1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №95 (15449) 26 қараша, бейсенбі 2009
"Жас Алаштың" спорт беті.
26 қараша 2009
Сергелдеңге созылған сегiз жыл

Футболдан Еуропа бiрiншiлiгi 2012 жылы Украи­на мен Польшада өтетiнi белгiлi. Осыған байланысты УЕФА келесi жылдың ақпан айында iрiктеу ойындарының жеребесiн өткiзедi. Iрiктеу ойындарына алаң қожайындары ғана қатыспайтынын ескерсек, кәрi құрлықтың қалған елу бiр мемлекетi жеребенiң қалай түсетiнiн асыға күтiп отыр. Қазiрдiң өзiнде Еуропаның футбол басшылары жеребенiң алғашқы жобасын жасап қойды. Яғни, УЕФА-ның рейтингiсiне сәйкес, командалар жiлiктелiп, әр кәрзеңкеге бөлiнiп тасталған. Қазақстан құрамасының футболшылары Черногория, Албания, Грузия, Молдова, Исландия, Армения және Лихтенштейн командаларымен бiрге бесiншi кәрзеңкеде бастары қосылды. Бұл – Қазақстан құрамасының футболшылары аты аталған елдердiң аяқдопшыларымен ғана бiр топқа түсе алмайды деген сөз. Демек, 2012 жылғы Еуропа бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындары кезiнде Қазақстан құрамасына Голландия, Франция, Германия, Испания сияқты азулы командалармен қатар, Чехия, Швеция, Румыния, Венгрия сынды Еуропаның ортанқол командалары да қарсылас атануы әбден мүмкiн.

Жақында УЕФА-ның прези­ден­тi Мишель Платини Астанаға арнайы ат басын бұрды. Елiмiз­дегi ең алып стадионда болып, Қазақстан кубогының финалын тамашалады. Ойыннан кейiн бұ­қа­ралық ақпарат құралдарына сұхбат та бердi. Аты әлемге танымал болған кешегi футболшы, бүгiнгi шенеунiктiң жанында Қазақстан футбол федерациясының президентi Әдiлбек Жақсыбеков жүрдi. Жай жүрген жоқ. Қазақстан футболының қазiргi жай-күйi жайлы сыр шерттi...
Бұқаралық ақпарат құралдарына арнап сұхбат берген Әдiл­бек Жақсыбеков Қазақстан құрамасының ойынына оң баға бере келе, ел футболшыларына бас болып отырған Бернд Шторктi де сөз еттi. Қазақстан құрама командасын алдағы уақытта да Шторктiң жаттықтыратынына уәде бердi. Демек, сөзiмiздiң басында айтып өткендей, Еуропа бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындарына ел футболшыларын, сөз жоқ, Бернд Шторк бастап алып шығады. Iрiктеу ойындары кезiн­де он бiр футболшының басын қосып, доп тептiре алмаған Шторк­тi бiз ендi тағы да екi жыл «күтiп бағамыз». Бәлкiм, көтерем қойдай болып, ақсап тұрған қазақ футболының деңгейiне дәл осы Шторк сияқты бапкерлер де керек шығар...
Бернд Шторк елiмiзге жастар құрамасының бас бапкерi ретiн­де келгенi бәрiмiзге белгiлi. Рас, елiмiзде талантты жастарымыз жетiп артылады. Оған ешқандай дауымыз жоқ. Сол талантты жас­тардың басын қосып, допты түзу тептiре бiлетiн бапкер де қажет. Бұл жағынан келгенде жастарымызға Бернд Шторк лайық екенi сөзсiз. Бiрақ, жастарымызға деп аттай қалап әкелген бапкердi ұлттық құрамаға бас бапкер етiп қойғанымыз қателiк екенiн Жақсыбеков сияқты басшыларымыз бiле ме екен...
Бернд Шторк – Қазақстан құрамасына бас бапкер болған үшiншi шетелдiк бапкер. Шторк­тiң алдында ұлттық құраманы голландиялық маман Арно Пайперс жаттықтырды. Ал шетелдiк бапкерлердiң арасында алғаш­қы болып ұлттық құраманың тiзгiнiн ұстаған ресейлiк Леонид Пахомов болатын.
Обалы не керек, Леонид Пахомов ұлттық құрамаға келген соң, Қазақстан құрамасында ойнауға лайықты футболшыларды жинады. Әрине, нәтиже көрсету үшiн келген бапкер осылай iстесе керек-тi. Бiрақ, Пахомовтың ұлттық құраманы жаттықтыруға тәжiрибесi жеткiлiксiз еке­нiн Алматыда Қазақстан мен Әзiрбайжан құрамаларының ойы­нынан кейiн-ақ белгiлi болып қалды. Одан кейiн Қазақстанды елiмiздегi жас бапкерлердiң бiрi Сергей Тимофеев жаттықтырды. Тимофеевтiң дәуiрi өткеннен кейiн Қазақстан футбол басшылары голландиялық Арно Пай­перс­ке арқа сүйедi. Пайперс те Қазақстан құрамасына пәлендей өзгерiс енгiзе алмады. Бәлкiм, тәжiрибесi де жеткiлiксiз болған шығар. Кiм бiлсiн?! Бiрақ, А.Пайперс те Л.Пахомов сияқты ел футболының қаймақтарын жинады құрама командаға. Сондықтан болар, Қазақстан құрама командасы 2008 жылғы Еуропа бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындары кезiнде бiраз жетiстiктерге қол жеткiздi. Мәселен, Сербияны Алматыда ұттық. Немесе Еуропаның «қызыл сайтандарына» баланған бельгиялықтармен тере­зесi тең өнер көрсеттiк. Арме­ния­ны сырт алаңда тiзе бүктiрдiк және Португалиға тоқсан минут бойы табандап қарсылық көр­сеттiк. Осының бәрiне бiз Арно Пайпрестiң кезiнде қол жеткiз­дiк. Ал қазiргi Қазақстан құрамасының бас бапкерiнiң көмегiмен бiз неге қол жеткiз­дiк? Қандай жетiстiгiмiздi айтып мақтана аламыз? Жалпы, Шторк қазақ футболына не бердi? Англиядан сырт алаңда 1: 5 есебi­мен ойсырай ұтылғанымызды мақтан етемiз бе, әлде Беларусь футболшыларынан Алматыда дәл осындай есеппен ұтылғанымызды жетiстiк санаймыз ба? Бәлкiм, бiрi банк қызметкерi, бiрi құрылысшы, тағы бiрi қарапайым жұмысшыдан құралған алақандай Андорра командасын ұтқанымызға бәлсiнетiн шығармыз. ..Жастарды тәрбиелеп жатыр дейсiз бе? Ондай болатын болса, елiмiзде он жетi жасқа дейiнгi немесе он тоғыз жасқа дейiнгi, керек десе­ңiз, жиырма бiр жасқа дейiнгi жастар құрамалары бар. Жастарға тәлiм-тәрбие бергiсi келсе, неге жастар құрамасына бас бапкер етiп қоймаймыз? Сұрақ көп, жауап жоқ...
Елiмiздiң ардагер футболшыларының бiрi Құралбек Ордабаев бiр сөзiнде: «Қазақстан құрама командасында кiлең мықтылар ойнауы тиiс»,– дейдi. Оның айтуынша, әсiресе iрiктеу ойындары кезiнде ұлттық құрамаға мықтыларды ғана тартуымыз қажет. Расымен де, Қазақстан құрама командасы сынақ алаңы емес шығар, жастардың шамасын байқайтын. Бiр елдiң, бүтiн бiр ұлттың намысын арқалап, Еуропаның, әлем бiрiншi­лiгiнiң iрiктеу ойындарына қатысады. Бұл жерде жастарды кiнәлаудан аулақпыз. Жастарымыз шамасы келгенше жүгiредi алаңда. Бiздi алаңдататыны, құрама командаға қандай бапкер келме­сiн, әйтеуiр айтатыны: «болашаққа жұмыс iстеп жатырмыз», «жастарды тәрбиелеп жатырмыз»... тағысын тағылар. Осы жерде тағы бiр заңды сұрақ туындайды. Бұған дейiн ұлттық құраманың тiзгiнiн ұстаған бапкерлер тәрбиелеген жастар қайда? Қайда әлгi Сергей Тимофеев тәрбиелеген Чичулин, Ларин, Крохмаль сынды жастарымыз? Немесе Арно Пайперс үмiт артқан Құсайынов пен Әлиев қайда? Кезiнде Сергей Тимофеев ұлттық құрамада өзiнше жастарды тәрбиеледi. Пайперс бiр өзiнше. Ал Бернд Шторк келдi де, әлгi құрамада шыңдалып жүрген жастарымыздың бiрiн де көзiне iлмедi. Өзiнше құраманы жастардан қайтадан жасақтады. Шторк кеткен соң, тағы бiр бапкер келедi шетелден. Оған да елiмiздiң футбол басшылары жастарды тәрбиеле деп тапсырма беретiнi сөзсiз. Ол да өзiнше жастарды жинап алмайтынына кiм кепiл?! Сонда әр жыл сайын жастарды өсiремiз деп, құрамада өсiп келе жатқан ойыншыларды кеудесiнен итере беремiз бе? Тимофеев дәуiрiнен бастасақ, осы күнде ұлттық құраманың негiзi қаланатындай-ақ болды ғой. Қайда қазiр Самат Смақов деген серкемiз немесе «Намыстан» жаралған Нұрбол Жұмасқалиев қайда? «Ақтөбе» сияқты кiлең мықты футболшылардан құралған командада өзiне лайық орын тауып, бiр маусымда жиырма доп соққан Мұрат Тiлешов ше? Тәжiрибесi толысқан деп Руслан Балтиевтi құраманың лидерi етiп қолдан жасаудың керегi бар ма қазiр? Құдай-ау, Балтиевтiң ұлттық құрамада ойнағанына он екi жыл болды ғой?! Тәжiрибесi толысып, ендi сол тәжiрибесi таусылатын уақыты да болды. Оның құрамада сiңiр­ген еңбегiн жоққа шығармаймыз. Бiрақ, Балтиевтi бес орап алатын ойыншы елiмiз­де жетiп артылады емес пе? Одан да Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев, Қайрат Нұрдәулетов, Мұрат Тiлешов, Қайрат Әшiрбеков, Данияр Мұқанов, Мақсат Байжанов сияқты нағыз кемелiне келген, ұлттық құраманың жейдесiн киюге лайық футболшыларды неге шақырмасқа?!. Арно Пайперске рахмет! Оның кезiнде қанша рет жеңiлiс тапсақ та, аты аталған футболшылардың барлығы ұлттық құрамада өнер көрсеттi. Сербияны да осы жiгiттердiң арқасында жеңдiк. Бельгиямен болған ойында 0:2 есебiмен жеңiлiп жатып, таразы басын теңестiр­ген де бiз тiзбектеген жiгiттер­дiң жiгерi мен қайраты, мiнезi. Ендеше, неге сол жiгiттердi ұлт­тық құрамаға қоспасқа. Еуропа бiрiншiлi­гiне iрiктеу ойындары келесi жылдың күзiнде басталады. Оған дейiн Шторк тәрбиелеген жастарымыз шыңдалып, тәжiрибелi қарсыластарына қарсы тұрады деп айту қиын. Әлемдегi нөмiрi бiрiншi спорт түрi саналатын футболға шебер­лiгi әлi толыспаған жас футболшыларымызды салып қойсақ, ол жастарымыз ары кеткенде бiр-екi жыл ойнап, одан кейiн бас бапкер ауысқанда әлгi жастарымыз тағы да тасада қалып жатса, онда бiз Әдiлбек Жақсыбеков айтқандай 2016 жылғы Еуропа бiрiншiлiгiне қатыспақ түгiлi, алдағы жүз жыл­да да қатыса алмаймыз. Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-ның қанатының астына кiргелi сегiз жылдың жүзi болыпты. Осы сегiз жылдың iшiнде бiз не бiтiре алдық? Ештеңе де бiтiрген жоқпыз. Құрама команданы жасақтауға келгенде арнайы жүйе де қалыптаспаған. Смақов, Жұмасқалиев Тiлешов­тер­дiң құрамада ойнамағаны да арнайы жүйенiң жоқтығынан.
Қазақстан футболшыларының әрбiр жеңiлiсiнен кейiн белгiлi спорт журналисi Несiп Жүнiсбайұлының айтқаны есiме түседi. Несаға «Жас Алаш» газетiне берген сұхбатында (12 желтоқсан, №99, 2008 жыл) Қазақстанның УЕФА-ға кiргенiне қарсы болғанын айтқан едi. Қазақ спортының қыр-сырын жетiк бiлетiн ағамыз сонда былай деген-дi: «Кезiнде мен Қазақстанның УЕФА-ға қосылуына қарсы болған адамның бiрiмiн. Неге дейсiз ғой?! Әрине, бiрiн­шiден, Еуропада ойнау жақсы, ондағы командалар да өте күштi, тәжiри­белi командалар. Екiн­шiден, Еуропа футбол одағы өте бай, мүмкiндiктерi мол. Бiрақ, қай елдiң футболын алсақ та, олардың басты мақсаты – әлемдiк жарысқа қатысып, одан оза шабу. Бұдан артық басқа мақсат болмайды да. Еуропа жақсы ғой, осында жүре берейiк деген сөз – арзан сөз. Ал одан қымбат сөз не? Бiз қай одақта болсақ та, құрлық бiрiншiлiгiне немесе әлем бiрiншiлiгiне қатысып, құрығанда жүлдегер болуымыз керек. Мiне, негiзгi мақсат. Ал бiз осы мақсатты Еуропаға бару арқылы құрығанда жүз жылға кейiн шегердiк. Азия құрлығынан бiздiң әлем бiрiншiлiгiне iлiгiп кетуiмiзге мүмкiндiгiмiз бар едi...».
Расымен де, Несағаң сөзiнiң жаны бар. Бiз осыған дейiн «жастарды тәрбиелеуiмiз керек», «оларға доп тептiрiп үйрету керек», «футболшыларымызды жаттықтыруға шетелдiк бап­керлердiң көмегiне сүйе­нейiк» деп несiне алашапқын болып жүрмiз? Мақсатымыз не? Әрине, мақсатымыз – әлем бiрiн­шiлiгiне қатысу. Егер футболымызды шын ниетiмiзбен дамытамыз десек, Еуропаға бармай-ақ, Азияда да дамыта берсек те болатын едi ғой. Қазiргi таңда үйiп-төгiлiп жатқан ақшаны Азия құрлығында жүрiп-ақ шашуға болатын едi. Несiп Жүнiсбайұлының сөзiне мен де қосыламын. Бiз шынымен де Еуропаға бару ар­қылы өз мақсатымызды жүз жыл­ға шегерiп алған жоқпыз ба?..
 
Төлеубек ӘДIЛБЕКҰЛЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар