1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
26 қазан 2017
Тәуелсіздікке дейінгі ең үздік 10 қазақ спортшысы кімдер?

Бәріміз жұмыр басты пендеміз. Сондықтан осы мақаланы жазу барысында қателесуіміз әбден мүмкін. Біз үздік санаған сайыпқыран кей оқырманның көңіліне қонбайтын шығар. Әйтсе де 30 жылдан астам уақыт қалам тартқан спорт саласындағы жиған-тергенді екшеп, оңы мен солымызды сараптап, Қазақ елі азаттық алғанға дейінгі ең таңдаулы 10 спортшыны анықтауға бел будық. Алаш спортының көшін күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы бастайды. Еркін және грек-рим күресінен дүниежүзінің чемпионы! Жер шарының небір апайтөс балуандары күш сынасқан айтулы жарыстардың жеңімпазы.
15 пұттық рельске 40 кісіні мінгізіп, жүгіру; 10 пұт тасты кеудесіне қойғызып, балғамен ұрып сындырту; 40 кісіні арбаға отырғызып, сүйреу; 75 пұттық ауыр жүкті арқалау (белгілі жазушы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың кітабындағы деректер) қазіргі алыптар үшін қиял-ғажайып дүние тәрізді. 1927 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетінің қаулысымен Қажымұқан Мұңайтпасұлына «Қазақ даласының батыры» атағы берілді. Қажымұқанның дәуірі, сол кездегі бәсекелердің деңгейі бөлек болғандықтан, ол кісіні кейінгі ізбасарларымен салыстырудың ретін таба алмадық. Қажымұқан қазақ халқының жадында ерен күштің үлгісі, Отанын, елін сүюдің символы ретінде сақталатыны дау туғызбайтын шындық. Ендеше, олимпиялық спорт түрлері бойынша Қажымұқанның ізбасарларының тарихи жеңістерін саралап көрейік.

1
Ғұсман Қосанов – жеңіл атлетикадан 1960 жылғы Рим олимпиадасының күміс жүлдегері. 1964 жылғы Токио олимпиадасында бесінші орынға ие болды. Кеңес Одағының чемпионы әрі бірнеше мәрте жүлдегері. КСРО рекордшысы. 1965 жылғы КСРО-АҚШ матчының жеңімпазы. Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері.

2
Әмин Тұяқов – жеңіл атлетикадан Еуропа кубогының иесі, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, 200 метрге және 4х100 метрге эстафеталық жарыста (1962, 1963, 1965-1967) Кеңес Одағының алты мәрте чемпионы болған бірінші қазақ желаяғы. Кеңес Одағының бірнеше дүркін рекордшысы. 100 метрге жарысуда КСРО чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері.
Тұяқов дүркіреген тұста әлем және Еуропа чемпионаттары өткен жоқ. Әмин аға 1964 жылғы Токио олимпиадасына КСРО құрамасындағы ең жүйрік спортшының бірі ретінде барды. Бірақ Одақ құрамасының бас жаттықтырушысы оны ең шешуші сәтте олимпиада бәсекесіне қосқан жоқ. Әминдей желаяғы бәйгеден тыс қалған КСРО құрамасы эстафеталық сында жүлдеге іліге алмады. Келесі, 1965 жылы құрамында Тұяқов жүгірген КСРО эстафеталық құрамасы Токио олимпиадасының жеңімпазы АҚШ құрамасын басып озды.

3
Жәнібек Сауранбаев – волейболдан әлем чемпионатының қола жүлдегері (1966), Еуропа (1967) және КСРО чемпионы(1969), Әлем кубогының жеңімпазы (1965) атанған алғашқы қазақ спортшысы. Еуропа чемпиондары кубогының екі мәрте жеңімпазы (1970,1971). Кеңес Одағы құрамасына енген тұңғыш қазақ волейболшысы.
Жәнібекті Кеңес Одағы құрамасының базалық командасы – Мәскеудің ЦСКА-сына ойнауға шақырады. Сауранбаев ұстазы Октябрь Жарылғаповты, өзінің төл командасы «Буревестникті» тастап кете алмайды. Осыған өшіккен Мәскеу бапкерлері Жәнібекті 1964 жылғы Токио олимпиадасына апармай қояды. Сол олимпиада ойындарында кеңес құрамасы чемпион болды.

Әлжан Жармұхамедов – баскетболдан 1972 жылғы жазғы олимпиаданың жеңімпазы, 1976 жылғы олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Әлем чемпионатының күміс (1978) және қола жүлдегері (1970). Еуропа біріншілігінің үш мәрте жеңімпазы (1967, 1971, 1979), Кеңес Одағының 10 дүркін чемпионы (1970-1974, 1976-1980). Қазақ спортшыларынан шыққан алғашқы олимпиада жеңімпазы. 1972 жылғы олимпиада ойындарында КСРО құрамасы сапында барлық ойынға қатысқан майталман баскетболшы. КСРО және Еуропа чемпионы, дүниежүзі біріншілігінің жүлдегері атанған бірінші қазақ баскетболшысы.

5
Шәміл Серіков – грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы (1978). 1979 жылы дүниежүзінің чемпионы атағына екінші рет қол жеткізді. Олимпиада жеңімпазы (1980). Қазақ балуандарынан Еуропа чемпионатын ұтқан алғашқы балуан (1979). Кеңес Одағының чемпионы (1978). ХХ ғасырда Жер шарындағы ең таңдаулы балуандардың бірі болды.

6
Жақсылық Үшкемпіров – грек-рим күресінен олимпиада шыңына табан тіреген бірінші қазақ спортшысы (1980). Дүниежүзінің чемпионы (1981), әлем кубогының иегері (1982). Кеңес Одағының чемпионы әрі КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы атанған тұңғыш қазақ балуаны (1975). Үшкемпіров 1980 жылы КСРО чемпионатында екінші мәрте топ жарды.

7
Серік Қонақбаев – Еуропа (1979) және Кеңес Одағы (1980) чемпионы болған тұңғыш қазақ боксшысы. Кеңес Одағы боксшыларының арасынан әлем кубогын қатарынан екі рет жеңіп алған бірінші былғары қолғап шебері. Олимпиада ойындары (1980) мен әлем чемпионатының (1982) күміс жүлдегері. Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы (1980, 1984). 1980 жылдың қорытындысы бойынша дүниежүзінің әуесқой бокстағы ең үздік боксшысы болып танылды.

8
Нұрлан Меңдіғалиев – су добынан қазақ спортшыларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы (1982) әрі бірінші олимпиада жүлдегері (1988). Еуропаның екі дүркін чемпионы (1983, 1985), «Достық-84» және Азия ойындарының жеңімпазы (1994).

9
Дәулет Тұрлықанов – грек-рим күресінен дүниежүзінің чемпионы (1989), әлемдік чемпионаттың күміс (1993) және қола жүлдесін (1987) жеңіп алды. Олимпиада ойындарының күміс (1988) және қола (1992) жүлдегері. Еуропа (1987) және Азия чемпионы (1995, 1996). Азия ойындарының жеңімпазы (1994). 1986-1992 жылдарда Кеңес Одағының қатарынан жеті дүркін чемпионы атанған тарихтағы жалғыз балуан. КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1991).

10
Марат Сатыбалдиев – велоспорттан қазақтан шыққан бірінші әлем чемпионы (1989). 1985-1990 жылдары Кеңес Одағының бес мәрте чемпионы атанды.
Міне, қадірлі оқырман, хал-қадеріміз жеткенше спорттық принципті ұстанып, азаттық алғанға дейінгі ең таңдаулы спортшыларымызды анықтағандай болдық. Оларды реттік сан бойынша орналастырған кезде жеңіске жеткен уақыттарын ескердік. Жоғарыда айтқанымыздай, кей жанкүйерлер біздің «ондықпен» келіспеуі мүмкін. Мұндай жағдайда «сіздікі теріс» деп уәж айтудан аулақпыз.
Мысалы, талай олимпиада және әлем чемпиондарын жыққан Әбілсейіт Айханов, шаршы алаңда небір мықтылардың мысын басқан Әбдісалан Нұрмаханов пен Асылбек Қилымов, теңбіл доп шебері Тимур Сегізбаев, қазіргі бессайыстан әлем чемпионы Тимур Досымбетов, допты және көгалдағы хоккейдің майталмандары Саян Шаймерденов, Мұрат Жексенбеков, Серік Қалымбаев, Берікқазы Сексенбаев, су добының тарландары Асқар Оразалинов пен Ерлан Аяпбергеновтер – Алаш жұрты маңдайына басқан саңлақтар. Бұл азаматтардың спорт майданындағы абыройы кімнен болса да кем емес. Сондықтан жаза басып жаңылып жатсақ, айыпқа бұйырмаңыздар. Қазақтың намысы үшін қара терін төгіп, жанын жалдап айқасқан бауырлардың қай-қайсысына да көңіліміз түзу.
Біздікі спорттың есеп-шотын ертелеу қаққан жұрттардың үрдісімен барымызды сараптап көрсек деген ниет еді.
 

Қыдырбек РЫСБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Жанашыр | 26 қазан 2017 12:53
Қыдыр мырза марқұм Шоқыр Бөлтекұлы ағамыздың да орыны бөлек еді.
Рашид | 26 қазан 2017 23:46
Балуан Шолақты осы топқа қосса қалай болар еді.
Ерсін | 27 қазан 2017 09:10
Бұлардың есімдерін алтын әріптерімен алтын тақтаға Астана көшесіне жазып қою керек.
Мықтыбек Оразтайұлы | 27 қазан 2017 19:47
Марат Жыланбаев ше? Оныкі спорт саласына жатпай ма әлде? Меніңше ондықты емес, жиырмалықты анықтаған дұрыс сияқты.
айтуар өтегенов | 29 қазан 2017 21:00
әбдісалан мен әбілсейт қайда үшінші мен төртінші болып оылар тұруы тиіс қой
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар