1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (15630) 25 тамыз, бейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
25 тамыз 2011
Досжан Оспанов, Азия чемпионы: Мақсатымды ұштаған – «Жас Алаштағы» мақала

Жуырда Оңтүстiк Кореяның Ичхон қаласында аяқталған Азия бiрiншiлiгiнде қазақ боксшыларының қоржынға салған 5 медальдiң iшiнде аса ауыр салмақта елдiң намысын қорғаған жерлесiмiз Досжан Оспановтың олжалаған алтын медалiнiң орны ерекше. Құрлық бiрiншiлiгiнде аса ауыр салмақта сонау 1998 жылы Мұқтархан Дiлдәбеков топ жарған болатын. Содан бергi 12 жыл iшiнде бұл салмақта бiзге бас жүлде бұйырмапты. Ал осыдан 8 жыл бұрын шымкенттiк талантты боксшы Бейбiт Шүменов чемпион атанып, айды аспанға шығарған болатын. Мiне, 2011 жылы Шымкент бокс мектебiнiң жұлдызы тағы да жарқырай түсiп, Азия чемпионатының алтын медалi бөктергiге байланды.

 Соңғы Азия ойындарында дәл осы Жилеймен ақтық кездесуде қолғап түйiстiрген қостанайлық Иван Дычко жеңiлiстiң ащы дәмiн татып, күмiс медальдi қанағат тұтқан. Тағы бiр дерек: Жанг Жилей бұған дейiн қазақстандық былғары қолғап шеберлерiмен бес рет кездесiп, барлығында да жеңiске жеткен. Демек, логика бойынша ел чемпионы Дычко қарымта қайтаруға ұмтылып, Оңтүстiк Кореяға құраманы бастап баруы тиiс едi. Дегенмен, ұлттық құрама команданың бапкерлерi құрлық додасына Дычконы емес, Оспановты жiбергендi жөн көрдi. Уақыт көрсеткендей, жаттықтырушылар қателеспептi. Оспанов Азия чемпионы атанып, байрақты бәсекедегi ең үлкен сенсацияны кәрiс топырағында көрсеттi. Бiрiншiлiк барысында үш кездесу өткiзiп, бәрiнен де қарсыластарынан айласын асыра бiлген Досжан Оспанов бұл жеңiсiнiң орны бөлек екенiн бiрден айтады.
 – Әуелi Алла тағаланың, екiншi еңбектiң арқасы деп бiлемiн. Спортта жүргенiме он жылдан асты. Бұған дейiнгi ең үлкен жеңiсiм – студенттер арасындағы әлем чемпионатынан алған күмiс жүлде. Одан сырт бiрқатар халықаралық турнирлердiң жеңiмпазы атандым. Дегенмен, Азия чемпионатының деңгейi бұлардан жоғары ғой. Бапкердiң орасан зор еңбегiн атап өткiм келедi. Жаттықтырушым атақты маман, Қазақстанға еңбегi сiңген бапкер Нұрғали Сафиуллин екенiн мақтан тұтамын. Маған дейiн бiрнеше мықты боксшыны даярлап шығарған ол маған да сенiм артатыны үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.
– Ичхондағы кездесулерге тоқтала кетсең.
 – Үш кездесудiң қай-қайсысы да мен үшiн оңайға соққан жоқ. Алғашқы жекпе-жекте үндi боксшысымен қолғап түйiстiрдiм. Үндiстiң де, финалдағы қарсыласым – иран былғары қолғап шеберiнiң де салмағы њәм бойы менiкiнен әлдеқайда жоғары. Жалпы, ең ауыр салмақта өнер көрсетiп жүрген боксшыларға қарағанда анағұрлым жеңiлмiн. Салмағым – 100 келi. Бойым да аласа – 190 сантиметрден аспайды. Ал қарсыластарымның бойлары – кемi 2 метр, салмағы әдетте менен 15-20 келi ауыр келедi. Бiрақ жеңiлдiктiң өзiндiк артықшылығы да бар. Қарсыластарыма қарағанда, жылдамырақ қимылдай аламын. Соның арқасында жеңiске жеттiм.
– Әйткенмен, ең ауыр кездесу – Жанг Жилеймен болған жекпе-жек шығар?
 – Ол рас. Әлем бiрiншiлiгiнiң қола жүлдегерi, олимпиада ойындарының күмiс жүлдегерi, Азияның бiрнеше дүркiн чемпионы Жилеймен шаршы алаңға шықпас бұрын кездесуге тыңғылықты дайындықпен келдiм. Бүгiнде осы салмақта әлемде Жилей үздiк боксшы саналады. Себебi, Бейжiң олимпиадасының қањарманы итальяндық Роберто Камарелле үлкен спортпен қоштасты. Яғни одан кейiнгi ең мықты боксшылардың тiзiмiнде қытай боксшысы тұр. Бапкерiм Нұрғали ағамен бiрге түрлi тәсiлдердi қарастырдық. Жанг Жилейдiң солақай боксшы болғаны жағдайымды қиындата түстi, себебi мен үшiн мұндай қарсыласпен жұдырықтасу қолайсыз. Дегенмен, әр жаттығудан соң бiраз уақытты нақ осы Жилейге қарсы қалай күресу керегiне көңiл бөлiп отырдық. Бұл өз жемiсiн бердi деп ойлаймын. Бiр жағынан төрешiлер тарапынан да әдiлетсiздiктерге жол берiлдi. Кездесудiң нәтижесi бойынша 16:15 есебiмен жеңiске жеткенiммен, кейiн санасақ менiң кемi 8 соққым есептелмей қалған екен.
– Аса ауыр салмақта сенiң бiрден-бiр қарсыласың – қостанайлық Иван Дычко екенi белгiлi.
 – Иә, соңғы ел бiрiншiлiгiнде 4:1 есебiмен оған ұтылдым, оны мойындау керек. Былтырғы ел бiрiншiлiгiнде де финалда кездесiп, жеңiлiс тапқанмын. Биыл жартылай финалда Кособуцкийдi ұтып, былтыр Руслан Мырсатаевтан басым түскенмiн. Қазiргi негiзгi қарсыласым Дычко болып тұр. Бұл боксшыға қарсы тыңғылықты жаттығу үстiндемiн. Бiздiң салмақтағы №1 боксшының кiм екенiн алдағы уақытта өтетiн спарринг кездесулер айқындап бермек. Келесi жылы Лондон олимпиадасы өтпек. Төртжылдықтың басты спорт додасына жолдама алуға барымды саламын. Қазан айында әлем чемпионаты өтедi, сонымен қатар келесi жылы Астанада олимпиада ойындарына жолдама үлестiретiн жарыс өтедi. Әзiрше дайындығым жаман емес.
– Досжанның бокспен қалай “достасқанын” бiлсек.
 – Оның бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, танымал спортшы Мұқтархан Дiлдәбеков – менiң туған нағашым. Әрине, оның спорттағы жетiстiктерi маған әсер етпей қоймады. Мұқтарханның шаршы алаңдағы жеңiстерiн тамашалай отырып боксқа деген қызығушылығым пайда болды. “Ер нағашысына тартады” демей ме, қазақ атамыз.
Өзiм Мақтаарал ауданының тумасымын. Ауылда жылда мақта егiп, еңбектенемiз. Бiр күнi егiстiкте жүргенiмде “Жас Алаш” газетiнiң бетiнде “Қайдасың, Мұқтархан мен Әбiлсейiттiң iнiлерi?” деген тақырыптағы мақаланы оқыдым. Онда Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебiне дарынды жас спортшыларды шақырып жатқаны жайлы жазылыпты. Болашақ боксшылардың салмағы мен бойына қойылған бiрқатар талаптарға сай екенмiн. Әкеммен ақылдасып, мектепке құжаттарымды тапсырдым. 2004 жылы Шымкентке ауысып келдiм. Нұрғали аға Қытайда қызмет еттi де, Нұрбек Батыров ағам баулыды. 2009 жылы Сафиуллин елге қайта оралған соң жаттығуды жалғастырдық. Ол – өте тәжiрибелi бапкер, бiлiктi маман. Басқасын айтпағанда, ұлттық құрама команданың бас бапкерi Мырзағали Айтжановтың өзi – Сафиуллиннiң шәкiртi.
 
Нұрғали Сафиуллин, бапкерi: ОСПАНОВ ОСАЛДАН ЕМЕС
 – Досжан Оспанов жайлы не айтасыз?
 – Ол өте қабiлеттi, шаршы алаңда ойлай бiлетiн боксшы. Бiрақ әлi де көп еңбектенiп үйренуi керек.
– Шәкiртiңiздiң Азия бiрiншiлiгiндегi жеңiсi кездейсоқтық емес пе?
 – Жоқ, мүлдем олай емес. Бұл жеңiсiн ол ұзақ уақыт күттi. Досжан соңғы бес жыл көлемiнде ел бiрiншiлiгiнiң финалына шығып жүрдi. Бұл бiр жағынан оның тұрақтылығын көрсетсе, екiншi жағынан әлi де осал тұстарының барын айғақтайды.
– Досжанды бұрынғы шәкiртiңiз Мұқтарханмен салыстыра аласыз ба?
 – Досжанды Мұқтарханнан асып түспесе, кем болмайды деп ойлаймын. Ол үшiн тек жұмыс iстеуi керек. Техникасы жаман емес. Ал салмақта тұрған ештеңе жоқ. Әйтпесе кезiнде Мұқтарханның салмағы Досжандiкiнен де жеңiл болатын.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлiссеңiз. Лондон олимпиадасына бiр жылдай уақыт қалды ғой.
 – Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып үлгеремiз деп сенiммен айта алмаймын. Менiңше, басты межемiз 2013 жылы Астанада өтетiн әлем бiрiншiлiгi болуы тиiс.
– Оспанов-Дычко текетiресi жайлы не айтасыз?
 – Дәл қазiр рейтинг бойынша Дычконың орны жоғары болып тұр. Бұған дейiн Оспанов Дычкоға екi рет есе жiберiп қойды. Дегенмен, шәкiртiмнiң жаттығу жиындарындағы дайындығы жаман емес сияқты. Барлығын уақыт көрсетедi.
Әңгiмелескен – Ғалымжан Елшiбай
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар