1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (15645) 18 қазан, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
18 қазан 2011
Иығым бiр белдесуде-ақ бес-алты рет шыққан

Руслан Жұмабеков, грек-рим күресiнен Азия чемпионы

Бұл балуан турасында жұрт арасында аңызға айналған әңгiмелер көп. Бiрақ бәрi де ақиқат, өмiрде болған оқиғалар. Ол жалғыз қолымен-ақ күресiп, Қазақстан чемпионы атанған. Жанкештiлiк демей көрiңiз. Азия чемпионатына жолдама алып тұрып, қатыса  алмау – спортшы үшiн ең үлкен өкiнiш. Осыны ескерген балуан дәрiгерлер рұқсат бермесе де, Азия дуына қатысады.
Бұл балуанның бозкiлемдегi күресу мәнерiн 90-жылдары көрген жан әлi күнге тамсанып айтады. Әсiресе оның төрттағанда тұрған қарсыласын қапсыра ұстап, басынан асыра лақтыратын әдiсiн екiнiң бiрi қолдана алмайды деседi күресiн көргендер.
Осы жайттарды Руслан Жұма­бековтiң өзiнен естiмекке хабарласып, аз-кем әңгiмелестiк.
 
– Күрестен қол үзуiңiзге, спорттан саяқ кетуiңiзге себеп болған иығыңыздың жарақаты екенiн бiлемiз. Бiрақ сiз бапкерлiк бағытты емес, кәсiпкерлiктi қаладыңыз. Неге шәкiрт тәрбиелеуден алыс жүрсiз?
– 1995 жылы иығымның сыр­қаты меңдеп, басылмағаннан кейiн тастауға тура келдi. Бапкерлiк емес, иығымның ойнамалы болып қалғаны сондай, кейде сол қолымды созып, бiр затты алайын десем де шығып кететiн. Сондықтан бапкерлiктен гөрi басқа салаға бет бұруға тура келдi. 2006 жылға дейiн кеден саласында қызмет етiп, кейiн жолдастарымызбен бiр­лесiп, кәсiп көзiн аштық. Қазiр шаруамыз дөңгеленiп, жүрiп жатыр. Мыс өндiретiн аймақта кен қазу iсiн жүргiземiз
– Не себептi грек-рим күресiн таңдадыңыз?
– Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Бекболат Бiр­баев ағаның үйiрмесiне жазылып, күрестiң қыр-сырын үй­рендiк. Балалықпен кейде домбыра үйiрмесiне кетiп қалатынмын. Бекболат аға жетелеп келiп, жаттығуға жегетiн. Өте талапшыл кiсi. Тәртiпке қатал. Жаттығудан сәл кешiксең, оңдырмайды.
Кейiн Алматыға спорт мектепке келгенде мен еркiн күреске түсе алмай қалдым. Таңат Сағындықов менiң тiк тұрып белдесуде мықты екенiмдi байқап, грек-рим күресiне шақырды. Ноғай, Секетай деген кiсiлер менi грек-рим күресiне түспесiме қоймай жетелеп әкелдi.       
– Сiздiң күресiңiздi көр­гендер әлi күнге тамсана айтады. Әсiресе, төрттағанда тұрған қарсыласыңызды бұйым құрлы көрмей көтерiп алады екенсiз. Мұның себебi неде?
– Ол ешқандай артықшылық емес. Бәрi де жаттығудың арқасында болған жайт қой. Бiздiң ұлттық құрама Түркияда оқу-жаттығу жиынында болды. Сонда түрiктiң балуандары бiз бiлмейтiн бiр жаттығуды көп жасайды екен. Үйренiп алған соң, елге келiп, соны үзбей жасадым. Құрамадағы қалған жiгiттер бұл жаттығуды көп орындамайды. Ал мен жексенбi күндерi де соны iстедiм. Оның пайдасын 1995 жылы елiмiзде өткен халықаралық турнирде көрдiм. Бәрiн ұтып, ақтық айқасқа шықтым. Қарсыласым – Капутов деген белаурсь балуаны. Ол мұның алдында Еуропа чемпионатының күмiс жүлдегерi болған, әккi балуан. Мен оны 11:0 есебiмен ұттым. Осы айқаста 9 ұпайды төрттағанда алдым. Мен түрiктерден үйренген жаттығудың жемiсiн осы Капутовпен айқаста көргем.
– Иығыңыздың ойнамалы болып қалғаны да жұрт арасында әлi айтылады.
– Ең алғаш 1993 жылы шығып кеттi. Жаттығудан қалдық, күресу мүлде арманға айналды. Кейiн “не күресу керек, болмаса спортты мүлде тастаған жөн” деген екi таңдау тұрды. Мен кiлемге қайта шықтым. Алғашында ауырады, жаныңды жегiдей жейдi. Шығып кеткен кезде бапкерiме барып, салып аламын. Кейiн мүлде асқынып, жиi шығып кетедi. Белдесу үстiнде қарсыласыма бiлдiрмей өзiм салып алып, ары қарай жалғастыратынмын.
1994 жылы Дәулет Тұрлыхановтың көмегiмен Ресейде иы­ғыма ота жасады. Бiрақ дәрi­герлердiң “алты айға дейiн белдесуге болмайды” деген қатаң ескертуiн бұзып, үш айдан соң-ақ қайта күресiп, тағы да ойнамалы болып қалды.     
Кейiн Қазақстан чемпионатында да қайта-қайта шығып, әуреге салған. Тiптi бiр белдесуде бес-алты мәрте шығып, өзiм салғанмын.
– Сiз 1995 жылы Азия чемпионы болдыңыз. Сол жылдары сiзге азиялықтардан қай елдiң балуаны тегеурiндi қарсылас болып едi?
– 1994 жылы Азия ойындарында кәрiс балуанына есе жiберiп, күмiс жүлдегер атандым. Бiр жылдан кейiн Филип­пиннiң Манила қаласында Азия чемпионаты өттi. 74 келiде бәрiн сыпыра ұтып, жартылай сында жапон балуаны тап болды. 8:0 есебiмен ұтып жатырмын. Бiрақ ана тапал жапон тығырыққа тiреп барады. Оның үстiне чемпионат алдында салмақтан арылу үшiн өзiмiздi қинап жiбер­генбiз. Манилада күннiң ыстығы да кедергi болды. Жапонды жеңгеннен кейiн ақтық айқаста иран балуанын 11:0 есебiмен ұтып, чемпион атандым. Жапония мен Кореяның балуандары кәдiм­гiдей ықтыратын.
– Жуырда Түркияда күрес түрлерiнен әлем чемпионаты өттi. Бiздiң жiгiттерге кө­ңiлiңiз толды ма?
– Алмат Кебiсбаев әлем чемпионы атануға қарыс қадам қалғанда ұтылып қалды. Кебiсбаев керемет күреседi. Лондонда осы жiгiттен күту керек үмiттi. Ол ақтық айқаста иран балуанымен алғашқы айналымда 1:1 болды, екiншi айналымда 3:0 есебiмен ұтып тұрып, соңғы айналымда 6:5 есебiмен жеңiлiп қалды. Менiң ойымша, Алмат аздап қобалжыған секiлдi. Көңiлiм толды. Бiздiң құрамада өсу, биiктеу бар. 
Дархан Баяхметов, Нұрмахан Тiнәлиевтер де бабында. Әсет Мәмбетов те Бейжiңде жеткен биiгiн одан ары аспандата түседi деп сенемiн. Қалған жiгiттер де барын салады.
– Бiзде бас бапкерлiк қызмет жиi ауысады. Грек-рим, еркiн күрес балуандары да әлем чемпионатынан алтынсыз қайтып жүргелi бiраз жылдың жүзi. Бұған бап­керлердiң ауысуы да әсерiн тигiзетiн шығар?
– Әрине. Мәселен, бiр бапкер құраманы баптайды. Екi, болмаса бiр жылдан кейiн әлем чемпио­натына барады да жүлдесiз қайтса, оның еңбегi бағаланбай, қызметiн босатады. Бұл спортшыларға да оңай емес. Әлем чемпионаты, Олимпиада алдында бапкер ауысса, екiншi бап­кердiң айтқанын iстеймiн деп балуандардың күйi қашады. Сондықтан бапкерлердi бiр олим­пиа­дадан екiншiсiне дейiн төрт жыл сынау керек. Төрт жылда түк өндiре алмаса өзi де өзгеге ренжiмейтiн шығар.
– Сiз 15 жыл белдестiңiз. Одан берi күрестiң тәртiбi өзгердi. Салыстырып айтып берiңiзшi.
– Бiз белдескенде ұпай оңай берiлмейтiн. Тiк тұрып, болмаса төрттағанға қойғанда да әдiс қолдануың керек. Бұл – мiндет. Белдесiп жатқанда әдiс қолданбай, шабуылдамай қорғанып жүрiп алсаң, сенi мiндеттi түрде төрттағанға қояды. Мұнда ең бас­тысы қорғаныс, сосын шабуыл. Ал қазiр мүлде керiсiнше. Белдесуде тек қорғана бiлсең болды. Өйткенi төрешi төрттағанға екi балуанды кезек-кезек қояды.  
Қазiргi спортшыларға жағдай молынан жасалған ғой. Бұрынырақта Азия чемпионы болғанда – 500, Азия ойындарында жеңсең – 1000, Олимпиада чемпионы атансаң 50 000 АҚШ долларын беретiн. Ал қазiр қанша төлейдi? Сыйақының неше еселенгенiн шамалай берiңiз.
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар