1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №7 (15569) 27 қаңтар, бейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
27 қаңтар 2011
Басты мақсат – үштiкке ену

Жексенбi күнi Астанада VII қысқы Азия ойындарының алауы тұтанады. Осыған байланысты осы аптаның басында ҚР президентi Н.Назарбаевтың қатысуымен Азия ойындарының дайындығы жөнiнде арнайы кеңес өттi. Бұл кеңесте елiмiздiң Туризм және спорт министрi Темiрхан Досмұхамбетов баяндама жасады. Астана мен Алматы қалаларының әкiмдерi Иманғали Тасмағамбетов пен Ахметжан Есiмов те ҚР президентi алдында есеп бердi.

Басшылардың баяндауын­ша, дәл қазiр Қазақ елi қысқы Азия ойындарын өткiзуге жүз пайыз дайын отыр. Спорт министрiнiң айтуынша, Азия ойындарына қатысуға 27 елдiң спортшылары өтiнiш бiлдiрген. Қазақстанға келетiн спорт­шы­лар мен ресми адамдардың жалпы саны төрт мыңнан асып жығылады. Сондай-ақ Астана қаласында құрылысы аяқталған конькимен сырға­нау стадионы мен респу­б­лика­лық велотрек кешенi халықаралық стандартқа сай. “Қазақстан” спорт сарайының да мұз айдыны қайтадан күрделi жөндеуден өткiзiлген. Алматы қаласындағы “Шым­бұлақ” пен “Медеу” спорттық кешен­дерi де құрлықтық сайысты қабылдауға толығы­мен дайын. Ендiгi кезек спортшы­лары­мызда.
“Биыл бiздiң спортшылар жалпыкомандалық есепте кем дегенде алғашқы үштiкке кiруi керек. Өз жерiмiзде өтетiн сайыста спортшыларымыз намысты қолдан бермеуi тиiс”, – деп сөзiн қорытындылады Т.Досмұхамбетов.
Жалпы, Қазақстан құрама командасы қысқы Азия ойын­дарына 1996 жылдан берi қатысып келедi. Қытайдың Харбин қаласында өткен III қысқы Азия ойындарында бiздiң спортшылар жалпы­коман­далық есепте екiншi орыннан көрiнген. Одан кейiн арада төрт жыл өткенде Оң­түстiк Кореяның Конгвон қаласында отандастарымыз жалпыкомандалық есепте үшiншi орыннан көрiндi. Ал арада төрт жыл өткенде жер­лестерiмiз Қытай мен Оңтүстiк Корея спортшыларын және Жапония елiн алға жiберiп, төртiншi орынды мiсе тұтты. Дәл осындай көрсеткiшке елiмiздiң спортшылары 2007 жылы Қытайдың Чангчун қаласында да қол жеткiздi.
Қазақстан спортшылары елiмiзде жалауы көтерiлгелi отырған додада алғашқы үш­тiкке кiре ала ма? Дәл қазiр осындай сұрақтың күн тәртiбiнде бiрiншi кезекте тұрғаны жасырын емес. Жал­пы, биылғы ойындарда 69 медальдар жиынтығы 27 елдiң арасында сарапқа салынады. Елiмiздiң спорт басшылары­ның мәлiмдеуiнше, бiздiң спортшылар 20 алтыннан кем алмауы тиiс. Басты үмiт – шаңғышыларымызда. Сондай-ақ шайбалы хоккей мен допты хоккейден де үмiтiмiз басым. Азия ойындарының бағдарла­ма­сына тұңғыш рет енген спорттық бағдарлаудан да отандастарымыз намысты қолдан бермес. Фристайл, коньки, биатлон, трамплин­нен секiру сияқты спорт түрлерi елiмiзде кенже дамыса да, бұл спорт түрлерiнен кем дегенде бiр-екi алтын алу да жоспарда бар.
Қазақстан спортшылары қоржынымызға қос-қостан алтын салып жатса, Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея сынды елдердiң де спортшы­лары қарап қалмас. Оңтүстiк Корея мен Қытайдың майтал­мандары былтыр Ванкуверде өткен қысқы Олимпиада ойындарында әлемдегi ең үздiк жетi елдiң қатарына кiрдi. Жапония елiнiң өкiлдерi де бiздiң алдымызды орады. Демек, аталған үш елдiң спортшылары кез келген елде болсын жүлделердi күреп алатыны ақиқат.
Десек те Алматы мен Астанада өтетiн Қысқы Азия ойындарына Азияның үздiк­терi мықты спортшыларымен келе ме, мәселе осында. Егер Қытай мен Жапония және Оңтүстiк Корея елi екiншi “сортты” спортшыларымен келсе, онда ел спортшылары­ның бағы жанды дей берiңiз. Мұны айтып отырған себебiмiз мынада: бүгiн Түркияның Эрзурум қаласында қысқы Универсиаданың жалауы көтерiлдi. Әлемнiң алпысқа жуық елiнiң спортшылары бас қосатын жарыстың деңгейi қазiр бiршама өскен. Сондық­тан Азияның бiрқатар елiнiң спортшылары өз бақтарын Универсиадада сынауы мүм­кiн. Тағы бiр айта кетер­лiгi, үстiмiздегi айдың 8-20 ара­лығында Германияда тау шаңғысынан әлем бiрiншiлiгi өтедi. Азия ойындарына қара­ғанда әлем бiрiншiлiгiнiң деңгейi жоғары екенiн ескер­сек, Қытай, Оңтүстiк Корея, Жапония сынды елдер негiзгi күшiн әлем бiрiншiлiгiне сақ­тауы да ғажап емес. Сондай-ақ фристайл спортынан да әлем бiрiншiлiгi жақындап келедi. Азиада алауы жағыл­ған күнi АҚШ-та осы спорт түрiнен әлемдiк сайыс бас­тала­ды. Азия құрлығында фристайл спортынан Қытай елiнiң спортшылары мықты екенiн ескерсек, Аспанасты елiнiң ұландары өз шебер­лiктерiн Азия ойындарында емес, әлем бiрiншiлiгiнде сынауы әбден мүмкiн.
Ендi Азия ойындарының дайындық барысына тоқта­лайық. Әкiмдер бастап, ми­нис­тр қостап, ел президентiнiң алдында жүз пайызға да­йынбыз деп есеп берген басшылардың сөзiне сене аламыз ба? Мәселен, Алматы қалалық қысқы Азия ойын­дары дирекциясының дирек­т­оры Сұлтанбек Сыздықовқа хабарласқанымызда дирекция басшысы былай дедi:
– Дәл қазiр Алматыдағы Медеу спорт кешенi мен трамплиннен секiру кешенi 100 пайызға дайын деп айта аламын. Қалған спорттық нысандарда әлi де жұмыстар жүрiп жатыр. Мәселен, “Шымбұлақ” спорт кешенi жарысты өткi­зуге дайын. Бiрақ ол жерде тоқ тарту жұмыстары мен тран­сляция жүргiзетiн орындар әлi де толық iстелуде. Дегенмен, Азиадаға дейiн барлығы өз қалпына келедi. Ал Балуан Шо­лақ атындағы спорт сарайы­ның жанында салынып жатқан құрылысқа келсек, ол жердегi қосымша мұз айдыны мен көлiк тұрағы жоспар бойынша көктемде iске қосылады...
Азия ойындарына қатысты тағы бiр мәселе – ол билет мәселесi. Алматы мен Астана қалаларында өтетiн ойындарға кiру билеттерi өткен жылдың 28 желтоқсанынан бастап сатылымға шыққан. Билет­тердi сату басқармасының берген ақпаратына сенсек, дәл қазiр Азиада ойындарының ашылу салтанатына бiрде-бiр билет қалмаған. Негiзi ашы­луы салтанатына бiр билеттiң құны 7500 теңгеден 15000 теңге аралығында сатылыпты. “Ас­тана-Арена” стадионы отыз мың орынға есептелiп салын­ғанын ескерсек, бұл дегенiмiз ашылу салтанаты кезiнде стадион лық толады деген сөз.
Қазақстан туристiк қа­уым­дастығының таратқан мәлiметiне жүгiнсек, сырт елдiң жанкүйерлерi осы күнге дейiн 3500 билет сатып алып­ты. Билеттi ең көп алып жат­қан елдердiң көш басында Қытай тұр. Одан кейiн Жа­пония мен Оңтүстiк Корея азаматтары. Қазақстан турис­тiк агенттiгi Азиада ойын­дарының қарсаңында сырттан 5000-дай жанкүйер келедi деп күткен едi. Алайда 5000 билеттiң тек 3500-i ғана өз иелерiн тапты. Мұның өзi Алматы мен Астанада орна­лас­қан қонақүйлерге зарда­бын тигiзiп отыр. “Сырттан келген қонақтарды қабылдай­сыңдар” деп қаншама қонақ­үйдi елiмiздiң басшылары жүгендеп ұстап отырды. Ай­налып келгенде, әлгi қонақ­үйлердiң тең жартысы қаңы­рап бос қалды.
 
Төлеубек ӘДIЛБЕКҰЛЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар