1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (15529) 7 қыркүйек, сейсенбі 2010
"Жас Алаштың" спорт беті.
7 қыркүйек 2010
Бiз неден ұтылдық?

Қазақстан құрамасының футболшылары Еуропа бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындарын жеңiлiспен бастады. Түркия құрамасының футболшыларымен жасыл алаңға шыққан отандастарымыз қарсыластарынан 0:3 есебiмен ұтылды.

Қазақстан – Түркия – 0:3
Гол соққандар: Арда Тұран, 24-минутта, Хамит Алтынтоп, 26-минутта, Нихат, 76-минутта;
Қазақстан: Сидельников, Киров, Абдуллин, Кислицын (Рожков, 85-минутта), Карпович (Родионов, 62-минутта), Остапенко (Мальцев, 72-минутта), Жұмасқалиев, Нұрғалиев, Шмидтгаль, Попов, Азовский.
Түркия: Киврак, Сабри Сароғлы, Четин Сервет, Өмiр Ердоған, Хакан балта, Эмре Белезоғлы, Мехмет Аурелио (Кәзiм Кәзiм, 89-минутта), Хамит Алтынтоп, Нихат (Инан Селчүк, 82-минутта), Арда Тұран, Тұнжай Шанлы (Халил Алтынтоп, 80-минутта).
Төрешi: Вад (Венгрия);
3 қыркүйек. Астана. “Астана Арена” стадионы. 15 800 көрермен.
 
Қазақстан мен Түркия құрамалары арасындағы ойыннан кейiн екi елдiң бапкерлерi бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiне арнап баспасөз мәслихатын өткiздi. Алдымен сөз алған Гус Хиддинк үш ұпайды қоржындарына салғанына қуанышты екенiн жасырмады. Жасырмағанда ше, түрiк футболшыларының тiзгiнiн ұстағалы берi, ресми ойындағы алғашқы жеңiсiне қол жеткiзiп тұрса...
Түрiк құрамасының бапкерi қоластындағы жiгiттерiн мақтауды да ұмытқан жоқ. Әрине, “Астана-Арена” стадионында доп тепкен он бiр түрiк баласын қалай мақтасақ та жарасымды. Намыс, ұлт, рух дегенде отқа да, суға да түсуден та­йынбайтын түрiк футболшыларының Бернд Шторктiң жiгiттерiнен әлдеқайда жiгерлi екенiн амал жоқ, мойындаймыз. Мұны баспасөз мәслихатында Гус Хиддинк те тiлге тиек еттi. «Менiң алаңдағы он бiр жiгiтiм, жанкештiлiк танытты, соның арқасында бiз бүгiн жеңiске жетiп отырмыз...»
Бұдан кейiн сөз тiзгiнiн Бернд Шторк алды. Бiздiң бапкер әдеттегiдей, алдымен қарсыласты мақтап, одан кейiн бiздiң футболшылардың шамасының осы болғанын мойындады. Шторктiң “Қа­зақстан футболшыларында алға iлгерiлеушiлiк бар” дегенi күлкiлi болса да, құлаққа жағымды естiлдi. Немiс маманы қазақ футболына осындай баға берiп жатса, қуанасың, әрине. Қазақ футболы демек­шi, Түркия құрамасымен болған ойында Нұрбол Жұмасқалиев пен Азат Нұрғалиевтен басқа қазақ баласын көре алмадық. Есесiне, ұлттық құрамада Андрей Сидельников, Алексей Попов және Генрих Шмитгаль сынды “жаңа қазақтар” доп тептi. Андрей Сидельников түрiктер соққан алғашқы голға тiкелей кiнәлi болғанын бүкiл жұрт көрдi. Алексей Попов та “судан құрғақ” шыққан жоқ. Ойынның 76-минутында оның жiберген өрескел қателiгi Нихатқа үшiншi допты соғуға мүмкiндiк жасады. Ойыннан кейiн алман елiнен келген Генрих Шмитгальдi ел мақтады. Расында да Шмитгальға қандай мақтау айтсақ та жарасады. Алаңда жан алысып, жан берiскен үш футболшы болса, соның бiреуi осы Генрих Шмитгаль болды. Жылдамдығы да, допты әрiптесiне дәл беруi де басқа командаластарына қарағанда ерекшелеу көрiндi. Генрих Шмитгаль әсiресе, алғы шептегi Сергей Остапенкоға пас шығарумен болды. Амал не, бiздiң Сергей әрiптесiнiң берген доптарына ие бола алмай, құр далақтаумен болды. Ақыры, Шторк оны “құрытып” тынды. Ойынның екiншi кезеңiнде оның орнына Глеб Мальцев шықты.
Жасыл алаңда Нұрбол Жұмасқалиев пен Азат Нұрғалиев жасындай жарқылдады. Тоқсан минут бойы тыным таппай шелектеп тер төккен қос футболшы “намыс” дегендi басқаларға қарағанда әлдеқайда артық түсiнетiн сияқты. 
Осыдан екi жыл бұрын ұлттық құраманың тiзгiнiн ұстаған Бернд Шторк соңғы кездерi тәспiсiнен жаңылғандай ма, қалай?! Алғашқы жылдары елiмiздiң кiлең жастарын жинап алып, болашақты ойлаған бапкер, соңғы кездерi тәжiрибелi футболшыларға да көз қырын сала бастағандай. Мұнысын, ҚФФ-ның басшыларының “осы жылы қалай болғанда да, үш ұпай аласың, әйтпесе табаныңды жалтыратасың” дегенiнен шығар, сiрә. Әйтпесе, iргедегi Ресейдi айтпағанда сонау Германиядан футболшы iздеп шарқ ұрып несi бар?! Қазан айында өтетiн Бельгия мен Германияға қарсы тағы қанша “жаңа қазақтар” пайда боларын да болжау қиын. Елiмiздiң мықты футболшыларын көзiне де iлмеген бапкердi ендi бiр жыл ұстасақ, бәлкiм Ресейдiң “дублi” атанармыз. Ол да мүмкiн!...
 
Бүгiн Қазақстан құрама командасы Австрия құрамасымен сырт алаңда кездеседi. Отандастарымыздың одан кейiнгi ойындары қазан айының 8-i мен 12-iсiне жоспарланған. 8-i күнi Қазақстанға Бельгия футболшылары келсе, 12-сiнде Германия құрамасы қонаққа келедi.
 
 Төлеубек Әдiлбекұлы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар