1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 (15547) 9 қараша, сейсенбі 2010
"Жас Алаштың" спорт беті.
9 қараша 2010
«Тобыл» – чемпион!

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының XIX маусымы мәресiне жеттi. Биыл өз тарихында тұңғыш рет Қостанайдың “Тобылы” топ жарды.

Қатарынан жетi жыл жүлдегер атанған Қостанайдың “Тобылы” биыл бас жүлдеге жет­тi-ау,­ әйтеуiр. Бұған дейiн “Тобыл” футболшылары ел бiрiншiлiгiнiң үш мәрте – күмiс, төрт рет қола медалiн жеңiп алған-ды.
Биылғы премьер-лиганың қарсаңында “Тобыл” командасына ресейлiк маман Равиль Сабитов бас бапкер боп келдi. “Тобылды” бiр түлетсе, дәл осы Сабитов түлетедi” деген Халiмжан Ержанов қателеспептi. “Қазақстан премьер-лигасының күмiсi мен қоласына әбден тойдық. Бiзге керегi – бас жүлде! Равиль Сабитов бас жүлдеге апаратын жолды адаспай табады, көресiз­дер”, – деген едi команда басшысы.
“Тобыл” биылғы премьер-лига ойындарын өте жоғары деңгейде өткiздi. Алғашқы жетi ойын­да жеңiлмеген қостанайлық футболшылар Қазақстанның төрт дүркiн чемпионы “Ақтөбе” футболшыларының өзiн сырт алаңда 3:1 есебiмен сан соқтырды. “Ақ­төбе” мен “Ертiс” және “Локомотив” сынды азулы клубтар ойламаған жерден ұпай жоғалтып жат­қан кезде, “Тобыл” өзiне керектi ұпайларын қоржындарына басып алды. Мәселен, премьер-лиганың бiрiншi кезеңi аяқталып, алтын үшiн таласатын “алтылық” белгiлi болғанда қостанайлықтар топ басында тұрды. Одан кейiн ешкiмге көш тiзгiнiн берген жоқ. Бiрiншi кезеңде тамаша өнерiмен ерекшеленген “Ертiс” футболшылары “алтылықтың” арасындағы тартыста қарқынын бәсеңдетiп алды. Есесiне, “Ақтөбе” футболшылары екiншi кезеңде белсенiп ойнады. Нағыз мықтылардың арасындағы тартыста “айы оңынан туған” “Ақтөбе” шамасы келгенше топ тiзгiнiн “Тобылдан” тартып алуға тырысты. Тiптi Владимир Мухановтың шәкiрттерi басты қарсыласы “Тобылды” өз алаңында 2:0 есебiмен ұтып қана қоймай, Қостанайда қарсыластарын 5:2 есебiмен ойсырата жеңдi. Бiрақ бәрi кеш едi. Премьер-лиганың бiрiншi кезеңiнде тәп-тәуiр ұпай жинап алған “Тобыл” “Ақтөбеге” жеткiзген жоқ.
Қостанайдың “Тобылы” – Қазақстан чемпионы атанған елiмiздегi жетiншi команда. Бұған дейiн “Қайрат”, “Елiм-ай”, “Ертiс”, “Тараз”, “Жеңiс”/“Астана”, “Ақтөбе” командалары Қазақстан чемпионы деген атқа ие болған-ды.
Биылғы ел бiрiншiлiгi тартыс­қа толы болғаны соншалық, қола медальдiң иесi де соңғы турда бiр-ақ шешiлдi. Астанада “Локомотив” футболшыларын 1:0 есебiмен ұтқан Павлодардың “Ертiсi” қоланы қанағат тұтты. Жалпы, керекулiк футболшылар Қазақстан бiрiншiлiгiнде ең көп жүлде алған командалардың көшiн бастайды. Бұған дейiн бес мәрте ел чемпионы атанған “Ертiс” үш рет күмiс медаль алды. Биыл бесiншi қола медалiне қол жеткiздi.
Қазақстан премьер-лигасының келесi маусымында жан­күйерлер Өскеменнiң “Востогы” мен Қызылорданың “Қайсарының” ойындарын тамашалай алады. Бiрiншi лигадан қара үзiп шыққан қос команда Оралдың “Ақжайығы” мен Көкшетаудың “Оқжетпесiнiң” орнын басты.
Өзбекстандық легионер Ұлық­бек Бақаев биылғы Қазақстан премьер-лигасының бас мергенi атанды. Маусым басынан берi өз командасын жеңiске жетелеген өзбек футболшысы он алты доптың авторы атанды. Ұ.Бақаевтың бас мерген атануы биыл ғана емес. 2004 жылғы ел бiрiншiлiгiнде Ұлықбек Бақаев “қайраттық” Арсен Тлехуговпен бiрге Қазақстан бiрiншiлiгiнiң ең мерген шабуылшысы атанған-ды.
Мергендер көшiнiң тiзiмiнде Бақаевтан кейiн “Тобылдың” капитаны Нұрбол Жұмасқалиев пен “Ертiс” шабуылшысы Георгий Даскалов тұр. Елiмiздiң мақтанышына айналған Жұмасқалиев пен болгар легионерi қарсыластарының қақпасын он бес мәрте дәл көздедi. Бiз бұл жерде Нұрбол Жұмасқалиевтiң “Тобыл­ға” қосқан зор үлесiн айрықша атап өтуге тиiспiз. Осыдан тура он жыл (!) бұрын “Тобылдың” жейдесiн киген Нұрбол қаншама жыл өз командасына адалдық танытып келедi. Былайша айт­қанда “Тобылдың” отымен кiрiп, күлiмен шыққан футболшылардың бiрi және бiрегейi де – дәл осы Нұрбол Жұмасқалиев. Қостанайлық футболшылар талай рет бас жүлдеден қағылғанда, кейбiр ақсақалдарымыз “Жұмасқалиевке обал болды...” деушi едi. Ендi мiне, Жұмасқалиевтiң он жыл бойы бiр командада жүрiп төккен терi бекерге кетпедi.
32-турдың нәтижелерi:
“Атырау” (Атырау) – “Тобыл” (Қостанай) – 0:2 (Туртенвагд, 40-минутта, Жұмасқалиев, 70-минутта);
“Шахтер” (Қарағанды) – “Ақтөбе” (Ақтөбе) – 0:1 (Хайруллин, 89-минутта);
“Локомотив” (Астана) – “Ертiс” (Павлодар) – 0:1 (Головешкин, 83-минутта);
“Тараз” (Тараз) – “Қайрат” (Алматы) – 0:0;
“Ақжайық” (Орал) – “Ордабасы” (Шымкент) – 4:0 (Саки, 2, 77-минуттарда, Хаиров, 23-минутта, Авакянц, 79-минутта);
“Оқжетпес” (Көкшетау) – “Жетiсу” (Талдықорған) – 1:0 (Дяк, 67-минутта, пенальтиден).
 
Мергендер:
1. Ұлықбек Бақаев (“Тобыл”) – 17 доп;
2-3. Нұрбол Жұмасқалиев (“Тобыл”), Георгий Даскалов (“Ертiс”) – 15 доптан;
4. Мозес Саки (“Ақжайық”) – 14 доп;
5. Игорь Бугаев (“Локомотив”) – 11 доп;
6. Мұрат Тiлешов (“Ақтөбе”) – 10 доп.
 
Төлеубек ӘДIЛБЕКҰЛЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар