1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17-18 (15579-80) 4 наурыз, жұма 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
4 наурыз 2011
Бiтiмi бөлек палуан

Егер арамызда жүрсе, биылғы наурыздың 5-i күнi қазақтың қайталанбас палуаны Шәмiл Серiков 55 жасқа толар едi... Грек-рим күресiнен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионының өмiрi қысқа болды. «Аққан жұлдыз» деген де осы шығар... 

Шәмiл кiшкентайынан күреске әуес болды. Күнде кешкiсiн көгалда жолдастарымен белдесудi ұнататын бозбаланы сол кездегi бiлiктi бапкер Аянбек Алдабергенов байқапты. Бастапқыда аға­сынан аздап сескенсе де, кейiн «күрес» атты тылсым дүниенiң шеңберiнен қалай шыға алмай қалғанын байқамай қалды.
Шәмiлдiң дене бiтiмi аса iрi болмаса да, өте ширақ болған. Өз қатарластарынан бiршама алда тұратын. Жасөспiрiмдер арасында алты жыл күрескен Шәмiл төрт мәрте Қазақстан чемпионы атанып, бүкiлодақтық оқушылар Спарткиадасында да топ жарды.
Оқушылар Спарткиадасында Шәмiлдi Қазақ КСРО құрамасының бапкерлерiнiң бiрi Вадим Псарев байқап, палуан жайлы былай деген едi: «Спартакиададан кейiн бiр жыл өткен соң Шәмiл КСРО бiрiншiлiгiнде топ жарып, құрама команданың жаттығуына қатыса бастады. Жаттығу кезiнде Шәмiлдiң аса талантты екенiн бiрден түсiндiм, бiрақ ол барлық әдiстi бiрдей тиiмдi қолдана бермейтiн. Кем­шiлiгi де сол болатын. Әдiстерi тым шашыраңқы. Өзiндiк стилi де жоқ. Бiрақ бала өте талантты едi. Бiр кездерi оның бапкерi бас­қа жаққа кететiн болды. Мен оны өз жетекшiлiгiме алдым. Оның талабы мен талантын аша отырып, оған жаңа әдiстер үйреттiм. Шәмiл кез келген нәрсенi тез қағып алатын. Ол бiр жылдың iшiнде күреске әбден қалыптасып алды. Бұрынғыдай әдiстерi шашыраңқы емес. Жинақы, шолт. Десек те, Олимпиада қарсаңында ол қатты шаршап жүрдi. Қарсыластары да оның әдiс-айлаларын жаттап алды. Содан да болар, одақ бiрiншiлiгiнде Шәмiл сегiзiншi орынға бiр-ақ сырғыды. Не керек, әйтеуiр, Олимпиада жақындаған кезде Болгарияда, Румынияда, Венгрия мен Германияда, Югославиядағы өткен турнирлердiң бас жүлдесiн жеңiп алып, өзiн қайтадан қалыпқа түсiре бастады. Осы кезде мен «Мәскеу Олимпиадасына Шәмiл Серiков қатысуы керек» деп шештiм...»
Бiлiктi бапкер Вадим Псарев шәкiртi туралы осылай сөз қозғайды. Қазақтың iшiнен грек-рим күресiнен алғаш әлемдi мойындатқан Шәмiл екенiн аттап өтуге болмайды. 1978 жылы ол Мехикода және 1979 жылы Сан-Диегода Әлем чемпионаттарында қарсылас шыдатпады. Оған қоса 1978 жылы Еуропа чемпионы атағын да қанжығасына байлады. Былайша айтқанда, айналдырған үш жылдың iшiнде Шәмiл Серiков Еуропа, әлем және Олимпиада чемпионы деген атаққа бiрден қол жеткiздi.
 Шәмiлдiң жұлдызды шағы 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына сәйкес келдi. Сайдың тасындай iрiктелген әлемнiң ең мықты палуандары бас қосатын бәсекеде Серiков қарсыластарын еш қиындықсыз ұтты. Шәмiлдiң тек кiлемдегi ғана емес, өмiрдегi де досы Жақсылық Үш­кем­пiров ағамыз Шәмiл туралы өз ойын былай жеткiздi. «Олимпиаданың «алтынын» Шәмiл сырт көзге ойнап жүрiп ұтқандай ой қалдырды. Бiз болсақ, бiр жекпе-жегiмiздi тоғыз минуттан сiлемiз қатып, дiңкемiз құрып жүрiп, әрең ұттық. Ал Шәмiлдiң күресiн қараңыз. Олимпиададағы алты күрестiң төртеуi – таза жеңiс..»
Шәмiл Серiков Олимпиада ойындарының алғашқы белде­суiнде бельгиялық Жульен Мевиспен кiлемге шықты. Ол өз қарсыласын екi минуттың iшiнде кеудеден асыра лақтырып, тырп еткiзбедi. Келесi айналымда румын Михай Боциленi бiр жарым минутта «бұрау» тәсiлiмен жеңдi. Үшiншi белдесуде қазақ палуаны чех Йожеф Кристамен жұптасып, оны да таза ұтты. Тiптi белдесу аяқталған кезде таблодағы көрсеткiш 15:3 болатын. Олимпиада ойындарына әлсiз палуанның қатыспайтынын ескерсек, чех палуанының мұндай масқара есеппен жеңiлуi, сөз жоқ, Шәмiлдiң шеберлiгiне байланысты. Одан кейiн Шәмiл швед Бенни Лунгбектi, итальяндық Антонио Кальтабианоны да ұпай санымен ұтып шықты. Финалда поляк елiнiң намысын арқалап келген Юзеф Липеньдi 11:3 есебiмен ұтып, Олимпиада чем­пионы атанды. Қазақ спорт журналистикасының майталманы Сейдахмет Бердiқұл ағамыз осы белдесудегi репортажында: «Уа­қыт – Мәскеу сағатымен 18:53. Қазақ халқының спорт тарихындағы екiншi Олимпиада чемпионы болғалы тұрған жiгiт­тiң алтын­ға қол созған соңғы айқасы осы мезеттен басталды. Кiлемнiң шетiне Юзеф Липень де келдi. Айқас. Бар-жоғы 55 секунд. Ұпай 3:0. Әңгiме ұпайда емес. Шәмiл «қышқаш» әдiсiн екi рет мiнсiз орындады. Бұл – күшi тең балуандар кездескенде өзiне сенетiндердiң, малтасын езбейтiн­дердiң әдетi» деген едi.
Олимпиададан кейiн Шәмiл қатты шаршады. Бапкерлiкке ауысуға да бел буып көрдi. Алайда оның бұл ойын басшылық құп­тамады, оларға тек нәтиже керек болды. Дегенмен, бiраз уақыттан соң Шәмiл бапкер ретiнде өз қызметiн бастайды. Оған Қапшағайдағы спорт мектебiнен орын табылады. Жарының бапкерлiгi туралы Шәмiл­дiң әйелi Светлана Серiкова: «Шәмiлге бапкер болған қатты ұнайтын. Бiрақ ол спорт мекте­бiнде кiшкентай балаларды тәрбиелейтiн. Ал оның деңгейi ең кем дегенде Қазақстан құрамасы едi» дейдi. Кейiн ол Қажымұқан атындағы спорт мектебiнде бапкер болды. Сол кездерi Мәскеуге барған Серiков мемлекеттiк спорт комитетiнiң төрағасы Александр Пархоменконы жолықтырады. Олимпиада чемпионының жағдайы қандай екенiн көрген басшы Шәмiлге құрамада жұмыс iстейсiң деп уәде бередi. Алайда Шәмiл Алматыға келгенше Қазақстандағы шенеунiктер өз беттерiнше басқа шешiм қабылдайды. Шәмiл үндемедi, Пархоменкоға да қоңырау шалмады. Бұл қазан айының соңы едi, кейiн 22 қараша күнi Шәмiл қайтыс болды. Шәмiл қайтыс бол­ған кезде, екi баласы да бiрдей сары ауруға шалдықты. Сол кездегi «Советский спорт», «Комсомольская правда» газеттерi Серiков әйелiмен қатты ұрсысып қалып, өз-өзiне қол салыпты деген қауесет шығарды. Онымен қоймай, Серiковтiң артында екi қызы қалды деп те жазыпты, екi ұлының орнына... 
Кезiнде кәрiс халқынан шыққан Олимпиада чемпионы Ким Ен Намға министрдiң өзi атағына сай қызмет етсiн деп компания президентi жұмысын ұсыныпты. Соны көрген қазақтың бiртуар палуаны Дәулет Тұрлыханов, Шәмiлдi кәрiс палуанымен салыстыра отырып, былай деген-дi: «Бiздiң Шәмiл президент болмақ түгiлi бапкерлiкке әрең iлiктi. Кезiнде сол Шәмiл талай бастықты шалқытты. Басшылар Шәмiл­дi алға салып сұңқылдағанда керемет едi. Сол Шәмiл күрес­тi қойып едi, ешкiмге керегi болмай қалды. Ақыры қазақтың Қажымұқаннан кейiнгi әлем чемпионы өз-өзiне қол жұмсады. Боз кiлемде қайыңның құндыздығындай қайратты аға өмiрдiң әделет­сiздiгiне төзбей, морт сынды. Кезiнде Шәмiлдi аузынан тастамайтын басшылар оның еңбегiн бағалап, бiр жарыс ұйымдастыруға жарамай отыр. Шәмiл мар­құмға Ким Ен Намға бұйырған байлық пен жақсылықтың жартысын қиғанымызда, есiл ер арамызда тiрi жүрер ме едi, кiм бiлсiн?!».
Шәмiл ағамыз өз талантымен талай адамды тамсандырған. Еркiн күрестен Олимпиаданың үш дүркiн чемпионы Александр Медведь Мәскеу Олимпиадасы кезiнде: «Шәмiлде осал жер жоқ. Оның ең үлкен қаупi де осы – осалдығының болмауы. Шәмiл осы бабында болса, бiр дүркiннiң орнына нешеме дүркiн абыройдың асқар биiгiнен көрiне жатады» деген-дi.
«Советский спорт» газетiнiң тiлшiсi Владимир Голубев бiр жазбасында Шәмiл туралы ойын былай өрбiтiптi: «Советский спорт» газетiнiң редакциясында ұзын саны отыздан асатын елi­мiздiң спорттық картасы бар. Өздерiңiз байқап отырған шығарсыздар, ол карта спорттың жеке түрлерi бойынша. Күреске арнал­ған картада «Держава» деген бес белгiнiң бiреуi Қазақстанның тұсында тұр. Шәмiл Серiковтi осыдан үш жарым жыл бұрын КСРО құрамасының кезектi жаттығуында көрдiк, қатты ұнады. Кезектi әлем чемпионатына барғандардың тiзiмiнде елеусiз «Шәмiл Серiков» деген фамилия­ны көргенде, менiң әрiптестерiм «бұл кiм өзi?» дегендi айтып қалып жүрдi. Мен оларға: «Осы жылдың болашақ әлем чемпионы», – деп айтқан едiм. Сонымнан қайтпадым да. Шәмiл Серi­ков әлем чемпионы болып оралғанда сол жарыстан репортаж жазғанымды да мақтан тұтамын».
 Сейдахмет Бердiқұл ағамыз: «Шәмiл палуан – палуандардың бiтiмi бөлек тобына жатады. Қимыл-әрекетi көрiктi, кербез. Күшпен емес, оймен алады «жауын». Тосын әдiстердiң тiзбегiн қат-қабат жасап, қарсыласын шатастырып жiбередi. Айла-шар­ғысы мол, күрес өнерi құпияларының «жерiне жетпей» тынбайтын қайсар мiнезi бар. Күрестiң сабақтарын бiлiп тұрса да, қайта-қайта пысықтайтын әдетi» деп Шәмiлдi өте әдемi сипаттаған.
Шәмiл Серiковтi татар халқы өз чемпиондарының қатарына қосады. Ол түсiнiктi де. Мәселе оның анасының татар болғандығында емес. Мәселе: бiз Шәмiл – қазақ палуаны екендiгiн дұрыс көрсетпеуiмiзде. Нақтырақ айт­қанда, осындай даңқты палуанымызға лайықты сый көрсете алмағанымызда. Қанша жыл бойы «Шәмiл Серiков» атты тақырып жабулы қазан күйiнде келедi. Қазiргi уақытта күрес жанашырларының көмегiмен былтыр үшiншi рет Шәмiл Серiковтi еске алуға арналған жастар арасындағы республикалық турнир өткiзiлдi. Сонымен қатар, Алматыдағы «Дархан» ықшам ауданында Олимпиада чемпионының құрметiне көшенiң аты да берiлдi. Бiрақ мұның өзi «тау тұлғалы палуа­нымызға аздық етпей ме?!» деген де ой келедi. КСРО бiрiн­шiлiгi мен Еуропа бiрiншiлiгiнде топ жарған Шәмiл Серiков Әлем чемпионы атағымен қатар Олимпиада ойындарында да үздiк шықты. Демек, қазақ күресiнiң тарихында ойып тұрып орын алатын палуанымызды әрқашанда ардақ тұтуға мiндеттiмiз.
Болашақта Шәмiл туралы кiтап та жазылар. Қызығы мол талай-талай шығармалар да жарық көрер деген үмiттемiз. Өйткенi Батыр палуан Шәмiл Серiков барлық құрметке болсын лайық адам.
 
Назерке СҰЛТАНБЕК.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар