1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №54 (15616) 12 шілде, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
12 шілде 2011
Ұлт волейболының ұстыны

Осыдан тура 80 жыл бұрын бүгiнде өзбек ағайынға тиесiлi топырақта тұрып жатқан қазақ отбасының шаңырағын шаттық кернедi. Қолдан ұйымдастырылған нәубет – ашаршылық атты аждаһаның аузын арандай ашып, қазақ даласына уытын шаша бастаған жыл болатын. Өзбекстанның   Ташкент облысына қарасты Янгиюль (Қауыншы) аталатын елдiмекен тұрғыны Жарылқапты Жаратқан ием жарылқап, шекесi торсықтай ұл бердi.

АТҚА АЙНАЛҒАН АҚЫРАП АЙЫ
Қазан айының 25-i күнi өмiр босағасын аттап, тiршiлiк пер­десiн ысырған ұлға ат қоюда ата-ана ұзақ ойланып, өзгеге кiсi шаптырып, елде жоқ есiм iздеп жатпапты. “Октябрь айында жарық әлемге жеттi, есiмi де Октябрь болады” деп, отағасы кесiмдi пiкiрiн айтыпты. Қашан да ерiнен еңiстеу тұратын төмен етектi құдай қос­қан қосағы да қарсы бола қоймаса керек.
Сол Октябрьдiң буыны бекiп, бұғанасы қата бастаған шағынан әуеде қақпақылдап ойналатын доп­қа алабөтен қызығушылығы күн өткен сайын қалыңдап, аңсары да арта түседi.
Октябрдiң өмiр жолына үңiл­сең, қалтарыс-бұлтарысы көп, өзiне тартып әкетедi. Тегiнде, бұл үйдiң адамдары бiлiмге ерте сусап өссе керек. Әкесi кезiнде бiлдей бiр ауданның милициясының бастығы болды. Одан кейiн Бостандық ауылдық кеңесiнiң төрағасы қызмет­терiн атқарыпты. Қаһары алты айғы қыстан да қатты қысқан жылдардың қанды қақпанынан Октябрьдiң де әкесi құтыла алмайды. 1937 жылы “халық жауы” деген жегi құрт ұлттың күре тамырларын қиып жатқанда, Жарылқаптың да басы байлауда кетедi. Көз алдында айдалып кете барған әкесiнiң сүйегi қай арада қурап қалғанын да бiлмей есейедi. Әке орнын ойсыратпай, шаңыраққа тiреу болатын кiшi әкесi Палмахан соғыс атты сұрапыл дауыл үйiрiлiп соққанда, өзi сұранып, қалың нөпiр­мен ажалға бетпе-бет аттаныпты.
Осы тұста жазушы Сейдахмет Бердiқұловтың “Қанат” атты повесiне үңiлiп көрейiкшi: ­           “... Қазақстанда волейбол спортының қара шаңырағы көтерiлген 1935 жылдан берi сан талапкер өткен. Ұлы Отан соғысының алдында қазiргi сақалы белiне түскен қарт жанкүйерлер жақсы бiлетiн бiрнеше тамаша ойыншылар болды. Волейболшылардың басын бiрiктiрiп, қауымдастырған Кирилл Ветлиций ырғудан, ядро серпуден республика чемпиондығын қатар алып жүруге құдiретi жеткен адам едi. Екiншi бiр белгiлi волейболшы – Григорий Востоковтың волейболшылығы күштi ме, хоккейшiлiгi басым ба дегенге сол кездiң спорт әуесқойлары жауап таппай дал болатын. Күнi бүгiнге дейiн университетте шәкiрт тәрбиелеген Шәмiл Бекбаев волейболдан жұлып алып жүгiру жолына салсаң бас бәйге алып шығатын. Қыл қалам құдiреттерiнiң бiрi – Орал Таңсықбаевтың iнiсi Нұрбек Таңсықбаев алаңға зергерлiк қорғаныстың қолтаңбасын әкелiп едi. Команданың тасы өрлеп, Орта Азия командаларының iшiнде шоқтығы биiк болған жылдар да өткен. Сан шалқыма қуаныштардың сәтiнде де аталған адамдардың бiрде-бiрi сыртқа жариялап “мен ССРО спорт шеберi болатын едiм” дей алмаған. Сол сөз, сол iс Түркiстанның борпылдақ шаңын емiн-еркiн кешiп жүрген қара сирақ баланың үлесiне тидi...” (Таңдамалы, II том. Алматы: Жалын, 1991 жыл. 60-61 бет).
Осылай бүтiн бiр дәуiрге үн қатқан Жарылқапов он жылдықты түгесiп, Алматыға келгенде, екiншi тынысы ашыла ұлт волейболының iргесiн қалау үшiн жең түрiндi. Ол отыздың о жақ, бұ жағында жүрiп-ақ бүтiндей бiр ұлт волейболының iргесiн құйып қана қойған жоқ, тұтастай қабырғасын қалап кеттi. Бiздiң бүгiнгi малданып жүрген волейболымыздың түп-тамыры қай тұста жатқанын кейiнгi ұрпақ бiлiп жүруi тиiс...
 
Өмiрзақ Жолымбетов,
спорт журналисi, зейнеткер: 
АҚЫЛ-КЕҢЕСIН АЯМАЙТЫН
 – Мен Октябрьмен сонау студент кезiмнен таныспын. 1958 жылы Дене тәрбиесi институтына оқуға түстiм. Бiзбен қатар сол жылдары Тимур Сегiзбаев, Жәнiбек Сауранбаев, Әбiлсейiт Айхановтар оқыды. Бәрiмiз қатарлас, тұстас, қарайлас жiгiттермiз. Ауылдан Алматыға арманын алдына салып келген бозбаламыз. Бiр-бiрiмiздi жыға тани бермеймiз.
Ол кезде бүгiнгiдей әр оқу орнының барлық факультеттерi бiр жерде болмайтын. Әр мамандық әр жерде орналасқан. Бiз оқитын институттың Максим Горький атындағы саябақтың iшiнде бiр ғимараты болса, екiншiсi ана көшеде, үшiншiсi мына бiр тұста орналасқан.
Сабақ аяқталысымен Спартак атындағы стадионға келемiз. Ол уақытта қазiргi Абай даңғылындағы Орталық стадион жоқ едi. Тимур Сегiзбаевтың доп тепкенiн бақылаймыз. Жәнiбек Сауранбаев сынды спортшылардың жұртқа танымал бола бастаған шағы. Бiрде алаңдағы жiгiттердiң арасында көзiмiзге оттай басылып, бойы ортадан жоғары, балтырлары бесiктей, өте биiк секiретiн жiгiт түстi. Өзiнiң ойын мәнерi де ерекше. Жәнiбек Сауранбаевты танимыз. Ал мына жiгiт бiзге бейтаныс. Жәнiбек: “Бұл – Октябрь Жарылқапов”, – деп таныстырды. Октябрьдiң Ауылшаруашылық инс­титутын бiтiрiп, қызмет iстеп, қосымша волейболдан елiмiздiң құрама командасында ойнап жүрген кезi екен. Содан таныстығымыз тереңдеп кеттi. 
Мен оқу бiтiрген соң, Қызылордаға комсомол комитетiне бөлiм меңгерушiсi болып келдiм. Жиырмадан ендi асқан шағым. Көп өтпей басшылар менi шақырып алды да: “Осы жерде Алексей Трофимов деген кiсi iстейдi. Жұмысына жауапсыздау адам. Артық-ауыс жүрiстерi де көп. Орнына барасың”, – дедi. Ойландым да, келiсiм бердiм. Ауыл, аудан емес, бүтiндей бiр облыстың спортына бас-көз болу жиырма екiдегi адамға оңай шаруа емес.
Ақыл сұрап, Алматыға Октябрь ағама келдiм. Спорт комитетiнде Қаркен Ахметовтiң орынбасары қызметiн атқаратын. Шаруаның жоспарын түзiп бермесе де, ар­қамнан қағып, жылы сөзiн айтты. Бiр ауыз сөзiнiң өзi жiгерлендiрiп, кабинетiнен жел­пiнiп шыққаным күнi бүгiнге дейiн көз алдымда.
Октябрьдiң шарапаты бiз – бiр топ спорт журналистерге Иранда өткен халықаралық жарысты жазуға аттанғанда да тиген. Қазақ тiлдi басылымдардан барған тiлшiлердi шетқақпайлап, көпшiлiк ортадан алыстау ұстағысы кел­гендердiң сазайын Октябрь аға берiп едi. Жүрегiне қазақтың волейболын сыйдырған тұлға ғой.
 
Сұлтанғали Қаратайұлы,
қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы:
БЕСАСПАП ОЙЫНШЫ ЕДI
– 1955 жылы бiз 10-сыныпта оқып жүргенiмiзде кiтапханашы бiр топ оқушыны аудан орталығындағы кiтапханаға ертiп барды. Мен “Лениншiл жас” газетiн тұңғыш рет сонда көрдiм. Газет тiгiндiсiн парақтап отырып, спорт бетiнен Октябрь Жарылқаповтың есiмiн оқыдым. Сол сәттен бастап, газеттiң соңғы бетiндегi спорт туралы жазылғандарды жiбермей оқуға дағдыландық.
Алматыға келген соң, газеттен оқып, есiмiне сырттай қанық Октябрьдi iздеймiн ғой. Оқумен қатар бокс үйiрмесiне қатысатынмын. Бiр күнi “волейболдан iрi жарыс болады” деген сөз желдей естi. “Сайысқа Октябрь келедi екен” деген соң ба, қарақұрым халық. Бiр шоғыр көрермен сыймай сыртта қалдық. Ойын басталып кеткен. Алаңда Алматының “Буревестнигi” мен Грузияның командасы ойнап жатыр. Әупiрiмдеп жүрiп залға кiрдiк. Октябрь алаң жиегiнде тұр екен. Бiр кезде “тайм аут” алып, ойыншыларының бiрiн ауыстырды. Қолын сермеп, әрбiр ойыншыға барып түсiндiрiп жатыр. Не айтқаны алыстағы бiзге қайдан естiлсiн. Өзi жаттықтырушы бола тұра алаңға шығып, ойын­ға кiрiсiп те кеттi. Менiң екi көзiм “Буревестникте”. Сол-ақ екен, команда өзгерiп сала бердi. Ойын да түлеп шыға келдi. Грузиндерден ұтылып жатқан “Буревестник” ұпайды еселеп алып, жеңiске жеттi.
Октябрьдiң бойы өте ұзын емес. Командадағы ең сидамы Заңғар Жәркешов едi ғой. Октябрь аға алаңда барлық мүм­кiндiктi пайдаланатын. Допты әуелетiп, биiктетiп берсең, ша­буыл­ға шымыр. Құлай келiп ұрғанда, қарсыластың қойған тосқауылын қақыратып жiберетiн. Өзi де өте шебер үйлестiрушi (распасовчик) едi. Командада мұндай бес­аспаптық тек Октябрь мен Жәнi­бекте ғана бар болатын.
 
Құлтай Жақыпбаев,
 зейнеткер:
БҰЛАҚ КӨРСЕ, КӨЗIН АШАТЫН
– Октябрь менен алты жас үлкен. Ол кiсiнi алғаш рет мектеп бiтiрiп, Алматыға келгенде көрдiм. Кездескен сайын үнемi: “Волейболға икемдi қазақтың балаларын тауып берсең”, – дейтiн. “Волейболға жақын болмаса да өзiм “илеп” аламын. Маған бойы ұзын, саусақтары салалы, дене бiтiмi мығым жiгiттер керек” дейдi. Ал ондай аптал азаматтар көп емес. Менiң есiме бiрден Әбдiсалан Нұрмаханов түстi. “Осындай бокс­шы бар, сол жiгiт сiзге лайықты шәкiрт болады” десем, Октябрь аға: “Оның бiр аяғының өзi 40 келi тартады ғой”, – деп күлген.
Бiздiң ауылмен iргелес Шымыр деген ауыл бар. Осы ауылдың жiгiтi Еңсебек Иманғалиев Денешынықтыру институтында оқитын. Сол жiгiттi айттым. Кейiн Еңсебек құрамаға алынды. Ыстықкөлден Еркiн деген жiгiттi шақырды. Өзiнiң үйiне тұрғызып, волейболдың қыр-сырын үйреттi. Бойы 2 метр 6 сантиметр болатын Валерий Кравченконы Тәжiкстаннан алып келдi. Гончаров, Портной, Антропов сынды жiгiттердi жанып, жасындай жарқылдатты. Ол тек бапкер болып қана қалуы керек едi. Ойы, көңiлi командасында болатын. Құрамадағы әр спортшының денсаулығына алаңдайтын. Мына баланың балтыры әлсiз. Оны қатайту үшiн не iстеу керек? Ана ойыншы арқасының қара етi бос. Соны қа­да­ғалау керек. Адамның қара етi резiңке секiлдi созылмалы болса, онда қимылы шалт болады.
Октябрь ойыншылардың осын­дай дене бiтiмiне де жiтi көз салып, бақылап отыратын.
Бапкерден командадағы қай ойыншы болмасын ығып тұратын.
Октябрь өте жанкештi жан едi. 1968 жылы өзi сырқат, қара басын әрең алып жүредi. Сонда да Мәскеуде ауруханадан сұранып, командасының ойынын тамашалап, жанкүйер болған ғой. “Буревестник” ел чемпионатын жеңгенде шәкiрттерiн құттықтап, балаша мәз болған едi. Октябрьдiң мiнезi жасын едi. Тез-ақ шарт кетедi. Көп өтпей ашуы тарқап, бәрiн ұмытып, жайраңдап шыға келедi. Кек сақтамайтын.
Жаратушы асқан шеберлiк бердi. Талантты ойыншы болды. Бiлiктi бапкер атанды. Осы саласында-ақ жүре бергенде, мүмкiн бұдан да ұзақ өмiр сүрер ме едi деп те ойлаймын.
 
ОКТЯБРЬ ҮШIН ОРЫНДАСАҚ...
Жарық дүниемен қоштасарынан жылға жуық уақыт бұрын газет тiлшiсiне берген сұхбатында былай дептi: “Бесжылдықта республикамызда балалар мен жасөс­пiрiм­дердiң 243 спорттық мектебi ашылмақ. Бұл мектептерде 60 мыңдай жас жаттығатын болады. Жалпы бiлiм беретiн 816 мектепте спорт залдары салынады. Көптеген қалалардың спорт базалары кеңейтiлмек. Целиноград облысында 17 стадион, 13 спорт залы, 3 су бассейнi, Орал облысының аудан орталықтарында 12 стадион және осыншама спорт залы, ал осы облыстың колхоз-совхоздарында мың­ға жуық спорт алаңдары, Шығыс Қазақстанда 25 стадион, 21 спорт залы, 4 бассейн, Ақтөбе мен Өскеменде жасанды мұз айдыны, Шымкентте 30 мың орындық стадион пайдалануға берiл­мек...”. (“Лениншiл жас” 7 маусым 1967 жыл. А.Құрақов “Миллиондардың спартакиадасы”)
Бұл спорт нысандарының соң­ғы шегесi қағылғанын көре де алмай кеткен шығар, өйткенi келесi 1968 жылдың 11 мамыры қазақ аспанына суық хабар таратты.
Биыл туғанына 80 жыл толған тұлғаға қазақ қашан да қарыздар. Iрi қалалардағы iргесi кең көшенiң бiрi Жарылқаповтың есiмiмен аталса, Алматыда Октябрь тұрғанын айғақтайтын белгi орнаса (ескерткiш қойылса, спорт нысандарына есiмiн берсе), қазақ үшiн айбар болар едi.
 
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар