1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (15581) 10 наурыз, бейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
10 наурыз 2011
Теннисшiлер ширек финалға шықты

Қазақстан теннисшiлерi тұңғыш рет Дэвис кубогының ширек финалына шықты. Өткен аптада Чехияның Острава қаласында чех теннисшiлерiмен кортқа шыққан қазақстандықтар қарсыластарын 3:2 есебiмен жеңдi.

Былтыр Астанада Шве­йцария теннисшiлерiн 5:0 есебiмен тал­қандаған Қазақстан теннисшiлерi тағы бiр мәрте әлемдi аузына қаратты. Томаш Бердых бастаған чех теннисшi­лерiн орта жолда қалдырған қазақстандықтар ендi ширек финалда Аргентина теннисшi­лерiмен кезде­седi. Аргентина – Қазақстан арасындағы теннис­шi­лердiң сайысы биылғы жылдың шiлде айының 8-10 күндерi аралығында өтедi.
Қазақстан теннисшiлерi алғаш­қы ойынды сәттi бастады. Бiрiншi болып кортқа шыққан Андрей Голубев чех теннисшiсi Ян Гайектi жеңдi. Одан кейiн Михаил Кукушкин әлемнiң жетiншi ракеткасы Томаш Бердыхпен күш сынасты. Бұл ойынды Томаш Бердых өз пайдасына шешiп, Чехия мен Қазақстан арасындағы ойынның жалпы есебiн 1:1-ге жеткiздi. Бұдан кейiн теннисшiлер жұптасып өнер көрсеттi. Қазақстан намысын жұптасып өнер көрсетуде Евгений Королев пен Юрий Щукин қорғады. Бұл екi теннисшi Томаш Бердых пен Лукаш Длугимен ракетка айқастырды. Өкiнiшке қарай, қос теннисшiмiз өздерiне артылған сенiмдi ақтамады: 4:6, 4:6, 6:7.
Жарыстың соңғы күнi тен­нис­шiлер жекелей сында өнер көрсеттi. Бiрiншi күнi Ян Гайектi сан соқтырған Андрей Голубев Томаш Бердыхпен өткен шешушi ойында жарады. Егер дәл осы ойын­да Андрей Голубев босаңдық танытқанда, жеңiс Чехия тен­нисшiлерiнiң қанжығасында кететiнi анық едi. Абырой болғанда А.Голубев өзiнен әлдеқайда мықты әрi тәжiрибелi қарсыласын ұтып, жалпы есептегi нәтиженi теңестiрдi: 2:2. Осылайша, Чехия мен Қазақстан арасындағы ширек финалдық жолдаманың тағдыры Ян Гайек пен Михаил Кукушкиннiң арасындағы ойында шешiлетiн болды. Михаил Кукушкин бес кезеңге созылған ойын барысында корт иесi Ян Гайектi жеңдi-ау, әйтеуiр. Алғаш­қы кезеңде 6:4 есебiмен жеңiске жеткен М.Кукушкин екiншi кезеңдi 6:7 есебiмен қарсыласына берiп қойды. Үшiншi кезеңнiң жеңiмпазы да тай-брейкте анықталды. Ойын кезiнде Гайектен 1:4 есебiмен жеңiлiп жатқан Кукушкин қатарынан үш геймде жеңiске жетiп, есептi 4:4-ке жеткiзiп қана қоймай, артынша тай-брейкте де белсендiлiк танытты. 4:1 есебiмен жеңiп тұрып, жеңiстi уыстан шығарып алу қай спортшыға болсын ауыр тиетiнi ақиқат. Әсiресе, психологиялық жағынан. Осы жағынан келгенде Ян Гайектiң жүйкесi шыдамады. Керiсiнше, Михаил Кукушкиннiң жүйкесi темiрден жаратылған ба дерсiң?! Төртiншi кезеңде Ян Гайектi кортты айналдыра жү­гiр­т­­кен Кукушкин қарсыласын шашып тастады десек те болады. Өйткенi, төртiншi кезеңнiң қорытындысы – 6:0! Осылайша, үш жарым сағатқа созылған ойында Михаил Кукушкин Ян Гайектi ғана ұтып қоймай, Дэвис кубогының ширек финалдық жолдамасын да жамбасына басып әкеттi.
Дэвис кубогының үздiк сегiз командасының қатарына Аргентина мен Қазақстаннан басқа Германия, Швеция, Сербия, АҚШ, Испания және Франция теннисшiлерi қосылды. 
 
Дэвис кубогының нәтижелерi.
1/8 финал
Сербия – Үндiстан – 4:1;
Швеция – Ресей – 3:2;
Чехия – Қазақстан – 3:2;
Аргентина – Румыния – 4:1;
Чили – АҚШ – 1:4;
Бельгия – Испания – 1:4;
Хорватия – Германия – 2:3;
Австрия – Франция – 2:3;
1/4 финал
Сербия – Швеция;
Аргентина – Қазақстан;
АҚШ – Испания;
Германия – Франция.
Қазақстан мен Чехия тен­нисшiлерi арасындағы ойын кезiнде бiздiң теннисшiлер жат­қан қонақүйдiң бөлмелерiне ұры түсiптi. Әзiрге чехтардың қауiп­сiздiк органдары ұрылардың кiм екенiн анықтаған жоқ. Осы iске байланысты қазiр тергеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Елiмiздiң теннис қауымдастығының басшыларының мәлiмдеуiнше, спортшылардың көптеген заттары мен қаржылары қолды болған.
Төлеубек Әдiлбекұлы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар