1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (15525) 24 тамыз, сейсенбі 2010
"Жас Алаштың" спорт беті.
24 тамыз 2010
Сатылатын сыйлық – сайқымазақтық

АШЫҚ ХАТ

Құрметтi Ахметжан Смағұлұлы!
2008 жылы Бейжiң олимпиадасы кезiнде қазақ елiнiң намысын қор­ғап, алтын медальды жеңiп алдым. Олимпиада ойындарынан оралған сәтте бүкiл елге тiкелей эфирде бе­рiлген салтанатты кездесу барысында Сiздiң орынбасарыңыз С.Т.Сейдуманов мырза маған пәтер кiлтiн ұсынып тұрып, оның маған және менiң отбасыма деген сыйы деп айт­ты. Мен сол сәтте үлкен алғысымды бiлдiрiп, бұл сыйды қабылдадым. Қабыл алатындай жөнiм де бар. Өйткенi, мен Олимпиада ойындарына дейiн де Алматы қаласының атынан сынға түсiп жүрдiм. Шынын айтқанда, Олимпиада ойындарының чемпионы атанғанға дейiн менiң жеке үйiм де болған емес.
Өкiнiшке қарай, пәтердiң кiлтiн алып, көшiп кiргеннен кейiн мен Сiздiң әкiмшiлiгiңiздегi жауапты қызметкерлерден, соның iшiнде С.Т.Сейдуманов мырзаның өзiнен осы пәтер менiң атыма, яғни, жеке меншiкке қашан өтетiнiн үнемi сұраумен болдым. Маған олар «ке­йiн» деген жауап қайтарудан шаршамады. Бiраз уақыттан соң маған бұл пәтердiң «уақытша тұруға ғана берiлгенiн», оны өзiмнiң жеке мен­шiгiме өткiзе алмайтынымды, оған менiң құқығымның жоқтығын түсiндiре бастады. Содан берi екi жыл өттi. Қазiр мен екi баланың әкесiмiн. Олимпиадаға дейiн бiр қыздың әкесi болсам (қызымның есiмiн Алматы қаласының құрметiне Алма деп қойып едiк), Олимпиада ойын­дарынан кейiн ұлым дүниеге кел­дi. Алла бұйыртса, осы жылы тағы бiр нәрестенiң дүниеге келуiн күтiп отырмыз.
Олимпиада ойындарынан кейiн бiр жылдай демалдым. Қазiр қайтадан жаттығуға кiрiстiм. Қазақстан Республикасының бокс қауымдастығымен Лондонда өтетiн Олимпиада ойындарына дайындық жасау туралы келiсiмшартқа да қол қойдым. Бейжiңдегi жеңiсiмдi көрген АҚШ, Германия, Ресей, Ұлыбритания сын­ды елдердiң промоутерлерi кәсiпқой боксқа ауысуыма ұсыныс­тар жасады. Не керектiң барлығын алдыма жайып салды. Бiрақ, мен Қазақстаннан сырт жаққа кетуден бас тарттым. Оның басты себебi, болашақта өзiмнiң спорттық мүмкiндi­гiмдi, үйренген тәжiрибемдi осы Алматы қаласының жетiстiгiн асқақтатуға пайдалану. Бiрақ, бәрi мен ойлағаннан басқаша болып шықты.
Осы уақытқа дейiн тұрып жат­қан пәтерiмде әртүрлi оқиғалар болды. Мысалы, бiр күнi әкiмшiлiктiң қызметкерi келiп, мен үйде жоқ кезде әйелiм мен балаларымды пәтерден қуып шығып, есiктi жауып, сыртына мөр басып кетiптi. Бұлардың айтуынша, мен өзiмнiң тұрып жатқан пәтерiме ешқандай да жөндеу жұ­мыс­тарын жүргiзе алмайды екен­мiн. Ондай жөндеу жұмыстарына менiң құқығым да жоқ болып шықты. Жарайды, мен құрылысшы емеспiн, спорт­шымын. Бiрақ, алдын ала кел­iп, маған түсiндiрiп, үйге жөндеу жұмыстарын жүргiзуге болмайтынын ескертсе болады ғой. Жоқ, олай iсте­ген жоқ. Мен сол кезде С.Т.Сейдуманов мырзаға барып, пәтердiң кiлтiн қайтарып алдым. Содан берi, мiне, бiр жыл өттi. Алайда, пәтерге қа­тысты әлi де нақты шешiм қабылданбады.
Осыдан бiраз күн бұрын Алматы қаласының баспана басқармасының басшысы Қ.Нұрқадiлов мырзаның қабылдауында болдым. Ол да маған пәтерiмдi өзiмнiң жеке меншiгiме өткiзуге құқымның жоқтығын түсiндiрдi. Сөйтсек, бұл пәтер Олимпиада ойындарының чемпиондарына, немесе көпбалалы отбасыға берiлетiн пәтер емес, мемлекеттiк қызметте iстейтiн және зейнеткерлерге, соғыс ардагерлерiне тиесiлi үй екен. Осылайша, маған бұл пәтердi нарықтық бағамен алты миллион теңгеге сатып алуға ұсыныс жасады. Яғни, «сыйлықтың» құны алты миллион теңге болып шықты.
Мемлекеттiк қызметкерлер мен соғыс ардагерлерiне деген ешқандай бөтен ойым жоқ, керiсiнше олардың еңбегi мен жетiстiктерiн бағалаймын. Бiрақ, үлкен әлемдiк жарыста барлық елдердiң туларынан Отанымның туын жоғары желбiреткен менiң еңбегiмнiң (мұның бәрi тек маңдай термен ғана келедi) құны көк тиын болғаны ма? Бәлкiм, олай да емес шы­ғар. Өйткенi, Олимпиада ойындарынан келген кезде Қазақстан Рес­публикасының басшысы Н.Ә.На­­зарбаев менiң еңбегiмдi бағалап, Ақ Ордада «Барыс» орденiн кеу­деге тақпап па едi?! Сол орденде «Отанға қызметi үшiн» деген жазу да жазылған. Өкiнiшке қарай, кейбiр қалалық шенеунiктердiң мен туралы пiкiрi басқа сияқты. «Бұл пәтердi бүкiл қазақстандықтардың алдында Алматы қаласының әкiмдiгi маған сыйға тартты. Бұл пәтердi Отаныма қызмет iстеп жүрiп алдым» деген сөзiме, «ол ендi өз басыңның мә­селелерi... Бiз сенi ол жаққа жiберген жоқпыз, өмiр сүрiп жатыр екенсiң, жарайды...» деген жауаптар алдым.
Кейде осындай шенеунiктердiң Олимпиада жеңiмпаздары туралы пiкiрi кейiнгi жастарға керi әсер ете ме деп қорқамын. Олар не үшiн күреседi? Не үшiн малмандай болып спорт залдарда тер төгедi? Не үшiн қи­ындықтарға төзедi? Әрбiр жеңiс­терi үшiн әлгiндей шенеунiктер беттерiне түкiру үшiн бе?..
Тағы бiр мәселе. Менiң бапкерiм, ҚР-на еңбек сiңiрген бапкерi, «Құрмет» орденiнiң иегерi К.Р.Махмудовқа да әлi күнге дейiн баспана берiлмедi. Кәрiм ағаның Қазақстан­ға келгенiне алты жылдан асты. Өз iсiнiң кәсiби маманы Алматының көрiнген жатақханасының табалдырығын тоздырумен жүр. Ол кiсi Қа­зақстанға мен үшiн келдi. Өзбек­стан­ға бүкiл отбасын тастап...
Кәрiм ағаның қазақ боксына сiңiрген еңбегiн жоғары бағалаймын. Менi айтпағанның өзiнде қаншама жас таланттардың бағын ашты. Әйелдер арасында Азия чемпионы атанған Саида Хасенова да осы Кәрiм ағаның қол астында тәлiм-тәрбие алған. Кейбiр адамдар ол кiсiге пәтер тиесiлi емес дейдi. Бiрақ, Сiздiң орынбасарыңыз С.Сейдуманов «келесi мейрамда», «Конституция күнiнде», «Тәуелсiздiк күнiнде», «Наурызда», «Жеңiс күнiнде», одан қалса «ойланып көрермiн» деп уәде бергенiне үш жылдай уақыт болды.
Құрметтi Ахметжан Смағұлұлы! Мiне, екi жыл болды, пәтер жөнiнде көрмеген қорлығым жоқ. Сiзге екi бет арыз жазғаныма өзiмдi ыңғайсыз сезiнемiн. Бiрақ, Сiздiң араласуыңызсыз бұл мәселе шешiлмейтiн сияқты. Өйткенi, Сiздiң қол астыңыздағы қызметкерлердiң кабинетiнiң табалдырығын тоздыру маған тек қорлық пен кемсiтуден басқа ештеңе берген жоқ.  
Құрметпен Алматы қаласының тұрғыны Бақыт Сәрсекбаев.
 
P.S. Осыдан екi жыл бұрын Бейжiңде өткен Олимпиада ойындарында Алаш жұртының абыройын асқақтатқан азамат бұл хатты өткен аптада жазса да, әзiрге Алматы қаласының әкiмдiгiнен жауап жоқ. Бақыт Сәрсекбаевтың айтуынша, осы жазылған хаттан кейiн ҚР Туризм және спорт министрi Темiрхан Досмұхамбетов өзi Бақытқа хабарласып, мәселенi оң шешiп беруге қолдан келгенiн аямайтынын айтыпты. Егер жақын күндерi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов бұл мәселенi оңды шешiп бермесе, Олимпиада жеңiмпазы ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазуды ұйғарып отыр. Несi бар, былтыр жылдап жаттығу залына бас сұқпаған тағы бiр олимпиада жеңiмпазы Илья Ильинге араша түскен мемлекет басшысы қазақтың батыр ұлына оң қабақ танытады деп сенемiз.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар