1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №1 (15563) 11 қаңтар, сейсенбі 2011
"Жас Алаштың" спорт беті.
11 қаңтар 2011
Мұрат Ұланбаев: Регби дегенiмiз – «жаяу көкпар»

Мұрат Ұланбаев – регбиден КСРО құрамасының сапында өнер көрсетiп, “В” дивизионы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткiзген, Кеңес Одағының бiрiншiлiгiнде екi мәрте жүлдегер болып, КСРО кубогының жеңiмпазы, екi дүркiн финалисi атанған майталман спортшы. Он сегiз жасында регбидi серiк еткен спортшыны кейiннен бүкiл әлем танып, Францияның клубы бiздiң жiгiттi арнайы шақыртты. Мұрат Ұланбаев қазiр Францияда тұрып жатыр. Жақында елiмiзге қысқа мерзiмге демалысқа келген саңлақпен әңгiмелесудiң сәтi түстi.

– Бала кезiмде темiржолшы болуды армандаған едiм, – дедi Мұрат Ұланбаев. – Орта мектептi бiтiр­генн­нен кейiн Алматыдағы темiржол институтына түскiм келiп, сонда лаборант боп қызмет iстедiм. Сол жерде жүргенде регбидiң бап­керлерi менi сырттай байқап, регби ойнауға шақырды. Темiржол институтында жұмыс iстеп жүрiп, Алматының “Волна” деген клубында волейбол ойнаған едiм. Регбидiң бапкерлерi менi сол жерде байқаса керек. Ол кезде жасым он сегiзде едi. Регбимен айналысуға кеш қалған жоқпын ба деймiн ғой. Бапкерлер: “Жоқ, кеш емес, ойынға икемiң бар, әлi-ақ үйренiп кетесiң”, – дедi. Регби спортына қызыққаным соншалық, оны үш айдың iшiнде тәп-тәуiр үйренiп қалдым.
– Қай жерде туып өстiңiз?
– Туған жерiм – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Сағыр ауылы. Әкем – Жұмабек, анам – Сәнуар. Ғалия деген әпкем бар. 3-сыныпты бiтiрген соң, Алматы облысы, Қарасай ауданының Жамбыл ауылына көшiп бардық. Орта мектептi сол ауылда бiтiрдiм.
– Алғаш рет қай клубта өнер көрсеттiңiз?
– Алматының СКА клубында ойнадым.
– СКА клубы сол кездерi ресейлiк командалардан кем түспейтiн едi ғой...
– Иә, СКА клубы өте күштi болатын. Оның басты себебi, ол кезде елiмiзде регби спортына өте жақсы көңiл бөлiнетiн. Мен 1986 жылдан 1992 жылға дейiн осы клубта өнер көрсеттiм. Осы жылдар аралығында бiз КСРО көлемiнде бiраз табыс­тар­ға қол жеткiздiк. Мәселен, 1988 жылы “СКА” клубы КСРО кубогын жеңiп алды. Екi мәрте КСРО бiрiншiлiгiнiң жүлдегерi атандық. Бұдан бөлек, екi рет КСРО кубогының финалына шықтық.
– Сiздi КСРО құрамасына қай жылы шақыртты?
– 1988 жылы “СКА” клубы КСРО кубогына топ жарғаннан кейiн командадағы белдi ойыншылардың бiразын КСРО құрамасына шақырды. Солардың арасында мен де болдым. КСРО құрамасы екi бiрдей әлем бiрiншiлiгiне қатыса алмай қалды. Мәселен, 1987 жылы Жаңа Зеландия мен Австралия елдерi бiрiгiп өткiзген тұңғыш әлем кубогына ұйымдастырушылар Оңтүстiк Африка Республикасының регби­шiлерiн саяси жағдайға байланысты қоспай тастады. Осыған байланысты бүкiләлемдiк регби қауым­дас­тығы КСРО құрамасын әлем кубогына қатысуға шақыртқан. Алайда, КСРО әлем кубогына қатысудан бас тартты. Одан кейiн КСРО регби­шiлерiнiң екiншi мәрте әлем кубогына қатысуға мүмкiндiгi болды. 1991 жылы Англияда өткен әлем кубогына КСРО-ның басшылары спортшыларын тағы да жiбермей қалды. Егер КСРО құрамасы әлем кубогында өнер көрсеткенде, мен мiндеттi түрде командада ойнар едiм. Өйткенi ол кезде мен команданың негiзгi ойыншыларының бiрi болатынмын.
– Жалпы, регбидiң өзi екi түрге бөлiнедi емес пе?
– Иә, “Регби-7”, “Регби-15” деген түрлерi бар. “Регби-7” -де жетi адамнан ойнайды. Ал “Регби-15”-те он бес адамнан. Мен екеуiнде ойнадым. Айтпақшы, “Регби-7”-ден КСРО құрамасы сапында Аргентинада өткен Әлем бiрiншiлiгiнде өнер көрсеттiк. “В” дивизионында қарсыластарымыздың барлығын айқын ұтып, кiшi әлем бiрiншiлiгiнiң чем­пио­ны атандық. КСРО-ның студент­терi де Италияда өткен әлемдiк са­йыста сәттi ойнады.
– КСРО құрамасында ойнаған сiзден басқа қазақ жiгiттерi болды ма?
– Болғанда қандай. Талғат Омаров деген жiгiтпен КСРО-ның жастар құрамасында үзеңгiлес жүрдiк. Өзбекстанда Мәтәлiмов деген бiр қазақ азаматы болды. Ол да кезiнде КСРО құрамасының қатарында болды. Руслан Әдiлов деген жiгiтпен де КСРО құрамасында бiрге ойнадық.
– Сiз Францияның бiрнеше клубында өнер көрсеттiңiз. Ол жаққа қалай барып жүрсiз?
– Кеңес Одағы ыдыраған тұста бiздiң де жағдай дұрыс болған жоқ. Оның үстiне СКА клубының болашағы да бұлыңғыр едi. Ол кезде қазiргiдей менеджер, агент деген жоқ. Тек бапкерлердiң кеңе­сi­мен ғана команда ауыстыра аласың. 1992 жылы мен СКА клубында соңғы ойындарымның бiрiн өткiздiм. Кейiн бапкерiм келiп «Францияға ойнауға қалай қарайсың» деп сұрады. Маған да керегi сол едi. Өйткенi регбимен айналысқан бiрнеше жылдың iшiнде маған спорттың бұл түрi қатты ұнады. Спортты тастап кететiн болсам, еш жерге керегiм болмай қалатынын түсiндiм. Францияға баруға келiсiм бергенiм де сондықтан. Жалпы, Францияда регби спорты өте жоғары деңгейде дамыған. Бiр Францияның өзiнде 1700-дей регби командалары бар. Францияға алғаш барғанымда 3-дивизионда ойнайтын “Меза” клубында өнер көрсет­тiм. Командада екi жыл жүрiп, 3-дивизионның чемпионы атандым. Бұл 1992-94 жылдар болатын. “Мезада” ойнаған екi жылдан кейiн маған Францияның ең күштi клубтарының бiрi “Безие” “құда түстi”. Осылайша, спорттық карьерамды “Безиеде” жалғастырдым. Онда бес жыл ойнадым. Кейiн “Ажен”, “Гренобыль” сынды клубтардың жейдесiн кидiм. Ол кезде 38 жаста едiм. “Ницада” бiр жыл ойнап, спорттық карьерама нүкте қойдым.
– Франция құрамасының өзiне шақырту болған жоқ па?
– Француздар менi өз ұлттық құрамаларына да шақырған. Алайда КСРО құрамасының сапында ойнағандықтан, француздардың қатарына қосыла алмадым. Бiрақ кейiннен менi әлем құрамасына шақыртты. Әлем құрамасының сапында бiр­неше кездесу өткiздiм.
– Францияға алғаш барғанда тiл үйрену қиын болған шығар?
– Әрине. Алғаш барған кезде французша, ағылшынша түсiн­бейтiнмiн. Сөйлей алмайтынмын. Бапкерлермен тек ымдап қана “сөйлесемiз”. Бiр-екi жыл осылай болды. Кейiннен французша оқып, жақсы түсiнiп, сөйлейтiн болдым.
– Мектепте жүргенде сабақты қалай оқып едiңiз?
– Бастауыш сыныпта кiлең беске оқыдым десем, мақтанғаным емес. 7-8-сыныпқа дейiн де үздiк баға алып жүрдiм. Кейiннен спортқа ден қоя бастағанда сабаққа деген үлгерiмiм нашарлады. Жалпы, мектепте орыс әдебиетi мен математиканы сүйiп оқитын едiм.
– Алматыдағы №176 мектеп-гимназияның оқушыларына регби үйiрмесiн ашып жатыр екенсiз. Жалпы, сiздiң ойыңызша, елiмiзде регби спорты қалай дамыған?
– Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстанның әйелдер құрамасы жеңiмпаз болғанын жақсы бiлесiздер. Менiңше, әйелдер регбиi елiмiзде жақсы дамып келедi. Ал ерлер арасындағы регбиге келер болсақ, өте нашар. Қазақстандағы регбидi дамыту үшiн кәдiмгiдей ел бiрiншiлiгiн өткiзiп, дұрыс жолға қоя бiлуiмiз керек. Әсiресе, жастарды регби спортына көптеп тарту қажет. Мәселен, Францияда регбимен айналысатын жастарды мектеп жасынан бастап дайындайды. Англия, Франция сияқты елдерде спортшылар ең алдымен регби ойнайды. Дзюдошылар немесе гандболға ден қойғандар алдымен осы регбидi ойнап үйренедi. Регби, ең алдымен, спортшының психологиясы мен күшiн, төзiмiн шындайды. Бiз де жастарымызды мектеп жасынан регбиге байласақ, олар күштi болып өсер едi. Регби дегенiмiз – кәдiмгi қазақтың көкпары. Тек бұл жерде жаяу көкпар ойналады. Былайша айтқанда, регби­дi үйрену бiзше онша қиындық тудырмайды. Тек ережесiн дұрыс түсiндiрсе болды. Алматыға келгеннен кейiн №176 мектеп-гимназияның директоры Қуат Райымбеков деген азамат мектеп оқушыларына регби сортын үйрету туралы   ұсыныс айтты. Мен бiрден келiстiм. Регбидiң арнайы добын сатып әперiп, ережелерiн үйреттiм. Ендi сол жердегi дене тәрбиесiнiң мұғалiм­дерi менiң iсiмдi әрi қарай жалғастырады деген сенiмдемiн. Алдағы уақытта елiмiздiң бiрқатар ауылдарына регбиден спорт мектептерiн ашу ойымда бар. Менiң бұл жобам – ақша табудың амалы емес. Ең бастысы, елiмiздiң жастары осы спорт түрiн терең меңгерiп, болашақта мықты регбишi болса деймiн.
– Қазақстанның ерлер құрамасын жаттықтыру жайлы ұсыныс болды ма?
– Иә, болды. Бiр­ақ бас тарттым. Өйт­кенi, ең алдымен, жастарға дұ­рыс көңiл бөлмей, ұлт­тық құраманың ойынын жақсарта алмаймыз. Ұлт­тық құрамаға спортшыларды көбiне сырт елден әкеп қосып жатады. Бiзге одан не пайда бар? Одан да жастарды, әсiресе, қазақ жастарын регбиге баулуымыз керек. Сонда ғана Қазақстандағы регбидiң болашағы болады. Менiңше, Қазақстан құрама командасының кем дегенде жетпiс пайызы қазақ жiгiт­терi болуы тиiс.
– Сонда сiздiң ойыңызша, елi­мiзде ерлер арасындағы регбиге дұрыс көңiл бөлiнбей жатыр ғой?
– Иә. Ерлер арасындағы регбидi дамыту үшiн өкiмет тарапынан үлкен қолдау қажет. Егер болашақта регбиге оң көзқарас танытып, дамытуға күш салып жатса, мен өз көмегiмдi аямас едiм. Мәселен, мен Францияда көптеген регби мамандарымен араласып тұрамын. Соларды Қазақстанға шақырып, жастарға тәлiм-тәрбие беруге болар едi. Алайда барлығы қаржыға байланысты. Егер дұрыс қаражат бөлiнбесе, спорт ешқашан дамымайды. Елiмiзде бокс, күрес сияқты спорт түрлерiне жақсы көңiл бөлiнедi. Ал ерлер арасындағы регбиге келгенде көзқарас дұрыс емес. Регби – Олимпиада бағдарламасына кiрген спорт түрi. Сондықтан алдағы уақытта осындай Олимпиада бағдарламасына кiрген спорт түрлерiн дамытуға күш салуы­мыз керек.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңiз...
– Жұбайым Гүлнар екеуiмiз екi қыз тәрбиелеп, өсiрiп отырмыз. Қазiр Франияның Ница қаласында тұрып жатырмыз. Қазақстан туралы ақпаратты көбiнесе, интернет ар­қылы алып отырамыз. Қыздарым французша оқығанымен, үйде мiндеттi түрде қазақша сөйлесемiз.
– Қазақстанға қашан ораласыз?
– Оны болашақта көре жатармыз. Дегенмен, Алла жазса, ата­жұр­тыма қайтып оралсам деймiн.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
 
Әңгiмелескен
Төлеубек Әдiлбекұлы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар