БАБЫ ДА, БАҒЫ ДА БАСЫМ 
Жапонияда өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатында каталондық клуб “Барселонаның” бағы жанды. Жазға салым УЕФА Чемпиондар лигасының чемпиондық атағына таласта “Манчестер Юнайтедтi” еңсерiп, УЕФА суперкубогына “Портуды” тұқыртқан “Барселона” клубы бұл жолы да аянып қалмады.
Йокогамо қаласында өткен финалдық ойында бразилиялық “Сантос” клу­бын 4:0 есебiмен жүндей түттi. Ойын­ның 17-минутында есеп ашқан Мессидiң голынан кейiн “Сантос” қорғаушылары сансырап қалды. Арада жетi минут өткенде “Барсаның” күре тамыры iспеттес Хаби голды еселедi. 45-минутта Сеск Фабрегас үшiншi голды енгiздi.  
Екiншi таймда да Хосеп Гвардиола баптайтын футболшылар голға тояттаған жоқ. 83-минутта “алтын бала” Месси екiншi голын енгiздi. Лионель “Барселона” сапында биылғы маусымда 26 ойын өткiзiп, 29 гол соқты. 
Биылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалында УЕФА чемпиондар лигасының жеңiмпазы мен Либертадорес кубогiнiң иегерi кездестi.
 
ҚОЛА ЖҮЛДЕ ҚОЛ СОЗЫМДА
Елiмiздiң допты хоккейден (бенди) 23 жасқа дейiнгi жастар құрамасы Ресейде өтiп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдесiне таласады. Жартылай сында швед хоккейшiлерiне 3:7 есебiмен жол берген жiгiттер қола жүлде үшiн Финляндия құрамасына қарсы алаңға шығады.
Әлем чемпионы атағына талас жарыс қожайыны ресейлiктер мен швед хоккейшiлерiнiң арасында өтедi.
 
ХАЙРУТДИНОВ ТУРНИРI
Алматыда Меңгерей Хайрутдиновтi еске түсiруге арналған халықаралық турнир аяқталды. Биыл 10-мәрте ұйымдастырылған сайысқа 13 елдiң боксшылары қатысқан болатын.
Ресей, Өзбекстан, Куба, Моңғолия, Израиль, Қытай сынды елден келген спортшылар да жүлде үшiн аянып қалған жоқ.
Аптаға созылған сайыста қыздар үш салмақ бойынша сынға түстi. 51 келiде астаналық Дина Елубаеваны ұтқан алматылық Рано Фархатова Хайрутдинов турнирiнiң жеңiмпазы атанды. 60 келiде финалға моңғол қызы Ойон Герел Ердене мен украиналық Яна Завьялова шыққан. Яна өзiнiң күшi де, әдiс-айласы да қарысаласынан басым екенiн байқатып, турнирдiң алтын медалiн еншiледi. 75 келiде Лиля Дунинова чем­пион атанды.
Жiгiттер 10 салмақ бойынша сынға түстi. Ең жеңiл салмақта (49 келi) алматылық Серiк Әбдiрайымов чемпион атанды. 52 келiде кубалық Гилбрд Виллаланға ешкiмнiң әлi жетпедi. 60 келi салмақта Асхат Мәмет­керiм (Тараз) қарсыластарының бәрiн айқын басымдықпен ұтты. 64 келiде кубалық Браун Базаин жеңiмпаз атанды. 69 келi салмақтағы боксшылар арасында алтын үшiн талас тартысқа толы болды. Кубалық боксшыдан басым түскен қытайлық Май-Май Зулпикар чемпиондыққа қоса турнирдiң ең үздiк боксшысы атанды. 75 келiде алматылық Әли Ахметов алтын медальға қол жеткiзсе, 81 келiде өзбек боксшысы Тұрсын­құлов Додожан чемпион болды. 91 келiде тараздық Медет Әдiловке ешкiмнiң әлi жетпедi. Аса ауыр салмақта Кубаның алыбы Тойрак Иоганди алтын медальдi еншiледi.
Қыздар арасында турнирдiң үздiк боксшысы марапатына Рано Фархатова ие болды. Ал украин қызы Яна Завьялова ең шебер боксшы атанды. Ұлдар арасында “жеңiске деген жiгерi үшiн” марапаты 69 келiде күмiс жүлдегер атанған кубалық Бенкома Тореске тидi.  
 
ҚОНЫСБАЕВҚА АТАҚ “ҚОНДЫ”
Футболдан елiмiздiң ұлттық құрамасының һәм қарағандылық “Шахтердiң” жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаев қоян жылының ең үздiк футболшысы атанды деп хабарлайды ҚР футбол федерациясы.
Ұланды мұндай марапатқа жеткiзген – еңбегi. Қонысбаев көп футболшылар секiлдi алаңда босқа жүрiп уақыт өткiзбейдi. Талдырмаш денесiмен-ақ өзiнен еңселi футболшыларды сан соқтырып кетедi. Сосын дәлме-дәл пас бередi. Алыстан тура соққы бағыттаудың да шеберi. Ұланның ұлттық құрама қатарына қосылғанда да ойыны тұсалған емес. Мамандар, әсiресе, оның Еуропа чемпионатының iрiктеу кезеңiндегi Түркия құрамасына қарсы ойын­да түлеп сала бергенiн мақтанышпен айтады. Сол ойында 2002 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегерi Түркия құрамасына соққан голы да көпшiлiктiң есiнде.
Жуырда ұлттық футбол лигасында өнер көрсететiн ойыншылардың 33 үздiгi анықталды. Осы үздiк 33 футболшының 6-ауы “Шахтердiң” ойыншысы.
Беттi әзiрлеген – Қуаныш БАЖАҚ.  
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар