1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (15562) 30 желтоқсан, бейсенбі 2010
"Жас Алаштың" спорт беті.
30 желтоқсан 2010
Барыс жылында барымызды көрсете алдық па?

Биылғы жылы қазақ спортшылары аз табыс әкелген жоқ. Ел намысы үшiн сынға түскен саңлақтарымыз әлемдiк және құрлық деңгейiндегi жарыстарда ел намысын қорғап бақты. Дегенмен өкiнiш те жоқ емес. Жыл басынан берi талай-талай додаларды бастан кешкен спортшыларымыз шамасы келгенше ел қоржынына жүлде салды.

Әңгiмемiздiң әлқиссасын, Ванкуверде өткен қысқы Олимпиада ойындарынан бастасақ. Төрт жылда бiр рет келетiн дүбiрлi додада бiздiң спортшылар жақсы нәтижеге қол жеткiздi деп айтуға ауыз бармайды.
Ванкуверде өткен олимпиада ойындарына бiздiң елден қырыққа жуық спортшы қатысты. Әрине, бұл жерде спортшылардың санына емес, сапасына жете мән берген дұрыс. Әлемнiң сексеннен астам елiнiң спортшылары бақ сынаған жарыста Қазақстан спортшыларына бұйырғаны – жалғыз медаль. Ресейден келген легионер Елена Хрусталева биатлоннан Қазақстан қоржынына күмiс медаль салмағанда, күнiмiздiң не болатыны бiр Аллаға ғана аян едi.
Олимпиада ойындарының соңғы күнiне дейiн Қазақ елiнiң жанкүйерлерi Елена Хрусталеваның ерлiгiн қайталайтын отандық спортшыларымызды iздегенi рас. Әсiресе, шаңғышыларымыз бен конькишiлерiмiздiң жолына үмiтпен қарадық. Өкiнiшке қарай, сол үмiтiмiз ақталмады. Десек те, Қазақстанның қазiргi шаңғышылары мен конькишiлерiне болашақта зор үмiт артуға болады. Олай дейтiн себебiм, шаңғышылар Александр Полторанин, Светлана Малахова, фристайлшы Юлия Галышева, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен сынды қыз-жiгiттерiмiздiң көрсеткен өнерiне iшiң жылиды. Салыстырмалы түрде алар болсақ, осыдан төрт жыл бұрын Италияның Турин қаласында өткен қысқы ойындарда қазақстандықтарға жүлдеге қол созбақ түгiлi, алғашқы ондыққа кiрудiң өзi мұң едi. Ванкуверде Александр Полторанин, Николай Чеботько бастаған шаңғышыларымыз эстафеталық жарыста үздiк бестiктен көрiне бiлдi. Александр Полтораниннiң өзi жеке бағдарлама бойынша алғашқы бес спортшының бiрi болып мәреге жеттi. Фристайлшы Юлия Галышева мен мәнерлеп сырғанаудың шеберi Денис Тен олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша он бiрiншi орынды қанағат тұтса, Светлана Малахова шаңғымен жарысуда 10 шақырымды оныншы болып аяқтады. Рас, елiмiзден бар­ған 40-қа жуық спортшының жартысынан астамы (түгелге жуық десе де болады) 20-50-орындардың арасынан көрiнiп, көш соңында қалып қойғаны тағы бар. Бiрақ жиырма үшке ендi ғана тол­ған Александр Полторанин мен жиырмадағы Денис Тен мен Абзал Рахымғалиев сынды спортшыларымыздан келесi олимпиада ойындарында жүлде күтетiнiмiз анық. Он сегiздегi Юлия Галышеваға да ендi төрт жылдан кейiн Сочиде сенiм артуға әбден болады.
Қазақстан Олимпиада ойындарына қатысқан 82 елдiң iшiнде Эстониямен бiрге 25-26-орындарды бөлiстi. Осыдан төрт жыл бұрын Туринде өткен қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың қоржыны бос қайтқанын ескерсек, бұл жолғы 25-орын бiз үшiн жаман емес.
Жақында Гуанчжоуда жазғы Азия ойындары мәресiне жеттi. Бұл сынға қатысқан қазақ елiнiң спортшылары жалпыкомандалық есепте бесiншi орынға ие болды. Бiздiң спортшылар бұған дейiн төрт бiрдей жазғы Азия ойындарында бақ сынады. Осыдан төрт жыл бұрын Дохада өткен Азия ойындарында қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте төртiншi орынға табан тiреген-дi. Бұл жолы бiз бесiншi орынды қанағат тұттық. Қытай, Оңтүстiк Корея және Жапония елдерiн басып озу бiз үшiн қиын болса да, жалпыкомандалық есепте төртiншi орын алуға болатын едi. Алайда, сенiм артқан талай серкелерiмiз сын сағаты соққанда жiгерсiздiк танытты. Әсiресе, палуандар мен мергендерiмiз өз деңгейлерiнде өнер көрсете алмады.
Дәл қазiр Азияның спорты аршындап тұр. Оған Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында анық көз жеткiздiк. Елiмiздiң спорт басшылары құрлықтық додадан 25 алтын медаль алып, жалпыкомандалық есепте төртiншi орын алуды жоспарлаған едi ғой...
Биылғы жылы ел спортшылары олимпиада бағдарламасындағы спорт түрлерiнен өткен әлем бiрiншiлiктерiнде жалпы саны он бiр медаль алыпты. Бұл аз ба, әлде көп пе? Басты жарыс Азия ойындары деп талай-талай сақа спортшылардың әлемдiк сыннан қалып қойғанын ескерсек, он бiр медаль жаман көрсеткiш емес деп марқаюға болады. Алайда он бiр медальдiң тек үшеуi ғана алтын медаль болса ше?! Сонда олимиада бағдарламасына кiрген спорт түрлерiнен алған медальдарымыздың саны тым аз болғаны ма?! 
Наурыз айының 12-14-i аралығында Дохада жеңiл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем бiрiншiлiгi өткенi белгiлi. Сол сында қазақ елiнiң жанкүйерлерiнiң шығысқазақстандық Ольга Рыпакованың өнерiне ғана көңiлi толды. Үшсекiрiстен әлем чемпионы атағын жеңiп ал­ған О.Рыпакова Барыс жылында намысты қолдан берген жоқ. Олай дейтiн себебiмiз, Ольга Рыпакова жақында Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында алтыннан алқа тағып, ел мерейiн үстем еткен-дi. 
Қайрат Тұрлыханов басшылық ететiн елiмiздегi ауыр атлетика қауымдастығы қазiргi таңда қыруар жұмыс атқарып жатыр. Биыл Түркияда өткен әлем бiрiншiлiгiнде Майя Манеза мен Светлана Подобедова әлемнiң екi дүркiн чемпиондары атанды. Гуанчжоуда өткен жазғы Азия ойындарында да ауыр атлеттерiмiз тамаша өнерiмен танылды. 
Күрес – қазақтың оң жамбасына келетiн спорт түрi десек те, палуандарымыз соңғы жылдары боз кiлемде жиi сүрiнiп жүр. Биыл Мәскеу­де өткен әлем бiрiншiлiгiнде тым болмағанда бiр қандасымыз әлем чемпионы атанса екен деп тiлеп едiк. Өкiнiшке қарай, ол тiлегiмiз де орындалмады. Кешегi Шәмiл Серiков, Жақсылық Үшкемпiров, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейiтов сынды ағаларының жетiстiгiн қайталайтын палуандар дәл қазiр жоқтың қасы. Бақтияр Байсейiтов дегеннен шығады. Мiне, он екi жыл болды, әлi күнге дейiн бiр қазақ баласы әлем бiрiншiлiгiнiң алтын медалiне қол жеткiзе алмай келедi. 1998 жылы Бақтияр Байсейiтов әлем чемпионы атанған едi ғой. Содан берi, қазақ баласына әлемдiк сайыстың алтынын алу арман болып кеттi.
Мәскеуде өткен әлем бiрiншiлiгiнде аса ауыр салмақтағы палуанымыз Нұрмахан Тiнәлиев жарады. Әлем бiрiншiлiгiнде қола медаль алып қайт­қан Тiнәлиев артынша Азияның бас палуаны атанды.
Ванкувер Олимпиадасы мен Гуанчжоудағы жазғы Азия ойындарын қоспағанда Қазақстан спортшылары Барыс жылы елiмiзге жетпiске жуық жүлде әкептi. Оның он бiрiн жоғарыда айтып өткендей әлем бiрiншiлiгiнен, қалғанын көптеген спорт түрлерi бойынша өткен Азия чемпионаттарынан жеңiп алды. Ендеше, төмендегi спортшылардың нәтижелерiне көз салыңыздар.
 
 
 
 
2010 ЖЫЛЫ ӨТКЕН АЗИЯ БIРIНШIЛIГIНIҢ ЖЕҢIМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРI:
Азия чемпиондары:
Марина Аитова (Алматы қ) – биiктiкке секiру;
Людмила Гранковская (Ақмола обл) – ұзындыққа секiру;
Андрей Мизуров (Алматы қ) – велошоссе;
Марид Муталимов (Маңғыстау обл) – еркiн күрес;
Гүзель Манюрова (БҚО) – әйелдер күресi;
Бақытжан Аязбаев (Алматы қ)/Наталья Югай (Жамбыл обл) – таэквондо
 (пумсе 32-40 жас);
Феруза Ергешова (ОҚО) – таэквондо;
Жайна Шекербекова (ОҚО), Саида Хасенова (Алматы қ), Дариға Шәкiмова
 (СҚО), Марина Вольнова (Қызылорда) – бокс;
Гандболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы
 
Азияның күмiс жүлдегерлерi:
Людмила Гранковская (Ақмола обл) – үшсекiрiс;
Анна Устинова (ШҚО) – биiктiкке секiру;
Оксана Вернер (Павлодар) – 3000 және 1500 метрге жүгiру;
Татьяна Туркова (Алматы қ), Никита Филиппов (Алматы қ) – сырықпен секiру;
Марина Масленко (Қостанай) – 400 метрге жүгiру;
Марина Масленко (Қостанай), Елена Домбровская (Павлодар), Лилия Низамова
 (Қарағанды), Маргарита Кудинова (Маңғыстау) – 4х400 эстафеталық жарыс;
Наталья Стефанская (СҚО) – велошоссе;
Евгений Сладков (БҚО) – велотрек:
Сергей Черкасов (ШҚО) – байдарка және каноэде есу;
Семен Семенов (Алматы қ), Нұржан Қатаев (Қарағанды) – еркiн күрес;
Жұлдыз Ишимова (Астана) – әйелдер күресi;
Айбек Еңсеханов (ШҚО) – грек-рим күресi;
Наталья Югай (Жамбыл обл) – таэквондо (пумсе 32-40 жас);
Берiкжан Құттыбаев (Жамбыл обл)/Александр Ан (Жамбыл обл) – таэквондо
(пумсе 32-40 жас);
Арман Шiлманов (Атырау) – таэквондо;
Назгүл Боранбаева (Астана) – бокс;
Регбиден Қазақстанның әйелдер құрама командасы;
 
Азия бiрiншiлiгiнiң қола жүлдегерлерi:
Роман Валиев (Павлодар), Татьяна Конищева (ОҚО) – үшсекiрiс;
Ольга Блудова (Қарағанды) – 60 метрге жүгiру;
Мұхамеджан Назар (Алматы қ), Дмитрий Коробейников (Астана), Сергей Зайков
(Павлодар), Вячеслав Муравьев (Қарағанды) – 4х400 эстафеталық жарыс;
Ксения Шабалина (ШҚО) – байдарка мен каноэ есу (2 дүркiн күмiс жүлд-р);
Дәурен Жұмағазиев (Алматы), Сейфаддин Османов (Қарағанды) – еркiн күрес;
Ольга Жәнiбекова (БҚО) – әйелдер күресi;
Марат Гарипов (Жамбыл обл), Марғұлан Әсембеков (Алматы обл) – грек-рим
 күресi;
Евгений Цой/Мақсат Жұмахметов/Бағдат Молдабаев (барлығы да Жамбыл обл)
– таэквондо (пумсе 19-31 жас);
Жәния Есенбаева/Виктория Огай/Елена Ким (барлығы Жамбыл обл) –
таэквондо (пумсе 19-31 жас);
Нариман Шәкiров (Алматы), Сұлтан Қасымов (Алматы), Айжан Әлижанова
(Алматы) – таэквондо;
Әйгерiм Асқарова (Жамбыл обл), Елена Кольцова(Қостанай), Жұлдыз
 Маматқұлова (ОҚО) – бокс;
Элмир Әлiмжанов (Алматы), Александр Аксенов (ШҚО), Дмитрий Грязнев (ШҚО),
 Сергей Шабалин (ШҚО) – семсерлесу (командалық сайыс);
 
Төлеубек ӘДIЛБЕКҰЛЫ
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар