1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
7 қараша 2017
«ACTAHA» – төрт дүркін чемпион

Қазақстан премьер-лигасы
32-тур. 5 қараша
«Қайрат» – «Ақтөбе» – 3:2 (Арзо, 44, Гоу, 53, Аршавин, 70 – Савич, 60, Шимкович, 90+7)
«Астана» – «Ақжайық» – 2:0 (Кабананга, 50, 90+4)
«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 3:2 (Йорданов, 51, 80, 87 – Досмағамбетов, 40, Недашковский, 56)
«Ертіс» – «Шахтер» – 1:0 (Фонсека, 90+3)
«Тобыл» – «Атырау» – 2:0 (Щеткин, 10, Жулпа, 62)
«Тараз» – «Қайсар» – 0:1 (Евстигнеев, 57)
Футболдан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Қатар шапқан қос жүйрік мәреге де құйрық тістесе жетіп еді. Бәрібір «Астананың» бағы басым болды. Елордалықтар соңғы турда «Ақжайықты» 2:0 есебімен ұтып, «Қайраттан» бір ұпай ғана алда болды. «Ордабасы» өз тарихында тұңғыш рет қола жүлдеге қол жеткізді. Ал «Ертіс» соңғы секундтарда «Шахтер» қақпасына жеңіс голын соғып, келесі жылы еурокубоктарда ойнайтын төртінші командамыз болып тіркелді.
Енді маусымның ерекше есте қалатын деректері жайлы бірер сөз.

«АСТАНАНЫҢ» ЖАҢА РЕКОРДЫ

«Астана» командасы қатарынан төртінші рет ел чемпионы атағын жеңіп алды. Бұған дейін Қазақстан премьер-лигасы тарихында ешбір команда төрт жыл қатарынан өзгелерден мойын оздырған емес. 2007-2009 жылдар аралығында «Ақтөбе» үш рет чемпиондықты ешкімге бермеп еді. «Астана» былтыр осы нәтижені қайталады, енді жыл өтпей оны да жаңартып отыр.
Чемпионаттағы жеңістер саны бойынша «Астана» қазір «Ертіс» пен «Ақтөбеден» ғана қалыңқы. Олар ел чемпионатын бес реттен ұтқан.
Жалпы, 1992 жылдан бері 9 команда Қазақстан чемпионы атанды.
«Астана» мен «Қайрат» 2013 жылдан бері бес жыл қатарынан жүлдегерлер қатарына еніп келе жатыр. Бірақ бұл рекордтық нәтиже емес. «Ертіс» 1996-2000 жылдар аралығында бес жыл қатарынан үздік үштікке енді (екі рет – чемпион, бір – күміс, екі – қола). Дегенмен Қазақстан чемпионаттарында осы нәтиже бойынша рекорд «Ақтөбеге» тиесілі. Ақтөбеліктер 2005 жылдан 2015 жылға дейін 11 жыл қатарынан жүлде жеңіп алып (5 алтын, 3 күміс, 4 қола) отырды. Екінші үздік нәтиже «Тобыл» еншісінде. Қостанайлықтар 2002-2008 жылдар аралығында жеті жыл жүлдеге қол жеткізді (4 күміс, 3 қола).
«Ордабасы» өзі қатысқан 18 чемпионатта тұңғыш рет қола жүлде иеленіп отыр.
«Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов – Қазақстан чемпионатын төрт жыл қатарынан жеңіп алған бірінші жаттықтырушы. Ол Владимир Мухановтың көрсеткішін жаңартты. Муханов 2007-2009 жылдар аралығында «Ақтөбе» командасын үш жыл қатарынан чемпиондыққа жеткізген болатын.
Өз жетекшілігіндегі командалармен екі рет Қазақстан чемпионы атанған бапкерлер – үшеу. 1994-95 жылдары – А.Чернов («Елім-ай»), 2002-03 жылдары – Д.Огай («Ертіс»), 2011-12 жылдары В.Кумыков («Шахтер») маусымдарды ең жоғары нәтижемен аяқтады.
 

ГОУ 99 ГОЛМЕН ТОҚТАП ТҰР

Премьер-лиганың биылғы бас мергені – Ж.Гоу («Қайрат»). Котдивуарлық мерген 2015 және 2016 жылдары 22 дәл соққыдан жасап, мергендер көшінде алда болып еді. Биыл өз көрсеткішін тағы 2 голға өсірді, яғни 24 доп енгізді.
Гоу қатарынан үш жыл Қазақстанның бас мергені атанып отыр. Оған дейін өзбек шабуылшысы Ұлықбек Бақаев 2010-12 жылдар аралығында үш жыл бойы бас мерген атағын ешкімге бермеп еді.
Бақаевтың Гоудан бір артықшылығы бар. Ол 2004 жылы да Қазақстанның бас мергені атағын жеңіп алды. Келесі жылы Гоу нәтижелілігін төмендетпесе, Бақаевты қуып жетіп қана қоймай, ерекше нәтижеге қол жеткізеді. Яғни Қазақстан премьер-лигасында төрт жыл қатарынан бас мерген атанған әлі ешкім жоқ.
Жерар Гоу «Қайрат» сапында 2014 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол премьер-лигада – 80, ел кубогында – 8, еурокубоктарда 11 гол соқты. Бәрін қоссақ, дәл 99 гол болып тұр. Демек, келесі жылы «Қайрат» құрамында қалып, жалғыз гол соқса да, Гоу қазақ футболының тарихында қалады. Бұған дейін Қазақстан командалары сапында 100-ден асыра гол соққан легионерлер екеу-ақ: Ұ.Бақаев пен Н.Мендес. Бақаев 123 голды (чемпионат – 111, кубок – 10, еурокубок – 2) 9 жыл ішінде соқты, Мендес те 102 голына (чемпионат – 79, кубок – 14, еурокубок – 1, Азия клубтық кубоктары – 8) 9 жылын сарп етті. Гоудың басты ерекшелігі – әзірше 99 допты небары 3,5 жыл ішінде соғып отыр. Ең бастысы, ол осы голдың бәрін бір команда сапында ғана («Қайрат») соқты. Бақаев болса үш («Тобыл», «Жетісу», «Ертіс»), Мендес үш команда («Ертіс», «Жеңіс», «Шахтер») құрамында мергендік танытты.

БАПКЕРЛЕР ЖИІ АУЫСҚАН ЖЫЛ

Биыл жеті команда маусым барысында бапкер ауыстырды. Соның біреуі ғана – мәжбүрлі түрде, қалған алтауы нәтижені дұрыстай алмаған соң орнын суытты. «Ертістің» бас жаттықтырушысы қызметін екі жыл абыроймен атқарған Димитар Димитровты ғана жанкүйерлер қошеметпен шығарып салған болар. Ол Болгария чемпионы «Лудогорецтің» шақыруын қабыл алды.
«Қайрат» биылғы маусымға басты меже ретінде чемпиондық пен еурокубоктардың топтық турнирін қойып еді. Алайда грузин маманы К.Цхададзе екі шаруаны да дұрыс тындыра алған жоқ. Маусым басында бірнеше ойынды тең аяқтап, алматылықтар «Астананы» ұзатып алды. Ал жазда «Скендербеуді» (Албания) алға жіберіп, еурокубокпен қоштасқан соң, Кахабер өз еркімен орнынан кетті. Оны алмастырған К.Алос Феррер тамаша нәтиже көрсетті. Үшінші айналымдағы 11 кездесуде «Қайрат» бір рет қана тең ойнады, 10 ойында жеңіске жетті. Алайда бұл керемет серпіліс те чемпиондық атақ үшін жеткіліксіз болды.
«Атырау» мен «Оқжетпес» бір емес, үш рет тізгінқағарын ауыстырды. Бірақ одан жағдайы жақсарып кетті деуге және болмайды. «Атырауды» маусымға Зоран Вулич бастап кіріп еді, бес турдан кейін «бәледен» басын ала қашты. «Мұнайшылар» маусымды -9 ұпаймен бастаған соң ба, жүрісі оңалмай қойды. Ресейлік С.Павлов келген соң «Атыраудың» ісі алға басып, ел кубогының финалына шыққан-ды. Алайда «Астанадан» 0:7 есебімен жеңілген соң, Павлов өз еркімен тізгінді босатты. Қазақстан кубогының финалына және соңғы турларға команданы жергілікті Қ.Қабдолов дайындады. Жас маман команданың кілтін тапқан секілді. «Атырау» премьер-лигада қалу мәселесін ерте бастан шешіп қойды.
Ал «Оқжетпес» В.Мухановтың кезінде ортадан сәл төмен жүріп еді, В.Пасулько кезінде ұйыққа шындап батты. Соңғы турларда В.Попков пен Б.Глушков барын салғанымен, Көкшетаудың командасы араға үш маусым салып бірінші лигаға қайта түсіп қалды.
Биыл «Ақтөбеде» – И.Рахаев пен В.Муханов, «Шахтерде» – А.Еременко мен С.Ширмялис, «Тобылда» О.Тетрадзе мен Р.Евдокимов жұмыс істеді.

«ТАРАЗ» – ТОҒЫЗ ЖЫЛДАН КЕЙІН, «ҚЫЗЫЛЖАР» – СЕГІЗ ЖЫЛДАН КЕЙІН

Биылғы чемпионат қорытындысында «Тараз» бен «Оқжетпес» бірінші лигаға бірден төмендеді. «Ақжайық» І лиганың үшінші үздігі – «Мақтаарал» командасымен қосымша матч өткізеді. Ойын 9 қарашаға, «Астана Арена» стадионына жоспарланған.
«Тараз» командасы соңғы рет І лигада 2008 жылы ойнаған-ды. Өткен жылы да ол қосымша матчта «Алтайдан» жеңіліп, маусымды төменнен бастауға тиіс болды. Алайда «Алтай» банкрот деп танылып, оның орнын «Тараз» басты. Аяқасты жасақталған команда маусым барысында 7 орынға дейін көтеріліп, өзіне тән ойын өрнегімен ерекшеленіп еді. Бірақ маусым соңына қарай ФИФА клубтың нигериялық О.Одита алдында қарызы барын көлденең тартып, 6 ұпайын кесіп тастады. Бұл күтпеген соққы «Таразға» қатты тиді, содан оңалған жоқ.
Бірінші лигадан биыл «Жетісу» мен «Қызылжар» жоғарылады. Талдықорғандықтар өткен жылы соңғы турларда «Ақжайықты» алға жіберіп, премьер-лигамен қош айтысып еді. Араға бір жыл салып қана премьер-лигаға оралып отыр. Ал «Қызылжар» сегіз жылдан соң басты лига есігін қайта ашпақ. Жақында Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы «Қызылжар» ұжымын қабылдап, келесі маусымда премьер-лигада ойнайтынына кепілдік берді. «Қызылжар» 2000 жылдардың басында жақсы танылды. Алайда 2010 жылдардан бері премьер-лигаға оралуға бірнеше рет талап қылғанымен, биыл ғана орайы келіп отыр.

ЕУРОКУБОК ЕЛЕҢДЕТКЕН МАУСЫМ

Биыл Қазақстан командалары ішінде «Ордабасы» ғана еурокубоктарда сәтсіз өнер көрсетті. Шымкенттіктер Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцеговинаның «Широки бриег» командасына жол берді. Айта кету керек, «Ордабасы» үшінші жыл қатарынан еурокубоктың алғашқы іріктеу кезеңінен аса алмай келеді.
Екінші іріктеу кезеңінде «Ертіс» пен «Қайраттың» жолы қусырылды. Көңілге медеу болар жайт біреу ғана: «Ертістің» алдын ораған «Црвена Звезда» да, «Қайратты» айналып өткен «Скендербеу» де Еуропа лигасына шықты. Екеуі де плей-офф жолдамасынан үміт үзген жоқ. Демек, біздің командаларға азулы қарсылас жолықты деп өзімізді-өзіміз жұбатуымызға болады.
«Қайрат» 2014 жылдан бері Еуропа лигасының топтық турниріне талаптанып келеді. Бірақ жолы болар емес. Келесі жылы да жорығын қайта бастайды.
Қазақстанның еуроаренадағы ар-ұяты «Астана» болып тұр. Елордалықтар үшінші жыл қатарынан топтық турнирлерде ойнап жүр. Мұндай жетістікке басқа ешбір командамыз жеткен емес. «Астана» биыл тағы бір тарихи нәтижеге қадам жасады: енді бір кездесуде жеңіске жетсе, біздің чемпион Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығуы мүмкін. Алдағы екі ойынның бірін «Астана» – өз алаңында («Вильярреалмен»), бірін қонақта («Славиямен») өткізеді.
Еурокубоктардың есте қалған және бір нәтижесі – П.Твумасидің нәтижелілігі. Ол биыл барлық кезеңдерді қосқанда, еурокубок ойындарында 8 гол соқты. Мұндай нәтижеге бұрын-соңды еш футболшымыз жетіп көрген жоқ. Сондай-ақ Твумаси биыл Еуропа лигасында 3 гол соғып, Қазақстанның топтық турнирлердегі бас мергені атағын Ж.Кабанангамен бөлісіп отыр. Ганалық шабуылшы алдағы уақытта да нәтижелі ойынымен қуантып жатса құба-құп!

КУБОК «ҚАЙРАТТЫ» СҮЙЕДІ

«Қайрат» биыл Қазақстан суперкубогы мен кубогын жеңіп алды. Сөйтіп, өз тарихында сегізінші рет ел кубогын иеленді. Бұл – жуық арада мұрты бұзыла қоймайтын рекорд. Қазақстан кубогын ең көп жеңіп алған екінші команданың – қос «Астананың» («Астана-1964» және «Астана») еншісінде 3 кубоктан бар. «Астана-1964» қазір тіршілігін тоқтатты. Ал «Астана» «Қайратқа» жету үшін кемі бес жылын сарп етуге тиіс. «Қайрат» биыл ел кубогының финалына қатарынан төртінші рет шықты. Бұл да өзіндік рекорд. Бұған дейінгі рекорд та алматылықтарға тиесілі еді. Олар 2003-2005 жылдар аралығында финалда үш рет қатарынан ойнап, бір рет жеңіске жетті. Ал соңғы төрт жылда «Қайрат» финалда бір-ақ рет (2016 жыл) жеңілді.
Биыл өткен жылғы кубок иегері «Астана» алғашқы кезеңдерде жол босатты, «Жетісудан» жеңілді.

КІМ КӨЗГЕ ТҮСТІ?

Биылғы Қазақстан чемпионаты жаңа жұлдыздарды жарқырата алды ма? Сөз жоқ, биыл бірнеше футболшы жақсы көзге түсті. Атап айтайық.
Қақпашылар ішінен А.Пасеченко («Атырау») мен Ж.Бабахановты («Таразды») ерекше атаған дұрыс. Әрине, А.Пасеченко – танылған қақпашы. Бірақ өткен жылы «Жетісу» сапында премьер-лигадан «ұшып кеткен» соң, Андрейдің қайта көрінуі тіпті неғайбылдау секілді еді. Ол болса «Атырауда» Ж.Нәрзіқұловтың уақытша жарақаты кезінде қақпаны сенімді қорғап қана қоймай, ауысқан үш бапкердің де «көзірі» бола алды. Өз қақпасына белгіленген 6 пенальтидің екеуін қайтарды. Бір есептен «Қайраттың» чемпиондық атаққа қол жеткізе алмауында Пасеченконың да үлесі бар. Алматыда өткен кездесуде (1:1) дәл осы Андрей Б.Исламхан тепкен пенальтиді қайтарып, ұпайды қорғап қалған еді ғой. Ал Ж.Бабаханов «Таразға» «Оқжетпестен» оралып қана қоймай, маусымды жоғары деңгейде өткізді. Әттең, «Тараздан» ФИФА 6 ұпайды алмағанда, Бабаханов қазір кемі қосымша ойынға дайындалып жатар еді.
Қорғаушылардан Е.Ахметов («Қайрат»), Т.Ерланов («Ордабасы»), Ю.Логвиненко мен Д.Шомко («Астана») және Н.Максимович («Атырау») жарыс көрігін қыздырды. Ахметов «Ертістен» «Қайратқа» ауысқанда көкжиегінен күн сығаламайтындай көргендер көп еді. Елдос барлық қауіпті жоққа шығарды. Биыл ол «Қайратта» ғана емес, ұлттық құрамада да қорғаныстың барлық нүктесінде ойнап шықты. Әмбебап қорғаушының эмоциясын тежей алмай, қызыл қағазға ұрынатыны ғана жаман (маусымда екі рет алаңнан қуылды). Алдағы уақытта жігеріне шеберлігі мен сабырын қосса, Ахметов таптырмайтын ойыншыға айналады. Логвиненко мен Шомко өздері қатысқан турнирлердің бәрін жоғары деңгейде өткізді. Логвиненко мергендігін ұштай түссе (маусымда 5 гол), Шомко гол пастарын әдемі шығарып беруімен ерекшеленді. Т.Ерланов бір маусымда «Ордабасының» ғана емес, Қазақстан құрамасының да үмітіне айналды. Ал серб Новица Максимович биыл қорғаныста да, жартылай қорғаныста да жарқылдады. Маусым барысында ол өзін мықты пенальтиші ретінде де танытып, төрт мүмкіндігін де сәтті пайдаланды.
Жартылай қорғаушылардан бұл жыл С.Мұжықов пен П.Твумасидің («Астана»), Б.Зайнутдиновтің («Тараз») және А.Дарабаевтың («Ертіс») маусымы болды. Серікжан биыл әбден қалыптасқан футболшыға айналғанын дәлелдеді. Қазір «Астананы» да, ұлттық құраманы да Мұжықовсыз елестету мүмкін емес. Твумасиді тіпті Қазақстанның биылғы үздік футболшысы деп танысақ та жарасады. Ал Бақтияр Зайнутдинов бәрімізді таңғалдырды. Футбол таланттарына бай Тараз топырағы тағы бір мықтының тұсауын кескен секілді. Әттең, келесі жылы бірінші лигада ойнайтын болса, Зайнутдинов мұқалып қалар ма екен? 20 жасқа толмаған футболшы алғашқы маусымында 7 гол соқты! А.Дарабаев «Қайраттан» ауысып, «Ертістен» орнын тапты. Құрамаға оралды. Еурокубокта сәтті ойнады. Бір ғана «минусы» бар – сәл дөрекі ойнайды (маусымда сегіз рет ескерту алды).
Шабуылшылардан Ж.Гоу («Қайрат»), Ж.Кабананга («Астана») өте сәтті маусым өткізді. А.Щеткин («Тобыл») маусымды тәуір бастап еді, бірақ Евдокимов оны жартылай қорғанысқа қойды да, нәтижелілігі қатты төмендеді. Дегенмен бір жылға 10 доп та жаман көрсеткіш емес.
Жалпы алғанда, биылғы чемпионаттың өткізілу реті де, барысы да жанкүйерлер көңілінен шықты. Алғашқы турда «Ордабасыдан» ойсырай жеңілсе де (0:3), «Астана» көшін түзеп алды. «Қайрат» тағы жалғыз ұпайдың зардабын тартты. Енді «Астананың» еурокубоктардағы кездесулеріне алаңдаймыз. Демек, жанкүйер үшін маусым желтоқсан айында бір-ақ аяқталады.

Есей Жеңісұлы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар