1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (15633) 6 қыркүйек, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
6 қыркүйек 2011
Жұрт күткен жанкештiлiк осы едi

Қазақстан құрамасы бұған дейiн Түркия футболшыларынан ұтылып келдi. Жеңiлгенде де жер болып қайтып жүрдiк. Өз алаңымызда болсын, Ататүрiк топырағында болсын, пешенемiзге ойсырай ұтылу жазылып қойғандай...

Бiз тағы да ұтылдық. I-таймның соңын ала болдырып қалатын бiздiң елдiң футболшылары бұл жолы тоқсан минут бойы жанкештiлiк танытты. Тек соңғы сәтте ғана iргесi сетiней қалып едi, көреген көз түрiктер сәттi пайдалана бiлдi. Бiрақ осы жеңiлiстiң дәмi кермек тати қоймайды-ау...
Ыстамбұл қаласындағы “Түрiктелеком арена” атты стадиондағы бұл ойынды Түркия президентi Абдолла Гүл келiп тамашалады. Және де ойын соңына дейiн тапжылмай көрдi. Көңiлге қуаныш сепкен әсерлi жайттарды айтпай кетуге болмас. Мәселен, екi елдiң әнұраны орындалған сәт. Алдымен қонақтай келген қазақ елiнiң әнұраны орындалғанда, Қайрат Нұрдәулетов бастаған жiгiттер қосыла шырқады. Олар ел футболы үшiн ештеңеден тартынбау керегiн жүрегiмен сезiнетiнiн стадионда араның ұясындай гүжiлдеген қалың түрiкке паш еттi.
Ойын аса тартысты басталды. Қызыл жейде киiнген түрiктер шабуылға дембiл-дембiл шыққанымен, Мокин қорғаған қақпаға ала доп беттей қойған жоқ. Тек ойынның 31-минутында Бурак қорғаушы Груманның алдына кесе-көлденең жығылғанына қарамастан әуелеп жеткен допты аяғының ұшымен Мокиннiң маңдайынан асыра қақпаға түрте салды. Қорғаушы да, қақпашы да мұндай әккiлiктi күтпесе керек, қас пен көздiң арасында доптан көз жазып қала бердi. Түрiктерге бұдан кейiн де тамаша сәт талай туған. Команда капитаны Арда Тұран әрiптестерiне мүмкiндiктер жасағанымен, доп бiрде қақпадан қиыс кетсе, ендi бiрде шабуылшылар шатасып, Мокинның маңына жақындай алған жоқ. Бiрiншi тайм түрiктердiң пайдасына шешiлдi.
Екiншi таймда да Гус Хиддинк жiгiттерi жан-дәрмен шабуылға шыққанымен, еш нәтиже өндiре алмады. Түрiктердiң пас берудегi қателiгiн ұтымды пайдаланған Ұлан Қонысбаев оң қапталдан Демирелге қарай андыздай жөнелдi. Қазақтардан мұндайды күтпесе керек, екi бiрдей қорғаушы Қонысбаевтың қос аяғындағы доптың бағытын баға алмай шерменде күйге түстi.
Ұлан (55-минутта) қазақ елi бауырлас түрiктерден 0:1 есебiмен ұтылып жатқанда, тақымнан сусып бара жатқан тең жағдайды қайта қалпына келтiрдi. Оның голы Алматыда Хамит Алтынтоп соққан ғажайып голдан бiр мысқал да кем болған жоқ. Дүмi мықты деген Демирелдiң өзi Қонысбаевтың соққысына еш қарекет ете алған жоқ.
Тең жағдайдан кейiн Ыстамбұлдың стадионы да сансырап қалды. Ертеректе iрi есеппен жеңгенге көңiлдерi де, көздерi де үйренiп қалған түрiктер қазақтан “тұяқ серпудi” күтпесе керек. Ендi олар абдырайын дедi. Арда Тұраны бастап, Сабриi қостап, Бурагы бар, қақпа алаңын шиеленiстiрiп жiбердi. Бурактың баспен бағыттаған соққысын сауысқаннан сақ Мокин қолымен қағып, голдан аман алып қалды. Осындай қарбалас сәттiң бiрiнде Мұхтаров айып алаңының iшiнде допты қолымен тоқтатып, төрешi Клеман Турпеннiң құлаққа түрпiдей тиген ысқырығы естiлдi. Мокиннiң қақпасына айып добы белгiлендi. Допқа Бурак жақындаған. Жалқы голға қанағаттана қоймайтын ол Мокиндi алдап соққысы келгенiмен тепкен добы қақпа бағанасынан кейiн қайтты.
Қонысбаевтың Гридинге шығарған пасы тамаша едi. Сергейдiң алыстан тепкен тура соққысы Демирелден өткен жоқ. Ойынның негiзгi 90 минуты тең нәтижемен аяқталған.
Француз төрешiсi Турпеннiң қосқан қосымша 4 минуты бәрiн “бүлдiрдi”. Қақпа алаңының маңынан айып добы белгiленiп, Арда Тұран өзi жақындады. Хиддинктiң   айғайы бар, президент Гүлдiң өзi көрiп отыр. Ардаға артылған сенiм, жүктелген үмiт мол болатын. Сол себептi соңғы мүмкiндiктi мүлт жiбермеуге тырысты. Төрешiнiң ысқырығынан соң, жерлете тебiлген доп орта жолда тосқа­уылда тұрғандардың арасынан өтiп кеттi. Егер де бiздiң ойыншылар жапырылмай, орындарында тұрғанда, басқаша болар ма едi. 93-минуттағы гол жеңiстi түрiктер жағына аудырып жiбердi. Бiрақ қуған жетпейтiн ойынға опынудың қажетi жоқ. Бiздiң қуанатымыз – қазақ елiнiң футболы Еуропаның да тiзесiн дiрiлдете алатынын дәлелдедi. 
Ойын соңында Гус Хиддинк Гридиннен қатты қауiптенгенiн, қазақ елiнiң футболы қайта түлеп, адам танығысыз өзгергенiн айтты: “Сырықтай Сергей шабуылға шыққанда iшiм қыпылдап отырды. Өйткенi бiздiң қорғаушылар одан әлдеқайда аласа болатын. Қазақстан құрамасы қорғаныста да тамаша ойнады. Жiгiттер оңтайлы сәтте қорғаушылардан құтыла алмай қалды. Мұндай көрiнiс бiр емес, бiрнеше мәрте қайталанды. Қорғаушылар аса сақтықпен ойнады”.
Бүгiн Қазақстан құрамасы Бакуде Әзiрбайжан құрамасына қарсы ойнайды. Әзiрбайжандар 2 қыр­күйекте Бельгия құрамасымен ойнап, 1:1 есебiмен тең түскен болатын.
 
Қуаныш БАЖАҚ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар