18 наурыз 2011
Кезек еркiн күрес шеберлерiнде

Бүгiн Дағыстанның (Ресей) Махачкала қаласында еркiн күрестен әлем кубогы басталады. Командалық сайыс түрiнде өтетiн жарысқа әлемнiң он бiр елiнiң палуандары қатысады.
Жарыс ережесi бойынша командалар бес-бестен екi топқа бөлiнiп күш сынасады. Қазақстан мен Венгрия палуандары бiрiгiп бiр команда боп өнер көрсетпек. Қазақстандық палуандар алғашқы үш салмақ дәрежесi бойынша белдессе, Венгрия елi төрт салмақта өз палуандарын қосып отыр. Атап айтар болсақ, 55 келiде Дәулет Ниязбеков күреседi. 60 келiде қазақ-венгер елiнiң намысын жастар арасында Азия чемпионы Саятбек Оқасов қорғайды. Былтыр Қазақстан кубогын жеңiп алған Мақсат Дауылбаев 66 келiде өз бағын сынамақ.
74 келiден 120 келiге дейiнгi салмақта жанкүйерлер венгер палуандарының өнерiн тамашалайды. Габор Хатош (74 келi), Иштван Вереб (84 келi), Герегели Киш (96 келi), Даниэль Лигети (120 келi) сынды палуандарды венгер бапкерлерi ең үздiк палуандарымыз деп таңдап алды. Әлем кубогына Ресей, Әзiрбайжан, Куба, Иран, Грузия, Болгария, Өзбекстан, Украина және Қырғызстан құрамалары қатысады.