18 наурыз 2011
Араға алты жыл салып...

Бүгiн футболдан Еуропаның Чемпиондар лигасының жеребесi тартылады. 1/4 финалына шыққан командалардың соңғы екеуi сәрсенбi күнi түнде анықталды. Олар – Мадридтiң “Реалы” мен Лондонның “Челси” клубтары.
“Реал” мен “Челси” клубтары ширек финалға шықпас бұрын бұл меженi алдымен Италияның “Интерi” мен Англияның “Манчестер Юнайтед” клубтары бағындырды. Мюнхеннiң “Бавариясымен” сырт алаңда кездескен Чемпиондар лигасы кубогының қазiргi иесi “Интер” нағыз чемпиондыққа тән ойын өрнегiн көрсеттi. Алғашқы ойында Миланда 0:1 есебiмен ұтылған “Интер” футболшылары ойынды жақсы бастады. Кездесудiң 4-минутында камерундық легионер Саммуэль Это О-ның көмегiмен жылдам гол соққан итальяндықтар бiрiншi кезеңнiң соңына дейiн екi бiрдей өрескел қателiк жiберiп, алаң иелерiн алға жiберiп қойды. Немiстердiң таразы басын теңестiруiне “Интердiң” қақпашысы Жулио Сезардың қателiгi себеп болды. Одан кейiн он алты метрлiк айып алаңының iшiнде итальяндық қорғаушылар “Бавария” шабуылшысы Томас Мюллердiң аяғына өздерi доп салып бердi. Алайда Леонардоның жiгiттерi екiншi кезеңде ширай түстi. Ойын барысында жанкештiлiк танытқан итальяндықтар таразы басын теңестiрiп қана қоймай, кездесудiң негiзгi уақытының аяқталуына екi минут қалғанда жеңiс голын соқты. Екi ойының қорытындысы бойынша есеп – 3:3. Италияның “Интерi” сырт алаңда соққан үш бiрдей добының арқасында ширек финалдық жолдамаға қол жеткiздi. “Интер” Италия футболының соңғы үмiтi едi. Бұған дейiн “Милан” мен “Рома” клубтары 1/8 финалдық ойында өз қарсыластарына шамасы келмей орта жолда қалған-ды.
Мадридтiң “Реалы” араға алты жыл салып ширек финалға жолдама алды. Соңғы рет 2003/04 жылғы Чемпиондар лигасының маусымында өнер көрсеткен мадридтiк клуб содан берi қаншама тырысса да ширек финалға шыға алмай-ақ қойған. Бұл жолы “Реал” футболшылары ежелгi қарсыласы Францияның “Лионын” ауыздықтады.
Сонымен, Чемпиондар лигасын әрмен қарай жалғастыратын Еуропаның ең үздiк сегiз клубы анықталды. Атап айтсақ, Англиядан “Манчестер Юнайтед”, “Челси” және “Тоттенхэм” клубтары. Испаниядан “Барселона” мен “Реал”, Италиядан “Интер”, Германиядан “Шальке-04” және Украинаның “Шахтер” командалары ендi жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салады. Жеребе тарту рәсiмi кезiнде бiр елдiң командалары бiр-бiрлерiмен кездеспей қалу деген болмайды. Сондықтан “Барселона” мен “Реал”, “Манчестер Юнайтед” пен “Челси” футболшылары бiр-бiрiмен қырқысып жатса, таңғалудың қажетi жоқ.
1/8 финалының қарымта кездесулерi:
“Барселона” (Испания) – “Арсенал” (Англия) – 3:1 (Месси, 45, 71-минутта, пенальтиден, Хави, 69-минутта – Бускетс, 53-минутта, өз қақпасына);
“Шахтер” (Украина) – “Рома” (Италия) – 3:0; (Гюбшман, 18-минутта, Виллиан, 58-минутта, Эдуардо, 87-минутта);
“Тоттенхэм” (Англия) – “Милан” (Италия) – 0:0;
“Шальке-04” (Германия) – “Валенсия” (Испания) – 3:1 (Фарфан, 40, 90-минутта, Гавранович, 52-минутта – Кошта, 17-минутта);
“Бавария” (Германия) – “Интер” (Италия) – 2:3 (Гомес, 21-минутта, Мюллер, 31-минутта – Это О, 4-минутта, Снейдер, 63-минутта, Пандев, 88-минутта);
“Манчестер Юнайтед” (Англия) – “Марсель” (Франция) – 2:1 (Эрнандес, 5, 75-минуттарда – Браун, 82-минутта, өз қақпасына);
“Реал” (Испания) – “Лион” (Франция) – 3:0 (Марсело, 37-минутта, Бензема, 66-минутта, Ди Мария, 76-минутта);
“Челси” (Англия) – “Копенгаген” (Дания) – 0:0.