1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №88 (16274) 2 қараша, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
2 қараша 2017
Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Шоқыр Бөлтекұлы

Шоқыр Бөлтекұлы. Сонау бала кезде атын естіп, ұзақ жылдар сырттай қадір тұтқан жұдырықтай ғана қайсар қазақ! Бірақ сол бәкене бойлы тарланның ішінде қандай жанартау бұғып жатқанын су ішкілігі спорттан болған жандар жақсы біледі.
Шоқыр Бөлтекұлы. Тұтас бір тарихи дәуірдің тұма бұлағы. Сол тұма бұлақ қамшының сабындай қысқа уақытта арнасын кере арқыраған асау өзенге айналды. Ұстазым Сейдахмет Бердіқұл Шоқаң туралы әңгімесіне «Бастау барын мұхит та біледі» деп айдар таққанда осы ойды меңзегені анық.
Тағдыр біздің де сорабымызды спортқа қарай ыңғайлапты. Күндердің күнінде аты аңызға айналған Шоқыр ағаның қолын алдық. Өзінен бұрын, қайратты бурыл шашы «менмұндалап» тұратын шағын денелі кісі екен. Ой тұнған жанары өткір, кесек мұрынды Шоқаңның әжім торлаған жүзінен тағдыры ауыр жанның болмысын аңғарғандай болдық. Сөзге сараң. Шоқыр ағада бір кездегі «аңыз адаммын» деп масаттану жоқ. Көптен кеуде асырсам дейтін астамшылықтан ада, сабырлы көрінді. Танымайтын адам «алдымда бір кездегі бүтін бір ұлттың кумирі болған Шоқыр тұр» деп тіпті де ойламайды. Кешегі атағы дүркіреген ондаған жылдарды, бүгінгі базары тарқап, көптің біріне айналған қарапайым қалпын бір кеудеге сыйғыза білген тарихи тұлғаның өмір жолы да небір тар жол, тайғақ кешуге толы.
Шоқыр Бөлтекұлы сонау дүрбелеңге толы 1916 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Жармыш ауылында дүниеге келді. Әкесі Бөлтек қарапайым балықшы болыпты. Бір күні теңізге балыққа шыққанда қатты жел көтеріліп, қайығы аударылады да, өзі жағаға шығып қалады. Бөлтек дүлей дауылмен арпалысқан бойда қайығына ұмтылады. Қайыққа жақындағанда ауда тыпырлап жатқан дәу шоқыр балығына көзі түседі. Олжасын алып үйіне беттеген Бөлтектің алдынан ауылдастары жүгіре шығып: «Сүйінші! Әйелің ұл тапты», – дейді. Қуанышы қойнына сыймаған Бөлтек ұлын «Шоқыр» деп атайды.
Шоқыр ес білген кезінде әкесінен, арада аз уақыт өткенде анасынан айырылып, тоғыз жасында Форт-Шевченко (қазіргі Ақтау қаласы) қаласындағы балалар үйінен пана табады. Қаладағы жеті жылдық мектепте оқып жүрген кезінде оның суретке бейімін байқаған ұстаздары Бакудегі көркемсурет училищесіне баруға кеңес береді. Бакуде үш жыл оқыған Шоқыр Бөлтекұлы 1934 жылы Киевтегі көркемсурет академиясына түседі. Ер Шоқыр былғары қолғапты ең алғаш рет Киевте, Иван Иванов бапкердің қол астындағы жаттығу үстінде кисе керек. Еменнің иір бұтағындай Шоқыр Бөлтекұлы Украинадағы бокс жарыстарында көзге түсе бастайды. Студенттердің «Буревестник» ерікті спорт қоғамының айқастарында Алаш өрені үнемі үздік шығып отырады. Қазақ елі бірнеше миллион адамды баудай түсірген алапат аштықтан кейін сталиндік репрессияның қанды қасабына ұшыраған тұста Шоқырдай асыл азаматтың Отанынан жырақта, жат жерде білім қуғаны да тағдырдың ісі. Яғни әбден селдіреп, жаншылған қазақ жұртының рухын енді бірнеше жылдан кейін дүр еткізетін арыстан жүректі бір ұлымыз сонау Украинада шар болаттай шыңдалып жатқанын сол тұста ешкім білген жоқ еді. Бұл кезде Украина халқы да жойдасыз қырғынға ұшыраған. Көкірегі ояу, саналы жас осының бәрін көзімен көрді. Екі елге большевиктер әкелген қасіретті сұңғыла Шоқыр түсінбеді дегенге қалай сенесің.
Иә, бізге дәл сол кездегі көкөрім Шоқырдың жан дүниесін тап басу қиын. Бірақ ол кісінің өмір жолына, азаматтық болмысына байыппен қарасақ, Бөлтекұлының көкірегінде шемен боп қатқан қасірет табын айқын аңғаруға болады. Шоқаңның үнемі ауыр ой құрсауында жүруі, барша қазақ жаппай ататегіне «ов» пен «евті» тіркеп жатқанда, мылтықтың үңірейген аузына кірпік қақпай қадалған көкжал бөрідей «Мен Бөлтекұлымын!» деп, империяға қарсы шыққан ерлігі тегін емес. Шоқыр аға талай жыл КГБ-ның (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) аңдуында болды. Ол кісі өзінің кесірінен қауіпсіздік комитетінің құрығына түсіп қалмасын деп кей бауырынан алыс жүріпті.
Хош, жасы жиырмаға тола қоймаған Шоқырдың Киевтегі оқуы аяқталып, елге қайтатын уақыты таяғанда Иван Константинович бапкер: «Украинада қал, енді екі-үш жыл тер төксең, Кеңес Одағының басты жарысына барасың», – дейді. Бірақ есіл-дерті елге ауған Бөлтекұлы Алматыға тартып отырады.
Иә, ұстазым Сейдахмет Бердіқұлдың «Шоқыр Бөлтекұлы – Қазақ еліне бокс қолғабын алғаш арқалап келген кісі» деген қанатты сөзі дәл осы кезеңге тұспа-тұс келеді. Тарихи деректерге сүйенсек, 1936 жылы Алматыда бокс үйірмесін құрып, 1937 жылы Алматы қаласының бірінші ресми жарысын ұйымдастырған ер Шоқаң дейді білетін адамдар. Бұл бәсекеге Шоқырдың өзі де қатысты. Қарсы шыққан жігіттердің ешқайсысы Бөлтекұлының тегеурініне шыдай алмапты. Біздің елде бокс спорты аяғын енді-енді тәй-тәй басқан кез. Елудей талапкер бақ сынаған екен: Алаш жұрты үшін аса бір ауыр жылдың спорт туралы дерегі осылай сыр шертеді.
Шоқыр Бөлтекұлы елге оралған бойда бокстың соңына біржола түсті десек қате болар еді. Шоқаң дарынды суретші болды. Ол кісінің «Қазақфильм» киностудиясында суретші қызметін атқарғанын көпшілік біле бермейді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің ұсынысымен татардың белгілі ақыны Ғабдолла Тоқайдың портретін салады. Ол кісі майлы бояумен сомдаған тарихи тұлғалар аз болмапты. Кейбір деректер бойынша, Шоқаң Мұхтар Әуезовтің, Шәкен Аймановтың, Шара Жиенқұлованың портреттерін салды дейді. Кейін жанды бейнені бейнелеу шариғатқа қайшы деген оймен біраз еңбегін өз қолымен жойып жіберген деген әңгіме бар.
Шоқырдың боксшылық, бапкерлік дәуірі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ерекше дәуірледі. 1945-1947 жылдары Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанған Бөлтекұлы спорт қоғамдарының одақтық чемпионатында жүлдеге қол жеткізеді. 1946 жылы Шоқыр Бөлтекұлы қазақ спортшыларынан бірінші болып «Кеңес Одағының спорт шебері» атанса, 1947 жылы оның шәкірті Махмұт Омаров республика боксшыларынан ең алғаш КСРО чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Шоқырдың нағыз азаматтық болмысы, қарым-қабілеті мен ой-өрісі осы кезеңде ерекше көрінді. Шоқыр Бөлтекұлы бүтін бір мемлекет боксының іргетасын қалау міндеті өзіне жүктелгенін жан-тәнімен сезінгені анық. Бұл жерде қателесуге хақысы жоқ еді. Ес білгеннен бейнеттен көз ашпаған Шоқаң тәуекелге басты. Ресейден Қарағандыға еріксіз қоныс аударылған неміс спортшысы, Кеңес Одағы чемпионатының жүлдегері, спорт шебері Густав Кирштейнді, жер ауып келген балқар жігіті, шебер боксшы Дәулеткерей Муллаевты, ағайынды Геннадий, Ренгольд Рехерт тәрізді спортшыларды Қазақстан құрамасына шақырды. Өзі ұлттық құраманы баптай жүріп, республика боксының даму жүйесін қалыптастырды. Мысалы, Қарағандыдан Кирштейнді, Талдықорғаннан Муллаевты Алматыға алдыру Бөлтекұлына оңайға соққан жоқ. Ең бастысы, Шоқыр аға кадр таңдауда қателескен жоқ. Шоқыр Бөлтекұлы мен Дәулеткерей Муллаев тізе қоса тер төгіп, он-он бес жылдың ішінде ағайынды Махмұт, Мақсұт Омаров, Асқар Үсенов, Геннадий Рожков, Ескендір Хасанов, Александр Кадетов, Әбдісалан Нұрмаханов секілді күшті боксшыларды баптап шығарды. Бұл азаматтар уақыт өте келе қазақ боксының майталман мамандарына айналды. Ренгольд Рехерт сол тұста республикадағы ең таңдаулы төрешінің бірі болды.
Шоқыр шәкірттерінің спорттық нәтижелеріне тоқталайық: Әбдісалан Нұрмаханов – ГАНЕФО ойындарының жеңімпазы, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Мақсұт Омаров – КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, Геннадий Рожков – КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Анатолий Кадетов – КСРО халықтары спартакиадасының және Кеңес Одағының чемпионы, Виктор, Владимир Каримовтар – КСРО чемпиондары... Ол кезде әлем чемпионаты өтпейтін. Ал осы саңлақтардың қай-қайсысы да сол кезеңде олимпиада ойындарында олжа салған совет боксшыларынан кем соқпайтын. Бірақ Мәскеу Шоқыр шәкірттерін Еуропа чемпионатына да жіберген жоқ.
Бөлтекұлының шәкірттері тек шаршы алаңда ғана табысты болған жоқ, олардың ішінен небір атақты жаттықтырушылар мен төрешілер шықты. Мысалы, Ескендір Хасанов ұзақ уақыт Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болса, Серік Әбденәлиев ұлттық құраманың бас бапкері және мемлекеттік жаттықтырушы қызметін он жылдан аса атқарды. Серік ағамыз Шоқыр ұстазының сенімін толық ақтады: Әбденәлиев төрт бірдей әлем чемпионатында және Сидней олимпиадасында әділқазы болды. Сидней олимпиадасының қорытындысы бойынша ең таңдаулы 10 төрешінің қатарына енді. Шоқаң бас жаттықтырушы кезде сол құраманың мүшесі болған Әбдісалан Нұрмаханов Атланта олимпиадасына қазақ құрамасын бастап барып, біздің команда дүниежүзінің ең күшті командаларының арасында үшінші орынға ие болды. Міне, Бөлтекұлы ел боксының іргетасын қалар кезде ақылды, табанды, іскер жігіттерге арқа сүйесе, сол азаматтардан тәлім алған шәкірттер ұстаздары бастаған істі жетер жеріне жеткізе білді.
Тоқсаныншы жылдардың басында білікті журналист, сыйлас азамат Бауыржан Омарұлы екеуміз Шоқаңа сәлем бере бардық. Қазақтың бірінші спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы мен зайыбы, ұлтымыздың тұңғыш кәсіби балеринасы Нұрсұлу Тапалова бір бөлмелі үйде тұрады екен. Тұрмыстары өте жүдеу көрінді. Шоқаң бурыл шашын дәл төбе тұсынан екіге айырып тарайды екен. Ұлтымыздың маңдайына біткен біртуар батыры мен кезінде бүкіл қазақ алақанына салып еркелеткен Нұрсұлу апамыз атақ-дәрежелері дүркіреп тұрған жылдардың өзінде барға қанағат қылып, дүние қумаған жандар екенін кейін біліп жатырмыз. Ұмытпасам, Бауыржан екеуміз Шоқаңның үйіне екі-үш мәрте бардық. Тағы есте қалғаны, ағаның ауыр жағдайын КСРО кубогының жүлдегері, кәсіпкер Болат Манкеновқа айттық. Бөкең сөзге келместен Шоқаңның пәтерін біраз ретке келтіріп берді.
Жақында Болат Манкенов Шоқаң өміріне қатысты құнды дерек айтты. Бөлтекұлы 94-жылы қайтыс болғаннан кейін Мәскеуден кезіндегі әйгілі боксшы, Кеңес Одағы құрамасының жаттықтырушысы Константин Градополовтың зайыбы телефон соғады. Шоқырдың қазасына көңіл айта келе, «қазір оның отбасына қаражат жағынан жәрдемдесе алмаймыз, бар қолдан келетіні дүкенімізде жиырма шаңсорғыш тұр, соны сіздерге жіберейік, сатып, ақшасын Бөлтекұлының отбасына тапсырсаңыздар» деп тілек білдіріпті. Міне, қараңыз, айдаладағы орыс әйелінің бір кезде күйеуімен сыйласқан Шоқырға деген құрметінің қандай болғанын. Болаттар Градополовтың отбасынан келген заттарды ақшаға айналдырып, Шоқаңның отбасына апарып беріпті. Осы деректің ар жағын қазсақ, Шоқыр ағамыз бас жаттықтырушы кезінде бапкерлердің білім-білігін көтеру үшін Константин Градополов бастаған мамандарды Алматыға арнайы шақырып тұрыпты.
Қайран Шоқаң! Алапат аштық пен қырғын соғыстан тұралап жатқан елдің боксын азғана уақытта бір жүйеге келтірген еңбегің қандай ерен еді. Ал біз азаттық алған ширек ғасырда біраз спорт түрінің түзу тұрған қабырғасын қисайтып алдық. Иә, Бөлтекұлы бас жаттықтырушы кезінде оның шәкірттері олимпиада ойындарына бара алған жоқ, бірақ ол кісі олимпиада және әлем чемпиондарын тәрбиелейтін керемет ұстахананың іргесін бекітіп, жүйесін қалыптастырып кетті.
 

Қыдырбек РЫСБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Орынгали актау | 2 қараша 2017 19:37
Кыдырбек бауырым кателеспе ол кезде актау каласы форт шевченко емес Аккетик. Казакша атауы
shubar78@mail.ru | 3 қараша 2017 15:25
балалары бар ма екен, осындай тамаша кисилерден балалары бар ма екен, солар жайлы жазындаршы,
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар