1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №32 (16114) 19 сәуір, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" спорт беті.
19 сәуір 2016
Спорт ақпарат

ҚУАНЫШЫН ҚЫЗЫНА АРНАДЫ

Өткен жексенбiде премьер-лиганың 6-тур ойындары өттi. Талдықорғанның “Жетiсуы” “Таразды” тұсап, еншiлерiне үш ұпай жазды. Савич 47-минутта есеп ашса, Симоновский 58-минутта нәтиженi еселеп бердi. Қо­нақтар сапынан Мане 65-минутта гол тоғытып, есеп айыр­масын қысқартты. Былтыр бұл екi ұжым өзара төрт мәрте тартысқа түсiп, екi рет “Жетiсу” ұтып, екi ойында “Тараз” жеңген болатын.
Биылғы бiрiншiлiкте сүрiн­бей келе жатқан “Астана” футболшылары алтыншы турда да жеңiске жеттi. Матчтағы голды Аруна Лукман соқ­ты. Қостанайдың “Тобылына” қарсы ойынның 32-минутында есеп ашқан Аруна премьер-лигадағы алғашқы голын еншiсiне жазды. Футболшы бұл жетiстiгiн 18 сә­уiрде екi жасқа толған қызының туған күнiне арнайтынын айтты.
“Ақтөбе” павлодарлық “Ер­­тiспен” итжығыс түстi. Екi гол да пенальтиден соғылды. Қорғаушы Куаджа ереже бұзғаны үшiн төрешi Ысқақов пенальти тепкiзiп, Гогуа мүлт кеткен жоқ. Негiзгi уақыттың бiтуiне үш минут қалғанда Самат Смақов та пенальтиден гол соғып, командаластарын жеңiлiстен құтқарды.
Шымкенттiк “Ордабасы” алматылық “Қайратты” сү­рiндiрдi. Касалицаның 54-минутта соққан голына Андрей Аршавин бастаған “Қайрат” футболшылары қарымта гол соға алмады. Кахабере Цха­дадзенiң шәкiрттерi жетiншi турда “Ақтөбеге” қарсы тұрады.
Аршавин демекшi, ресей­лiк футболшының алматылық клубқа ауысып келгенi жанкүйерлер арасында ғана емес, парламентте де талқыланды. Мәжiлiске келген Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлына мә­жiлiсшi Мұхтар Тiнiкеев сұ­рақты жаудырды. Андрей Аршавиннiң жылдық жалақысын естiгенде жағасын ұстаған Мұхтар Тiнiкеев “Андрей Аршавин “Қайрат” сапында жүрiп, бiр жылда бiр миллион доллардан аса қаржы табады екен” дедi.    
Қарағандының “Шахтерi” көкшелiк “Оқжетпеске” жол бердi. Чижовтың 31-минутта соққан голы қонақтарға үш ұпай әкелдi.
“Атырау” оралдық “Ақ­жайық­ты” 2:0 есебiмен жең­дi. 4-минутта Шабалин еншi­сiне гол жазса, Трытко 19-минутта нәтиженi еселеп бердi.
 
ҚҰРЛЫҚТА КҮШТIМIЗ
Өзбекстанның астанасында өткен Азия чемпионатында қыз-жiгiттерiмiз жоғары нәтижеге қол жеткiздi. Құрлық аламанының алғашқы күнiнде балуандарымыз қанжығамыз­ға 3 алтын, 1 күмiс, 1 қола медаль байлап бердi.
60 келi салмақта белдескен әлем чемпионы Елдос Сметов финалда өзбектiң үмiтi Диорбек Орозбоевты ұтты. 73 келi салмақта белдесуге түскен Дидар Хамза финалдық тартыста жапон бал­уанына есе жiберсе, 66 келiде Елдос Жұмақанов қола жүл­дегер атанды. Рустам Ыбыраев (60 келi), Жастан Ықыбаев (73 келi) Азия чемпионатында бесiншi орынды мiсе тұтты.
Екiншi сайыс күнi Әзиз Қалқаманұлы (81 келi), Максим Раков (100 келi), Ержан Шынкеев (аса ауыр салмақ) қола жүлде иелендi.
Қыздар арасында Галбадрах Отгонцецег 48 келiде Азия чемпионы атанды. Финалда ол өзiнiң қандасы моңғол қызын жықты. 63 келi салмақта Мариан Ордабаева   финалда жапон қызын жығып, Азия чемпионы атағын иелен­дi. 78 келiден жоғары салмақ дәрежесiнде Гүлжан Исанова финалда сүрiнiп, күмiс ме­дальдi қанағат тұтты.  
Командалық сайыста Ермек Имамбековтiң шәкiрт­терi қола жүлденi иелендi. Сириялықтарды жеңгенiмен, жартылай финалда өзбектерге есе жiбердi. Ал қола жүлдеге таласта Қытай балуандарынан басым түстi. Қыздар құрамасы иран бойжет­кендерiн жеңiп, жартылай финалға шыққанымен, жапон­дар­ға жол бердi. Қола медальға таласта өзбек аруларынан асып түстi.
 
АҒА БАПКЕР АУЫСТЫ
Былтыр АҚШ-та өткен әлем чемпионатында атлеттерiмiз “допинг пайдаланды” деп бастары дауға шатылған-ды. Сол даудың дауылы түрткi болды ма, ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Ержас Болтаев қызметiнен кеткен-дi. Ерлер құрамасының аға бапкерi қызметiне Сергей Седов тағайындалды. Әлем чемпионы Владимир Седовтың ағасы Сергей ұлттық құрамаға келгенге дейiн Алматы облысының ауыр атлетика құрамасын баптады. Сондай-ақ   Карина Горичева, Селiмхан Әубәкiров, Альберт Линдер секiлдi спортшыларды да жаттықтырды.
 
БРАЗИЛИЯДА БАЛА ОҚЫТПАЙМЫЗ БА?
Парламентте мәжiлiсшiлердiң сауалына жауап берген Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы Бразилияның “Оле Бразил Клаб” футбол академиясында бала оқытудан нәтиже шықпағанын мо­йындады. Министр ендi Голландия мен Германияның футбол академияларымен тiзе қосып жұмыс iстеудiң мүмкiндiгiн қарастыратынын айтты.
Президент Н.Назарбаевтың Бразилияға сапарлап барғанындағы келiсiм бойынша бiз 2009 жылдан берi Бразилияның футбол академиясында бала оқытып жүрмiз. 2009 жылы алғашқы шоғыр барып, 26 бала академияны тауысып келдi. 2012 жылы екiншi толқын оқып, футбол ойнауды үйрендi. Бұл күнде Бразилияның футбол академиясында үшiншi топ бiлiм алып жүр.
 
ЖОЛДАМА БАР
Филиппиннiң Манила қаласында таеквондодан Азия құрлығы бойынша Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасына жолдама үлестiрген турнир өттi. Өкiнiшке қарай, жазғы Азия ойындарының күмiс жүлдегерi, Лондон Олимпиадасына қатысушы Нұрсұлтан Мамаевқа Манилада жолдама тимедi. Есесiне, Түркиядан келген қандасымыз Жансел Дениз Олимпиада жолдамасын иелендi. 67 келi салмақта өнерiн көрсеткен Жансел финалға дейiн сүрiнбей, сенiмдi ақтай бiлдi. 49 келi салмақта Айнұр Есбергенова да жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкiндiк алды. Айнұр финалда тайпейлiк қарсыласына есе жiбергенiмен, финалға шыққаны үшiн жолдамаға қол жеткiздi.
Ерлер арасында Руслан Жапаров (80 келiден ауыр салмақта) та лицензиялық турнирдiң күмiс жүлдесiне қоса, жолдамаға қол жеткiздi.
Дайындаған Қуаныш Бажақ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар