1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №91 (15549) 16 қараша, сейсенбі 2010
"Жас Алаштың" спорт беті.
16 қараша 2010
Қоржынымыз қола медальмен толуда

Өткен аптаның соңында Қытайда XVI жазғы Азия ойындары тұсауын кестi. Гуан­чжоуда жалауы көтерiлген дүбiрлi жарысқа Азия құрлығының 57 елiнен он мыңға жуық спортшы қатысуда.

Төрт жылда бiр келетiн дүбiрлi доданың тарихына терең үңiлер болсақ, Аспанас­ты елi бұған дейiн бiр рет жаз­ғы Азия ойындарын өткiзген-дi. Дәлiрек айтсақ, осыдан тура жиырма жыл бұрын. 1990 жылы Бейжiңде сары құрлықтың сайыпқырандарын жинаған Қытай арада он сегiз жыл өткеннен кейiн бас қаласына төрткүл дүниенiң спортшыларын жинап, Олимпиада ойындарын да өткiзiп шықты. Ендi мiне, Гуанчжоу қаласы да жаз­ғы Азия ойындарының астанасы ретiнде тарих қойнауына ендi. Болашақта Гуанчжоу қаласы да Олимпиада ойындарының астанасы атанып жатса таңғалмаңыз.
Қытай елi жарысты ұйымдастыруға, ұйымдастырғанда да жарысты жоғарғы деңгейде ұйымдастыруға әбден машықтанып алды. Осыдан екi жыл бұрын Бейжiңдегi Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын көрген жұрт сол кездегi алған әсерлерiн жыр қылып әлi айтып жүр. Гуанчжоудағы жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты да Бейжiң Олимпидасының ашылу салтанатынан кем соққан жоқ.
Жазғы Азия ойындарының кеше үшiншi күнi мәресiне жеттi. Әзiрге бiзге белгiлiсi, екi күндiк жарыс қорытындысы ғана. Жарыс қожайындары бұл екi күнде қоржындарына 37 алтын, 15 күмiс, 11 қола медаль салды. Ал елiмiздiң спортшылары екi күн жүрiп, 3 күмiс, 7 қола медальға әзер қол жеткiздi.
Доданың алғашқы күнi ел қоржынына дзюдошыларымыз қос-қостан жүлде салды. Өкiнiшке қарай, доданың бi­рiн­шi күнi татамиге шыққан дзюдошыларымыз бiрiнен кейiн бiрi жартылай финалда сүрiндi. Бүкiл қазақ елi үмiт артқан дзюдошы, әлем чем­пио­ны Максим Раков жартылай финалға дейiн қарсыласының барлығын таза ұтқанда, демiмiздi iшке тарттық. Алтын медаль алса, дәл осы Максим Раков алуы мүмкiн... Алайда М.Раков финалға бiртабан жақын қалғанда, мүлт кеттi. Оңтүстiк Корея палуаны Хванг Хее-Таэмен жұп құраған жерлесiмiз қарсыласынан иппон әдiсiмен ұтылып, жанкүйерлерiн жерге қаратты. Абырой болғанда, Раков қола медаль үшiн болған белдесуде сәттi өнер көрсеттi. Моңғол палуанымен күрескен отандасымыз қарсыласын таза же­ңiп, Азия ойындарының қола жүлдегерi атанды.
78 келi салмақтағы Ғалия Үлментаева мен 78 келiден жоғары салмақта бақ сынаған Гүлжан Иссановалар да Азия ойындарының қола медалiн қанағат тұтты. Ғалия жартылай финалда жапон қызы Огата Акариден жеңiлдi. Гүлжан татами қожайыны Кин Кианнан ұтылып қалды. Есесiне, қос бойжеткенiмiз де қола медаль үшiн болған белдесуде жеңiске жеттi.
81 келi салмақта күрескен Ислам Бозбаев Азия ойындарының екiншi күнi Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бiр қола медаль салды. Командаластарының жетiс­тiгiн қайталаған Ислам да жартылай финалда сүрiндi. Өзбек палуанына шамасы келмеген И.Бозбаев қола медальдi қытай палуанымен сарапқа салған-ды. “Вазари” (0:10) әдiсi бойынша жеңiлiп жатқан жерлесiмiз белдесудiң соңына қарай қарсыласын алып ұрды да, қола медальдiң иесi атанды.
Азия ойындарының екiншi күнi зiлтемiршi Зүлфия Шиншанлоның өнерiн асыға күткен едiк. Алайда, 53 келiде бақ сынаған Зүлфия алтынға бiр қадам жетпей тоқтады. Қытай зiлтемiршiсi Ли Пинктен он бiр келiге аз көтерген Зүлфия Шиншанло қоссайыс қорытындысы бойынша, 219 келiнi бағындырып, күмiс медальдi қанағат тұтты. Азия ойындарының алтын медалi жарыс қожайыны Ли Пинктiң қанжығасында қалды. Қытай бойжеткенi Азия ойындарының бас жүлдесiн жеңiп қана қоймай, 230 келi салмақты бағындырып, әлемдiк рекордты жаңартты.
“Құралайды көзге атқан” мергендер Қазақстанда да бар. Зәуреш Байбосынова, Наталья Гурова, Рашид Юнусметов сынды мергендерiмiз Азия ойындарының бас жүлдесiн алуға лайық спортшылар. Алдағы уақытта Қазақстан жан­күйерлерi осы қыз-жiгiтте­рiмiзден жекелей сында медаль күтетiнi анық. Әзiрге мергендерiмiз бүгiнге дейiн бiр күмiс, 1 қола медаль “атып” алды. Винтовкамен нысананы 50 метр қашықтықтан жатып атқан Юрий Мельситов оңтүстiккореялық спортшыны алға жiберiп, күмiс медальдi иелендi. Дәл осындай қашықтықта командалық сайыс түрi бойынша сынға түскен мер­ген­дерiмiз Александр Ермаков, Юрий Мельситов және Игорь Пирикеев қола медаль­дi қанжығаларына байлады.
Кеше таңертең мергендерi­мiз тағы бiр медаль жеңiп алды. 10 метр қашықтықты пневматикалық винтовкамен атуда жолы болмаған Ольга Довгун 50 метрде күмiс алқа тақты. Нысананы винтовкамен жатып атқан О.Довгун қытай спортшысынан сәл ғана ұпай айырмашылығымен ұтылып қалды. Ертең Ольга Довгун тағы да жарыс жолына шығады.
Триатлоннан елiмiздегi ең тәжiрибелi, әрi әккi спортшымыз Дмитрий Гааг (Гаагтың жасы қазiр 39-да) Азия құрлығында жүлде алмай қайтпайтыны баршамызға аян. Осыдан төрт жыл бұрын Дохада өткен Азия ойындарында бас жүлденi жеңiп алған саңлағымыз бұл жолы қола медальмен шектелдi. Бас жүлде қос бiрдей жапон спортшысына бұйырды. Дмитрий Гаагтан кейiн мәреге iле-шала қазақстандық Дмитрий Смуров жеттi.
Қазақстанның бишiлерi биыл тұңғыш рет Азия ойындарынан жүлде алды. Спорттық биден жұптасып өнер көрсеткен Аманда Батқалова мен Тимур Намазбаевалар қола медаль жеңiп алды.
Жүзушiлер арасында Владислав Поляков Азия ойындарының екiншi күнi үмiтiмiздi ақтамады. 50 метрге брасс әдiсiмен жүзуде төртiншi орын­ға табан тiредi. 100 метрге баттерфляй әдiсiмен жүзген Федор Шкилов небәрi 8-орынды мiсе тұтты.
   БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА
Қазақстандық Владислав Поляков кеше кешкiсiн Қазақстан құрамасының қоржынын тағы бiр күмiс медальмен толықтырды. 100 метрге брасс әдiсiмен жүзген жерлесiмiз жапон спортшысы Рио Татейшиден қалып қойды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан спортшылары әзiрге 11-орында тұр. Көш басында Қытай спортшылары. Кеше кешкiсiн олар он төрт алтын медаль жеңiп алды. Жарыс қожайындарының жүлде қорында 52 алтын, 19 күмiс, 19 қола медаль бар.
Төлеубек ӘДIЛБЕКҰЛЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар