1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №92 (15446) 17 қараша, сейсенбі 2009
"Жас Алаштың" спорт беті.
17 қараша 2009
Плей-офф және Билялетдинов соққан екi доп

Өткен аптаның сенбiсiнде футболдан Оңтүстiк Африка Республикасында өтетiн әлем бiрiншiлiгiне қатысатын үш команданың есiмi белгiлi болды. Олар: Тынық мұхиты аймағының үздiгi – Жаңа Зеландия және Африка құрлығының топтық бәсекесiнен озып шыққан Камерун мен Нигерия құрама командалары. Африка аймағынан сенбi күнi тағы бiр команданың аты белгiлi болуы керек болатын. Алайда, Египет пен Алжир командаларының қайсысы әлем бiрiншiлiгiне баратыны кейiнге қалдырылды. Сондай-ақ, Еуропа аймағындағы iрiктеу ойындарында өз топтарында екiншi орын алған командалар да плей-офф ойындарының алғашқы кездесулерiн өткiздi.  

Әлемдiк доп додасы қара құрлықта өтетiн болғандықтан, ФИФА басшылары Африка елдерiне бұрынғы әлем бiрiн­шiлiгiне қарағанда бiр жолдаманы артық бөлгенi жасырын емес. Яғни, бұған дейiн әлем бiрiншiлiгiне Африка құрлығынан бес команда қатысып келсе, ендi олардың саны алтауға артты.
Африка құрлығының iрiк­теу ойындарының бiтуiне бiр тур қалғанда С тобында өте қызық жағдай орын алды. Соңғы турда кездесетiн Египет пен Алжир командаларының арасын үш ұпай бөлiп тұрған. Мұндай жағдайда Алжир футболшылары Египетпен тым болмағанда тең ойнаса да жеткiлiктi едi. Ал жеңiлген жағдайда екi доп айырмасымен жеңiлмеу керек. Неге екi доп? Өйткенi, егер Египет футболшылары Алжир құрамасын екi доп айырмасымен ұтатын болса, онда “фараондар” Алжирмен ұпай санымен теңесiп қана қоймай, жеңiс­терi мен жеңiлiстерi және тең ойындарының саны бiрдей болады. Ол аз десеңiз, екi елдiң командаларының қарсыластар қақпасына соққан доп сандарымен және өз қақпаларына жiберiп алған доп сандары да теңеседi. Бұл кезде екi елдiң футболшыларына ФИФА-ның заңына сәйкес, бейтарап алаңда жеңiмпазды анықтауға тура келедi. Бұл жерде Египет құрамасының жолы болды десек болады. Ойынның 90-минутына дейiн Алжир құрамасын 1:0 есебiмен ұтып жатқан египеттiктер “жеңiс” добын ойынның негiз­гi уақыты аяқталар тұста ғана соғып, қосымша ойын өткiзу­ге мүмкiндiк алды. Ендi бұл екi команданың қайсысы әлем бiрiншiлiгiне баратыны ертең Суданда өтетiн қосымша ойында белгiлi болмақ.
В тобынан Нигерия футболшылары үздiк шықты. Тунис футболшыларының да әлем бiрiншiлiгiне баратындай мүмкiндiгi болған. Бiрақ, тунистiктер соңғы ойында Мозамбик футболшыларынан ұтылып қалды да, жолдаманы уысынан шығарып алды. Тунистiң жеңiлiсiн сәттi пайдаланған Нигерия футболшылары сырт алаңда Кениядан 3:2 есебiмен басым түсiп, әлем бiрiншiлiгiнiң жолдамасына ие болды. Нигериямен бiрге әлем бiрiншiлiгiне Камерун футболшылары да баратын болды. Камерундықтар соңғы ойында Марокконы 2:0 есебiмен ұтты.
Австралия құрама командасы Азия аймағына өткелi берi Жаңа Зеландияның жаңа бiр тынысы ашылғандай болды. Тынық мұхиты аймағынан өзiне тең келер қарсылас таппаған Жаңа Зеландия Азия құрлығынан қосымша жолдама үшiн таласуға мүм­кiн­дiк алған Бахрейндi өз алаңында 1:0 есебiмен ұтып, араға жиырма сегiз жыл өткенде әлем бiрiншiлiгiне қайта оралды. Жаңа Зеландия футболшылары соңғы рет 1982 жылы Испанияда өткен әлем бiрiншiлiгiне қатысқан болатын.
Оңтүстiк Америка аймағынан бесiншi орын алған Уругвай футболшылары КОНКАКАФ аймағынан төр­тiншi орын алған Коста-Рика футболшыларымен жалғыз жолдаманы сарапқа салуда. Әзiрге жолдамаға жақын тұрған Уругвай құрамасы. Уругвайлықтар өткен сенбi күнi алғашқы ойынын Коста-Рикада ойнап, сырт алаңда 1:0 есебiмен жеңiске жеттi. Қарымта кездесу ендi Уругвайдың алаңында өтедi. Уругвайдың жолдамаға жақын тұр деуiмiздiң де сыры осында.
Еуропа құрлығында қалған төрт жолдамаға таласып жатқан командаларға келер болсақ, 1998 жылғы әлем чемпионы Франция құрамасы ОАР-ға бiрқадам жақындай түстi. 2006 жылғы әлем бiрiн­шiлiгiнiң финалында өнер көрсеткен атақты Зинедин Зиданның отандастары плей-офф бәсе­кесiне қалар деп кiм ойлаған?! 7-топта Сербия құра­масын алға жiберiп, екiншi орынды қанағат тұтқан француздар ендi Ирландия футболшыларынан екi ойынның нә­тижесi бойынша басым түсе­тiн болса ғана әлем бiрiншi­лiгiне бара алады. Француздар алғашқы асуды алған да сияқты. Дублиннiң “Крок Парк” стадионында алаң иелерiн 1:0 есебiмен жеңген Франция құрамасы ертең ирландиялықтарды өз алаңында қабылдайды. Жалпы ирландиялықтардың плей-офф бәсекелерiнде ойнап етi үйренген. Мәселен, 2002 жылғы әлем бiрiншiлiгiне Ирландия футболшылары Азия құрлығынан үшiншi орынмен шыққан Иран футболшыларын жеңiп шықты. Ирландияның плей-офф ойындарында жолы болғаны осы кезде ғана. Әйтпесе, оның алдындағы әлем бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындарында Ирландия тағы да өз тобында екiншi орын алып, Бельгиямен жұп құрады да, екi ойынның нәтижесi бойынша елiнде қалды. Тiптi әлем бiрiншiлi­гiнiң iрiктеуiн қойып, Еуропа бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындарында да ирландиялықтар түк бiтiре алған емес. Мысалы, 1996 жылғы әлем бiрiншiлiгiне баруға талпынған Ирландияны Голландия футболшылары қалдырып кетсе, арада төрт жыл өткеннен кейiн түрiктерге жем болды. Демек, Ирландия үшiн плей-офф ойындары сәттi деп айтуға келмес.
Плей-офф ойындарында үнемi жолы бола бермейтiн командалардың қатарына Украинаны жатқызуға болады. Украина футболшылары Кеңес одағы ыдырағаннан кейiн жеке ел ретiнде тек бiр ғана рет әлем бiрiншiлiгiне қатысты. Тiптi төрт жылда бiр келетiн Еуропа бiрiншiлiгiнiң төрт бiрдей iрiктеу ойындарында өнер көрсеткен Украина құрамасы әлi бiр рет те үздiк он алты команданың қатарына қосыла алмады. Андрей Шевченко әрiптестерiнiң 2000 жыл­ғы Бельгия мен Гол­ландия­да өткен Еуропа бiрiн­шi­лiгiне қатысуға мүм­кiн­дiктерi болған едi. 1999 жылы Мәскеуде Ресей құрамасымен болған шешушi ойында 1:1 есе­бiмен тең ойнап, плей-офф ойындарына шыққан Украинаны Словения футболшылары күтiп алып, екi ойынның нәтижесiнде басым түскен болатын. Ал әлем бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындарына келер болсақ, Украинаның 2006 жылы Германияға жолы түскенiн бiлесiздер. Ал оның алдында өткен екi бiрдей әлем бiрiн­шiлiгiне Украина құрамасы плей-офф бәсекесiнен құлап бара алмады. 1998 жылғы Францияда өткен дүние­жүзiлiк додаға Украинаны хорваттар жiбермесе, 2002 жыл­ғы әлем бiрiншiлiгiнiң алдында оларға немiстер бөгет болды. Демек, Украина футболшыларына да плей-офф ойындары “жақпайды”. Десек те, Украина Грекиямен бол­ған алғашқы ойында сырт алаңда 0:0 есебiмен тең ойнап қайтты. Есеп ашылмаған матчтың қарымта кездесуi ертең өтедi. Украинаға әлем бiрiншiлiгiне қатысу үшiн мiндеттi түрде гректердi ұту қажет. Нәтиже­лi тең ойынның өзi Украина футболшыларын әлемдiк додадан сырт қалдырады.
Еуропа аймағының 1-тобынан әупiрiмдеп жүрiп екiншi орынға табан тiреген Португалия құрама командасы жеребе бойынша 5-топтан 2-орын алған Босния мен Герцеговина футболшыларымен жұп құрады. Бiздiңше, бұл екi команда да әлем бiрiншiлiгiне баруға лайық командалар екенi даусыз. “Еуропаның Бразилиясы” деген лақап атқа ие болған португалиялықтар осыдан төрт жыл бұрынғы әлем бiрiншiлiгiнiң жартылай финалына дейiн барды. Босниялықтарды да осал командалардың қатарына жатқызуға болмас. Тоқсаныншы жылдардың басында Югославиядан өз тәуелсiздiгiн алып шыққан Босния мен Герцеговинаның футболы да уақыт өткен сайын түзелiп келедi. Оның үстiне Босния мен Герцеговинаны 1998 жылғы әлем бiрiншiлiгiнде Хорватия құрамасына қола медаль алып берген Мирослав Блажевич жаттықтырады. Әлем бiрiншiлiгiне Портуаглияның немесе Босния мен Герцеговинаның қайсысы жолдама алатынын дөп басып айту қиын. Дегенмен, Португалия футболшылары өз алаңында өткен ойында 1:0 есебiмен жеңiске жеттi.
Өткен сенбi күнi солтүс­тiк­тегi көршiлерiмiз Ресей де плей-офф ойындарының ал­ғашқы кездесуiн өткiздi. Словенияға қарсы өткен ойында Динияр Билялетдинов екi доп соғып мергендiгiмен көзге түстi. Словения футболшыларының сапынан Печник ойынның негiзгi уақыты аяқталуға үш минут қалғанда есеп айырмасын қысқартты. Ертең бұл екi команда Словенияның астанасы Мориборда қарымта кездесу өткiзедi. ОАР-ға бару үшiн алаң иелерi 1:0 есебiмен жеңсе болғаны. Алайда, тәжiрибелi Хиддинктiң шә­кiрт­терi доп соқтырып қарап тұрмайтыны да белгiлi. Әлем бiрiншiлiгiне баратын команда да сол кезде анықталады.
Не үшiн бағаламайды екен?..
 
Гус Хиддинк,
футболдан Ресей құрамасының бас бапкерi:
– Динияр Билялетдиновты ресейлiктер не үшiн бағаламайтынын түсiнбеймiн. Билялетдинов өте талантты әрi ақылды ойыншы. Англияның “Эвертон” клубының сапында күннен-күнге жақсы ойынымен көзге түсiп жүр. Ойынды
әдемi ұйымдастырады, әдемi
 пастар ұсынады, анда-санда
гол да соғады...
 
Сенбi күнгi iрiктеу ойындары:
Жаңа Зеландия – Бахрейн – 1:0 (бiрiншi ойын – 0:0);
Ирландия – Франция – 0:1;
Грекия – Украина – 0:0;
Португалия – Босния мен Герцеговина – 1:0;
Ресей – Словения – 2:1.
Коста-Рика – Уругвай – 0:1;
 
Африка аймағы
Топтық ойындар.
А тобы
Марокко – Камерун – 0:2;
Того – Габон – 1:0.
В тобы
Кения - Нигерия – 2:3;
Мозамбик – Тунис – 1:0.
С тобы
Руанда – Замбия – 0:0;
Египет – Алжир – 2:0.
Д тобы
Судан – Бенин – 1:2;
Гана – Мали – 2:2.
Е тобы
Кот Д, Ивуар – Гвинея – 3:0;
Буркина-Фасо Малави – 1:0.
 
Әлем бiрiншiлiгiне жолдама алған командалар:
Оңтүстiк Африка Республикасы – алаң қожайындары;
Азия аймағы: Жапония, КХДР, Оңтүстiк Корея, Австралия;
Еуропа аймағы: Голландия, Англия, Испания, Германия, Дания, Италия, Сербия, Швейцария, Словакия;  
Оңтүстiк Америка аймағы: Бразилия, Парагвай, Чили, Аргентина;
КОНКАКАФ аймағы: АҚШ, Мексика, Гондурас;
Африка аймағы: Гана, Кот Д Ивуар, Камерун, Нигерия;
Тынық мұхит аймағы: Жаңа Зеландия.
 
Беттi дайындаған – Төлеубек Әдiлбекұлы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар