1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
1 қараша 2017
Әлия БАТҚҰЛДИНА, волейболшы: ВОЛЕЙБОЛҒА АЛҒАШҚЫ ЖАТТЫҒУДАН-АҚ ҒАШЫҚПЫН

– Саған басқа клубтардан да шақыртудың түсетіндігі белгілі. «Жетісуға» қайта оралуға қандай мақсатта келісім бердің? Қандай шарттары ұнады?
– Негізгі мақсатым – Қазақстан чемпионы болу. Жалпы, «Жетісу» клубы маған ұнайды. Қалыптасқан қағидалар мен белгілі ұстанымдар бар. Барлық шарттары ұнады.

– Жыл сайын клуб ауыстыру тұрақсыздық па, жоқ әлде деңгейдің өскендігі ме?
– Мен волейболға алғашқы жаттығудан бастап ғашықпын. Мен жаспын, дәл қазір тәжірибені молынан жинайтын шақ. Деңгейді өсіру жолындағы әрекеттер деп білемін.

– Азия елдерінде көп болдың. Қай елдің салт-дәстүрі, мәдениеті ерекше ұнады?
– Әр мемлекет әртүрлі. Барлық елдер ұнады. Әр ел өзінше керемет.

– Волейболға келгеніңе өкінетін сәттер бола ма? Ал волейболшы болмағанда, өзіңді қай саладан көретін едік?
– Жоқ. Өкінетін сәттер мүлде болған емес. Жарақат болмаса болды, бәрі жақсы болады. Басқа саланы ойлап көрмеппін.
– Сұлулыққа спорт керек пе, әлде спортқа сұлулық па?
– Сұлулық пен спортты біріктіру арқылы керемет үйлесімге жетуге болады. Волейбол – ақылдың ойыны және көркем спорттың бір түрі. Спортқа – сұлулық, сұлулыққа спорт ешқандай да кедергі келтірмейді. Керісінше, бір-бірін ашып, одан сайын көркемдей түседі.

– Бүгінде волейболдағы қазақ қыздарының саны артып келеді. Бәрі көрікті. Бірақ неге Вьетнам, Тайпей сынды елдердегі турнирлерде сұлу деп анықталып жатады?! Өз елімізде де осындай бір титул керек сияқты...
– Жеке өзіме ондай титулдардан гөрі «үздік байланыстырушы» деген атақтың жоғары тұратындығын айта кетейін. Жақсы ойнап, үздік шығып жатсаң сол жақсы.

– Байланыстырушы... Қай уақыттан бері осы шепте ойнайсың? Оны таңдауға не себеп болды?
– Он бес жасымнан бастап байланыстырушымын. Бұл – сол кездегі менің төрт бапкерімнің шешімі (күліп). Жаттығу кезінде мені байланыстырушы есебінде көрді, байқады, солай шешім қабылдады.

– Биылғы «Жетісу» құрамының 70 пайызы – ұлттық құраманың ойыншылары. Жалпы, бәрін бір командаға тоғыстырудың артықшылығы болмаса кемшілігі бар ма?
– Бұл да бапкердің шешімі. Әр ойыншының өз міндеті бар. Жалпы, ұжымдағы қыздардың барлығы – кез келген командаға қосып жіберсең ойнап кете алатындар. Бәрі жақсы ойнайды. Артықшылық болмаса, кемшілік көріп тұрғаным жоқ.

– Қазақстан клубтары арасында «Жетісу» бірінші болып таныстыру кешін жоғары деңгейде өткізді. Жаңа орта – жаңа команда. Ұжым туралы айтшы...
– Командамыз өте жақсы. Көпшілігі жас ойыншылар. Бәріміздің бір ғана мақсатымыз бар, ол – чемпион болу. Өз мақсатымыздың жолында барымызды саламыз. Жаттығулардың барлығы керемет әрі көңілді өтіп жатыр. Күніне екі сағаттан екі уақыт жаттығу жасаймыз. Аптасына екі рет жаттығу залдарына барсақ, әр сенбі күні екі командаға бөлініп, өз арамызда кездесу өткіземіз.

– Жанкүйерлердің өзіңе деген ілтипаты ерекше. Тұтас бір зал есіміңді дауыстаған сәттер де болды. Бұл ойыншыны өсірмесе, төмендетпейтіні анық. Ондай сәттері өзіңді қалай ұстайсың? Өзіңе артылған үміт пен сенімнің салмағы қандай?
– Ондай сәттерге кез келген ойыншы қуанады. Жанкүйерлердің үмітін ақтауға бар күш-жігерімді саламын. Жалпы, өзім жанкүйерлердің әрқайсысын құрметтеймін. Ойын соңында суретке түсіп, уақыт болса азды-кем сөйлесіп аламын.

– Жанкүйерлерден өзіңе берілетін сыйлықтардың санында шек жоқ шығар. Көңіліңде ерекше қалған сыйлық қандай?
– Жанкүйерлерге рақмет айтамын. Барған жерімізде сыйлап, естелікке әртүрлі дүниелер беріп жатады. Шетелде бір жанкүйер маған әуежайдан түсе салған сәтте гүл және алма сыйлады. Уақытын қалай, қайдан білгенін білмеймін. Сол сәт ерекше болды. Жалпы, жанкүйерлердің ыстық пейілдерін бөліп-жарып қарай алмаймын.

– Ұлттық құрама 2018 жылы Жапонияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Бұйыртса, бұл сенің бірінші әлемдік додаң болмақ. Қуанышың ерекше шығар.
– Өте қуаныштымын. Менің кішкене мақсатым орындалды. Сол сәтте ұлттық құраманың бір мүшесі болғаныма өзімді бақытты сезіндім.

– Олимпиадаға қатысу – кез келген спортшының арманы. Арман жолында қандай тәуекелдерге барып жатырсың?
– Әуелі 2018 жылғы әлем чемпионатын жақсылап өткізіп алайық. Жақсы ойын көрсетуге үміттіміз.

– Спорттан кейінгі өміріңді елестетіп көрдің бе?
– Ол жағын әлі ойламадым. Жас болғаннан кейін кәсіби спортшы есебінде деңгейімді өсіру үшін күш жұмсап жатырмын. Негізгі мақсат – еліміздің туын әлемдік ареналарда абыроймен қорғау. Ал спорттан кейін алған білімім бойынша қызмет істеп, өмірден өзіндік ләззат алу шығар, әлі нақты білмеймін (күліп).

Әлия Батқұлдина 1995 жылдың 18 қарашасында Өскемен қаласында дүниеге келген. Волейболмен 13 жасынан бастап айналысады. Алғашқы бапкерлері – Н.А.Саратов, Н.И.Благов, О.В.Сычев. Өскемендегі №39 және спорт мектептерінің түлегі. Бүгінде туған қаласындағы Қазақстан-Америка еркін университеті қаржы факультетінің IV курс студенті. Әкесі Нұржан Батқұлдин мен анасы Зебониссо Батқұлдина бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Әлияның Әли Қадесов есімді ағасы бар.


Сұхбаттасқан Серік ҚАНТАЙ
Жеңіс ЫСҚАБАЙДЫҢ фотосы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар