1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
9 қараша 2017
Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Октябрь Жарылғапов

Қазақ волейболы десе, ең алдымен Октябрь Жарылғапов есімі еске түседі. Ол кісі ұлтымыздың басына нәубет төнген 31-ші жылы дүниеге келді. Бірақ рухы азат, жаны жайсаң болыпты. Тар кезеңде туса да, халқының намысын жоқтаудан тайынбаған екен. Сол тұста қазақ үшін тым таңсық, Еуропа таласа ойнаған волейболды айналасы бес-он жылда Алматының төріне, қазақтың жүрегіне жеткізген тарланбоз тұлғаның көзін көрмесем де, жаныма тым жақын.

Иә, қамшының сабындай қысқа мерзімде Алматыны әлемдік волейболдың қайнаған қазанына айналдыру Жарылғаповтай жампоздың ғана қолынан келді. Кей-кейде Октябрь ағаны жүрегім сыздап, кәдімгідей сағынамын. Неге дейсіздер ғой, себебі ол кісі туған жұртын шынайы сүйді, ұлтының иығына қылшық жұқтырғысы келмеген күйі дүниеден озды. Ағаның сол ақжарма көңілі, ұлт рухын көтерудегі телегей-теңіз еңбегі далаға кетпесі анық.
Иә, Октябрь Жарылғапов «Қазақ кім?» деген адамға ұялмай көрсететін азамат еді. Келісті келбеті мен ерен еңбегі өз алдына, жан-жағына шуақ шашып тұратын жан дүниесінің көркемдігі жайлы замандастары мен шәкірттері әлі күнге сүйсініп айтады. Тоқ етері, бұл кісі сонау көнеден бастау алған қазақи тамырын, ұлттық табиғатын сақтаған арда қазақ еді.
Алысқа ұзамай, оны тоғыз ай тоғыз күн көтерген анасы Айнагүл туралы аз-кем тоқталайық. Октябрьдің қосағы Диляра апайдың естелігінде Айнагүл әжеміздің жалғыз өзі отырып шай ішпейтіні жайлы айтылады. Әжеміз үйде ешкім болмай қалса, есік алдындағы аула сыпырушы әйелді немесе еден жуатын адамды шақырып алады екен. Қалаға көшіп келгеннен кейін де есіктеріне құлып салмапты. Бір жолы, жаның жәннатта болғыр Айнагүл әжем, әуежайда ұшағы ұзақ кідірген соң, сонда жолыққан бір баланы үйге ертіп келіп, үш күн қонақ қылады. «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, ұлдың жақсы болмағы – нағашыдан» дейді атам қазақ. Мұндай анадан Алланың қалауымен Октябрьдей ұлдың тууы заңды шығар.
Бұл шаңырақтың қазаны таң бозынан түн ортасына дейін оттан түспеген екен. Әуелі қатардағы жаттықтырушы, ұзамай бас жаттықтырушы, кейін республика спорт комитеті төрағасының орынбасары болған Октябрь Қыдырбайұлы «ақ тер, көк тер жаттығудан кейін немесе алқалы жиындардан соң топ жігітті ертіп келеді» дейді Диляра апай. Біраз қуатын волейбол алаңында сарқыған қарағайдай азаматтар үйме табақ етіңді бір асағаннан қалдыра ма. Мұны есеп қылатын Октябрь жоқ, келесі жолы топ ойыншының ортасында маңдайы жарқырап, жадырай күліп тағы жетеді. Бұл үйдегі жағдай. Ал түзде Октябрьге деген халықтың ықыласы ерекше болыпты. Бірнеше жыл бұрын Жарылғаповтың шәкірті, КСРО халықтары спартакиадасының жүлдегері Валерий Кассин мына оқиғаны баяндап берген еді: «Қазіргі Абай мен Достық көшелерінің қиылысынан Райымбек көшесіне қарай жүріп келеміз. Кей күндері тез жетуші едік. Бұл жолы Октябрьдің тілеулестері бірінен соң бірі кездесіп, ұстазды бөгей берді. Содан жайшылықта әрі кетсе қырық минутта баратын жерге екі сағатта әрең жеттік».
Енді Жарылғаповтың тағы бір шәкірті Майдан Әбішевтің естелігіне назар салайық: «Ол уақытта Мәскеудің ЦСКА командасының атағынан ат үркетін еді. Жер-жерден іріктеліп алынған кілең жауынгер жігіттер. Анау-мынауды менсінбейді. Олар алаңда кейбір одақтас республикалардың командаларымен қолдарының ұшын ғана созып, зорға амандасады. Ал Октябрь ағаның төбесі көрінгеннен алдынан жүгіріп шығып, таласа-тармаса сәлем беретін».
1960 жылы Октябрь Жарылғапов Қазақ елі волейболшыларынан бірінші болып Кеңес Одағының ең таңдаулы 24 волейболшысының қатарынан орын тепті. Қазақстан волейболшыларынан тұңғыш КСРО спорт шебері атанды. Бұл жылы Алматының «Буревестнигі» КСРО чемпионатының жоғары тобында емес, бірінші тобында ойнады. Соған қарамастан, Жарылғапов Одақтағы ең үздік спортшылардың қатарына енді. Бұл дегеніңіз аса дарынды әрі өте табанды адамның ғана қолынан келетін ерлік, әрі сол тұстағы Қазақстан волейболы үшін теңдесі жоқ табыс болатын.
1961 жылы Октябрьдің командасы КСРО чемпионатының жоғары тобында сынға түсті. Октябрь Қыдырбайұлы кәсіби майталман жаттықтырушы ретінде жаттығу процесін күрделендіре түсті. Бұрын волейболшылар аптасына 3-4 рет жаттықса, енді 8-10 мәрте, тіпті 12 рет шеберлік шыңдайтын дәрежеге жетті. Шәкірті Жәнібек Сауранбаевтың дерегіне сүйенсек, республика волейболына бұл үдерісті ең алғаш Жарылғапов алып келген екен.Сөйтіп, Октябрьдей тарихи тұлғаның жетекшілігімен қазақ волейболының аңызға бергісіз тұтас бір кезеңі басталды.
1963 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында Октябрь баптаған республика құрамасы шешуші кезеңде Ресей құрамасын тізе бүктіріп, бесінші орынға табан тіреді. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының үздігі Жәнібек Сауранбаев республика волейболшыларынан бірінші болып Кеңес Одағының жастар құрамасына қабылданды.
1964 жылы Кеңес Одағының ұлттық құрамасына Қазақ елінен бірінші болып Жәнібек Сауранбаев алынды. Бұл ең алдымен Жарылғапов бапкердің тарихи жеңісі еді. Себебі Жәнібекті бала күнінен волейболға баулып, шебер ойыншы ретінде қалыптасуына Октябрь Қыдырбайұлы көп еңбек сіңірді.
Ол кезде Кеңес Одағы ұлттық құрамасының негізін ЦСКА волейболшылары құрайтын. Себебі ЦСКА әскери клубы совет құрамасының базалық командасы еді. Әлемдегі ең алып империяның әр қиырында көзге түскен дарынды ұл-қыздарды ЦСКА-ға шоғырландыру совет спортындағы негізгі бағыттың бірі болды. Осы қағиданы ұстанған ЦСКА клубы Сауранбаевқа «Мәскеуге ауыс» деп қолқа салады. Мұны естіген Жарылғапов:
«Біз әуелі үлкен мемлекеттің бауырында, Еуропада және әлем жұртшылығы алдында ұлт ретінде еңсемізді көтеріп, тірлігімізді түзеп алайық. Содан кейін барып несібені сырттан іздесек жарасады», – дейді. Сонымен, Жәнібек Нығметұлы елде қалады. Талайлардың қолы жетпей жүрген ЦСКА-дан бас тартқан Сауранбаевты Мәскеу кешіре ме?! Кеңес құрамасының ең күшті ойыншыларының қатарындағы Жәнібекті совет бапкерлері Токио олимпиадасына апармай қояды. Сол жолы КСРО құрамасы олимпиада чемпионы болды.
Бұл әділетсіздік Жәнібектің жанына қатты батады. Бірақ сағы сынбайды. Сауранбаев қазақ жастарынан бірінші болып Кеңес Одағы құрамасы сапында әлем кубогының жеңімпазы (1965 жылы), әлем чемпионатының қола жүлдегері (1966), Еуропа чемпионы (1967) атағын жеңіп алды. Ұзақ уақыт Алматының «Буревестнигінің» капитаны болған Сауранбаев 1968 жылғы Мехико олимпиадасы қарсаңында КСРО құрамасынан тағы сырт қалды. Октябрьдің төл шәкірті, КСРО, Латвия, Түркия, Қазақстан құрамаларын және Жапонияның кәсіби клубын баптаған әйгілі маман Геннадий Паршин: «Менің Жәнібек досым – өз дәуіріндегі ең таңдаулы волейболшылардың бірі. Ол екі дүркін олимпиада чемпионы атануға лайық еді», – дегенде осы жағдайды меңзегені анық.
1968 жылғы Мехико олимпиадасында Октябрь Жарылғаповтың екі бірдей шәкірті – Валерий Кравченко мен Олег Антропов жеңіс тұғырына көтерілді. Жарылғапов Антроповты 17 жасында Шымкенттен Алматыға алдыртқан екен. Ал Кравченконы Тәжікстаннан шақыртты.
Октябрь Қыдырбайұлы Алматының «Буревестник» командасының аға жаттықтырушысы болумен қатар, Кеңес Одағының жастар және екінші құрамаларын да баптады. Бұл дегеніңіз Жарылғаповтың бапкерлік білігінің өте жоғары болғанын дәлелдейді. Ол кісінің тікелей шақыруымен Кеңес Одағының ұлттық құрамасы Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіпті. Италия, Қытай, Латвия, тағы басқа мемлекет волейболшыларының «Буревестникпен» тізе қосып жаттығу үшін Алматыға арнайы келуі Октябрь жігіттерінің шеберлік деңгейінің биік болғанын дәлелдейді.
Енді нақты дәлелдерге сүйене отырып, Октябрь тізгін ұстаған тұстағы қазақ волейболына баға беріп көрейік. Жарылғапов негізін қалаған «Буревестник» 1967 жылы КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, 1968 жылы Одақ чемпионатының күміс жүлдегері, 1969 жылы Кеңес Одағының чемпионы атанды. Алматылықтар 1970,1971 жылдары қатарынан екі рет Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алды. Бұл кезеңде совет волейболшылары дүниежүзіндегі ең күшті құраманың бірі еді. Бұған нақты дәлел: совет құрамасы 1960, 1962 жылдары әлем чемпионатының, 1964, 1968 жылдары олимпиада ойындарының алтын тұғырына көтерілді. Яғни осындай дәрежедегі волейбол державасын ұтқан «Буревестникті» Кеңес Одағының 1968-1971 жылдардағы ең мықты волейбол командасы десек күмән туа қоймас. Себебі Одақтағы ең күшті клубтың бірі ЦСКА әр республикадан келген шебер ойыншылардан құралса, «Буревестниктегі» В.Кравченкодан басқа ойыншылардың барлығы дерлік Қазақстанның спортшылары.
Сол тұста әлемдік волейболда Еуропа елдерінің жұлдызы жоғары болды. КСРО-дан басқа, Чехословакия мен ГДР әлем чемпионатында үздік шықса, Румыния, Болгария волейболшылары жүлдегерлер сапынан табылатын. Шығыстан Жапония тек 70-ші жылы ғана әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. «Буревестниктің» Еуропа чемпиондары кубогының екі дүркін жеңімпазы екенін ескерсек, біздің команданың 1969-1971 жылдарда дүниежүзіндегі ең таңдаулы волейбол клубының бірі екені дау туғызбайды. Еуропа кубогы үшін 1970 жылғы айқаста Октябрьдің шәкірттері Чехословакия, Венгрия, Франция және Голландия спортшыларынан басым түсті. Осы жерде Чехословакияның «Збойровкасында» негізінен осы елдің ұлттық құрама ойыншылары ойнағанын айтуға тиіспіз.
Ал 71-ші жылғы жарыста Жарылғапов жігіттері 1970 жылғы әлем чемпионы – ГДР-дің «Лейпциг» командасын ұтты. «Лейпцигтің» сапында сегіз бірдей әлем чемпионы ойнады деген дерек бар. Яғни алматылықтар сол кезде әлем чемпионы ГДР құрамасынан кем соқпады десек артық айтқандық болмас. Немістерді жер соқтырған Октябрьдің шәкірттері финалда «Збойровканы» тағы да қапы қалдырды. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Паршин: «Жарылғапов командасының оқу-жаттығу сапасы Кеңес Одағы құрамасының жаттығу деңгейінен кем емес еді», – дейді. Біз бұл пікірге еш күмәнсіз, ықыласпен қол қоюға дайынбыз.
Тағы бір сүйсінетін жағдай, Жарылғаповтың шәкірті Заңғар Жәркешев 65-тен 72-ге дейін «Буревестниктің» аға жаттықтырушысы болумен қатар, КСРО студенттер құрамасының тізгінін ұстады. 1984-1992 жылдар арасында бүкіл Еуропаны дүркіреткен атақты АДК әйелдер командасының тұғырын бекіткен белгілі волейбол маманы Жұмаш Махмұтов екенін мамандар жақсы біледі. Бұл жайды атақты бапкер Нелли Щербакованың өз аузынан естідім. Геннадий Паршин баптаған Риганың «Радиотехник» командасы 20 жылдай уақыт КСРО-ның үздік командаларының бірі болcа, республиканың әр қиырында небір білікті бапкерлер қызмет істеді. Бұл мысалдар Жарылғаповтың кадр таңдаудағы көрегендігіне айқын дәлел.
Октябрь Жарылғапов 69-дың мамыр айында 37 жасында көз жұмды. Ғұмыры сонша қысқа болғанымен, қазақ волейболының даму жүйесін қалыптастырып кеткен тарихи тұлға қазіргі спорт шенеуніктеріне керемет үлгі дер едік. Октябрь Жарылғапов – жоқтан бар жасаған дарабоз реформатор. Ал біз болсақ бар нәрсенің өзін ұқсата алмай жүрміз. Біз осы қайда кетіп барамыз?

Қыдырбек РЫСБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар