1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №81 (15643) 11 қазан, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
11 қазан 2011
Алтыны жоқ Айтжанов

Екi аптаға жуық дүйiм елдiң ұйқысын бұзған Бакудегi бәсеке де аяқталды. Қазақ елiнiң боксшылары да бұл сында жоғары өнер көрсеттi. Жан алысып, жан берiстi. Шүмек-шүмек тер төктi, өкпе күйгенше қарсыласып бақты. Бiрақ, бiрақ Бакуде бас қосқан төрешiлер иманы жоқ “туғанды би” екен. Әдiлбек Ниязымбетов пен Серiк Сәпиевке қиянат жасады. Мырзағали Айтжановтың елден аттанарда айтқан уәдесiнiң тек бiреуi ғана орындалмай қалды. Ол – Бакуден қазақтың бiр ұланы әлем чемпионы болу. Амал не, бiр теңiздiң суын iшiп отырған елден бiздiң жiгiттер алтынсыз қайтты.

Рас, 81 келiде күшiн сынаған Әдiлбек ақтық айқаста болдырып қалды. Сонда да ол   барын салды. Неге екенiн бүйiрде отырған үндiстандық төрешi кубалық Хулио ла Крузге бүйрегi бұрды да тұрды. Әйтпесе, Әдiлбек бүгiнде Куба ұлттық құрамасының мақтанышы Круздан қаймыққан жоқ. Есесiне ширақтық танытып, төпелей берген. Бiрақ қазылар ұпай ұстатпай зығырданды қайнатты. Ақыр соңында есеп 17:13 болды да, кубалық боксшы әлем чемпионы атанды. Ниязымбетовке разымыз. Барын салды. Тiптi қытайлық қарсыласының қанын ағызды. Жартылай сында өзбек Дiлшод Расуловты ұтты. Ақтық айқаста төрешiлер оның “аяқ-қолын матап” Круздың алдына жығып бердi.
Серiк Сәпиевтiң үш дүркiн әлем чемпионы атануына бiр қадам қалып едi. Өкiнiштi, украиналық боксшыға есе жiбердi. Сәпиевтiң сөзiмен айтсақ, ақтық сында ол “жеңiлген жоқ, бiрақ жеңiске де жете алмады”. Неге бұлай болды? Серiктiң де сойқан соққылары есепке алынбады. Тарсылдатып, қарсыласының қорғанысын қа­қырата соғады, ұпай молаймайды. Есесiне, Шелестюктiң қоржыны қампая түседi. Қалай жаның күймейдi! Әйтпесе, Серiк онымен бұған дейiн екi рет кез­десiп, айқын басымдықпен ұтқан болатын.
Жартылай сынға жеткен Ғани Жайлауов әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралды. Жайлауов кубалық Толедодан ұтылды.
Ақтық айқаста Толедо украиналық Василий Ломаченкоға тап болды. Василийдiң атағы аспандап тұр қазiр. Бұған дейiн де әлем чемпионы атанды. Бiрақ оның дақпыртын әлем чемпионы деген атағы емес, Бейжiң олимпиадасында ие болған Баркер кубогi шығарды. Олимпида сайын ең үздiк боксшыға берiлетiн кубокқа қол жеткiзген Ломаченко – бүгiнде өз елiнiң күлшелi баласы. Ақтық айқаста Ломаченко Ясниер Толедоны еңсерiп, екiншi мәрте әлем чемпионы атанды.
Жартылай сынға жеткен Иван Дычко ақтық айқасқа шығар жолда әзiрбайжандық Магомедрасул Меджидовпен шығып, жеңiлуге мәжбүр болды. Бiрақ Дычко құр қол қайтқан жоқ, әлем чемпионатынан қола жүлде және Лондон олимпиадасының жолдамасымен оралды. Меджидов алтын үшiн таласта ағылшын боксшысы Энтони Джошуаны әупiрiмдеп жүрiп жеңдi. Онда да төрешiлердiң бұра тартуымен. Джошуаның iшiнде кек кеттi.
Жылға   жетпес уақыттан кейiн Лондон олимпиадасы. Мiне, сол кезде екеуiнiң жолы түйiссе, 22 жастағы британдық боксшы Меджидовтың аптығын басатынын ескертiп кеттi рингтен түсерде.
Сонымен ХVI әлем чемпионаты да аяқталды. 113 елден келген 570 боксшының бағын да ашып, сорын да қайнатқан 40 төрешi-рефери қызмет еттi. Олардың арасында жерлесiмiз Рахымжан Рысбаев та бар.
Халықаралық бокс Ассоциация­сының президентi Чинг-Куо Ву мырза әзiрбайжандықтарға әлем чемпионатын ойдағыдай ұйымдастырғаны үшiн разы боп қайтты.
Командалық есепте 4 алтын, 1 күмiске қол жеткiзген Украина құрамасы I орынды еншiледi. II орында – 2 алтын, 1 күмiс олжалаған Куба боксшылары. Ринг иелерi 1 алтын, 1 күмiс медальмен үшiншi сатыда тұр.
Бiздiң елдiң алдын Ресей, Қы­тай, Бразилия боксшылары орап кеттi. 2 күмiс, 2 қола жүлдемен Айтжанов апарған қазақ елiнiң құрамасы 7-сатыға орнықты.
Лондон олимпиадасына Кубаның 7 боксшысы баратын болды. Олар Бакуден 7 жолдаманы ен­шiледi. Украина мен Ресей спортшылары 6 жолдаманы бөктердi. Қазақстан мен Италия құрамасы 5 жолдамаға ие болды.
Өткенге өкпе артып қайтемiз. Өттi-кеттi. Ендi келер күннен көп олжа күтуiмiз керек. Лондонда жұлдызымыз жансын деп тiлейiк. Одан кейiн 2013 жылы бокстан әлем чемпионаты Астана қаласында өтедi. Бiз сонда есемiздi еселеп қайтаруға тиiспiз.
Тәуелсiздiк алғалы қанша әлем чемпионатына қатыстық екен өзi? Солардың iшiнде ұртымыз қаншалықты майланып, қанжығамыз қанданды? Санамалап көрейiк.
Бiздiң боксшылар 1993 жылдан берi осымен оныншы рет әлем чемпионатына қатысып отыр.
1993 жылы Финляндияның Тампере қаласында Василий Жиров 75 келiде қола жүлдеге қол жеткiздi.
1995 жылы Берлинде (Германия) Болат Жұмәдiлов 51 келiде күмiс, Василий Жиров 81 келiде қола жүлдемен оралды. 
1997 жылы Венгрия астанасы Будапеште өткен чемпионатта Ермахан Ыбрайымов 71 келiде – күмiс, Болат Жұмадiлов 51 келiде қола жүлде алды.
1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) Болат Жұмәдiлов тәуелсiз қазақ елiнiң арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Мұхтархан Дiл­дәбеков аса ауыр салмақта күмiс жүлденi еншiлесе, Ермахан Ыбрайы­мов қола жүлдемен оралды.
2001 жылы Солтүстiк Ирландия­ның Белфаст қаласында өткен әлем чемпионатына 57 келiде Галиб Жапаров күмiске қол жет­кiздi.
2003 жылы Тайланд астанасы Бангкокта Галиб Жапаров (57 келi) пен Геннадий Головкин 75 келiде әлем чемпионы атанды.
2005 жылы Қытайдың Мянянь қаласынан бiздiң боксшылар зор табыспен оралды. Серiк Сәпиев 64 келiде, Ердос Жаңабергенов 81 келiде әлем чемпионы атанды. 48 келiде Бiржан Жақыпов, 51 келiде Мират Сәрсембаев, 75 келiде Бақтияр Артаев қола жүлдегер атанды.
2007 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласынан Серiк Сәпиев өзiнiң салмағында екiншi мәрте әлем чемпионы атанды. Бақтияр Артаев 75 келiде, Еркебұлан Шынәлиев 81 келiде қола жүлдемен оралды.
2009 жылы Миланда жерге қарадық. Жалғыз Сәпиев қана 69 келiде қола жүлдеге қол жеткiздi.
Бакуде өткен әлем чемпионатының
жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi:
49 келi
1. Зоу Шиминг (Қытай),
2. Жон Шин (Корея),
3. Давид Айрапетян (Ресей), Пуревдрож Сердамба (Моңғолия).
 
52 келi
1. Миша Алоян (Ресей),
2. Эндрю Селби (Уэльс),
3. Рауши Уоррен (АҚШ), Жасурбек Латипов (Өзбекстан).
 
56 келi
1. Ласаро Альварес (Куба),
2. Люк Кэмпбелл (Ұлыбритания),
3. Джо Невин (Ирландия), Әнуар Юнусов (Тәжiкстан).
 
60 келi
1. Василий Ломаченко (Украина),
2. Ясниер Толедо (Куба),
3. Доменико Валентино (Италия), Ғани Жайлауов (Қазақстан).
 
64 келi
1. Эвертон Лопес (Бразилия),
2. Денис Беринчик (Украина),
3. Томас Сталкер (Ұлыбритания), Винченцо Мангиакапре (Италия).
 
69 келi
1. Тарас Шелестюк (Украина),
2.Серiк Сәпиев (Қазақстан),
3. Эгидиус Кавалиаускас (Литва), Кришан Викас (Үндiстан).
 
75 келi
1. Евгени Хитров (Украина),
2. Риота Мурата (Жапония),
3. Эскуива Фальсао (Бразилия), Богдан Журатони (Румыния).
 
81 келi
1. Хулио ла Круз (Куба),
2. Әдiлбек Ниязымбетов (Қазақстан),
3. Егор Мехонцев (Ресей), Елшод Расулов (Өзбекстан).
 
91 келi
1. Александр Усик (Украина),
2. Теймур Маммадов (Әзiрбайжан),
3. Сергей Корнеев (Белорусь), Ксуанкусан Ванг (Қытай).
 
91 келiден жоғары
1. Магомедрасул Меджидов (Әзiрбайжан),
2. Энтони Джошуа (Ұлыбритания),
3. Эрик Пфейфер (Германия), Иван Дычко (Қазақстан). 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар