1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (15631) 30 тамыз, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
30 тамыз 2011
Күптi көңiлдi күмiс басты

Парижде аяқталған әлем чемпионатынан елiмiздiң ерлер және қыздар құрамасы жалқы күмiспен ғана қайтты.

60 келiде белдескен Еркебұлан Қосаев алғашқы белдесуiнде татамиге шыққан жоқ. Әлем чемпионатына екiншi кезеңнен қосылған болатын. Осы белде­суiнде американдық балуанды жеңген. Үшiншi кездесуiн ресей­лiк спортшымен өткiзiп, жеңiлу­ге мәжбүр болды. Елдос Сметов болса, алғашқы айқасын армениялық балуанмен өткiзiп, ұтылып қалды.
Жасөспiрiмдер дуында қарсыласын қаңбақтай көтерiп, талай додада топ жарған Наурызбек Майлашев пен Азамат Мұқановтан мұндай босбелбеу­лiктi күтпеп едiк. Наурызбек жарысқа екiншi айналымнан қо­сылды да, алғашқы белдесуiн Таиланд балуанына қарсы өткiзiп, жеңдi. Одан кейiн андорралық спортшының да сағын сындырған. Тек ширек финалда француз балуанынан өте алмады. Бапкерлер де, жанкү­йерлер де жүлде күткен жiгiттер­дiң бiрi Азамат болатын. Мұқанов та сайысқа екiншi айналымнан қосылды. Канадалық балуанды жеңгенiмен, келесi белдесуде ресейлiк спортшы оның “әлем чемпионы болсам” деген арманын қиып түсiрдi. Сөйтiп, 66 келiде ел сенiмiн арқалаған қос балуан да жарысты ерте аяқтады.
73 келiде белдескен Ринат Ибрагимов қола жүлдеге қол созым қалғанда тоқтады. Алдымен сербтi, сосын маврикалықты, үшiншi белдесуiнде украиналық спортшыны да тiзе бүк­тiрдi. Ширек сында жапон жiгiтi ғана Ринаттың жолын бөгедi. Жұбаныш белдесуiнде ресейлiк спортшыны сан соқтырды. Қола жүлдеге талас кезiнде жергiлiктi француз балуаны жеңiстi жұлып әкеттi. Ринат биылғы әлем чемпионатын 5-орынмен тәмамдады. Осы салмақтағы Елдар Зарипханов екi кездесуiн тәуiр бас­тап, қарсыластарын жеңгенi­мен, үшiншi айналымда француз балуанынан өте алмай қалды.
Ислам Бозбаев (81 келi) алғашқы айналымда-ақ өзiнiң осалдығын көрсетiп, британдық балуанға әлi жетпедi. Чемпионат­қа дайындықсыз барды ма, әлде басқалай себептерi бар ма, бұған дейiн тәп-тәуiр нәтижеге қолы жетiп жүрген Бозбаев тез болдырып қалды. Саят Шәм­шиевке мүмкiндiк молынан туған. Ол iрiктеу барысында екi бiрдей кезеңнен белдесусiз-ақ өтiп алды. Татамиге үшiншi кезеңде шыққанымен, грузиялық спортшыға әлi жетпедi.
90 келiде сайысқа түскен Болат Тимур мен Александр Касачев те iрiктеу кезеңдерiнен аса алмады.
100 келiдегi Максим Раков қана әлем чемпионатына тектен-тек келмегенiн көрсеттi. Ол алғашқы белдесуiн өзбек Рамзиддин Саидовпен өткiзiп, ұтып кеттi. Екiншi кезеңде сыралғы қарсылас, талай жарыста жолдары үнемi түйiсiп жүретiн тәжiк Мұхамедмұрат Әбдiрахмановты жеңдi. Үшiншi кезеңде француз Тьерри Фабрды жеңiп, “иппон” әдiсiне түсiрiп кеттi. Ширек финалда әлем кубогының иегерi чех Лукаш Крпалек те жерлесiмiзге еш қайрат көрсете алмады. Жартылай сында египеттiк Дарвиш Рамадан да Раковтың жолына бөгесiн бола алмады. Максимнiң екi дүркiн әлем чемпионы атануы­на үлкен мүмкiндiк туған едi. Ақтық айқаста 2009 жылы Еуропа чемпионы атанған ресейлiк Тагир Хайбулаевтан өте алмады. Құрама қоржынына жалғыз күмiстi Максим салды.      
Аса ауыр салмақтағы Ержан Шынкеев алғашқы кездесуiнде мексикалық Рамон Флорестi жеңгенiмен, екiншi айналымда Бейжiң олимпиадасының жүл­дегерi кубалық Идалис Ортистен өте алмады.
Қыздар құрамасы да қарық қылмады. Бәрi де iрiктеу ке­зеңдерiнде шетiнен ұтылды.
Әлем чемпионатында 5 алтын, 6 күмiс, 4 қола еншiлеген жапондар командалық есепте бiрiншi орынға шықты. Төрiне татами төсеп, әлем чемпионатын өткiзген француздар 4 алтын, 1 қола медаль олжалап, екiншi сатыға жайғасты. Үшiншi орында тұрған Қытай құрамасы 1 алтын, 1 күмiс медаль еншiледi. Қазақстан құрамасы жалғыз күмiспен 11-сатыға орнықты.
 
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар