1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №85 (15647) 25 қазан, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
25 қазан 2011
Спорт ақпарат

ШВЕДОВАНЫҢ ШАТТЫҒЫ

Жерлесiмiз Ярослава Шведова мен американдық теннисшi Ваня Кинг Ресейде аяқталған “Кремль кубогiн” жеңiп алды. 1990 жылдан берi үздiксiз өткiзiлiп келе жатқан бұл турнирдiң аты дардай болған соң ба, жүлдесi де қомақты. 1,5 миллион доллар жүлденi былтыр жекелей сында беларусь қызы Виктория Азаренко иеленген. Ал жұптық сайыстың бас жүлдесiн аргентиналық Жисела Дулко мен итальяндық Флавия Пеннетта еншiлеген болатын. Ерлер арасында жекелей сайыста бәрiнiң жолын былтыр сербиялық Виктор Троицки кескен едi. Жұптық сайыстың бас жүлдесiн ресейлiк Дмитрий Тұрсынов пен Игорь Куницын олжалаған.
Шведова мен Кинг алғашқы айналымда ресейлiк Мария Кондратьева мен хорват қызы Петра Мартичтi екi сетте 6:2, 6:2 есебiмен ұтты. Ширек финалда ресейлiк Виталий Дьяченко мен Елена Веснинаны жарыс жолынан ығыстырды. Жартылай сында оңтүстiкафрикалық Натали Грандин мен чех Владимир Ухлиржованы жеңдi. Ал ақтық сында Шведова мен Кинг жұбы қазақстандық  Галина Воскобоева мен австралиялық Анастасия Родионованы ұзаққа жiбермей 7:6, 6:3 есебiмен жеңдi. 
 
АЛТЫН АЛМАЙ ҚАЙТПАЙДЫ
Қараша айының 4-14 аралығында Франция астанасы Парижде ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтедi. Бұл сын­ға Алексей Ни бастаған қыз-жiгiттерiмiз де қатысады.
Соңғы жылдары тау көтерген спортшыларымыз толағай табыстарға қол жеткiздi. Әлем чемпионаттары, Олимпиада ойынынан жүлдемен оралды. Бейжiңде қос алтынның бiрiн Илья Ильин олжалап едi ғой.
Iлкiде ауыр атлетика федерациясының басшысы Қайрат Тұрлыханов былай деп едi: “Бiз халықтың көзiн де, көңiлiн де үйретiп алдық. Әлем чемпионаттарынан алтын жүлдесiз қайтсақ, бiзге үлкен ренiш айтылатындай сезiле­дi. Соңғы әлем чемпионатынан толайым табыспен орал­ған соң ба, жанкүйерлер бiзден   мiндеттi түрде алтын медаль күтерi сөзсiз”. Басшының айтқанын орындау әлем чемпионатына аттанып бара жатқан атлеттердiң мойнында.
Әзiрге Парижге кiмдердiң баратыны нақты анықталған жоқ. Десе де, қыздар арасында Зүлфия Шиншанло 53 келiде, Мая Манеза 63-те, 69 келiде Ирина Некрасова мен Жазира Жапарқұлдың бiреуi барады, 75 келiде Светлана Подо­бедова, Анна Нұрмұхамбетова сынға түссе, аса ауыр салмақта Александра Аборнева зiлтемiр көтеретiн болады.
Ерлер арасында да әр салмақта кiмдердiң баратыны белгiлi болған жоқ.
Алексей Ни Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен Светлана Подобедова Парижде жерге қаратпайтынына сенiп отыр. Қытайдан қоныс аударған Шиншанло мен Манеза да жүлдеге таласатыны белгiлi.
Елiмiздiң ауыр атлетика құрамасының қыздары бұған дейiн Лондон олимпиадасының 4 жолдамасын еншiлесе, жiгiттерiмiз 3 жолдамаға қол жеткiзген болатын. Париждегi әлем чемпионатында жiгiттер тағы да 2 жолдама олжалауды меже­лептi.
Балуандарымыз Түркияда, дзюдошыларымыз Францияда, боксшыларымыз Әзiрбайжанда өткен әлем чемпионаттарында алтын медальсыз қайтты. Ендi сол олқылықтың ойсыраған орнын ауыр атлеттер толтырады деп қалың көрермен үлкен сенiм жүктеп отыр.
 
ЖАСТАРЫМЫЗ ЖАСЫҚ ПА?
17 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдер Алматыда футболдан келер жылы болатын Еуропа чемпионатының iрiктеу ойындарын өткiздi. Чехия, Ирландия, Лихтенштейн құрмаларымен бiр топқа түскен жерлестерiмiз екi ойыннан 1 ұпай ғана олжалады.
Iрiктеу кезеңiндегi алғашқы ойынын чехтарға қарсы өткiзiп, 0:2 есебiмен ұтылып қалды.
Екiншi кездесуiн Ирландиялықтарға қарсы өткiзiп, қолда тұрған үш ұпайды бөлiсуге мәжбүр болды. Ойынның 14минутында Антипов есеп ашып, алға шыққан. Осы басымдықты олар соңғы минуттарға дейiн ұстап тұрған. Бiрақ қорғаныстағы жiгiттер осалдық танытып, Грилиш мүмкiндiктi тамаша пайдаланып кеттi. Ирландия құрамасы оңайдан емес. Олар Еуропа чемпионатының iрiктеу кезеңiндегi алғашқы ойынын Лихтенштейн құрамасына қарсы өткiзiп, 8:0 есебiмен есеңгiретiп жеңген.
Елiмiздiң жасөспiрiмдер құрамасы кеше Лихтенштейн құрамасымен ойнады.
 
ҰСТАЗ ЕСIМIН ЖАҢҒЫРТТЫ
Алматыда Октябрь Жарылқаповты еске түсiру мақсатында ҚР кубогiнiң ширек финалдық ойындары өттi.
Ел волейболын өткен ғасырдың орта тұсында әлемдiк деңгейге көтерiп, аз ғана уақыттың iшiнде биiк дәрежеге жеткiзген Жарылқаповтың есiмi қазақ үшiн қашан да ыстық. Октябрьдi еске алу мақсатында өткен ширек финалда 8 команда өзара кездестi.
“Шығыс-СинецСтрой” клубы “Тараз ТарМУ” жiгiттерiн 3:0 есебiмен еңсердi. “ДИНАМО-Қазығұрт” клубы “Ұшқын-ҚанҰАУ” студенттерiн дәл осындай 3:0 есебiмен жеңдi. “Атырау” мен “ТНК “Қазхром” арасындағы тартыста 0:3 есебiмен атыраулықтар жеңiлiске ұшырады. “Есiл” жiгiттерi “Алматы” клубынан 1:3 есебiмен ұтылып қалды.
 
13 ЖЫЛДАН КЕЙIНГI ОЛЖА
Бiздiң өзгеге есемiз спорттың көптеген түрiнен кетiп жүр. Әсiресе, су спортына келгенде кiбiртiктеп қалатынымыз жасырын емес.
Әлем, Олимпиада чемпионаттарын айтпағанның өзiнде Азия чемпионатына тек қатысу үшiн барып жүргенiмiзге де талай жыл болған. Санамалап көрсек, 1998 жылы Бангкокте өткен Азия чемпионатында ескекшiлерiмiз жүлдеге қол жет­кiзiптi. Содан берi сайыстардан бос қайтып жүрген едi. Ендi мiне, жiгiттерiмiз жiгерiмiздi қайта жаныды.
Иранның Тегеран қаласында өткен Азия чемпионатына қатысқан ескекшiлерiмiз 2 алтын, 7 күмiс, 3 қо­ла медаль және Лондон олимпиадасына 2 жолдама олжалады.
Айға жуық уақыт Беларусь елiнде тәжiрибе жинаған жерлестерiмiз мерейiмiздi тасытты. Каноэ қайығымен бәрiнен озған Алексей Дергунов пен Евгений Алексеев келесi жылы Олимпиадаға қатысу құқығына да қол жеткiздi. 
Қазақ ескекшiлерiнiң алдын орап,   15 алтын, 2 күмiс, 2 қола еншiлеген Қытай спортшылары командалық есепте топ басына орнықса, Иран құрамасы 6 алтын, 9 күмiс, 3 қоланы еншiлеп екiншi сатыға жайғасты.
 
ЕРКЕКТЕРДЕН ГӨРI ҚЫЗДАРЫМЫЗ ҚАРЫМДЫРАҚ
Бiздiң елде футболды ерлерден гөрi қыздарымыз тәуiр ойнайтын секiлдi. Допты түзу тебе алатын арулар Түркияда өткен iрiктеу кезеңiнде азулы деген түрiк қыздарына төтеп бердi. Тiсiн батыра алмаған түрiктер тең нәтиженi қанағат еттi.
2013 жыллы өтетiн Еуропа чемпионатына iрiктеу аясында өткен Түркия – Қазақстан кездесуiнде есеп ашылған жоқ. Үш ойын өткiзiп, 4 ұпай жинаған қазақстандық қыздар өз тобында екiншi сатыға жайғасты. Олар тек Германия аруларын ғана алға жiберiп алды. Келесi ойынын аруларымыз 27 қазанда Астанада өткiзедi. Бейсенбiде “Астана-Аренада” Испанияның қыздар құрамасы елiмiздiң бикештерiмен сынға түседi.
 
ҚАЛАҒА КЕП ДОП ҚУДЫ
Алматы облысының шалғайдағы аудандарының бiрi Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылының әкiмi көпке үлгi боларлық шара өткiздi. Салауатты өмiр салтын ұстануға құштар әкiм Жантелi Мұқидың ұйымдастыруымен Алматыда ауыл азаматтары доп тептi. 4 ауылдан келген 6 команда шамаларын сынап көрдi.
Нәтижесiнде жүлделi 1-орын Кеген ауылының командасына бұйырса, II-орынды сарыжаздықтар еншiледi. III-орынға Нарын­қол ауылының командасы ие болды.
Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай ұйымдастырылған игi шараға белгiлi кәсiпкер Тiлек Юсупов демеушiлiк көрсеттi.
Беттi дайындаған Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
 
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар